Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 23 Сәуір 2025

Дәстүр мен дін: исламның қайта жандануындағы қарама-қайшылықтар

1

Жақында ғана отандық зерттеушілердің «Қазақстандағы ұлт құрылысы және исламдану: тарихы, дискурстар және бірегейлік» атты монографиясы жарық көрді.

 Қоғамдағы дін мен ислам, зайырлылық пен ұлттық бірегейлік тақырыптары қызу талқыланып тұрған, аса бір өзекті кезеңде жасалған зерттеу туралы еңбектің авторлары – саясаттанушы, PhD доктор Дамира Сихимбаева, дінтанушы, институттың аға ғылыми қызметкері Асылтай Тасболат, дінтанушы, зерттеуші Естай Қалмұрат. Шын мәнісінде мұндай ауқымды зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі монография болып жариялануы құптарлық бастама. Сонымен аталған монографияда қандай тақырыптар зерттелді, нендей мәселелер талқыланды осы және өзге де сұрақтар төңірегінде «Жас Алаш» авторлармен сұхбат құрып, зерттеулері туралы сұрады. 

Дамира Сихимбаева, саясаттанушы, PhD доктор: Қазақстандағы исламдану үрдісіне ішкі және сыртқы факторлар ықпал етті

Мұндай зерттеу жүргізу көптен бері ойда жүрген еді. Ғылыми зерттеуге қызығушылығымды ашқан да ислам және ұлтшылдық, ұлттық бірегейлік және исламдық бірегейлік, ислам және зайырлылық, олардың арақатынасы тақырыптары болды. Алғашқы мамандығым дінтану болғандықтан, исламдану процесіне де үнемі мән беріп, қарап жүретінмін. 2000 жылдардан кейін бізде мешіттердің саны көбейді, орамал тағатындардың қатары еселеп артты, ораза ұстау да жаппай қарқын ала бастады. Осының әсерінен қоғамда дискурстар, қарама-қайшы пікірлер қалыптасты. Әсіресе арабизацияға қатысты, қазақ қыздары ешқашан орамал тақпаған деген пікірлер жиі айтыла бастады. Соған қарамастан, исламдық инфрақұрылым тереңдеді. Әрине, ол қоғамның ажырамас бөлігі есептелінеді. Бұл үдеріс жылдан-жылға ұлғайып, қоғамдық кеңістікте орын алып отыр. Ауқым кеңейген сайын, сұрақтар да өзекті бола түсті. Соның бәрі-бәрі мені қызықтырды. Осы ізбен бүгінгі зерттеуіміз жасалды. Бұл әлемде де үлкен бір зерттеу бағыты ретінде қалыптасқан тақырып.

Исламға қатысты стереотиптер, қорқыныштар мен басқа да түсініктер қалай, неден қалыптасып жатыр, бұл салаға негізделген саясат дұрыс па, әлде бұрыс па, осының бәрі тек Қазақстанда бар мәселе ме, әлде әлемде де солай ма? Сауалдар осылай қордаланды. Одан бөлек, ұлт құрылысы деген өте маңызды аспекті бар. Бұлардың бәріне қатысты шетелдік зерттеулерді де, отандық авторлар мен сарапшылардың пікірлерін де қарадым. Бірақ көпшілігі терең зерттеу деңгейінде емес, публицистикалық зерттеу деңгейінде. Ислам жағына терең бармағаны да байқалады. Сондықтан біз саяси, дінтану, исламтану тұрғысынан келіп, ғылыми зерттеу жасадық.

Кітапта менен өзге екі мықты зерттеуші маманның да материалдары бар. Жалпы монографияда Қазақстандағы ұлт құрылысы аясындағы исламдану үрдісінің бірқатар мәселелері қарастырылады. Мәселен, дін және ұлтшылдық қарым-қатынастарының теориялық негіздері, кеңірек ислам әлеміндегі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы ұлтшылдық пен ислам арақатынасы зерделенеді. Сонымен қатар Орта Азия және Қазақстандағы исламданудың тарихи кезеңдері мен ерекшеліктері, посткеңестік кезеңдегі реисламдану үрдісіне ықпал ететін түрлі исламдық этномәдени дискурстар, ұлттық және діни бірегейлік арасындағы қарама-қайшылықтар, исламға қатысты секьюритизация дискурсы талданады.

Жасаған қорытындымыз мынадай. Орта Азия және Қазақстандағы исламның қайта жандануы қарама-қайшылықтарға толы күрделі үрдіс болды. Бір жағынан 70 жыл бойы шектеліп келген ислам дінінің жаңғыруы қоғам тарапынан ұлттық құрылыстың бір бөлігі ретінде құпталды. Екінші жағынан, реисламданудың қарқынды үдерістері қоғамдық кеңістікте көптеген түсінбестік пен күмән туындататын дискурс пен саясатқа алып келді. Исламдану үрдісі – Қазақстан қоғамының түбегейлі әлеуметтік-экономикалық, мәдени трансформациясы аясында орын алып отыр. Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстандағы исламдану үрдісіне ішкі және сыртқы факторлар, түрлі дискурстар ықпал етті, кеңес одағы кезіндегі исламды түсіну және қабылдаудың жергілікті дискурсы қатаң сынға алынды. Ислам тек ұлттың мәдени бөлігі ғана емес, исламдағы қасиетті текстерге негізделген өмір сүру стратегиясына айналды. Бұл жағдай өз кезегінде дәстүрлі этно- конфессионалды бірегейліктің трансформациясына алып келді. Ұлтты қайта анықтау процестері мен нарративтерде исламдық және ұлттық бірегейлік арасында бірқатар қайшылықтар туындады. Сонымен қатар Орта Азия және Қазақстандағы исламның қайта жандану құбылысы жаһандану үрдісінің күшеюі мен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуының жағдайында дамып отыр. Бұл фактор исламдық инфрақұрылымның құлдырауы жағдайында Қазақстан мұсылмандарына ғаламдық деңгейдегі исламдық қоғамдық-саяси ойлардың, популистік стратегиялар, мәдени және идеологиялық ағымдардың ықпал етуіне алып келді. Қазақстанда исламдану үрдісі жылдан-жылға өсіп келеді және исламтанушылардың бағалауынша бұл тенденция болашақта ұлғая түсуі ықтимал. Сондықтан ислам мен ұлттық мемлекетті қарсы қою, ислам мен қазақы дүниетанымды қарсы қою, исламға қатысты тек эксклюзивті және тек секьюритизация саясатын жүргізу стратегиялық тұрғыдан тиімді болмайды. Бұл саясаттың, көп жағдайда мұсылман жамағатының маргиналдануына және оның наразылығының күшеюіне алып келу қаупі бар. Екі құбылыс арасындағы шиеленістің алдын алуда кешенді шаралар, рационалды, конструктивті, инклюзивті тәсілдемелерді қажет ететін ұлттық және діни саясатты жетілдіру қажет.

Асылтай Тасболат, дінтанушы, PhD кандидат: Дін әлеуметтік құбылыс ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделенуі тиіс

2024 жылдың соңында кітабымызды баспаға беріп, осы жақында қолымызға алдық. «Қазақстандағы ұлт құрылысы және исламдану: тарихы, дискурстар және бірегейлік» деген атаумен ұжымдық монографиямыз жарық көрді. Еңбекте қазіргі қоғамдағы исламның рөліне қатысты салмақты зерттеулер бар. Жалпы, дін қоғамдағы әлеуметтік құбылыс ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделенуі тиіс нәрсе. Ғылыми-әлеуметтік зерттеулер болмаса, негізсіз деманизация да жүреді. Яғни әр топ басқа топты құбыжық секілді көре бастайды. Дінтану ғылымы да, бұл зерттеу де пәнаралық зерттеу арқылы жүреді. Осы арқылы қоғамда болып жатқан діни тіршіліктің мазмұнын аша аламыз.

Еңбекте Дамира Сихимбаева ханым әлеуметтік сауалнама түрінде діни кіндік пен ұлт құрылысы құбылысының қиысатын тұсын зерделеп шыққан. Халық арасында бірінші мұсылмансың ба, жоқ қазақсың ба дейтін сұрақ мейнстрим түрде көп қойылады. Теориялық тұрғыда осының мазмұнын ашып, сауалнама арқылы нақты картинаны көз алдымызға тосатын керемет зерттеу жасалды. Естай Қалмұрат Қазақстандағы дін саясаты туралы, оның бағыты мен кезең-кезеңдер бойынша өзгеруін, салафизм ағымының Қазақстандағы тарихы мен әсерін жазды. Өзім түрік жамағаттарына қатысты бөлімді жаздым.

Үш негізгі гипотеза бойынша түрік жамағаттарының табиғатын ашуға тырыстым. Ол үшін бірінші Түркиядағы дін саясаты мен тарихи өзгерістер, идеологиялар жағын ашқан дұрыс. Олар Осман империясы және республика кезеңінде түрлі өзгерістерге бейімделіп, зайырлы қоғамдағы діни қызметтерді жүргізуге бейімделген жамағат болып есептеледі. Кәсіп аясында топтасу, университеттер ашу, медиахолдингтермен жұмыс қарқынды. Тағы діннің коммерциализациясы деген ұғым бар. Соның аясында да саясатқа, қоғамға ықпалды қозғалысқа айналып отыр. Оның сипатын Қазақстаннан да байқауға болады. Осы себептен ашық айтып, зерттеулер жүргізілуі тиіс.

Енді осы туралы қысқаша айта кетейін, Қазақстандағы ислам қауымдастықтарының ішінде Түркия Республикасынан келген діни топтардың белсенділігі 90 жылдардан бері қалыптасқан процесс. Негізінен білім беру мен қызмет көрсету саласындағы кәсіби орта аясында қауымдасқан түрік жамағаттары діни қызметті «жартылай зайырлы» сипатта жүргізетін ерекшелікке ие. Бұған Түркияның бір ғасырға жуық тарихы бар республика кезеңіндегі тәжірибесі әсер еткен дей аламыз. Себебі Түркияда қалыптасып, орныққан діни топтардың көпшілігі 1953 жылғы көппартиялы жүйеге көшу процесіне дейінгі дінге жасалған кемализм аясындағы қысым мен сол саясаттың инерциясын танытатын әскери диктатураның бақылауынан өткен. Кемализм идеологиясы Осман мемлекеті кезінен келе жатқан діни білім беру дәстүрінің түбегейлі үзілуіне әкелмесе де, институттық тұрғыда біршама құлдырауына себеп болған еді. Ал көппартиялы жүйемен бірге 60-жылдардан басталған демократиялану процесінің негізінде діни сенім бостандығын пайдалана отырып түрлі жамағаттар мен қозғалыстардың белсенділігі арта түсті. Дегенмен кемализм идеологиясына сүйенген әскери диктатура Әділет және даму партиясы билікке келетін 2000 жылдарға дейін мемлекеттің зайырлы сипатын қорғау мақсатында діни атрибуттар мен діни жамағаттарды қатаң бақылауда ұстайтын еді. Сондықтан да кейбір зерттеушілер, Осман империясы дәуіріндегі дін мен мемлекет қатынасын «дінге байланған мемлекет» деп тұжырымдайтын болса, Республика кезеңіндегі діни-конфессиялық саясатты жалпылама алғанда «мемлекетке байланған дін» деген пайыммен тұжырымдауға бейіл. Міне, осындай секуляризм тәжірибесін бастан кешірген түрік жамағаттары зайырлы елдегі білім беру жүйесіне діни білімді бейімдеу барысында пансионаттар ашу, лицейлер мен сауат ашу курстарын құрудан бастап, уақыт өте келе ірі университеттер ашу арқылы діни қауымдастықтар құру сатысына дейін өткен еді. Сондықтан да Қазақстандағы түрік исламының ықпалын саралау үшін Түркияның «дін-мемлекет» қатынасына кеңірек тоқталып өту маңызды. Сонда ғана Қазақстанда діни қызметпен айналысатын түрік жамағаттарының қауымдасу ерекшелігінің табиғатын дұрыс ашуға болады деп есептеймін. Сондай-ақ ортағасыр исламдағы сопылық топтардың бір кәсіп аясында топтасуын білдіретін ахилік, футууат секілді қауымдастық тәжірибесін де түрік жамағаттарының табиғатын танытатын, олардың әлеуметтік сипатын қалыптастырушы ерекшелігі ретінде қарастырамыз. Осман империясы тарихында мұндай діни топтардың белсенділігі өте жоғары болды әрі экономикалық байланыстарды да реттеуші қызмет атқарды. Бекташийа секілді діни топтар қару-жарақ өндірісімен қоса, янышарлар секілді арнайы әскери жасақты тәрбиелеу ісіне де атсалысты. Мұның барлығы кәсіп пен өндіріс аясында топтасқан діни жамағаттардың қалыптасу дәстүрінде маңызды рөл атқарды. Дәл қазіргі заманауи ислам жамағаттары да осы дәстүрге бейім екенін көреміз. Мұнымен қоса, қазіргі заманауи зерттеушілер, коммерцияланған әлемдегі діни топтар туралы жазып жүр. Ауқымды білім беру, өндіріс пен медиа холдингтерді қолында ұстайтын діни жамағаттар халықтың діни сұранысын монетизациялаушы құрылым ретінде сипатталады. Зерттеу барысында мұндай қырларын да қарастыруға тырысамыз, бірақ әрине, орынсыз демонизациялауға да ұрынбау қажет. Осы үш гипотеза аясында Түркиядан келген түрік исламының болмысын ашуға тырысамыз.

Естай Қалмұрат, дінтанушы, зерттеуші:  Ислам біржақты монолитті құбылыс емес

Ұжымдық монографиямызда мен «Сәләфилік дискурс және оның қазақстандық исламдану үдерісіне ықпалы» және «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты және ислам» деген тақырыптарды қозғадым. Бұл жерде діннің ұлт құрылысына қатысы мен орны, посткеңестік елдердің ішіндегі секьюритизациялық саясат қалай дінді қоғамдық дискурстан шеттетуге тырысатыны туралы айтылады. Біз тек теорияға сүйенбей, империкалық жолмен алынған деректер келтірдік. Соның ішінде практикалық мұсылмандарға қатысты жүргізілген екі жылдық әлеуметтік зерттеуіміз бар. Олардың азаматтық және саяси мәселелерге қатысты көзқарасы да талданды. Осы саладағы сарапшылармен эксперттік сұхбаттар да өткізілді. Фокус группалар болды. Соның нәтижесінде қорытындылар жасалды.

Сәләфизм – қазір ең көп талқыға түсетін тақырыптардың бірі. Оны байқау да қиын емес. Қоғам белсенділері, азаматтық ұстанымдағы кісілер сәләфизмді біздің ұлттық бірегейлігімізге, мәдениетімізге түбегейлі қайшы келетін, тіпті оны жойып жіберуге қауқары бар идеология ретінде сипаттайды. Осы орайда мен сәләфизм қайдан шықты, оның негізін қалаушы кім, бүгінде оған қалай классификация жасалады, ерекшеліктері қандай деген сұрақтарға жауап бердім. Қазақстандық контексте сәләфизмді зерттеген ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп, олардың жағдайын сипаттадық. Осының негізінде сәләфилердің бәрі заңға қарсы, мемлекетшілдікке қарсы, ұлтшылдыққа қарсы деген мифтерді терістедік. Өйткені олардың классификациясына қарасақ, оларды батыс еңбектері конформист, саяси белсенді, жаһадист деп бөлу кеңінен таралған. Біз осы саяси белсенді, жаһадист сәләфилерге қарап, бәрі сондай деп ойлап жатамыз. Қазақстандық бірқатар зерттеушілер конформист сәләфилер бір-ақ күнде саяси белсенді, жаһадист болып кете алады деген қауіптерін де білдіріп жүр. Алайда әлеуметтік зерттеулер жағдайдың ондай емес екенін көрсетеді.

Ал Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы тарауда Орталық Азияда, соның ішінде біздің елімізде кең таралған исламды дәстүрлі және дәстүрлі емес деп, яғни дәстүрлі және радикалды деп призмалармен қарайтын шектеулі көзқарасты сынға алдық. Дін құбылысы, діндарлық құбылысы әлдеқайда күрделі, сан қырлы, түрлі әлеуметтік, саяси жағдайларға байланысты икемделуге бейім, динамикалық құбылыс екенін көрсетуге тырыстық. Бұл жерде де антропологиялық, этнографиялық, әлеуметтанулық зерттеулерге, тәжірибелі ғалымдардың еңбектеріне сүйендік. Отандық сарапшыларға да құлақ түрдік.

Ең маңыздысы – исламның біржақты, бірбеткей, монолитті құбылыс емес екеніне назар аудару қажет. Және практикалық мұсылман болу деген міндетті түрде шариғатпен басқарылатын мемлекеттік басқару емес екенін, мұсылмандардың өзі зайырлы мемлекетте немесе мұсылмандарға қандайда бір преференциялар берілетін, преференциалды-зайырлы мемлекетте өмір сүргісі келетіні анықталды. Оны зерттеу нәтижелері айқын көрсетіп отыр. Шариғаттық мемлекетті қалайтын практикалық мұсылмандардың саны өте аз. Бұл дегеніңіз, көпшіліктің мұсылмандар зайырлылықты қаламайды, шариғатты қалайды деген жаңсақ пікірін жоққа шығарады. Мұның бәрі зерттеуде егжей-тегжейлі жазылған.

2020 жылы жарық көрген әлеуметтік зерттеуде еліміздің азаматтары өздерін кіммен бірлікте сезінеді деген сауалнамада 65 пайыздан астамы «ҚР азаматтарымен» деп жауап берген. Мұның өзі азаматтық-ұлттық сананың үстемдігін көрсетіп тұр. Ал 10 пайыздан астамы «өз ұлтымның азаматтарымен» десе, 0,4 пайызы ғана діни ортасына қатысты жауап берген. Бұл да исламға қатысты, практикалық мұсылмандарға қатысты мифтерді әшкерелейді.

Қазақстандағы діндарлықтың оффенсив, агрессивті емес, керісінше, зайырлы қоғам нормаларына бейімделген, индивидуализацияға ұшыраған діндарлық екенін келесі тағы бір сұрақтың жауабы анықтап берді. Жүргізген зерттеуімізде «Сіздің ойыңызша, мемлекет пен зайырлы заң қағидаттары діни нормаларға қайшы келген жағдайда, діндар адам не істеуі керек» деген сұраққа қатысушылардың 61,8 пайыз және контингенттің 55,3 пайызы мемлекеттік заңдарға бағыну қажеттігін айтқан. Ал мемлекеттік саясатқа қайшы болса да, діни нормаларға берік болу керек деп есептейтін контингент шамамен 3 есе аз: 22,8 пайыз және 14,7 пайыз.

Дайындаған

Б.МЕЙІРБЕК

Тегтер: