Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Даннинг-Крюгер эффектісі немесе ақыл дағдарысы

1
Фото: julienflorkin.com

1995 жылдың сәуір айында АҚШ-тың Питтсбург қаласында күлкілі қылмыс орын алады. Бір күннің ішінде екі банкті тонаған бір азамат тіпті бетіне маска да тақпай, банктен шығарда бейнебақылау камерасына тура қарап, жымиып кеткен. Полиция оның түрін камерадан анық көріп, көп ұзамай-ақ құрықтады.

 Тергеу барысында Макартур Уилер есімді қылмыскер екені ашылады. Алайда ұсталған сәтте Уилер өзінің не үшін ұсталғанын түсінбей, полицияға қатты ашуланыпты. Тек өз бейнесін экраннан көргенде ғана шындыққа көзі жетеді. Бірақ ол сонда да «Бірақ менің бетімде лимон шырыны болған еді ғой» деп өз көзіне өзі сенбеген десе-ді.

Уилер теріге лимон шы­ры­нын жағып алу оны бейне­бақылау камераларына көрін­бейтін етіп тастайды деп ойлаған сыңайлы. Лимон шырыны көрін­бейтін сия ретінде пайдалана­тынын білетін, оның ойынша, бейнекамерада бет-жүзі де көрін­бейтін болуы тиіс еді. Бұл гипо­тезаны сынау үшін қылмыскер тонау алдында Polaroid-те бірнеше суретке түсіп те көрген екен. Бір таңғаларлығы, фотосуретте бет шынымен көрінбейді. Кейінірек тәртіп сақшылары мұның да сы­рын анықтады. Сынақ барысында лимон шырыны қылмыскердің көзіне тамып кетеді. Көзі ашып, абыржыған Уилер өзін түсіруде қалт кеткен екен. Демек, бос бөлмені түсірген. Полиция ақыры Уилердің есі ауыспаған және есірткі қолданбаған, бар болғаны, ақымақтығымен қателесті деген тұжырым жасайды. Бұл оқиға психология профессоры Дэвид Даннинг пен оның аспиранты Джастин Крюгердің назарын аударды. Ғалымдар бұл мысалды адамның өз қабілетсіздігін аңғармау феноменін зерттеудің тамаша үлгісі деп тапты. 1999 жылы олар арнайы зерттеу жүргізіп, кейін бұл құбылысты ғылыми түрде дәлелдеді. Эксперимент кезінде студенттерге логикалық ойлау, грамматика және юморы бойынша тесттер ұсынылады. Сосын нәтижелерін көрмей тұрып, қатысушылардан өз жұмысын пайызбен бағалау сұралды. Нәтижесінде, ең төмен нәтиже көрсеткен 15% студент өз білімін нақты ұпайынан 50%-ға жоғары бағалаған. Ал, керісінше, ең үздік көрсеткіш иелері өздерін тым төмен бағалап, қарапайымдылық танытқан. Кейін Даннинг пен Крюгер бұл құбылысты басқа салада да сынап көреді. Олар атыс қаруымен айналысатын адамдардан қару қауіпсіздігі туралы сұрағанда, білім деңгейі әлдеқайда төмен жандар өздерін аса білікті санайтынын анықтайды. Ақырында ғалымдар «Білімсіздік пен оны білмеу: қабілетсіздікті мойындамау және өзін асыра бағалау феномені» атты ғылыми мақаласын жариялап, психология тарихында «Даннинг-Крюгер эффектісі» деген жаңа ұғым қалыптастырып берді.

Хош. ХХІ ғасыр адамзатқа ақпараттың бұрын-сонды болмаған тасқынын алып келді. Қазір бәрі қолжетімді, ақпарат та, сол ақпаратқа оңай қол жеткізуге болатын мүмкіндік те көп. Сәйкесінше, білімге ұмтылғандар да, білімге жеттім, болдым, толдым деп ойлағандардың да қатары көбейді. Тек солай ойлап қана қоймай, өзінің «ергежейлі» ақылын жұртқа таңатынын қайтерсің. Бүгін біз осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Жас Алаштың» сауалына әлеуметтанушы Айгүл Беймишева, психолог Гүлшарбат Аманжол және өнертанушы Әсемай Аминова қатысты.

Ж.А: Зерттеушілер сәйкесінше, дәл осындай мүмкіндік «ақылды надандық» деген құбылыстың тууына себеп болды дейді. Яғни, интеллектуалдық дағдарыс пайда болғанын айтады. Сіз бұл туралы не дер едіңіз?

А.Б: Иә, ақпараттың көп болуы білімнің өсуін білдірмейтіні анық. Керісінше, адам ақпаратқа шомған сайын оның сапасын ажырату қиындайды. Әлеуметтанушы Нил Постман өткен ғасырдың өзінде-ақ «бізді ақпарат емес, оның шамадан тыс көптігі адастырады» деген еді. Бұл сөз қазір бұрынғыдан да өзекті бола түскен сияқты. Интернет пен әлеуметтік желілердің арқасында әркім өзін сарапшы сезінеді. Кез келген пікірді жариялап, оны мыңдаған адам бөліседі. Бірақ бұл пікірдің шындыққа қаншалықты сәйкес екенін ешкім тексермейді. Сол себепті адамдардың көбі шын білім мен үстірт ақпараттың арасын ажыратпайтын күйге жетті. Осыдан барып жалған сенім мен қате түсініктердің әлеуметтік кеңістікке орнығып алу процесі басталады. Ақпараттың молдығы адамға еркіндік әкелгенімен, сол еркіндік адамның өз ойын жүйелеу қабілетін әлсіретті. Кезінде ғалымдар «ақпараттың жетіспеуі адамды надан етеді» десе, бүгінде, керісінше, «ақпараттың көптігі» де надандықтың бір түрін тудыратыны дәлелденіп отыр. 2024 жылғы MIT зерттеулерінде көрсетілгендей, әлеуметтік желілердегі жаңалықтардың 60 пайыздан астамы толық тексерілмеген деректерден тұрады. Адам миы мұндай тасқынмен жұмыс істеуге бейімделмеген. Әрбір секунд сайын түрлі контент, жаңалық, бейне, пікір келіп жатады. Соның салдарынан адам терең ойлаудан, деректерді талдап, салыстырудан алыстайды. Осыны ғалымдар «клиповое мышление» деп атайды. Яғни, адам тек беткі қабатты көреді, алайда түп мәніне үңілмейді.

Г.А: Психологтар мұны «интеллектуалдық иллюзия» дейді. Себебі адам ақпаратқа оңай қол жеткізген сайын, оны терең түсінуге деген қажеттілік азаяды. Мысалы, бұрын бір тақырыпты зерттеу үшін кітапханаға барып, тақырыпқа қатысты еңбектерді салыстырып, ой елегінен өткізу керек еді. Ал қазір бәрі дайын. Өзіміз де бір нәрсе қажет болса, жасанды интеллектке жүгінеміз не блогерлерден қарай саламыз деген сияқты. Бірақ дәл осы мүмкіндік немесе қолжетімділік адамның аналитикалық ойлауын, сұрақ қоя білу дағдысын әлсіретеді.

Ә.А: Иә, қазір кітап та, газет-журнал, сайт сынды басылым түрлері де, ютуб не теледидардағы арналар да өте көп. Сәйкесінше, қазір адам бұрын-сонды болмаған ақпараттар тасқынына ұшырап отыр. Бұл үрдіс болашақта азаяды деп ойламаймын. Қайта адам баласы түншыққан үстіне тұншыға береді. Бізде «уақыт» деген мықты қару бар ғой қолымызда. Қазір біз бұрынғыға қарағанда қай жағынан ұтып тұрмыз десек, «жылдамдық» жағынан дер едім. Тез дайындалатын тағамның дәмді, бірақ асқазанға зияны көп қой. Сол секілді тез алатын білім мен ақпарат миға сіңімді болмайтыны бар. Тасыр кісі айтылған ойды талқыға салмайды. Шын білім ақылдыны терең ойдың соңынан телміртіп қояды. Талаптының тағы бір белгісі – ағат емес, ақыл іздейтіні. Сондықтан дағдарыстың алғашқы себебі – адамның өзі, салдарын да өзі көреді. Жалпы жалаң дүние, жалпылама ақпарат көбейген кезде мән күңгірт тартады. Сондай күңгірт кезеңнің ішінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жердегі логика өте қарапайым. Ақпараттың көптігі адамды ойлаудан алыстатады. Ойлаудан алыстаған талап қылудан қалады.

Ж.А: Мұндай құбылыстың сонда себебі неде? Псевдоинтеллект болу білімнің әлеуметтік құндылығын төмендетіп жібермей ме?

А.Б: ХХ ғасырдың басынан бері әлемде «қарапайым халықтың дауысы» мен «халықтың пікірі бәрінен жоғары» деген ұрандар күшейді. Бұл демократияның дамуымен қатар жүрген құбылыс еді. Бірақ соның көлеңкесінде мамандарға, ғалымдарға, ойшылдарға деген сенім біртіндеп азайып кетті. Қазір бұл жағдайды күшейтіп тұрған, тағы бір үлкен күш, әлеуметтік желі дер едік. Бұрын адам қандай да бір пікір айту үшін газеттерге жазып, редакция сүзгісінен өтуі керек еді. Ал қазір әркім өз ойын тікелей жариялап, көпшілікке жеткізе алады. Алгоритмдер көбіне терең талдаудан гөрі айқай мен қарапайым пікірді алға шығарады. Соның салдарынан күрделі ой айтқан адамдар көрінбей, ал үстірт, даурығып сөйлейтіндер көпшіліктің назарын жаулап алады. Осылайша, «көп көрінген пікір» шындық секілді қабылдана бастайды.

Қазір капиталистік қоғам. Кім көбірек ақша табады, соның сөзі өтімді, құрығы ұзын. Жалпы ХХІ ғасырдың экономикасы, жалпы күллі адамзат бірін-бірі «өнімділік» тұрғысынан бағалайды. Мәселен, университеттер де, курстар да көбіне алдына «қалай тез табыс табуға болады», «қалай тиімді жұмыс істеуге болады» деген мақсат қояды. Солай ойлау, сыни талдау, рухани-мәдени білім шетке ығысты. Осыдан барып «білім – мансапқа апарар құрал» деген түсінік алға шыға бастады. Бұл қалыпты дүние. Ешкім қазір аяғын көсіліп, не дұрыс, не бұрыс деп ұзақ ойланып отыра алмайды. Әр нәрсенің парқына жетемін деп жүргенде уақыт жоғалтасың, тіпті сорақысы аш қаласың.

Г.А: Оксфорд университетінің психологтары жүргізген тәжірибелерде интернетті жиі қолданатын адамдар өз білімін артық бағалайтыны, яғни, өзіне сенімді, бірақ нақты түсінігі таяз болатыны анықталған. Ал Гарвард ғалымдары ақпарат шамадан тыс көп болғанда ми оны өңдеудің жеңіл жолдарын іздейтінін айтады. Яғни, адам ұзақ мәтінді оқудан қашып, қысқа, эмоция тудыратын ақпаратты ғана есте сақтайды екен.

Психологиялық тұрғыдан мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, осындай капиталистік, экономикалық дағдарыс қоғамында адамның миы ақпараттың көптігінен шаршайды, сондықтан әдетте бәрі жеңіл, тез қорытуға болатын мәліметті таңдайды. Білім де, ой да бизнеске, нарыққа айналып кетті. «Ақылды надандықтың» тағы бір себебі – әлеуметтік желілердегі алгоритмдер. Олар бізге ұнайтын, біздің көзқарасымызды жақтайтын ақпаратты көбірек көрсетеді. Солай адам басқа көзқарастарды қабылдамай, тек өз пікірімен үндес нәрсені ғана оқиды. Бұл жағдайда таным кеңеймейді, керісінше, тарылып кетеді. Сондықтан интеллектуалдық дағдарыс бүкіл қоғамның проблемасы болып отыр. Себебі осындай жағдайда терең ойлайтын, дерекке сүйенетін адамдар азайып, ал үстірт пікір айтатындар көбейеді. Осылайша ақпараты көп, ақылы азайған қоғам пайда болады.

Ә.А: Әрине, себеп біржақты емес. Бұл адамның саналық табиғаты мен қоғамның технократиялық ырғағы арасындағы қақтығыстан туған құбылыс. Псевдоинтеллектуалдық білімнің жетіспеушілігінен туды дей алмаспыз, анығында, әуелден келе жатқан білімнің құнсыздануынан, құндылықтардың қирауынан пайда болса керек.

Ж.А: Оның үстіне, бүгін, әлеуметтік желі бетін аша қалсаңыз, ақыл айтатын «ақылдылардан» аяқ алып жүре алмайсыз. Бір курс сатып алып, оқып кеңес беретін псевдо-психологтар, физика мен космос жайында уағыз айтатын молдалар, тарих жөнінде айтатын әлеуметтанушылар, қалай баю керектігін үйрететін коучтар – бүгінгі заманның «данышпандары». Тренинг өткізіп, ақылын ақыға сататындар да жетерлік. Ең қызығы, осындай «ақылмандардың» қымбат курстары мен тренингтерін сатып алатындар да жетіп артылады. Сонда адамның сыни ойлау, сараптау қабілеті қайда қалды?

А.Б: Қазір ақыл – тауар. Біреу өмірдің мағынасын, біреу бай болудың жолын, енді бірі қарым-қатынас құру тәсілін «курспен» сатады. Осылайша адамның сенімі мен үміті ақша табудың құралына айналды. Ал бұл қоғамда сыни ойлау төмендеген сайын, мұндай бизнес көбейе береді. Бірақ кінәні тек адамдарға артып қою дұрыс емес. Бұл негізі жүйенің мәселесі ғой. Білім беру жүйесінде медиасауат пен ақпаратты талдау дағдылары әлсіз дамыған. Яғни, мектептен бастап «баға үшін» оқитын оқушы, «балл үшін» жүгіретін студенттен басталады осының бәрі. Ғалымдар мен шынайы мамандар да үндемей қалмауы керек. Олар күрделі тақырыптарды жеңіл тілмен түсіндіріп, халықпен байланыс орнатуы қажет. Өйткені бос кеңістікті білімді адам толтырмаса, оны жалған «ақылдылар» толтырады. Ең сорақысы – халыққа осындай «псевдо-даналықтың» өтімді болуы. Яғни, адамдар өзіне ұнайтын, естігісі келетін нәрсені ғана қабылдайды. Ал шын ақыл – көбіне ауыр, көбіне қолайсыз келеді. Ол адамды тереңге жетелейді, өзін-өзі сынауға итермелейді. Бірақ мұндай ақылды тыңдау үшін рухани дайындық керек. Ал қазіргі қоғам «жеңіл білімге», «жылдам нәтиже беретін ақылға» әбден үйреніп алды.

Г.А: Адамның табиғаты осы. Үнемі тұрақтылықты, анық болғанын қалайды. Ал өмір барған сайын күрделеніп, ақпарат көлемі ұлғайған сайын оның ішінен бағыт табу қиындап жатыр. Міне, дәл осылай басы қатып, ақиқатын іздеп жүрген адамның санасындағы шиеленісті «ақыл сатушылар» иеленіп, сол іздеп жүргенін табуға көмектесетіндей әсер қалдырады. Коучтар мен психологтардың артықшылығы неде десек, олар әлемді қарапайым көрсетеді. Мәселен, күрделі психологиялық немесе әлеуметтік мәселені үш-ақ қадаммен шешуді уәде етеді деген сияқты. Басында атап өткеніміздей, қазір бүкіл адамға бір нәрсе жетіспей жүреді. Сол үшін қоғамды жалғыздық, күйзеліс, мазасыздық, мақсатсыздық жайлап кетті. Осындай күйдегі адамға нақты білім емес, көбіне-көп жұбаныш керек. Ал «мотивациялық коучтар» мен псевдо-психологтар дәл осы сезімді мансапқа айналдырды. Олар адамға «сен ерекше адамсың, тек ойыңды өзгерт!» деген сияқты сөздер ғылыми дәлелге сүйенбесе де, эмоционалдық тұрғыдан әсерлі естілетін жұбаныш сыйлайды. Мұндайда эмоция үлкен рөл атқарады. Шын білімге, ақиқатқа жету үшін ұзақ уақыт керек. Жолы да ауыр, күрделі, қалтарыс-бұлтарысы көп жол. Ал жеңіл, жұмсақ нәрсені кім ұнатпайды? Ол бәріне жағады емес пе?

Ә.А: Негізі бұл жерде жауапкершілік жайлы сөз қозғауымыз керек сияқты. Адамның ақыл-ойы, зейіні мен зердесі де жауапкершілік. Жасы бар, жасымысы бар, салған контентіңді, жасаған сабағыңды көретін көздің жайын ойланатын адам «псевдоинтеллект» кейіп танытпайды. Адамның миы киім сөресі емес. Қалаған уағыңда ұнағаныңды киіп кете алмасың анық. Миға кірген нәрсе сол күйінде қалады, әйтеуір бір түкпірінде жатады. Кірген зат шықпайды, көрген бейнең өшпейді, естігенің ұмытылмайды. «Ақылдылардың» дәуірі жүріп тұрған заманда сол ақылдың астарына үңіліп, мазмұнын таразылап жатқан адам аз.

Ж.А: Осы орайда Даннинг-Крюгер эффектісі еске түседі. Қазір өзінің «ергежейлі шындығын» ақиқат деп танитындар көп. Ал шын білімді, талантты жандар үнемі таусылмайтын күмәннің арасында жүреді. Өз қабілеті мен қарымын жеткілікті бағалай бермейді. Мұның салдары неге әкеліп соқпақ?

А.Б: Бір қызық фильм есіме түсіп тұр. 2016 жылы Мэрил Ст­риптің «Примадонна» фильмін­дегі кейіпкерді алып қарайықшы. Бұл туынды Америкада ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген, шын өмірде болған Флоренс Фостер Дженкинс есімді әйелдің тағдырынан алынған. Флоренс – табиғи музыкалық қабілеттен мүлде мақұрым болса да, өзін әлемнің ең дарынды опера әншісімін деп сенген ерекше тұлға. Өмір бойы ешкімге ұқсамайтын бір арманның соңында жүріп, күллі жұрттың мазағына айналса да, өз сенімінен айнымаған қайсар әйел. Әкесінің «бұл жол сені сорға батырады» деген ескертуін елемей, бар дәулетін концерттерін ұйымдастыруға, афишалар мен жарнамаларға, сахналық киімдер мен оркестрлерге жұмсаған. Ол үшін сахнаға шығу, өзін өнер иесі ретінде мойындату өмірінің мәні болатын. Шын мәнінде, Флоренстің дауысы нотаға дәл түспейтін, диапазоны тар әрі естір құлаққа түрпідей тиетін. Онымен бірге ойнаған пианистер мен аккомпаниаторлар үнемі оның жүздеген қателігін жасырамыз деп әбден әлекке түсетін. Бірақ соның өзінде жаңағы әйел концерттік залдарды лық толтыра білді. Себебі жұрт оның әнін тыңдауға емес, күлкіге қарық болуға келетін. Тіпті замандастары оны «барлық дәуірлердің ең дарынсыз опера әншісі» деп атап кеткен. Бірақ Флоренс мұндай пікірлерге селт еткен емес. Керісінше, өзіне күле қараған адамдарды «менің өнерімнің сұлулығын сезіне алмайтындар» деп қабылдаған. Оның сенімі соншалық, күлкі мен мазақтың артында да өз миссиясын орындап жүргеніне кәміл сенетін. Қалай дегенмен де, Флоренс өз арманына жетті. Ол мыңдардың алдында концерт берді және танымал болды.

Г.А: Мұндай жағдайда ең әуелі құндылықтардың иерархиясы бұзылады. Шын білімнен гөрі жақсы сөйлейтіндер мен танымалдардың сөз өтімді бола бастауы осының дәлелі. Осылайша адамдар «жалған беделге» иек артады. Ал шын білімділердің ішкі күмәні интеллектінің ең жоғары деңгейі дер едім. Уақыт өте келе мұндай мәдениет қоғамды ақпараттық популизмге алып келеді, яғни, жеңіл ақиқаттар, эмоциялық ұрандар, қарапайым түсіндірулер үстемдік құрып, шын білім мен интеллектуалдық ұстамдылық шетке ығысып кетеді. Сонау бір заманда поэзия өнерінен аса хабары жоқ ортақол ақынның «Патшаға арнап ғажап туынды жаздым. Осы туындымды хан қақпасының алдына іліп қойсам деймін» дегенде, қасын­дағы атақты ақын «Сол туын­дыңның қасына өзіңді де іліп қоюыңа кеңес беремін» дейді. Сонда әлгі «не үшін?» деп сұра­ғанда, «Осынау «ғажап» туын­дыңызды сіздің шығарғаныңызды хан ием білуі керек емес пе?» деген екен. Иә, қаншама ғасырлар бойы дарынсыздардың өз-өздерін асыра бағалағанына куә болып келе жатырмыз. Мұндай жағдай барлық салада кездеседі. «Мен ештеңе білмейтінімді білемін» деген грек данышпаны Сократ секілді өзіңнің білмейтіндігіңді білу үшін де білімпаз болуың керек. Ал біз өзіміздің білмейтіндігімізді білеміз бе?! Күмәніміз бар. Бұған әлеуметтік желідегі аспандағы жұлдыздан көп ақылшылардың білмейтін­дігін біреуге үйреткісі келгендігін мысал етсек жетіп жатыр. Иә, әдетте тәжірибесіз адамдар өзінің қа­білетін асыра бағалайды. Керісін­ше, тәжірибелі адамдар, өз мүм­кіндігін төмендетуге бейім. Бұл ретте қытай данышпаны Лао Цзы «Білген айтпайды, айтқан біл­мейді» дейді. Ақылды адам өз білімінің шекарасын сезінетін адам, сондықтан әр жауаптан кейін жаңа сұрақ туындайды. Бірақ дәл осы қасиет қазіргі ақпараттық қоғамда әлсіздік сияқты көрінеді. Себебі сенімді сөйлейтін адам жұртқа тартымды, ал ойланып сөйлейтін адам күмәнді сезіледі. Өйткені олар Кон­фуций айтпақшы, «Нағыз білім – өз надандығыңның деңгейін білу» деген қағиданы ұстанатындар.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ