Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:18, 19 Қараша 2024

Дау Дәулеткерейден шығады, бірақ ол үндемейді. Ал Құлкенов пен Елгезек Жарғыға сүйенеді

Құлкенов, Елгезек, Кәпұлы
Құлкенов, Елгезек, Кәпұлы \ Фото: Жас Алаш коллаж

Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан жазушылар одағы өңірлердегі филиалдарын жауып, оларды өкілдікке айналдырған болатын. Кешелі бері осы мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

 Оған себеп, Астана қаласындағы Жазушылар одағының филиал директоры қызметін атқарып келген ақын, Дәулеткерей Кәпұлының «қызметінен кетті» деген сыбыс. Осыдан соң-ақ әңгіме қыза түсті. Біраз қаламгерлер арнайы жазба жазып, жап-жақсы, өнімді жұмыс істеп жатқан Д.Кәпұлын орнынан күштеп кетіргенін айтып, оған араша сұрады. 

Сондай-ақ астаналық қаламгерлер қол қойған әлдебір хат туралы да әлеуметтік желіде айтыла бастады. Бұл қандай хат, онда не айтылған, біз бұл сұрақтардың анық-қанығын білейік деп Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке хабарластық.

«Дәулеткерейді орнынан алу туралы әңгіме болған жоқ. Бұл өтірік әңгіме. Дәулеткерей жұмысын істеп отыр. Оны жұмыстан кетіру туралы ешқандай бұйрық шыққан жоқ. Енді хат туралы айтайын. Д.Әбдікұлы, Қ.Салғараұлы, Қ.Жиенбай, С.Әбдірахманов қатарлы қаламгерлер бір хат жазып қол қойыпты, бірақ ол хат еш жерде жарияланған жоқ, менің қолымда. Осы хатта одақтың тұтастығын сақтауымыз керек деген ғана ой айтылған. Осыған дейін біреулер бықсып, «Астанадан бір Жазушылар одағын ашсақ» деп әлеуметтік желілерде жазба жазған болатын. Әрине, мұндай пікірді олар тікелей айтпаса да, жазба астында біреулерге сондай пікір жаздырып отырғаны байқалады.

Облыстық филиалдарды жауып, оның орнын өкілдікке ауыстыру туралы да айтылып жатыр. Мұны да түсіндіре кетейін. Осыған дейін өңірлерде одақтың филиалдары болды. Олар одақтың атынан құзыретті орындарға «мынаны істеп бер» деп хат жазатын. Сөйтеді де, олар барлық қаржыны өздерінің жеке ЖК-сына аудартып алады. Мен одақ басшылығына келгелі филиалдардан одаққа бір тиын ақша түскен жоқ. Негізі филиалдар жергілікті жерде біздің жағдайымызды жасау керек қой, бірақ олай болмай тұр. Сондықтан мен оны өкілетті қылып, жұмыстар одақтың шешімімен жасалса деген ой болатын. Қазір қайтадан ойланып отырмыз, мүмкін басқаша жасайтын шығармыз. Негізі филиал да, өкілдік те одақ үшін, одақтың абыройы үшін, одақтың қаржысын көбейту үшін жұмыс жасау керек. Әйтпесе, оны неге құрдық.

«Филиалды жабуды одақ төрағасы шеше алмайды, ол үшін съезд өтуі керек» деп айтылып жатыр. Жарғының 2, 7, 4-тармағы негізінде филиалдарды құру туралы шешім съездің құзырында деген сөз бар. Сонымен қатар Жарғының 6-тармағына сәйкес қажетіне қарай Жазушылар одағы өкілдіктерін, аумақтық бөлімшелерін құруға құқылы деген де сөз бар. Көрдіңіз бе, былай да, былай да келіп тұр. Осыған дейін Жарғыдағы жазылымға сәйкес ешқашан съезде филиал құру жөнінде шешім шықпаған», – деді М.Құлкенов.

Бұдан соң Дәулеткерей Кәпұлының өзіне хабарластық. Сұрағымызды тыңдаған соң: «Бүгін жауап бере алмаймын, кейінірек болсын» деп қысқа қайырып, жауап беруден қашты. Себебін сұрап едік, айтпады.

Негізі даудың басы жоғарыда айтқанымыздай, Одақ филиалдарының өкілдікке айналғанынан шығып отыр. Ендігі сұрақ филиал мен өкілдіктің айырмашылығы қаншалық, мұны өзгерткеннен не ұтамыз? Біз бұл сұрақты Абай облысындағы Жазушылар одағының бұрынғы филиал басшысы (қазіргі өкілдік) Мерей Қартқа қойдық.

«Жазушылар одағының әр өңірден үні шығу үшін филиал болғаны дұрыс. Себебі филиалдың заңды мекенжайы, қосымша қызметкерлері болады. Кеңсе жалдап жұмыс істей алады, оған Одақтан қаражат бөлуге болады. Ал Абай облысы әу бастан өкіл есебіндеміз, мөріміз, ештеңеміз жоқ. Астана, Қарағанды сияқты жерлер филиал ретінде тіркеліп, жұмыс істеген. Егер филиал болса, қолыңдағы мүмкіндік те артады, сөзің өтеді. Мысалы, әкімшілік әлдебір жыр мүшәйрасын ұйымдастыратын болды дейік. Сіз оған өңірдегі филиалдың төрағасы ретінде «бұл іс-шараны біз ұйымдастырайық» деп айта аласыз. Өкілде ондай мүмкіншілік болмайды. Азды-көпті қаражаттың бәрі Алматыдағы Жазушылар одағына бөлінеді, біз солар берген ақшамен ғана жұмыс істейміз. Шынын айтқанда, осыған дейінгі істелген жұмыстардың көбісін «Семейде ештеңе істелмей жатыр» деген сөзге қалмайық деп өз күшімізбен, азды-көпті абыройымызбен істеп келеміз», – дейді Мерей Қарт. Ал бұл мәселе туралы Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы өкілінің басшысы Хамит Есаман: «Біз үшін филиалдың өкілдік болуы ешқандай өзгеріс әкелген жоқ. Бұрынғы қалпы, сол бір адам боп қана жұмыс істеп жатырмыз. Мөр дегеніңіз хат жіберетін кезде ғана керек болмаса, басқа кезде оның да қажеті жоқ. Филиал болу Астана сияқты үлкен қалаларда маңызды болса керек. Бізге оның ешқандай әсері болған жоқ», – деді.

Жазушылар одағының өңірлердегі филиалының өкілдікке ауыстырылғаны осылай қызу талқыланып жатқанда тағы бір күмәнді мәселенің құлағы қылтиды. Мұны ақын, Жазушылар одағының бұрынғы бірінші орынбасары Ақберен Елгезек айтты. Оның сөзінше, филиалды өкілдікке ауыстыруды одақ басшылары өздері шеше алмайды, бұл мәселе арнайы съезде қабылдануы қажет.

«Жазушылар одағының Мереке Құлкенов бастаған басшылығы дауды жоқ жерден өздері бастап беріп отыр. Мәселе қазіргі басшылықтың Одақтың филиалдарын жабу туралы біржақты, ойластырылмаған шешімінде. Неге десеңіздер, Астана сияқты басты, Шымкент сияқты ірі қала мен 17 облыстағы Одақтың филиалдары – бұл сол өңірдегі әдеби ортаның негізгі ұйытқысы, жергілікті билік пен қаламгерлердің ортасын жалғайтын алтын көпір, көптеген шараларды ұйымдастырып, жергілікті қаламгерлердің құқықтарын қорғайтын ұйым. Филиалды жабу және оның басшысына «өкілдік» статусын беру – бұл жергілікті әдеби ортаның дағдарысына қана алып келмейді, бұл ең алдымен Жазушылар Одағының Республикалық қоғамдық ұйым ретінде әлсіреуіне алып келеді. Де-юре олай емес шығар, бірақ де-факто ол солай.

Дәулеткерейдің бар кінәсі – өзі айрандай ұйытып отырған Астана қаласындағы Одақтың филиалын жабылуына қарсылық танытуында боп тұр. Оған кек ретінде Одақ басшылығы Дәулеткерейдің өзіне ашық айтпай, филиал басшысына қарсы астыртын хат (мәтіні дым түсініксіз) ұйымдастырып, астаналық қаламгерлерді арандата бастады. Көбісі бұл әрекеттің Дәулеткерейге қарсы емес, Одақтың «жарқын болашағы» үшін жасалған тарихи қадам деп алданып қалған. Өте ұят тірлік! Бұл – бір.

Екіншіден, қазіргі Жазушылар одағының басшылығы Одақ филиалдарын жауып, өкілдіктер ашу шешімі арқылы үлкен өрескел құқықтық қателік жасап отыр. Себебі филиалдарды құру немесе жабу, өкілдік ашу немесе тарату сияқты ұйым өміріндегі аса маңызды шешімді Жазушылар одағының төрағасының жеке әмірімен шешілмейді. Оны шешетін ұйымның ең жоғарғы басқару органы – Съезд!

Жазушылар Одағының басты құжаты – оның Жарғысында Жазушылар Одағы Съезінің (Конференцияның) ЕРЕКШЕ ҚҰЗЫРЕТІНЕ кіретін нормалар тарауында: «заңнамалық актілермен белгіленген шектерде басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкілдіктерін құруға және қызметіне қатысу туралы шешім қабылдау» деген бұлжымайтын норма бар. Яғни бұл шешімді қабылдауға съезге айрықша құқық берілген! Ал бұл Жарғы Қазақстан Республикасының 2 бірдей заңының аясында жасақталған және осы Жазушылар Одағы да осы 2 заңның шегінде жұмыс істеуге тиіс. Олар – «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң.

Яғни Жазушылар одағының төрағасы да, оның аппараты да, одақтың хатшылығы да, Басқарма да филиалдар бойынша шешімді қабылдай алмайды! Филиалдар мен өкілдіктер туралы шешімді, қайталап айтамын, тек Одақтың барлық мүшелері дауыс беру арқылы 5 жылда бір шақырылатын немесе төтенше жағдайда шақырылатын съезде ғана қабылдай алады.

Жалпы, ұйымды басқаратын адам қашанда өзі басқарып отырған мекеменің Жарғысынан бір қадам оңға, я солға аттамауға тиіс. Өйткені ол Съезд сайлаған менеджер ғана, ол Одақтың иесі емес! Одақтың иесі – сол Одақтың мүшелері, яғни жазушылар.

Одан кейінгі алгоритм бойынша Хатшылық (11 адам толық дауыс беру арқылы! Дәулеткерей ол хатшылықтың құрамында бар) филиалдарды тарату бойынша бұйрық шығарып, жаңадан құрылған өкілдіктер туралы бөлек Ереже жасақтап, барлық филиалдардың басшыларына жазбаша ескерту жіберіп, өкілдіктерді құрып, оларды жергілікті Әділет органдарына қайтадан тіркейді. Басқаша болған жағдайда, «мен осы Одақтың басшысымын, өзім білем!» дегенге ғана саятын менмендікке толы сауатсыз әрекет болып шығады. Ондай шешімді Съезд қабылдамаған, кейінгі алгоритм туралы сөз айтпаса да болады. Ал осындай «жеке пәрменмен» қабылданған бұл шешімге одақтың барлық облыстардағы қаламгерлер үндемесе де, іштей келіспей отыр деп ойлаймын. Келіссе де, ол заңсыз келісім болар еді», – дейді А.Елгезек.

Тараптардың пікірі, міне, осындай. Біз мұнда тағы бір дүниеге таңғалдық. Ол М.Құлкеновтің де, А.Елгезектің де ыңғайына көнгіш одақтың Жарғысы. Жарғыға жүгінсек, екеуінікі де – дұрыс. Ал даудың соңы қалай аяқталатыны әзірге белгісіз. Бұл жөнінде Д.Кәпұлы «ештеңе айтпаймын» деді, ал М.Құлкенов «тағы да ойланамын» деді.

Әлихан Жанұзақ