Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:33, 06 Сәуір 2023

Дарынды бала мал шаруашылығына үлес қосты

None
None

Еліміздегі дарынды балалар жуырда ғана республикалық «Зерде» сайысына қатысты. Бұл сайыс 2-7 сынып оқушылары арасындағы зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарынан құралады.

Аталмыш сайыс Шучье қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында өткізілді. Жалпы қатысушылардың саны 600 баланы құрайды. Конкурстың негізгі мақсаты – балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту болғандықтан, онда кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалды-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады. Сондықтан да сайысқа түскен оқушылар бірінен-бірі өткен зерек, дарынды балалар болып шықты. Барлығы да ғылыми ізденісте жүрген бүлдіршіндер. Дарынды балалардың арасында ойларынан жаңа зат құрастырып, көзге түсіп жүргендер де аз емес. Соның бірі – Төле би аудандық білім бөліміне қарасты №6 жалпы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Елдос Елу болды. Ол жақында «Ақылды ферма» ғылыми жобасын ойлап тапты. Оның жұмысы макет күйінде құрастырылған. Ал оның қызметі қандай деген сұраққа келсек, бұл фермадағы жұмысты қашықтан басқарып, фермердің жұмысын жеңілдетуге, әрі оның уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Елдосқа мұғалімі Айгүл Шахманова қолдау көрсетіп, идеясының жүзеге асуына үлкен мүмкіндік берді.

Сондай-ақ «Ақылды ферманың» макетін жасау үш өлшемді графиканы құрып, өңдеуге арналған компьютерлік бағдарламаны қолданады. Жобасы туралы Елдос Елу: «Ультрадыбыстық датчик «Ақылды фермаға» адам мен жануарлар жоласа, бірден сезіп, серводатчиктің көмегімен шлагбаум көтеріліп, бірнеше секундтан кейін жабылады. Сонымен бірге фермадағы датчиктер арқылы жұмыс істейтін аппараттар малға уақытылы жем-шөбін, суын беріп, түнгі жарықпен қамтамасыз етеді. Сосын малды әрі-бері жүргіздіріп отырады. Ал «Ақылды ферманы» мобильді телефонға орнатып, сол арқылы басқарып отыруға да болады», – дейді.

Дарынды бала Елдос «Ақылды ферма» жобасы арқылы ғылыми жобаларға қатысып, аудандық олимпиададан І орын алса, облыстық олимпиада кезеңінен ІІ орынға ие болды.

Дарынды балаларға қатысты тізе берсек, еліміздің атын ғылым жағынан зерттеп жүрген жас дарынды балалар жетерлік. Мемлекет тарапынан әлі де қолдау болып жатса, дарынды балаларымыз әлі де елдің атын шығаратынына сеніміміз мол.

Тегтер: