Дарынды балаларды қолдау – маңызды
Қазіргі заман ағымына қарай балаларға ерекше көңіл бөлініп, балалардың дарынын, талантын ашу мақсатында көптеген үйірмелер мен арнайы мектептер көптеп ашылуда.
Сондай-ақ биылғы «Балалар жылына» орай, еліміздің өңір-өңірлерінде «Дара бала» акциясы өткізіліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген үндеу жариялау арқылы балаларға қолдау көрсету керектігін баса айтып, биылғы жылды «Балаларды қолдау жылы» деп бекітті. Сондай-ақ бүлдіршіндерге тек бұл жылы ғана емес, әрқашан қамқорлық танытылу керектігі жөнінде әркез айтылып келеді.
Осыған орай, нақты жұмыстарға келсек, дарынды балаларды насихаттап, үлгі ету мақсатында жүргізіліп жатқан «Дара бала» акциясы бойынша білім, өнер, спорт салаларында үздік деп танылған озат оқушыларға мектептерде арнайы «Балалар – біздің мақтанышымыз» атты стендтер ілінуде. Бұл жоба балалардың өзіне деген сенімділігін арттыруына себепші болады.
Одан бөлек, Қазақстанның әр қалаларында республикалық байқаулардан жеңімпаз болған өнерпаздар, спортшы, дарынды оқушылардың фотосуреттері мен балалар жылына қатысты бильбордтан, скролер, керме, Лед экрандары арқылы материалдарымен жергілікті аумақтарда орналастырылып келеді.
Ал «Дара бала» акциясынан бөлек, тағы қуантарлық жайт, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды балаларды қолдауымен халықаралық олимпиадаларға қатысып жүрген 27 жеңімпазға 4,7 миллион теңгеге дейінгі сертификаттар табысталды. Жеңімпаз оқушылар халықаралық олимпиадаларға қатысып, 27 медаль ұтып, өткен жылдағыдан жақсы нәтиже көрсеткен болатын. Жүлдегерлерді Оқу-ағарту министрлігі салтанатты түрде марапаттаған еді. Бұл олимпиаданың бір ерекшелігі – жеңімпаздар алдағы уақытта ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсе алады. Әрі оқушыларды олимпиадаға дайындаған ұстаздары ақшалай сыйлық алса, ата-аналары министрлік тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды. Ел президентінің дарынды балаларға деген осындай ерекше қолдауының арқасында әлі де елімізде дарынды балалардың көбейетіндігіне сеніміміз мол.
Дарынды оқушылар бақ сынасқан олимпиадаға оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады. Біз еліміздегі барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізудің ашықтығына ерекше назар аударуды жалғастыра береміз», – деп пікір білдірді.
Елімізде дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған олимпиадалар балалар жылындағы ең керемет жаңалық болып отыр.