Дархан Қыдырәлі: БАҚ туралы заң әзірленіп жатыр
Биыл наурызда халыққа арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген болатын.
Өткен сенбіде Шымкентке келіп, жергілікті журналистермен кездесу өткізген ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осы тапсырмаға қатысты нендей шаралардың атқаралып жатқанын баяндады.
–Түркістан, Шымкент ақпарат құралдары ең көп шоғырланған аймақтың бірі. Тоқсаныншы жылдары көптеген жекеменшік газеттер пайда болды. Сондықтан Шымкенттегі бұқаралық ақпарат құралдарының шоқтығы әрдайым биік. Бүгінгі таңда министрлік тарапынан Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң әзірленуде. Парламентке жолданғанға дейін талқылаудан өтеді. Заң жобасын әзірлеуге білікті заңгерлер мен сарапшылар тартылды. Онда негізінен журналист мәртебесі, субсидиялау, жарнама ісін реттеу сынды аспектілер қамтылған. Интернет үшін де арнайы заң қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда журналистің ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды қадамдардың бірі болып тұр. Ақпарат жылдам дамып жатқан уақытта сұраныс хатқа жауап беру мерзімін қысқартуды ойластырып жатырмыз. Сонымен бірге газеттерді тарататын «Қазпошта» мен қағазды бір көзден тікелей жеткізу мәселесі бойынша да алдағы уақытта келісімдерге қол жеткіземіз. Тек заңнама емес, оқыту мәселесі де назардан тыс қалмау керек. Өйткені медиасауаттылық бәрімізге қажет. Меtа компаниясы өзінің өкілдігін Қазақстанда ашуға келісімін беріп отыр. Tik-tok-ты да қазақша сөйлету жоспарда бар. Осының барлығы отандық медианың дамуына елеулі үлесін қосады. Журналистерге білім керек. Медиаға түрлі шабуылдар жасалып жатады. Манипуляцияға өзіміз де түсіп қалмау үшін ақ пен қараны ажырата алатын деңгейде болуымыз тиіс. Сондықтан қолына қалам ұстаған жандар әрдайым шындықтың жағында жүруі керек. Қазіргі уақытта журналистерге арналған басқосуларды көбейтіп жатырмыз. Алдағы кезде Орта Азия БАҚ өкілдерінің медиа форумын өткізуді ойластырудамыз. Мұның барлығы тәжірибе алмасу, біліктілікті көтеру үшін керек, – деді министр.
Кездесу мегаполистегі Ontustik телеарнасында өтті. Жиында қазақ тілінің бүгінгі ахуалы және баспасөз хатшыларының мәртебесі туралы да мәселе айтылды.
— Бұрын баспасөз хатшысы мамандығы елеусіз болатын. Қазір оған ерекше мән бере бастады. Өйткені кризис-коммуникация саласының мамандары қоғамға өте қажет. Оқырмандарды бала кезінен тәрбиелеу мәселесі де өзекті. Кезінде «Егемен Қазақстан» газетін басқарып тұрғанда «Нью-Йорк Таймс» газетімен осы жөнінде меморандумға қол қойдық. Сол секілді Жапонияның ұлттық газеті «Асахи Симбунда» болып, тәжірибе алмастық. 13 миллион тиражы бар үлкен басылым. Зәулім ғимаратты көпшілік еркін аралап танысып жүр. Олардың арасында мектеп оқушыларын, тіпті балабақша бүлдіршіндері де бар. Біз де солардың тәжірибесінен үлгі алып, оқырмандарды балабақшадан бастап тәрбиелеуіміз керек, – деді Д.Қыдырәлі.
Министр осы сапар барысында Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен, этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті.
«Достық үйі» базасындағы «Бірлік алаңының» жұмысымен танысып, жергілікті этнос өкілдерімен дөңгелек үстел басында ашық пікір алмасты. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында бірлесе атқаратын жұмыстарға тоқталған министр үшінші мегаполис тұрғындарының берекелі бірлік жолын жалғап отырғанына алғыс айтты.
— Ұлысымыздың ұйытқысы атанған оңтүстік жұртшылығы әрдайым игі істердің бастамашысы болып отыр. Қалалық Ассамблея мүшелері қоғамдағы тұғырлы татулығымызды бекемдеп, қайырымдылық бағытындағы жұмыстарға тұрақты атсалысуда, – деді Дархан Қуандықұлы.
Ассамблея мүшелерін тыңдаған министр ұлтымызды ұйыстыратын тың жобаларға мемлекет тарапынан әрдайым демеу болатынын жеткізіп, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамыту мен «Қазақтану» жобасын жаңғыртып, дамытуға қолдау білдіретінін атап өтті.
— Шымкент шырайлы шаһар болуымен қатар, шұғылалы өңір. Бүгінде қала аумағында тұратын этнос өкілдері берекелі бірлік жолындағы бастамалар аясына топтасып, елдік жолындағы істерге атсалысып келеді. Тіліміз – татулықтың тілі болуы тиіс. Бұл бағытта шымкенттік Ассамблея мүшелері өзге аймақтарға үлгі бола алады, – деді Д.Қыдырәлі.
Сонымен бірге министр Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысып шықты. Жастарға арналған орталықтың жұмысы ведомство басшысы тарапынан оң бағасын алды. Дархан Қуандықұлы бүгінде мемлекет тарапынан жастардың тың жобалары қолдау тауып жатқанын мәлімдеді. Өз кезегінде Әділетті Қазақстанды құруда жастардың қоғамдағы белсенділігі маңызды рөлге ие екенін де ұмытпауға шақырды.
– Ізгі бастамаларға мұрындық болу, қайырымдылық істер жасау қазақ халқының бойына біткен игі қасиеттің бірі. Осы орайда «Шымкент – қайырымды қала» деп тегін аталмайды. Қайырымдылық – кітаптағы көркем шығармаларда ғана кездеспейді, оны қазақтың әрбірінің жүрегінен, жасаған ісінен көруге болады. Ерікті болғысы келетін жас ешқашан жақсылықтан кенде қалмайды, – деді министр.