Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 26 Шілде 2024

Дәстүрдің көлеңкесіндегі үнсіздік, мейірімнің қалқасындағы жалғыздық

Бауырына салу
Фото: Бауырына салу фильмінен стоп кадр

Кино – белгілі бір топты емес, бүкіл қоғамды жаппай қамти алатын, сол арқылы адам баласының көңіл күйіне, санасына зор ықпал ете алатын өнер түрі. Ұлттар мен ұлыстардың тілдері, салт-санасы өзара қандай айырмашылықта болса, белгілі бір елдің өнері мен мәдени мұрасы, дәстүрі де өзгеге мүлде ұқсамайтын ерекшеліктерінің болуы заңды құбылыс.

 Себебі әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, даму жолдары, әлеуметтік жағдайы, географиялық ахуалы бір-біріне ұқсай бермейтіні секілді көзқарастары мен дәстүрінің де өзіндік сипаты бар. Осы сипатымен кино дегеніміз – белгілі бір дәуірдегі халықтың мінез-құлқын, ділін, тұрмысын бейнелейтін маңызды дерек болып қала бермек.

Осы орайда біздің мәдениет пен тарихтың көлеңкелі тұстарына үңіліп, тың көзқарастарымен есте қалып жүрген туындыгерлер мен картиналардың саны жыл санап артып келеді. Соның бірі – күні кеше прокатқа шыққан «Бауырына салу» фильмі. Кино әлеміне есімі Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» фильмі арқылы танылған Асхат Кучинчереков осыдан он жыл бұрын «Бензин бітті» қысқа метрлі фильмімен әлемдік кинофестивальдерде дебют жасаған еді.

Әу баста актер ретінде танылған автордың «Бауырына салу» кинокартинасы – режиссердің алғашқы толықметражды туындысы. Ең алғашқы көрсетілімі киногерлер арасында беделі жоғары Сан-Себастьян фестивалінде өтіп, Asia Pacific Screen Awards жүлдесінде үздік деп танылған «Бауырына салу» туындысы әлемдік киногерлердің де қызығушылығын тудырғаны анық. Аталмыш кинокартина қазақ халқының ежелде қалыптасқан «бауырына салу» дәстүрі туралы. Бұл дәстүрдің түпкі мақсаты – алыс-жақын туыстың сәби сүйе алмай жүрген келіншегінің бауырына жаңа туған сәбиді салу. Ана сүтіне жарып үлгермеген сәбиді туысының «бауырынан өткізіп», омырауын ағытып, қойнына салады. Осы сәттен бастап бала «жаңа ата-анасының» қолына беріліп, дүниеге алып келген әке-шешесі оны «өз балам» деп атамауы қажет. Бұл дәстүрдің тағы бір тұсы – ата мен әженің туған немересін «бауырына басуы». Әдетте үйдің тұңғыш немересі ата-әжесін «ата-анам» деп біліп, солардың баласына айналады. Аталмыш фильмнің қаузаған тақырыбы – осы, дәстүрдің озығы мен тозығы туралы.

Фильмнің бас кейіпкері Ерсұлтан (рөлді сомдаған – Ерсұлтан Ерман) ес білген сәтінен бастап, әжесінің қолында тәрбиеленеді. Бұл дәстүрдің бала психологиясына әсер ету сипатын режиссер жеке тәжірибесінің нәтижесі аясында көрсете білген. Әжесі шалы мен екі баласынан айырылғаннан кейін, қызының ұлын, яғни жиенін «бауырына салып», өз ауылында алып қалады. Ерсұлтан еңбекқор болып өседі. Балқаштың бойында тұз тазалап, ақша жинайды. Алғашқы кадрлардан бастап тұрмыстың қиындығына қарамастан, аянбай еңбек етіп жүргеніне, әжесіне деген қамқорлығына, көзінен төгіліп тұратын мейірімге қарап таңдай қағасың. Алайда Ерсұлтанның үнсіздігі де осынша терең, қатпарлы. Дәл осы үнсіздіктің астарында үлкен мұңның жатқанын кеш батқанда бір-ақ білеміз. Әр кеш сайын оюлы кілемнің артында тұрған ата-анасының суретін қызықтайды. Суретке қарап жатқан баланың қаншалықты бақытсыз екенін сол сәтте ұғына бастаймыз. Ерсұлтанның тағдыры әжесінің о дүниелік болған сәтінен бастап күрт өзгереді. Сәйкесінше, фильм құрылымын шартты түрде екіге бөліп қарастырсақ болады. Фильмнің алғашқы жартысы жылы, әжеңнің маңдайыңнан сипаған алақанындай жайлы атмосфера тудырса, екінші бөлігінде «туған» үйіне сыймаған Ерсұлтанның көңіліндей күңгірт, тұнжыраңқы кейіпке енеді.

Негізі ана мен әке қарамағынан жырақта ата-әжелерінің қолында өсу жолы көп баланың маңдайына жазылған. Дүниеге келген күндерінен-ақ өшпес із қалдыратын шешім олардың таңдауға мұршасы болмаған сәттерінде қабылданып қояды. Жағдайға тереңірек үңіліп қарасақ, бала өмірлік тәжірибесі жетерліктей адамдардан тәрбие көріп ер жетеді. Ал егер «бауырына салу» дәстүріне таңдалғандардың шынайы ойларына зер қойсақ, жылдар бойы реніштің жинала беретінін байқаймыз. Бұл ренішті орынсыз деуге де болмайды.

Мың қатпарлы адам жанының тереңіне бойлап, кеудеңде қордаланып қалған сезімдеріңді ақтара салатын фильмде автор қазақтың қоңыр тірлігін қаз-қалпында жеткізген. Қазақтың әр шаңырағында кездесетін дәстүрдің көлеңкелі тұсын, бала жанының нәзік психологиясын мейлінше дәл ашып көрсеткен. Фильм талғамы жоғары, интеллектуал көрерменнің көңілінен шығары анық. Әсіресе мизансценалардың дарақылық пен әсірелеуге ұшырамай, әртістердің шынайылығы, рөлдің ішінде «өмір сүруі» осыған дәлел. Әр сахнасынан балалық шағыңның иісі аңқитын кинокартинаның ғұмыры ұзақ, көрермені көп болады деп сенеміз.

Бұл біздің фильмді көргеннен кейінгі көңілге түйгеніміз. Бұдан арғы әңгімені фильм режиссері Асхат Кучинчиреков пен кинотанушы Гүлзат Көбек сабақтасын.

Асхат Кучинчереков
Асхат Кучинчереков. Фото: Асхат Кучинчереков

Асхат Кучинчиреков, фильм режиссері: Фильмнің идеясы өмір бойы ішімде қайнап, тұтанып жатты

Байқасам, «Бауырына салу» дәстүрі туралы әдебиетте, бейнелеу немесе кино өнерінде әлі күнге айтып, көрсеткен автор жоқ. Кей шығармалардан үзік-үзік байқап қалсақ та, арнайы тақырып ретінде көтерген туындыларды байқамадым. Бауырына салу туралы көркем шығармалар мен фильмдерде бірді-екілі эпизодтар болғанымен, дәл осы тақырыпқа арналған шығарма жоқтың қасы. Ал шын мәнінде, бұл дәстүр қазақтың әр үйінде бар, кез келген әлеуметтік ортаға тән, айналамызда күнде болып жатқан құбылыс. Мысалы, осы жақында бір қызық ақпарат естідім. Мұрат Әуезовтің қызы да осы дәстүрмен тәрбиеленген екен. Асанәлі Әшімов, Рүстем Әбдіраш, Димаш Құдайберген сынды өнер қайраткерлері де ата-әжесінің бауырына салып, қолында өскен жандар. Міне, әр қазақ отбасында кездесетін дәстүрдің мәдени келбетін танытатын, ашып көрсететін туынды жоқ екенін байқап, бұл тақырыпқа әлі күнге көңіл бөлмей келе жатқанымыз ой салды. Сондықтан фильмнің идеясы да кеше, я бүгін туындаған емес, өмір бойы ішімде қайнап, тұтанып жатты.

Ең қызығы, анам 1 жас 3 айлық кезімде әжем мен атамның бауырына салған. Дәл осындай жағдайға түскен бала не сезінеді, қандай күй кешеді? Осы сұрақтардың жауабын ашып көрсеткім келді. Менің субъективті көзқарасым, не қоғамдық пікірдің әсерінен бөлек, баланың ішкі күйін ашу басты мақсатым болды. Фильмге дайындық барысында осы тақырыпқа байланысты әртүрлі мақалалар мен психологтарды оқып, зерттедім, мамандармен, кейіпкерлермен кездестім. Байқағаным, бір ерекшелігі – туған-туыстың бауырына салған бала жетпіске келсе де, жетіде болса да, туған әке-шешесін ешқашан «ана», «әке» деп атамайды екен. Баса назар аударған дүние – осы, баланың көзқарасы, жан дүниесі. Бауырына салу дәстүрі қанша ғасыр бұрын қалыптасса да, әлі күнге қаймағы бұзылмай келе жатыр. Қазіргі кезде тіпті күшіне еніп кетті деп ойлаймын. Ата-аналардың үлкен қалаларда жұмыс істеуі немесе ажырасулардың көбеюінің салдарынан баланы, әдетте, ата-әжесі бауырына басып, тәрбиелейді. Бұл дәстүрді ұлттық генетикада сақталған отбасының фундаменті ретінде қарастырсақ та болады. Себебі бұл дәстүр тек бізде ғана бар, бір тұрғыдан қарасақ, ағайындық, отбасын сақтап қалуға деген талпыныстан туындаған құндылық.

Жалпы фильм неореализм жанрында түсірілген. Қырқыншы жылдары италияндар камераларды далаға шығарып, соғыстан кейінгі қарапайым жандардың тіршілігін түсіре бастаған. Тоқсаныншы жылдары қазақ киносына осы ағымның келгенін байқауға болады. Әсіресе Серік Апрымовтың «Қиян», «Ақсуат» сынды фильмдерінен неореализмнің белгісін көреміз. Фильмді түсіру барысында біз де әсірелеу мен романтизациядан ада, қарапайым ауылдың кәдуілгі қоңыр тірлігін көрсеткіміз келді. Өзім «Тюльпан» фильмінде басты рөлді сомдадым. Екі жанрдың қайшылығын қабылдай отыра, жан дүниемнен осындай туынды шықса керек. Фильмді түсіру барысында мизансцена, локацияны актерлермен, шығармашылық топпен бірге жүріп дайындадық. Тіпті актерлар да тек өз сахнасын ойнап қана қоймай, бір жарым ай бойы шығармашылық топпен бірге жүрді. Фильмнің бас кейіпкері Ерсұлтанның әкесінің рөлін сомдаған Айдос Әуезбаев, анасының рөлін сомдаған Динара Шымырбаева түсірілімнің басынан аяғына дейін түсірілім алаңында өмір сүрді. Режиссерге қолдау маңызды, әртістердің дәл осылай түсірілім алаңында өмір сүріп, дайындыққа атсалысуы кейіпкерді сомдаған кезде әсерін тигізбей қоймайды екен. Басты рөлдегі Ерсұлтанға да оңайға соқпады. Әсіресе қар жауып тұрған сәттегі сценалар мен балаларды түсірген кездер қиындық тудырғаны рас. Бірақ фильм өз көңілімнен шықты. Әке мен баланың ішкі күресі, отбасы тақырыбы қай заманда да өзектілігін жоймаған, қай ұлтқа да ортақ мәселе. Әлемдік фестивальдерге әлі қатысып жатырмын, шетел киногерлері мен көрермендер де жоғары баға беруде.

Гүлзат Көбек
Гүлзат Көбек

Гүлзат Көбек, кинотанушы: Жалғыздық қорқынышты емес, жақыныңды өз қолыңмен жат ету – трагедия

​ Жатыры қанамағанды жарылқап, баланың өмірімен ойнау – қылмыс. Баланың нәресте кезінде таңдау жасауға мүмкіндігі жоқ. Жарық дүниеге ата-анасына сеніп келеді. Көп балалар ата-анасының қалауының құрбаны болып жатады. Автор Асхат Кучинчиреков салт-дәстүрдегі өте өткір мәселені көтере білді. Идея біздің қоғамда өзекті. Ата-әженің тәрбиесінен балалар жамандық көрмес, бірақ екіжақты өскен баланың келешегінде күрделі проблемалар басталатыны ақиқат. ​«Бауырына салу» фильмінде әжесінің қолында өсіп, өз туған отбасына оралғанда жан дүниесі олармен үйлесім таба алмаған, жарымжан көңілді баланың тағдырын көреміз. Әр бала өз отбасынан бөлінбегені абзал. Мейірім – көзбояушылық үшін жарылқау емес. Шаңырақтың мұрагері жоқ деп қызыңның баласын бауырына салғаныңмен, ол қандық тұрғыдан толыққанды сол әулеттің иесі болып табылмайды. Бұл жұрттың сөзі үшін күнелтудің аянышты шешімі. Бірақ біздің қоғамда осындай әртүрлі ситуациялардың құрбаны болып жүрген балалар көп. Балалы бола алмаған бауырына бала береді. Тумаған бедеу әйелдің қойнына өз туған баласын салып та береді. Адамға адам сыйлау – адамзаттың тарихындағы кешіруге болмайтын іс.

Идея күрделі. Автордың бұл тақырыпқа барудағы батылдығы – өзі мәселенің астарын терең түсінгендіктен деп есептеймін. Фильм шынайы, деректілік мәнердегі стильмен өте көркем шыққан. Фильмнің операторлық жұмысы нағыз шебер маманның қолынан шыққандығы сөзсіз. Кейіпкердің жанарындағы жастың шарасыздығына дейін сезіндіре алған. Балалар өте шынайы ойнайды. Бұл өте шынайы, әрі шыншыл фильмнің үлгісі. Бала кейіпкердің әкесіне айтқан: «Мен малмын ба бере салатын?!» деген қатаң айыптауы қоғамға ой салуы керек. Қандай жақын ағайын болсаң да, бала беру – оның тағдырын қолдан сындырумен бірдей. Баланың жады мен жүрегінде жазылмас травма қалады. Өз туған ата-анасымен, бауырларымен ішкі әлемі үйлесе алмай, кейін сіңісуі де қарым-қатынастық қиындықтар тудырады. Автор осы мәселелерді ашық қозғауымен, көрерменнің сыни тұрғыда ойлануына, өз іс-әрекеттерінің байыбына баруына құнды материал ұсынды деп есептеймін. Ұлттың болашағын ойлау – балаңның өміріне бей-жай қарамаудан басталады. Ата-әже тәрбиесінің де барлығымыз ашып айта бермейтін өзіндік қайшылықтары бар. Әр жеке тұлғаның дүниетанымы мен ойлау жүйесі әртүрлі. Сол үшін әжесінің қолында өскендер кейін есейгенде өз анасын қабылдауға ішкі қарсылығы басым болады. Туған анасына қарсы қойып тәрбиелейтін енелер де өмірде жоқ емес. Баланың қандай әйелден тәрбие алғандығы маңызды. Ұлттың өзара араздығының үлкен конфликтілері осындай әулеттің ішіндегі біз мән бере бермейтін мәселелерден туындап, ұлғаяды. Әр ата-ана өз баласын өзі тәрбиелеуге міндеттеледі. Бала күтушіге бала қарататын әйелдер көп жағдайда бейсаналы түрде өз аналық міндетінің жауапкершілігінен қашатындар. Әйел үшін ең басты жұмыс – өз балаңның тәрбиесі мен жай-күйі.

Фильмнің финалында осы бауырына салу дәстүрінің түпкі мақсатын суреттейтін көрініс – бұл санаға ауыр соққы. Өз туған анасынан емізулі баланы алып, тумаған әйелдің шаңырағын жарылқау үшін бауырына салып береді. Қатыгез, әрі анайы дәстүр. Қоғам кейде қандай істермен айналысып жүргенін бір сәт ойланып, қажетсіз дәстүрлерден арылу керек. Баланы бір-ақ жағдайда жақынының бауырына салуға беруге болады. Егер анасы бала үстінде қайтыс болса, онда да тек туған нағашы әрі өз жұртының тәжірибелі әжелерінің жауапкершілігіне аманаттау – әділдік. Балаға деген қарым-қатынас өзгермей, қоғам өзгермейді. Жаны жаралы бала өкпелі болып өседі. Өз-өздеріне көңілі толмайтын қоғамның астарында негізі осындай әртүрлі мәселелер тұрады. Баласыз отбасыларға Құдай бермегенді тартып алып беремін, өз баламды сыйлап беремін деу үлкен қателік. Балалы бола алмаған отбасылардың шын жетімді қамқорлығына алып, басынан сипауға толық құқы бар. Бірақ өз бауырыңның баласын сұрап алып, тірі жетім ету, екіжақты күйді өткеруіне себепші болу – бұл жаратылыстың табиғи заңына қарсы шығу. Қартайғанда қасыма серік болсын деп қарт кісілер де өз балаларынан немересін сұрап, қолына алып жатады. Қарттарымыз да өз ұрпағын жарым көңіл етпей, әдемі қартаюды үйренуі керек. Жалғыздық қорқынышты емес, жақыныңды қолдан жат жасау – трагедия.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ