Дания мен Гренландия Трамптың мәлімдемелері үшін АҚШ-ты тағы да сынға алды
Дания мен Гренландия билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға қатысты кезекті мәлімдемелерін қатаң сынға алды.
Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен бұл сөздерді «құрметсіздік» деп бағаласа, Дания үкіметінің басшысы Метте Фредериксен АҚШ-ты одақтас елдерге қатысты қоқан-лоққыны тоқтатуға шақырды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, екі елдің премьер-министрлері 4 қаңтар күні мәлімдеме жасап, мұндай сөздер АҚШ секілді тарихи әрі жақын одақтас мемлекет тарапынан айтылмауы тиіс екенін айтқан. Трамптың бұл пікірлері АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциялары талқыланған тұста айтылған.
Метте Фредериксеннің айтуынша, Гренландияны АҚШ тарапынан иемдену қажеттігі туралы сөз қозғау – мағынасыз әрі халықаралық құқыққа қайшы.
«АҚШ Дания Корольдігіне кіретін үш аумақтың – Данияның өзі, Гренландия және Фарер аралдарының – бірде-бірін аннексиялауға құқылы емес», – деді ол.
Осыған байланысты Фредериксен Вашингтонды «тарихи жақын одақтасқа, өзге мемлекет пен өзге халыққа қатысты қауіп-қатер тілін доғаруға» шақырды. Оның айтуынша, Гренландия бұл мәселеде өз ұстанымын "арал сатылмайды" деп әлдеқашан білдірген.
Осыған ұқсас мәлімдемені Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен де жасады.
"АҚШ президенті “бізге Гренландия керек” деп айтып, бұл мәселені Венесуэла және әскери интервенциямен байланыстыра бастағанда, бұл жай ғана қате емес – бұл ашық құрметсіздік", – дейді.
Трамптың сөздері неге дау тудырды?
Бұл реакция Трамптың сол күні The Atlantic журналының тілшісі Майкл Шерерге берген сұхбатынан кейін туындады. Әңгіме барысында АҚШ президенті Венесуэлада бұрын жүргізілген әскери операция мен ел басшысы Николас Мадуроның ұсталуын талқылаған. Осы контексте ол Венесуэла АҚШ араласатын соңғы ел болмауы мүмкін екенін меңзеген.
"Бізге Гренландия сөзсіз керек", – деген Трамп аралдың "Ресей мен Қытай кемелері үнемі баратынын" алға тартқан. Сонымен бірге ол "басқалар АҚШ-тың Венесуэладағы әскери әрекеттері Гренландия үшін нені білдіретінін ойлануы керек" екенін айтқан.
Майкл Шерердің жазуынша, Трамп бұл сөзінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы меңзеген. Рубио бір күн бұрын Венесуэладағы әскери операция аясында Гренландия маңындағы жағдайға "ерекше назар аудару керек" деген болатын. Трамп өз кезегінде Рубионың "айтып отырған мәселелерді шеше алатынын" мәлімдеген.
"Кеше Марко мен туралы жақсы пікір айтты. Шынын айтсам, сол кезде Гренландияны меңзеген жоқпын. Бірақ Гренландия бізге расымен қажет. Ол бізге қорғаныс үшін керек", - деді Трамп.
Копенгагеннің алаңдаушылығы
Гренландия төңірегіндегі дау тек осы мәлімдемелермен шектелмеді. 4 қаңтар күні Трамп аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллердің жұбайы Кэти Миллер X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде АҚШ туының түстерімен боялған Гренландия картасын жариялап, астына "Жақында" деп жазған.
Бұл жазба Копенгагенде қатты сынға ұшырады. Данияның АҚШ-тағы елшісі Йеспер Мёллер Сёренсен:
"Менің елім Данияның аумақтық тұтастығына сөзсіз құрмет көрсетілуін талап етеді", - деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Дания мен АҚШ – жақын одақтастар және солай қала отырып, ынтымақтастықты жалғастыруы тиіс.
Геосаяси астар
Гренландия – Арктика аймағында орналасқан, Дания құрамындағы автономды аумақ. Дональд Трамп екінші президенттік мерзімі басталғалы бері "ұлттық қауіпсіздік" уәжін алға тартып, Гренландияны АҚШ құрамына қосу мүмкіндігін бірнеше рет көтерген. 2025 жылдың соңында Ақ үй бұл мәселе бойынша арнайы өкіл тағайындап, ол аралды АҚШ-тың бір бөлігіне айналдыру бағытында жұмыс істейтінін мәлімдеген.
Бұл бастама Данияда да, Гренландияның өзінде де қатты сынға ұшырап отыр.