Дәрігерлердің жалақысын өсіру – заман талабы
Адам өмірін арашалау үшін сын сағатта аянып қалмайтын дәрігер жұмысының қызығы да шыжығы да бар.
Ем-дом көрсету үшін гиппократтық ант қабылдайтын дәрігерлердің еңбегі тынымсыз, үнемі ізденіс пен қажырлы қайратты қажет ететін жұмыстың бір түрі әрі бірегейі.
Үкімет елімізде халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асырып келеді. Осы жоба аясында мұғалімдердің, дәрігерлердің, бюджет саласы мамандарының жалақысын өсіру кезең-кезеңімен қолға алынды. Әсіресе дәрігерлердің жалақысының өсуі заман талабына сай, дер кезінде қолға алынған мүмкіндік болып отыр. 2021 жылдан бастап медициналық сала мамандарының жалақысы өсіріле бастады. 2021 жылдың қаңтарынан бастап елімізде 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы көбейген. Ал 2022 жылы дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің табысы 20 пайызға артқан болатын. Бұл дәрігерлер үшін нарық қысқан заманның көшіне ілесу үшін қолдау болары сөзсіз. Биылғы жылы қаңтар айынан бастап ақ халатты жандар жалақыларына үстеме қосылған мөлшерде алып, бір марқайып қалды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 416 мың теңге болса, орта медицина қызметкерінің жалақысы шамамен алғанда 230 мыңнан асқан. Ал биылғы жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 500 мың теңге болып отыр. Мамандардың айтуынша елімізде дәрігер мамандығына деген сұраныс азайған емес. Сондай-ақ соңғы жылдары дәрігер мамандығының қоғамда беделі артып, жастар арасында осы мамандықты таңдағысы келгендер қатары артқан болатын.
Адам жанына араша болатын ақ халатты жандардың білім-білік дағдыларын жиі шыңдап отырғаны маңызды. Дені сау ұлт жобасы аясында медициналық мамандардың білімдерін арттырып отыруы үшін кешенді жұмыстар жүргізу қолға алынған. Соның бірі – Қазақстандық дәрігерлер шетелде білімдерін көтеру мақсатында тағылымдамадан өте алады. Бұл дәрігерлер үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Жыл сайын ауруларды диагностикалау мен емдеудің тәсілдері үнемі өзгеріп отырады. Сол себепті де отандық дәрігерлер медицина саласындағы инновациялармен таныс болуы тиіс. Дәрігерлер шетелде тәжірибе жинап, тағылымдамадан өтуінің арқасында елдегі қызметте жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Қазақстандық дәрігерлер Израильде, Ресейде, Германияда, Түркияда екі үш ай бойы тағылымдама форматында біліктіліктерін арттырып жүр. Бүгінде 2022 жылдан бері шетелде тағылымдамадан өтіп келіп, елімізде еңбек етіп жүрген дәрігерлер көп. 2022 жылы республикалық бюджет қаражатының есебінен 4200 дәрігер, 2650 орта медицина қызметкері оқытылған болатын. Біліктілігін арттырған дәрігерлердің арасында 138 маман шетелде оқып келген. Дәрігерлер шетелдің озық технологиясымен ем-дом жүргізу әдістерін меңгеріп, бүгінде медициналық қызмет көрсету барысында сол дағдыларын қолдана бастаған. Сонымен қатар шетелден тәжірибе жинақтап келген мамандар еліміздің өзге дәрігерлеріне білім-білік дағдыларын көрсетіп бөлісуде.