Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:30

Дәріхана кассасынан несие сұрау немесе «Жаңа Қазақстандағы» көбейген кедейлер

несие
Фото: inbusiness.kz

Биыл елдегі атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатары екі есеге артып, кедейлік шегінде өмір сүретіндердің саны миллионға жуықтайды.

 Мұндай болжамды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты. Оның сөзінше, 2024 жылы 413,7 мың адамға АӘК төлеу үшін мемлекеттен 39,5 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы АӘК-ге мұқтаждар қатары 1 млн адамға жуықтап, оларға АӘК беру үшін 132,9 млрд теңге қарастырылып отыр. 

2025 жыл қымбатшылық жылы болады деген болжам айтылып жүр. Салықтың өсуі мен жанар-жағармайдың еркін саудаға жіберілуі барлық тауарлар мен қызметтердің құнын көтеріп жіберетіні БАҚ беттерінде қызу талқылануда. Ал ең төменгі жалақы мөлшері сол күйі қалды – 85 мың теңге. Ең төменгі күнкөріс деңгейі де айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Былтыр 43 мың теңге болса, биыл 46 мың теңге. Айлық табысы жан басына шаққанда аталған көрсеткіштің 70 пайызынан аз болса, ондай отбасылар мен азаматтар кедейлік шегінде деп есептеледі. Оларға белгіленген сомада арнаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. «АСП» аталып кеткен «пособиені» өткен жылы 414 мыңға жуық қазақстандық алған. Ал биылдан бастап миллионнан астам қазақстандық базалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік көмекке зәру екен. Оған себеп «кедейлердің» тікелей артуы ғана емес. Осы жылдан бастап жаңа бұйрық күшіне еніп, кедейлік шегін есептеу жолы өзгереді. Нақтырақ айтқанда, бұрын кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы болса, енді медианды кірістің 35 пайызына теңестірілді. Демек, бұған дейін кедейлік шегі аз сомамен есептелсе, алдағы уақытта көбірек болады. Еңбекмин өкілдері аталған шара реалды жағдайды көруге, мемлекеттік қолдауды арттыруға бағытталған қадам деген. Иә, біз кедейлік шегінде өмір сүретіндер жаны жарты миллионға да жетпейді деп жүргенбіз. Ал шын мәнінде, олардың саны миллионға жуықтап қалыпты.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, соңғы онжылдықта Қазақстандағы кедейлік деңгейі артқан: 2014 жылы кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны – 2,9 пайыз болса, 2024 жылы – 5,4 пайыз. Мұның өзі күмәнді. Халықаралық стандарттармен есептесек, кедейлік құрсауында жүргендердің қатары қазіргіден бірнеше есе көп. Мәселен, Дүниежүзілік банк айлық кірісі 205,5 доллардан (бүгінгі бағаммен 107 мың теңге) аз адамдарды кедейлік шегінде деген позиция ұстанады. Ал БҰҰ 150 доллар немесе 78 мың теңге айлық кірісті кедейлік шегі деп таниды. Біздің елдегі кедейлік «бағасы» бұдан екі есеге дейін аз болып келді. Демек, статистика да сенімсіз. Біз осы сома мен жалпы кедейлік, қымбатшылық туралы сауалнама жүргіздік. Көпшіліктің ойы мен сөзі бір жерден шығып жатты. Назарларыңызға бірнешеуін ұсынайық.

Ғабит, студент:  Студенттер сабақ оқудың орнына жұмыс істейді

– Жан басына шаққандағы табыс шамамен 30 мың теңгеден аз болса, ол адамдар кедейлік шегінде деп есептеледі делік. Бірақ бұл – күлкілі сандар. Пәтер, жол жүру, киім-кешекті былай қойғанда, 30 мың теңге ересек адамның да, баланың да бір айлық тамағына жетпейді ғой.

Өзім студентпін. Стипендиямыз өсіп жатыр. Алайда оған 5-6 мың теңге қосылған сайын, жатақхана ақысы 10 мың теңгеге дейін қымбаттап кетеді. Мысалы, өткен жылы шәкіртақы – 42 мың теңге, жатақхана – 15 мың теңге еді. Осы оқу жылында шәкіртақы – 47 мың, жатақхана – 25 мың теңгеге көтерілді. Бәрі қымбат. Салауатты тамақтанып, спортпен айналысып, күн-түн сабақ оқитын студенттерді өз арамыздан көрмеймін. Бәрі жұмыс істеуге тырысады. Сол тапқаның да тамақ пен жүріс-тұрыстан артылмайды. Ересек болғасын, ата-анаңнан да сұрауға ыңғайсызданасың. Тіпті жаңа жылда, мейрамдардағы демалыс кезінде үйге барып-қайту билетін де «кредитке» алып жүрміз. Қараңызшы, көрсетейін бе?! Ұшақпен ұшпасақ та, пойыздың өзіне 25-30 мың теңге кетеді. Барып-қайтуың. Соны үш айға, кейде алты айға бөліп төлеуге аламыз.

Нұрила, зейнеткер:  Жетіскен адам мемлекеттен көмек сұрамайды

– Елдегі күнкөрістің керемет емес екені айтпаса да анық жайт. Зейнетақының аз екенін де бәрі айтады ғой. Мен де солай ойлаймын. Мүгедектердің төлемі де, бала басына берілетін жәрдемақы да жұғымсыз.

Халықтың жағдайы сондай болған соң, мемлекет жәрдемдесуге міндетті. «Масыл болмасын, масылдық» деген тіркестерді қолдану да қате шығар. Қайбір жылы бір облыс әкімінің қызы туралы видеолар шығып кетті ғой, сөмкесінің өзі 20 млн, қолындағы білезігі 30 млн деп. Бұл бір отбасының үй мен көлік алатын, балаларын оқытатын шығыны... Сол сияқты қаншама шенеунік жемқорлықпен ұсталып жатыр. Ұсталмайтыны қаншама? Масыл деп соларды айту керек. Бюджетті солардан аяп, солардан қорғау қажет. Ал халық алып отырған бір-екі тиын көмекті қайта-қайта санау дұрыс емес. Жетісіп, көңілі тыныш отырған адам мемлекеттен көмек сұрамайды да. Сұраса, мұқтаждықтан деген сөз.

Сабина, көпбалалы ана: Жұмыртқа, сүзбе, шұжық, кәмпит секілді тауарларды қысқарттық

– Бала басына шаққандағы табысымыз жеткілікті деп бізге «пособие» бермей қойды. Жұбайым екеуміз де жұмыстамыз. Ол жұмыстан тыс уақытта такси болып, нан-пұлға жеткізуге тырысады. Мен айдан-айға жетпей жатқан кездерде алтынымды ломбардқа өткізе тұрамын. Оның бір-екеуін қайтып ала алмай да қалдым. Сөйтіп отырғанда, қыста ел қатарлы соғым да көрмедік. Үйге де ең керекті деген азық-түлікті ғана әкелеміз. Жұмыртқа, сүзбе, шұжық, кәмпит секілді тауарларды қысқарттық.

Пәтерақының өзі-ақ айлығыңның жартысын алады. Өз үйіңді сатып алу қиынның қиынына айналып кеткен. Одан бөлек, колледждің ақысын төлеу, мектептегі балалардың барып-келуі мен тамағы, қыста қыстық киімдерін алу, бәрі-бәрі шығын. Оларға тартып-созып жеткізіп отырмыз. Бірақ адам секілді ауыруға уақыт жоқ. Емделейінші деп үйде бір апта жатып қалсаң бітті, жалақың қысқарады. Жылына бір алатын «отпускта» да демалмаймыз. Жұбайым таксиде, мен де сол секілді бір шаруаның шетін ұстап, қарыздарымды жабуға тырысамын.

Біреуді кінәлап, өз жауапкершіліктерімді арта салудан аулақпын. Алайда Қазақстанда көпшілік осылай өмір сүреді. Бұл дұрыс емес.

Респонденттердің көпшілігі пәтер жалдау, азық-түліктен бөлек, «ауыру да қымбат», «дәріні де кредитке» аламыз деп қалып жатты. Фармацевт Айкен Мұхтар бұған бірнеше рет куә болған.

«Дәріханада жұмыс істеп жүргеніме біраз болды. Алғашында «редпен» төлем жасайтын клиенттерді көріп таңғалатынмын. Сондағы алған дәрілері қатты қымбат та емес. 10-15 мың теңге көлемінде. Тіпті тұрған жерінде видеофиксациядан өтіп, камераға жымиып, көзін жұмып тұрған адамдар да кездеседі... Сондай кездерде дәрі-дәрмек алу үшін несиеге жүгіну қандай қиын деп қынжыласың. Мейлі, қымбат техникалар мен жиһазға несие алып жатса, тарығып жүр екен деген ой келмес еді. Бірақ қарапайым таблеткалар мен «уколдарға» да айлығынан ақша артылмайтындардың жағдайы қаншалықты қиын екенін ойлап көріңізші», – дейді ол.

Қымбатшылық пен өмір сапасы тақырыбы әрқашан өзекті болған. Жыл басында айтылған саяси жаңалықтар мен болжанып отырған қымбатшылықтан соң талқы тіптен қыза түскен. Осы орайда, журналистер шенділер мен депутаттардан кедейшілік, қымбатшылық туралы сұрап, жариялаудан жарысып жатыр десек қате болмас. Сондағы жауаптары да қызық. Бірі елдегі экономикалық-қаржылық блоктың дұрыс жоспарлай алмауынан жағдай ушығып отыр десе, екіншісі басшылар мәселені шегере берген, енді соның бәрі су бетіне қалқып шығып отыр дейді. Назарбаев пен «ескі Қазақстанды» сынағандар да табылды. Не де болса, экономикалық ахуалдың ушығып жатқаны – факт. Соның фонында кедейлік шегінде өмір сүретіндердің саны артатыны да реалды болжам. Ал оларға әлеуметтік көмек тағайындау мәселені шеше ала ма? Жетпейтіндердің қатары тек артып жатса, бюджет дефициті өсіп жатса, АӘК төлеу қашанға дейін жалғасады? Ол белгісіз. Бірақ мәселені тек ақшалай әлеуметтік көмек шеше алмайтыны анық. Осы жөнінде әлеуметтанушы маман Данияр Шәкеновпен сөйлестік.

«Ұлттық статистика Бюросының 2024 жылғы мәліметі бойынша, өмір сүру сапасы қанағаттанарлық деңгейдегі қазақстандықтардың үлесі – 43,8 пайыз. Экономикалық мәселелерге қарамастан, жалпы жағдай жаман емес. Алайда қалалық және ауылдық аймақтардың, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік топтардың арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін естен шығармаған жөн. Соңғы жылдары үкімет өмір сүру деңгейін жақсарту үшін біраз шаралар қабылдап жатқанымен, әлі де көп қырлы, нақты экономикалық және әлеуметтік зерттеулер жасалуы керек деп ойлаймын.

Ал АӘК алатындар санының артуына қатысты айтар болсақ, әлеуметтік осал топтарды жәрдемақы арқылы қолдау қысқамерзімді кедейлік мәселелерін шешуге көмектеседі. Алайда ұзақ мерзімді перспективада өте осал әдіс. Мұндай ауқымды проблематиканы әртараптандырылған кешенді іс-әрекеттер жүйесі арқылы ғана оңтайландыра аламыз. Алдымен, азаматтар мемлекеттің қаржылай көмегін негізгі кіріс көзі ретінде емес, уақытша қиындықтар кезіндегі көмек ретінде қарастыруға дағдылануға тиіс. Мемлекет болса, еңбекке жағдай жасап, тұрақты жаңа жұмыс орындарын көбейтуде, білім мен медицинаның сапасын арттыруда эффективті әдістерді қолдануы керек. Кәсіпкерлікті дамыту жағы да бар. Жалпы, азаматтардың тәуелділігін азайту қажет», – дейді әлеуметтанушы.

Расында, кедейлік тек ақшалай ресурстың жеткіліксіздігін емес, мүмкіндіктерге тең қолжетімділіктің болмауын да білдіреді. Оны шешу үшін әлеуметтік дүкендер ашып, «пособиелер» мен әлеуметтік төлемдерді көбейтіп жатырмыз. Балалардың мектеп формасына деп те ақша бөлеміз, оқу-құралдарына деп демеушілерді тартамыз. Тегін тамақ пен жазғы демалыстар ұйымдастырамыз. Квотамен грант бөлу де – әлеуметтік қолдаудың бір формасы. Маман айтқандай, мұның бәрі жекелеген азаматтардың қиыншылықтарды еңсеруіне көмектескенімен, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік пен кедейшілік мәселесін ұзақмерзімді перспективада шеше алмайды. Әлеуметтік қолдау жұмыс беру, білім беру, денсаулық сақтау саласын жақсарту сынды процестермен қатар жүрмесе, көмек алатындар және одан дәмелілер саны тек арта береді. Ал бұл процестердің қандай қарқынмен, қандай сапада жүзеге асып жатқаны өз алдына бөлек сұрақ.

Баян Мұратбекқызы