Дархан Сатыбалды өзіне бірінші орынбасар тағайындады
Алмасхан Сматлаев Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Алмасхан Сматлаев қала әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл шешім ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілді», – делінген хабарламада.
Жаңа қызметінде Алмасхан Сматлаев абаттандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік пен жол инфрақұрылымы мәселелеріне жетекшілік етеді.
Айта кетейік, 2025 жылдың тамыз айында Алмасхан Сматлаев Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді.
Алмасхан Сматлаев Ресейдегі Қаржы университетін «экономика» және «мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандықтары бойынша, сондай-ақ АҚШ-тағы Блумсберг университетін «халықаралық экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2009 жылы бизнес құрылымдарында бастаған. Кейін Еуразиялық экономикалық комиссияда жұмыс істеген.
2014-2023 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысында түрлі лауазымдар атқарған: экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарды, облыс әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болды.
Алматы қаласы әкімдігіне дейін ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор қызметін атқарған.