Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:04, 15 Сәуір 2022

Дархан Мыңбай: Судың тілін білген ұтады, тілін білмеген табиғатты да, жерді де құртады

None
None

Көктемгі тасқын судың зардабы Қазақстан үшін өзекті болып тұр. Төтенше жағдайлардың ішінде қар суынан келетін апаттардың залалы мен зардабы ешқашан жеңіл болмаған.

Біз осы апаттарға қаншалық дайынбыз? Бұл салаға жыл сайын қанша қаржы бөлінеді? Бөлінген ақша қаншалық игеріліп жатыр? Биылғы қызыл судың әлегінен толық құтылдық па? Осы сұрақтарды Мәжіліс депутаты Дархан Қамзабекұлына қойған едік.

— Дархан мырза, «апат айтып келмейді» деуші еді, Қазақстанда жыл сайын апат «айтып» келетін болды. Көктемде қызыл судың әбігерге салатынын білеміз. Бірақ соған дайындығымыз кемшін болып қала ма, жыл сайын бір жағдай қайталана береді. Неге?

-  Биыл көктем қалай шықты, күн бірден жылынып, жауын-шашын мол түсіп, арты апатқа ұласып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, 192 тұрғын үй, 78 саяжайды су басыпты. Одан басқа 3 әлеуметтік нысан мен 11 елді мекен тасқын судың астында қалған. Қазір тасқын судың беті қайтты. Апатқа байланысты 1500 адам басқа аймаққа көшірілді. Республикалық маңызы бар немесе қаларалық тас жолдарды да су шайып кетті. Яғни жиырмаға жуық жол бөлігі су астында қалған.

Қазірге дейін осы апаттар бойынша көп жұмыс жасалып жатыр. Бірақ жыл сайын апат болады. Неге деген сұрақ қойыпсың. Мұның бірінші себебі, экосистеманың бұзылуынан. Экологилық жүйе қараусыз қалды. Жол салынады немесе құрылыс жұмыстары жүргізіледі, бірақ соның арты өзіміздің салақтығымыздан шашылып қалады. Оның бәрі экологиялық тепе-теңдікті бұзады. Қазақтың салт-дәстүрінде табиғатты бүлдірмеу, қорғау туралы жақсы әдеттер көп. Бағыда үлкен дарияға көпір саларда, 100 жылда бір рет келетін апаттың алдын алып, есептеп салатын болған. Қазір 1 ғасыр емес, 1 жылда бір қайталайтын табиғат апаттарын есептемей сала беретін болды мамандар. Бұл жерде жоспарлау, ғылыми негіз, мамандар керек. Осы кемшіліктердің алдын алу деген жұмыстар жасалмағандықтан, апат жыл сайын қайталанып отыр. Бізде су қоймаларының жағдайы зерттелу керек, алдын ала оның да жағдайы тексеріліп, есептелуі керек.

Төтенше жағдай министрлігі көп жұмыс жасап жатыр. Бірақ Шерағаң айтпақшы, «бір кем дүние» олардың да жұмысынан көрініп қалады. Немесе қаражаты жоқ жұмыстарды жоспарлап алады. Бұл жағы түсініксіз әрине.

Бұрынғылар арнасы бар өзендерге көпір саларда табиғаттың тілін түсініп барып салады екен. Мысалы, үлкен өзендердің арнасы уақыт салып ауысып тұратын табиғаттың заңы бар. Бұрынғылар соны біліп, есептеген. Немесе көпірді қай жерге, қалай салу керек дегенді де білу керек. Арнасы тар жерге көпір салу оңай, бірақ тасқын су кезінде ондай жерге салынған көпірді су шайып кетеді.

–Биыл БҚО мен Ақтөбе облыстары қар суынан қатты қиындық көріп жатыр. Апатты аймақтардағы соңғы жағдайлар туралы не айтасыз, тасқынның беті қайтты ма, әлде қауіп әлі сейілген жоқ па? 

– Тасқынның беті қайтты деуге болады. Жалпы су апаты деген дүние санаулы күндерде емес, санаулы сағаттардың ішінде сан соқтырып кететін дүлей күш. 12-сәуір күндері Ресейдің Орынбор облысындағы Пустобаева деген кенттің жанындағы су қойма арнасын бұзып кетіпті. Қоймадағы су көлемі 8 млн куб екен. Шекарадан 18 шақырым ғана жер. Сол қойманың суы Батыс Қазақстан облысының Байтерек ауданындағы Чинарево деген ауылды басып қалатындай қауіп төндірген. 82 үй, 220 адам тұратын елді мекен ғой. Құтқару жұмыстары жасалды. Тұрғындарды басқа жаққа уақытша орналасты. Бұл бір ғана дерек. Бұдан басқа да су астында қалған елді мекендер болды. Қазір оның бәрі апаттан құтқарылды. Ақтөбе облысында апаттан халықты құтқару үшін республикалық бюжеттен қаржы бөлінді. Жергілікті әкімдіктер де қарап отырған жоқ. Қай кезде де халық апаттың қиындығын жұмыла көтерген.        

– Қазақстан үкіметі жыл сайын төтенше жағдайға қанша ақша бөледі? Ақша қаншалық орынды жаратылып жатыр?

– Бұл да өте маңызды сұрақтың бірі. Нақты сандармен айтар болсақ, су тасқыны, жел апаты, тағы да басқа апаттардың алдын алу, қатердің қаупін жою шараларына 2019 жылы 65 млрд теңге бөлінсе, 2021 жылы 49,4 млрд теңге бөлінген. Аз ақша емес. Өзіңіз сұрап отырғаныңыздай, орнымен жұмсаса, қандай апаттың болсын алдын алуға жетерлік қаржы. Мұндай қаржының қаншалық оңды жұмсалғанын айту қиын. Өйткені оны тексеретін ұйымдар, арнайы мекемелер бар. Егер алдын ала жоспарланып, кейін іске аспай қалып жатса, оны да қарау керек. Мысалы, алдын ала оның техникалық шарттары жасалу керек. Оны жүзеге асыратын мекеме ұтып алуы, қабылдау АКТ-сы сиқты қажетті құжаттары болу керек. Осының бәрі рет-ретімен жасалса, оны тексеру оңай. Әйтпесе, төтенше жағдай кезінде қанша құм төгіліп жатыр, қанша тонна тас жұмсалды, оны ешкім бақылай алмай қалады. Сондықтан, алдын ала жоспарлы есеп болуы қажет. Төтенше жағдайға бөлінген ақша бір тиыны ысырап болмай қажетті орнына жету үшін апатқа арналған ақшаны пайдалануға деген көзқарасты өзгерту маңызды. Оны бақылайтын қоғамдық кеңес болу керек. Кеңес құрамында белсенді азаматтар болғаны абзал. Сонда қаржы қажетті жеріне орнымен жететін болады.    

– Төтенше жағдайға қарсы тұратын қауқарымыз қаншалықты? Мысалы, техникаларымыз бен төтеншеге қызмет ететін мамандардың біліктілігі қай деңгейде?

– Адам факторы, кадр мәселесі ең басты түйін қазір. Төтенше жағдайлар министрлігінің штат саны 25 мыңнан асады екен. Оның ішінде әскери қызметкерлер, әкімдік қызметкерлері, курсанттар бар дегендей. Олардың біліктілігін арттыру, қайта даярлау, оқыту сияқты жүйелі түрде жүзеге асып жатады. Қаржыландыру дегенде, материалдық-техникалық жабдықтау мәселесін айтуға болады. Мысалы, осы қажеттіліктерге 2020 жылы 30 млрд 430 млн теңге жұмсалған болса, 2021 жылы 22 млрд 330 млн теңге жұмсалыпты. Дәл қазір төтеншеліктерде ұшақтары, техникалары толық деп ойлаймын. Менің көзіме түскен деректер бойынша, 62 мың маман, 200-ге жуық жүзу құралы, 17 тікұшақ дайындалған ғой, қажет болып қалар деген оймен. Мұның бәрі төтенше жағдай кезінде кезекшілікте қызмет еткен. Тіпті, кадр мәселесінде де тапшылық жоқ шығар деймін. Өйткені, біз бұдан да қиын кезде мұндай апаттардың талайының алдын алып, аса көп шығынға ұрынбай, аман-есен шығып отырдық. Бұл жерде мамандардың біліктілігі өте қажет деп есептеймін. Мәселен, мұзжарғыштарды алып айтайық. Олар мұздың қалыңдығын, су мен мұздың арасындағы бостықты есептеп, содан кейін жару керек. Өйткені мұз судың бетінде болса, мұзды жарғанда су бірден мұздың бетіне жайылып шығып, айналасын шайып, жайпап кетеді. Осының бәрін есептей білу қажет. Мұның бәрі «Қазсушар» деген мекеменің жыл сайын, маусым сайын айналысып отыратын шаруасы. Қардың түсуі, мұздың қатуы, еруі, соның бәрін мамандар есептеп, алдын ала білгені абзал. Сосын көп жағдайда өзен ағысын, сай-саланы, қыраттарды ескермей жол саламыз немесе көпір саламыз. Тіпті, кейде үлкен жыраны бос құм-топырақпен толтырып жол салатындар да бар. Оның бәрі қар суымен ағып, апатқа себепші болып жатады. Мұның бәрі геоэкологиялық жүйеге нұқсан келтіреді. Табиғатпен етене болсақ, табиғи апаттардың алдын алуға болар еді. Өйткені адам жасаған дүние жаратылыстың шеберлігіндей болмайды ғой. Қысқасы, мамандардың біліктілігіне сын жоқ. Бұл жерде шаруаны ұйымдастырудың критерийлерінде жаңашылдық болу керек деп ойлаймын. 

– Әлихан Смайылов өңір әкімдеріне су тасқыны барысын қатаң бақылауға алуды, келесі жылы су басу қаупін едәуір төмендету үшін 2021-2023 жылдарға арналған Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасын іске асыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл жол картада су тасқынына қарсы тұрудың қандай әдіс-тәсілдері  енуі мүмкін?

– Бұл бағдарлама 2017 жылы үкімет басшысынның тапсырмасымен жасалған болатын. Жобаның мақсаты – су тасқынының залалын жою, апаттың алдын алу шаралары кешенін жүргізу. Содан кейін 2021-2023 жылға арналған су тасқынына қатысты жол картасы дайындалды. 160 млрд теңге көлеміндегі қаржыға 212 іс-шара жасалған. Алғашқы 4 жыл ішінде 41 млрд теңге шамасындағы қаржыға 402 іс-шара өтіпті. Сел, көшкін, қызылсу апаттарын қамсыздандыруға 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарында 9,8 млрд теңге қарастырылған. Одан басқа жер сілкінісі қауіп-қатері мен апаттарына да бөлек қаражат бөлінеді.

Кейде жоспарланып қойған іс-шаралардың іске аспай қалатындары да бар. Бірақ есеп ашық болғаны әбден дұрыс. Есепке жұрттың күмәні болмау қажет! Мысалы, Ақмола облысының Қарамеңді батыр ауылының тұрғындары: «Бізге су қоймасын салудың қажеті жоқ» деген екен. Бірақ тұрғындардың пікірі әуелде ескерілмеген. Міне, осындай көптеген себептердің кесірінен әуелде жасалған кешенді жоспардан шығып қалған жобалар бірді-екілі кездеседі. 2021-23 жылдарға арналған жол картасындағы 68 іс-шараның 33-і ғана орындалған. Оның неге орындалмай қалғаны туралы себеп-салдары көп. Ақтөбе облысында республикалық бюджеттен бөлінген 60 млн теңгеге жүзеге асқан үлкен 1 жоба бар.

Су тасқынына қатысты жоба жасаушылар мен оны орындаушылардың әрқайсысы өз жұмысына мықты болмаса, апат жыл сайын қайталана береді. Тағы бір айта кететін дүние: індет өршіп тұрған екі жыл бойы елімізде тасқын су апаты болған жоқ. Көп қаржы бөлінген де, шығын да болған жоқ. Неге? Ойланатын дүние. Жалпы, су тасқынына қатысты жол картасына ойланып, барынша тыңғылықты жұмыс жасау керек.

Су тасқынынан қорғану үшін қазынадан бөлінген ақшаны есепсіз шаша беруге болмайды, көнекөз қариялардың кеңесін тыңдау артық етпейді деп ойлаймын. Өйткені осы ұлы далада қазақ сан мыңдаған жылдар бойы өмір сүрді. Малы жұттан қырылып қалған оқтын-оқтын оқиғалар болмаса, тасқын суға ағып өлген, жаппай қызыл суға қырылып қалған апат жоқ. Неге? Себебі, бұрынғылар табиғаттың тілін білген. Сондықтан, ауылдағы қариялардың ақылын тыңдап тұру керек. Көктемгі су тасқыны 1 ай болады. Оны үлкен кісілер есептеп айтып отыратын. Сол кездің алдын алып, көпірдің астын, тоғандар мен арықтардың көзін, су көздерін тазалап отырса, шұғыл апаттар болмайды ғой.    

– Апаттың алдын ала алып отырмыз ба, жоқ әлде жыл сайын зардабымен ғана күресіп жүрміз бе?

– Ащы да болса шындық: апаттың салдарымен күресіп жүрміз. Апаттың себебімен емес, зардабымен күресу ешкімге абырой әпермейді. Меніңше, бұдан кейін мұндай апатпен жай ғана күресіп қоя салмай, апаттан кейін арнайы комиссия шығып тексеріп, апаттың салдарын, шығынын, себебін анықтап, жауаптыларды жазалап, айып салып, істің нәтижесін шығарып отырған дұрыс. Өйткені жауапгершілік болмаған жерде жұмыс ешқашан дұрыс бағытта жүрмейді. Абайша айтқанда, «Баяғы жартас сол жартас» болмау үшін әркім өз ісіне жауапты болу керек. Тіпті, ауылдардағы тұрғындар малының қиын арыққа тастаса, тоған көздерін бітеп тастаса, солардың бәрі жауап беруі керек. Жауапгершілік әрбір азаматтың өзінен, әрбір ауыл тұрғынынан басталады.

Оңтүстік аймақтарда су басқарушыларды мұрап дейді. Мұраптар дайындау ісі қолға алыну керек. Бұл да өзекті шаруа. Баяғыда «Мұрап басып өткен ізінен су ішуге болады» деген тәмсіл болыпты. Бұл енді сол кездегі мұраптардың тазалығын, ісіне адалдығын, жауапгершілігінің мықты екенін көрсетеді. Қазіргі мұраптар қаншалық өз ісінің маманы? Осыны ойланайық.  

Су шаруашылығы Қазақстан үшін ғана емес, әлемде де өзекті, көкейкесті. Өйткені судың тілін білетін иесі керек. Су шаруашылығына жаңа көзқарасы бар мамандар қажет. Ақшаны игеру үшін тек қана жоспар құратын адам, ол маман болмайды.

Тегтер: