Дания валютасының құны артты

Кристиан Эриксеннің көмегі тиіп тұр. Егер ол есін жимағанда Дания құрамасының ширек финалға шығуы неғайбіл еді.
Құрлық біріншілігінің алғашқы турында жартылай қорғаушы күтпеген жерден естен танып, бүтін команданы ғана емес, бүкіл әлемді уайымға бөлеп еді ғой. Әупіріммен аман қалғаны жұмыр жер жанкүйерлерінің дұға-тілегі шығар. Ертеректе шыққан бір қанатты сөз аспанда қалықтап тұр: «Бізге байлықтың керегі жоқ! Бізде Кристиан Эриксен бар!» деп ұрандататын дат халқы. Демек, олар үшін Кристиан – Дания үшін валюта. Оның даңқы артқан сайын, елдің беделі де биіктей береді.
Финляндияға қарсы ойында жүрегі тоқтап қала жаздаған ойыншы туралы сонша толғанудың қажеті қанша деуіңіз мүмкін. Дәл қазір Симон Кьер және басқалар Эриксен үшін де жанын салып жүр. Бас бапкер Каспер Хьюлманд Уэльспен өткен ойыннан кейін былай деді: «Біз өзгердік. Әсіресе өмірге деген көзқарасымыз. Кристиан Эриксеннің жағдайы бізді қатты ойландырды әрі өзгертіп жіберді. Біз сол кезде кез келген қолдауға зәру едік. «Аман қалсыншы» деген тілекке орандық. Сөйтсек, біз ғана емес екенбіз. Бүкіл әлем тілепті ғой. Жалпының қолдауы бір Эриксенді аяққа қойғаны аздай, Дания құрамасына да қанат бітірді. Иә, сол күні біз де естен тандық. Білгенімізден жаңылдық. Финляндиядан ұтылдық. Тіпті сол ойынның маңызы да шамалы болып тұрды. Себебін білесіздер, Кристианның аман болуын тіледік. Эриксенге қолдау көрсеткендер бізге де қуат берген екен. Міне, ширек финалға ширақ жеттік».
Дания Уэльсті ұтты. 4:0 есебімен. Тас-талқан жеңді деуге келмейді. Роберт Пэйдж шәкірттері де талайға дейін тістесіп келді. Оған Хьюлмандтың мына сөзі дәлел: «Біз Уэльске қарсы керемет ойнадық деп айта алмаймын. Басты олжамыз – келесі кезеңге өткеніміз. Қарсыласымыздың адымын аштырмауға тырыстық. Әрине, шабуылды да ұмытқан жоқпыз. Бірақ оңай олжаға кенелдік деп айта алмаймын. Қайта азулы қарсыластың осал тұсын табуға ұмтылдық десем, қисынға көбірек келеді». Жайылып кетпейтін, жарылып түспейтін маманның сөзі бұл.
Бірінші таймда, негізі, Дания басым болды. Әсіресе Мартин Брейуэйттің белсенділігі байқалып тұрды. Шабуылшы Каспер Дольбергке көп күш түсті. Матчтың 27-минутында Каспер шірене теуіп, Дэнни Уорд қорғаған қақпадан саңылау тапқанда санаулы жұрт болмаса, көпшілік енді Дания ұтылмайды дегенге сенген. Өйткені Каспер Хьюлманд шәкірттері қарсы шабуылдағанды да жақсы меңгерген. Ол үзілістен кейін көрініс берді де. Уэльс ойынды құтқаруға бірден ұмтылды. Ұрымтал сәттің келгенін білген Дания қарсы шабуылға шығып, әлгі бапкер аттас Дольберг допты қайта керегіне жаратты. Есеп – 2:0. Осы сәтте тағы да Мартиннің қайрат шығарғанын айта кетейік. Ол оң қанаттан лап беріп, жолай Джо Родонды алдап өтті. Сосын, қарсыласының айып алаңына қарай пас шығарды. Неко Уильямс қателікке бой алдырып, Каспер нәтижені еселеуге мүмкіндік алды. Енді Уэльс шынымен де сасайын деді. Гаррет Бэйл командалас достарын жігерлендіруден шаршаған жоқ.
Бірақ Данияның тасқамал қорғаушылары тәжірибелі қақпашы, тағы бір Каспер – Каспер Шмейхельдің нұсқауын мүлтіксіз орындады. Сол қанаттан суырылып шыққан Иоаким Мехле гол соққаннан кейін кімнің асығы алшы түсетіні анықталды. Ал ойын соңында Мартин Брейуэйттің гол соғуы жартылай қорғаушының жанкештілігіне берілген сый секілді. Айтпақшы, ойыннан кейін тілшілермен тілдескен Иоаким Мехле Педерсен: «Көрдіңіздер ме, Амстердам бізді қалай шабыттандырды?! Дем бергені соншалық – алаңда жеңіл қимылдадық. Біз қазір батырмыз. Себебін білесіздер, тек өзіміз үшін ғана айқасып жүрген жоқпыз. Амстердамның қолдауы тегін дейсіз бе?! Біз оның не үшін екенін жақсы түсінеміз. Енді кіммен ойнаған қолайлы дейсіз бе, ол сондай бір маңызды емес. Қандай команда болса да, шама келгенше ойнаймыз», – депті.
ШАШАСЫНА ШАҢ ЖҰҚПАҒАН ЧЕХИЯ
Дания ширек финалда Чехиямен кездеседі. Кейде қарапайымдылық төрден орын алады. Әңгіме Ярослав Шилгавы шәкірттері жайында. Мысалы, чехтардың Нидерландыны ұтатындай қауқары байқалмаған. Олар мықты деген түсінік талайдың қаперіне кірген де жоқ қой. «Менің бақытты кезім. Нидерланды секілді мықты қарсыласты жеңдік. Және оған апарған – біздің тактикалық шешімдер. Егер дәл қазір шәкірттеріммен мақтанатынымды айтсам, ешкім шек келтіре алмайды. Өйткені біздің қарсыласты көбі финалға шығады деп топшылаған. Әрі ол негізсіз емес еді. Біз де өзімізше жоспар құрдық. Тактика таңдадық. Таңдау бар да, оны жүзеге асыру бар. Сол ретте де менің шәкірттерім дара шықты», – депті Ярослав Шилгавы.
Қақпашы Томаш Вацликтің еңбегі зор. Қақпашы бірнеше сейв жасап, өз шеберлігін паш етті. Тағы бар Томаш, Томаш Холештің де мықты ойнағанын жұрт көрді. Ол екі голдың соғылуына да өз үлесін қосты. Алдымен өзі мергендік танытты. Сосын, Патрик Шикке ұтымды пас шығарды. Жалпы, чемпионат басталғалы жүрісінен танбаған бір-екі команда болса, соның бірі Чехия екені даусыз. Топтық кезеңде 30-ға жуық өткір шабуыл ұйымдастырған «Қызғалдақтар елінің» екпінін басу қайдан оңай болсын.
Шынында да, Чехияны ширек финалда ешкім күткен жоқ. Рас, өзіндік ойын өрнегі бар екенін мойындады. Ә дегенде Патрик Шик жарқырап шықты. Оның 40 метр жерден гол соққаны қандай әдемі! «Түсінемін. Бізді алысқа самғайды деп ешкім ойламады. Сонау Чехиядан сабылып жеткен жанкүйерлерден басқа. Олардың қолдауын көріп, шабыттанып кеттік. Әрине, өте қиын болды. Бәрі де көріп отыр, Нидерланды қысудай-ақ қысты, қос қанаттан. Ортадан да ойқастап шықты. Біз шыдадық. Томаш қандай мықты! Өзі есеп ашты. Артынша менің де көзге түсуіме көмектесті. Нағыз ойыншы! Мартин Стекеленбург қақпасына гол соғу бір арман. Оның маңындағы қорғаушылар ше? Доп қабылдауыңа мүмкіндік бере ме? Біз жолын таптық. Енді ширек финалдамыз!» – деді шаттанып Патрик Шик.Ойынның 56-минутында Маттейс де Лигттің алаңнан қуылуы Чехияның қарқын алып кетуіне әсер етті. Оған енді Ярослав Шилгавы шәкірттерінің кінәсі жоқ. Мемфис Депай сынды саңлақтар ойнайтын Франк де Бур командасы жарысты ерте аяқтады. Енді жұрт Дания мен Чехия арасындағы бәсекені тамашалайды. Ойын 3 шілде күні Бакуде өтеді.
ІС ЫҢҒАЙЫН БІЛЕТІН ИТАЛИЯ
«Егер ширек финалда өтуі тиіс бір команда болса, ол – әрине, Италия» десті футбол сарапшылары. Топтық кезеңдегі үш ойында да шоқтығы биік болған Роберто Манчини шәкірттерінің Австрияға жол беруі еш қисынға келмейтін. Бірақ сол ойын «Скуадра Адзурраға» бүйрек бұратын талай жанкүйердің жүйесіне жүк түсіріп, шашын ағартқаны анық. Енді ше? Егер Марко Арнаутович белсенділігі бағаланғанда жағдайдың қалай өрбитінін болжау тым қиынға соғар еді. Иә, Давид Алаба жеткізген допты Арнаутович Доннарумма қорғаған қақпаға баспен бұрып еді ғой. Бірақ бейнеқайталауды пайдаланған қазылар голды есепке алмады. «Бізге сәл сәттілік жетіспеді. Италияның қарқынын білеміз ғой. Әрі үнемі шабуылда болғанын да жасырмаймын. Шынында да, мықты команда. Бірақ біздің де келесі айналымға шығар мүмкіндігіміз болды. Командалас достарыма ризамын! Қаймыққан жоқ, қайта қарсыласқа қысым жасады. Тағы да қайталап айтамын, сәл сәттілік жетіспеді. Әйтпесе ширек финал біздікі еді», – депті Арнаутович.
Маркоға Италияның «Болоньясы» көз тігіп отыр. Тараптар келісімге келіпті. Тек бір мәселе бар. Марко қазір Қытайда ойнайды. «Шанхай СИПГ» сапында. Келісімшартты үзуге қазіргі командасы рұқсат етпеуі де мүмкін. Ортақ шешімге келсе, Марко Италияның А сериясына қайта оралады. Егер естеріңізде болса, Арнаутович 2009 жылы «Интер» сапында болды. Бірақ өндіріп ойнай алмады.
Ал Италия тур сайын рекорд жаңартып келеді. Талайдан бері жеңіле алмай жүр. Бүгін сөз алған сарапшылар Роберто Манчини шәкірттерінің ширек финалынан аса алмайтынын айтып, сәуегейлік жасапты. Кім біледі, олар да бір заңдылыққа сүйенген шығар. Біздің түсінікте Италия ешкімге есе жіберейін деп тұрған жоқ. Матч алдындағы сұхбатында команданың бас бапкері Австрияны әбден мақтап, «Мұндай қарсыласпен ойнау қолайсыз, қорғаныста жатып алады. Гол соқтыра қоймайды. Сондықтан әліптің артын бағу керек», – деген еді. Солай болды да. Италия мәселені тек қосымша уақытта шешті. Тоқсан минут бойы голсыз жүрген «Скуадра Адзурра» тек матчтың 95-минутында Федерико Кьеза есеп ашты. Бұл да бір тарихи оқиға.
Бұрын Италия құрамасында Энрико Кьезаның өнер көрсеткенін білесіздер. Ол кәнігі сұрмергеннің өзі. 1996 жылы өткен құрлық чемпионатында сол Энрике гол соғып еді. Енді, міне, арада 9144 күн өткенде оның ұлы Федерико көзге түсті. Яғни әкесі мен ұлы бұған дейін құрлық біріншілігінде гол соғып көрмепті. «Ювентус» шабуылшысы ойынға тыңнан қосылды. Роберто Манчини іске жарайтын футболшысының көптігімен де мәселені оң шешетіні тағы дәлелденді. Айтпақшы, қосымша уақыттағы екінші голды да матчқа кейіннен қосылған ойыншы соқты.
Өткенде Уэльске қарсы ойнаған күні Италияға үш ұпай сыйлаған Матео Пессина тағы көзге түсті. Бұл жолы да өз командасына маңызды жеңіс әперді. «Шынымды айтсам, әлгі Уэльске соққан голымды қиялымда әлі қызықтап жүрмін. Енді не айта аламын, бүгінгі соққан добымның маңызын түсінуім үшін бірнеше күн керек. Біздің құрам өте мықты. Кез келген ойыншы гол соғуға қабілетті. Кезек маған келген екен, несіне тартынайын. Ширек финалдамыз ба? Демек, жағдайымыз тым жақсы», – депті Пессина.
Тоқсан минут текке жүгірген қарсыластар қосымша белгіленген жарты сағатта үш гол соқты. Екеуі Италия еншісінде екенін айттық. Үшінші допты Австрия құрамасының ойыншысы Саша Калайджич өз атына жазды.
БӘРЕКЕЛДІ, БЕЛЬГИЯ!
Бельгия да ширек финалда! Тыныс белгісін қойып, тамсануда да бір мән жатыр. Олар плей-оффтың алғашқы кезеңінде Португалияны ұтты. Криштиану секілді сенімді ұлдың маңында шоғырланған Фернанду Сантуш шәкірттері де осал қарсылас емес. Мысалы, матчта тіркелген деректерді сөйлетсек, тізгін кімнің қолында болғанын оңай аңғарасыз. Португалия қарсыластар қақпасына қарай 23 соққы жасаса, соның төртеуі дәл барып, Тибо Куртуа іске кірісті. Ал Бельгия Руи Патрисиу қақпасын алты рет қана нысанаға алды. Біреуі ғана түзу ұшып, голға айналды. Матчтың 42-минутында Торган Азар тепкен доп. Ойын кезінде тоғыз рет бұрыштамадан доп берілсе, соның бәрі Португалияға жазылды.
Футбол кейде жұмбақ. Шешуін екінің бірі біле бермейтін. Тоқсан минут бойы толассыз шабуылдасаң да, қамал алынбайды. Ал некен-саяқ соққы жасайтын команда жеңіске жетіп жатады. Бельгия соның өзі атанды осы текетіресте. Бағының жанғаны болар. Роберто Мартинес шәкірттерінің де нағыз от болып жанатын кезі. Тіпті чемпион болатын шағы деп те жүр аузы дуалылар. Әупіріммен жүріп, әудем жерге жетіп, келесі кезеңді де аяңмен өтетін командалардың қорытынды кестеде биіктен орын сайлайтыны бар. Бельгияның таңдауы сол екенін де түсіндіретін көп. Ромело Лукаку секілді сұрмергенге сенетін команда дәл қазір шашасына шаң жұқпайтын жүйрікке ұқсамайды. Әсіресе Финляндияға қарсы ойнаған күні байқадық. Кемшілігі көп. Мүмкін, таңдаған тактикасы сол болар деп ойладық.
Сыналатын тұсы – ширек финал. Италияны ұтса, үздік төрттіктен орын алады. Қос Роберто арасындағы матчтың шиеленіске толы болатыны қазірден бастап байқалады. Ойын соңында тілшілермен тілдескен Роберто Мартинес: «Кевин Де Брюне мен Эден Азар туралы айтсам, жағдайлары мәз емес. Келесі ойынға шыға ала ма, әлі түсініксіз. Ал жеңіске келсек, шаттықтан бас айналып жатпаса да, керемет қуанып отырмыз. Бұл енді табыс қой. Португалияның қандай екенін бәрі біледі. Қолдан келгенін жасадық. Енді Италия күтіп тұр. Ол ойынның да оңай болмайтынын іш сезеді», – депті.
Ал Фернанду Сантуштың уәжі мынау: «Шәкірттерімді кінәлай алмаймын. Бәрі де жеңіске ұмтылды. Төреші ысқырғаннан кейінгі көңіл күйімді сұрамай-ақ қойыңыз. Әсіресе киім ауыстыратын бөлмедегі жағдайды… Көзіне жас алмағандар аз. Жігіттер жыламайды дейміз ғой. Өкініш өзегін өртеген кезде олар да босайды. Көңілдері босайды. Ойын біздікі еді ғой. Доп аяқта болды. Бастағы жоспар да өзімізге әйгілі еді. Матч барысында жеңетініміз байқалды да. Бірақ Бельгия соққан жалғыз гол жолымызды байлады. Олар алты рет тепті. Біз 23 рет. Екі рет доп қақпа бағанынан кері серпілді. Бақ жетпеді ме, сонда?»
Сегіздің төртеуі жарыс жолында. Тағы төртеудің тасы өрге домалайды. Содан кейін жартылай финал, ары қарай көмбе де көрініп тұр.