Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:46, 14 Маусым 2022

Дариға дәурен, өтті де кетті, қайтейін...

None
None

Газетіміздің өткен санында қаңтар дауылынан аман келе жатқан Назарбаев жүйесінің сенімді қызметкерлері Асқар Мәмин мен Бауыржан Бәйбек туралы жазғанбыз.

Бүгінгі материалда – экс-елбасының тұңғышы, саясатта жүріп байыған, байлықпен бірге, билікті қатар меңгерген Дариға Назарбаева туралы бірер сөз.

Дариға Назарбаеваның саясаттағы жолының бәрінде әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың салған сүрлеуі жатқанын жалпы қазақ жақсы түсінеді. Егер, 5-маусымда өткен референдум сияқты Конституцияға өзгертулер ертерек енгізілгенде, яғни «Президенттің туыстары мен жақындары мемлекет билігінде міндет атқармайды», деген шектеу болғанда, Дариға ханым көп әйелдің бірі болып қалар ма еді, кім білсін? Онда Нұрсұлтанқызының саясаттағы ғарыштық жылдамдықпен өсуі екіталай болар еді ғой...

Сонымен, Дариға бұрын кім еді, қазір кім? Оның Қазақстан саясатындағы әйелдер жете алмайтын биікке шығуының құпиясы қандай? Қалай тез байып кетті? Отбасындағы әйел, ана Дариғаның рөлі ше? Көпшіліктің көз алдында болса да, қоғамды мазалайтын сауалдар.

Википедия сайтында «Дариға Нұрсұлтанқызы 1963 жылдың 7-мамыры күні Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келді», деп жазылыпты. Негізгі мамандығы тарихшы. Бірақ тарихшы ретінде еш жерде қызмет етпеген, мұғалім де болмаған. Тарихшы бола алмаса да, Қазақстан тарихында әкесімен бірге аты қалды. Қазақстан тарихында әйелден шыққан тұңғыш сенат төрағасы болды. Қазақстан тарихына жиырма жылға жетер-жетпес уақытта шексіз байлық жиған әйел ретінде аты тарихқа енді...

Сенат төрағасына дейін көтерілген қызмет жолына көз жүгіртсеңіз, Дариғадан қалған дара даңғылды байқай алмайсыз. Оның басып өткен қызметтерінің бәрі тек қана өсу, баю, шетелден қымбат сарайлар сатып алу...

Тұңғыш президенттің тұңғыш қызы саяси қызметін тұңғыш рет қоғамдық жұмыстан бастапты. Анасы Сара Назарбаеваның жобасы арқылы көрінді. Ол — 1992-1994 жылдар. «Бөбек» балалар қайырымдық қорының вице-президенті. Одан кейін, 1995 жылы «Хабар» телеарнасын құрды. Бұл оның Қазақстан медианарығын игеруге кіріскен шағы болатын-ды. Дариға сол жылдары небәрі 32 жастағы уылжыған келіншек еді.

«Хабарды» сегіз 8 жылдай басқарған соң, ол 2003 жылы «үлкен саясатқа» бет бұрады. «Асар» деген партия құрды. Жұрт жылдар бойы шапқылап жүріп құрған партиясын тіркей алмай, табанынан тозса, Нұрсұлтанқызының партиясы еш кедергісіз тіркелді. Төрағасы болып бір ауыздан өзі сайланды. Айтпақшы, Ерлан Қарин сол жылдары «Асардың» құрамында болатын (Бұл бөлек әңгіме). 2004 жылғы мәжіліс сайлауы өтіп, «Асарға» мәжілістен бір орын бұйырады. Оған Дариға Назарбаева отырды. 2006 жылдың 4 шілдесінде «Асардың» кезектен тыс съезі өтті. Съезде «Отанмен» бірігу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, «Асардың» ғұмыры аяқталды… Осының өзі Қазақстандағы саяси жүйенің сайқымазақ екенін көрсетеді. Есі дұрыс Еуропа елдерінде саяси партиялар бір-бірімен бақталас, бәсекелес. «Отан» мен «Асарға» ұқсап, бірін-бірі «толықтыру» демократиялық елдерде сатқындық саналады. Бұл «індеттің» сарқыншағы биыл «Аманатқа» қосылған «Адалдан» да көрініс тапқан жоқ па?   

          Тақырыпқа оралайық. Бұдан ары қарай Дариғаның қызмет жолы парламент «партасында» жалғасты. Бірнеше шақырылымда депутат болды. 2014 жылдың сәуірінен 2015 жылдың қырқүйегіне дейін Нұрсұлтанқызы мәжілістің вице-спикері атанды. Дәл сол уақытта оның бірінші күйеуі Рахат Әлиев шетел түрмесінде асылып қалды. Бірақ Дариғаның қызметі жалғаса берді. 2016 жылы сенат депутаты болды. 2019 жылдың 19 наурызында әкесі Нұрсұлтан Назарбаев билікті Тоқаевқа тапсырды. Ал Дариға сенат төрағасы болып тағайындалды. Дәл сол кезде жұрт арасында әртүрлі алыпқашпа әңгіме желдей ескен. «Қазақстанның ендігі президенті Дариға Назарбаева болады екен», «Сенат төрағасы деген лауазым – келесі президентке апарар жол», деген сияқты болжамдар айтылған-ды. Осындай әңгімелердің әсері болар, ол бұл қызметте ұзақ отыра алмады. Сөйтіп, елдегі «екінші адам қызметінен» кетуге мәжбүр болды. Бірнеше айдан кейін Лондонда тұратын Айсұлтан Рахатұлы қаза тапты. Дариға баласының өлімінен кейін бірнеше ай көрінбеді. 2020 жылдың желтоқсанында мәжіліске қайта оралды.

Дариға Қазақстан тарихында әйелден шыққан бірінші сенат төрағасы болғанға дейін, яғни «Қазақстандағы екінші адам» болу үшін күйеуі мен ұлынан айырылды. Тарихта билік үшін болатын талас-тартыстардың тым қатал шежіресі Дариға қыздың басынан да өтті. Өкінішті болса да, өтті!.. Қаңтар қырғынынан кейін Дариғаның биліктегі ғұмыры аяқталды. Айтпақшы, Рахат Әлиев екеуінің арасындағы махаббат хикаясы тәмам болған соң, 2013 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаевпен бас құрады.

          Дариға қыздың отыз жылда жеткен биліктегі жетістігінен бөлек, оның жиған байлығының өзі есепсіз. Қазақстан сияқты зауыт-фабрикасы жоқ, өндірісі тұралаған мемлекетте осыншалық байлық жинау білікті кәсіпкерлердің де қолынан келмейтін шаруа. Бірақ Дариға адам ақылы жетпейтін байлыққа кенелді. Оның саясатқа келген, 2005 жылдан бергі уақытты ғана есептесеңіз, жиырма жылға жетпейтін мезгілде қалай тез байығаны түсініксіз.

          Дариғаның Лондондағы қымбат сарайлары шетелдің өзінде отқа түсіп, сотқа сүйрелген сасық әңгіме. Ал Қазақстандағы сарайлары мен меншіктеп алған жерлерін, тұрғын үйлерін жазсақ, бір екі материалға сыймайды… Арыға бармайық, жуырда ғана Қазақстандағы ең бай 50 кәсіпкердің арасында Дариға қыз 13-орынға табан тірепті. Forbes Kazakhstan басылымындағы сарапшылардың болжамынша, оның байлығы 584 миллион долларға жеткен. Енді осыны әкесі президент болған 1991 жылдан бергі 30 жылға бөлсеңіз, Нұрсұлтанқызының жылдық орташа табысы 19 миллион доллардан айналады. Ай сайынғы табысы 1,6 миллион доллар!  

          Егер осының бәрі халық арасындағы аңыз-әңгімелерде айтылса, ертек қой, деп сенбеуші едік. Өз елімізде, өз жерімізде болып жатқан дүние. Сенбеске шарасызбыз. Бір адамға табынған шексіз биліктің жеткізген жері осы. Жаңа Қазақстан енді мұндай қателікті қайталамайтын шығар, билікті бір адамға, бір әулеттің қолына ұстатуға болмайтынын түсінген шығар, деген үміт біздікі. Ал Дариға қыздар саясатқа келер кетер, ол — мәңгілік емес. Бұл елдің мәңгілік байлығы осы елдің ақы иесі – қазақ!  

Тегтер: