Дәрігерді қолдау – денсаулықты қорғау

Жетісу облысында медицина қызметкерлерінің күніне орай «Медицина үздігі – 2024» конкурсының жеңімпаздары марапатталды.
Аталған конкурста 14 номинация бойынша бірқатар мамандар үздік деп танылды. Сол сияқты жоғары кәсіби жетістіктері үшін тағы 5 адам ерекше құрметке ие болды.
Конкурс жеңімпаздарын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жангеңгіров құттықтады. Осы күні жеңімпаз атанғандар арасында Қаратал ауданының Бастөбе ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Айдана Жамбаева «Үздік ауыл дәрігері», Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының ангиохирургия бөлімінің меңгерушісі Абай Сәрсембаев «Үздік стационар дәрігері», Жетісу облысының фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары, Жетісу облысының штаттан тыс бас торакальды хирургі Ертай Көбелдесов «Үздік дәрігер», Ақсу аудандық орталық ауруханасының акушері Қарлығаш Бабысова «Үздік акушер», Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылының фельдшері Гүлнар Қанағатова «Үздік фельдшер», Көксу ауданының Теректі фельдшерлік-акушерлік пунктінің мейірбикесі Дина Шыныбекова «Үздік ауыл мейіргері», Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасы емханасының мейірбикесі Зәмзәгүл Ахметова «Үздік алғашқы медициналық-санитарлық көмек мейіргері», облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейірбикесі Марина Аввакумова «Үздік стационар мейіргері» атанды. Сол сияқты марапатталған ішінде денсаулық сақтаудағы әлеуметтік қызметкер, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама маманы, медицина колледжі оқытушысы, провизор, денсаулық сақтау менеджері, санитарлық-эпидемиологиялық бейіндегі дәрігер де болды. Жеңімпаздардың барлығына 800 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі соманың сертификаты мен арнайы дипломдар табыс етілді.
Шараға қатысушылар мұндай бастаманың өздеріне қанат бітіретінін айтуда. «Ақ халатты абзал жандарды қолдайтын мұндай шаралардың болғаны өте жақсы. Осы бастама үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына, жергілікті әкімдікке алғыс айтамыз. Мұндай бастамалар бізді ынталандырып, алға ұмтылуымызға ықпал етеді», – дейді мейірбике Зәмзәгүл Ахметова.
Қ. Сайлау
Жетісу облысы