Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Дау мен дағдарыс жылы: Valentino киіп, Lexus мінгеніне мәз министр

Ақмарал Әлназарова
Фото: Жас Алаш коллаж

2024 жылдың ақпанында Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалған Ақмарал Әлназарова биылғы жұмыс жылын дау-дамаймен аяқтады.

Министрлік денсаулық сақтау жүйесін жақсарту орнына, міндетті медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) айналасындағы жанжал, фармацевтика саласындағы былықтар, әлеуметтік маңызды ауруларды қаржыландыруға қоғамның наразылығы және медицина қызметкерлерінің ашық қарсылық акцияларымен есте қалды. Осы аралықта министрдің қымбат брендті киім киюі мен люкс көлік мінуі де қоғам назарынан тыс қалған жоқ.

Мәні кеткен МӘМС

Министрлік биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін тиімді іске асыруда қиындықтарға тап болды. Жыл соңында МӘМС қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында «корпоративтік қақтығыс» болды. МӘМС қорының экс-басшысы Айдын Құлсейітов отставкасы алдында бұл жанжал туралы ашық айтып, мәселені Үкімет аппаратында қарастырып жатқанын жеткізді. Ол жанжалға қатысы бар тұлғаларға тиісті баға берілуі керек деп мәлімдеді. Бұл жағдай министрлік жұмысының ішкі текетіреспен ұштасып жатқанын көрсетті. БАҚ «министрлік ішкі текетірес жағдайында жұмыс істеп жатқандай» көрінетінін, Ақмарал Әлназарованың өз қарамағындағы кадрларға қатысты шағымдарды премьер-министрге жиі жолдайтынын жазды. Яғни, министрлік ішіндегі негізгі кадрлық шешімдер тікелей Үкімет басшысымен келісіліп жүзеге асатындай көрінді. Құлсейітов пен министр арасындағы тартыс ашық ақпарат кеңістігіне шығып, шенеуніктер проблеманы кабинетте емес, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шешуге көшкендей әсер қалдырды.

Кейінгі кезде МӘМС жүйесінің тиімділігі де күмән тудыра бастады. Есептерге қарағанда, пандемиямен күрес кезеңінде бюджет қаржысы жетпегендіктен, МӘМС қорында жиналған 700 млрд теңгеге жуық қаражат пандемия шығындарын жабуға жұмсалып кеткен. Басқаша айтқанда, сақтандыру қорының қаржысы өз мақсатына жұмсалмаған. Сонымен бірге мемлекет әлеуметтік жеңілдігі бар азаматтар (зейнеткерлер, балалар, т.б.) үшін МӘМС-ке аударатын жарна көлемін заңда белгіленген деңгейден төмендетіп төлеп келеді. Заң бойынша орташа жалақыдан төленуі тиіс жарна медианалық жалақы негізінде төленіп, 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңге кем қаржы аударылған. Нәтижесінде 2019 жылдан бері МӘМС қорына кемінде 1 трлн теңге түспеген, ал жинақталған қаржының тағы 1 трлн теңгедей бөлігі пандемия мен бюджет міндетіндегі шығындарға жұмсалған.

Әлназарова
Фото: Жас Алаш коллаж

Қант диабеті төңірегіндегі дау

Бұл МӘМС-ке қатысты соңғы дау емес. Денсаулық сақтау министрлігі шілде айының соңында қант диабеті енді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қаралмайтынын, оның орнына Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қаржыландырылатынын мәлімдеді. Министрліктің бұл шешімі қоғамда дүрбелең туғызып, диабетпен ауыратын мыңдаған азамат пен олардың ата-аналары алаңдап қалды. Наразылық күшейіп, тіпті көпшілік денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың отставкаға кетуін талап ете бастады.

Халықтың мұндай өткір реакциясына қант диабетімен өмір сүретін жандардың күнделікті күйзелісі мен шығыны негіз болды. Қазақстанда 535 мыңнан астам адам диабет дертіне шалдыққан. Қант диабеті – инсулин гормонының жетіспеушілігінен немесе ағзадағы инсулин әсерінің бұзылуынан туындайтын созылмалы дерт, уақытында дұрыс ем-дом жасалмаса, соқырлық, бүйрек жетіспеушілігі, инфаркт, инсульт секілді ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Яғни, бұл сырқатпен күрес үзіліссіз инсулин қабылдау, қант деңгейін тұрақты бақылау және қымбат дәрі-дәрмекпен қамтуды талап етеді.

Осы жағдайды ескеріп, бұған дейін мемлекет қант диабетін әлеуметтік мәні бар аурулар тізімінде ұстап, науқастарды қажетті инсулин, дәрі-дәрмек және құрал-жабдықтармен тегін қамтамасыз етіп келген. Алайда енді министрлік диабетті ТМККК пакетінен МӘМС жүйесіне ауыстыру туралы шешім қабылдады. Ресми түсіндіруде «пациенттердің әлеуметтік қорғалу деңгейіне кері әсер етпейді, керісінше, тұрақты қаржыландыру арқылы заманауи емдеу әдістері мен дәрі-дәрмекпен қамтуды кеңейтеді» деп уәде етті. Министрлік халықаралық тәжірибені алға тартып, мұны терапияны кеңейту жолы деп ақтауға тырысты. Дегенмен қағаз жүзіндегі әдемі уәделер халықтың күдігін сейілте алған жоқ. Және бұл жердегі ең басты мәселе – елдің МӘМС жүйесіне деген сенімсіздігі.

Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген алғашқы күннен-ақ қоғамның сынына ұшырап келеді. Идея бойынша, МӘМС жұмыс берушілер мен азаматтардан жарна жинап, сол қаражат есебінен халыққа кеңейтілген медициналық көмек көрсетуге тиіс болатын. Алайда іс жүзінде бұл жүйе көптің үмітін ақтамады. Сарапшылар денсаулық сақтау саласында жиі реформа жасалатынын, әр министрдің өз бағдарламасын әкеліп, бірақ нәтижесінде пациент жағдайының көп жақсармағанын айтады. Расында, соңғы жылдары бірнеше министр ауысты, әрқайсысы жаңа стратегия ұсынды, алайда медицина саласының түйткілдері шешілмей келеді.

1
Фото: Коллаж Ulysmedia

Фармацевтика: кім кімді алдады?

Денсаулық сақтау министрлігі биыл фармацевтика саласында да қатты сынға ұшырады. Маусым айында Жоғары аудиторлық палата Парламентте фармацевтикалық қамтамасыз ету жайлы даулы есеп ұсынды. Ондағы деректер денсаулық сақтау саласындағы жіберілген қателіктер мен тиімсіз жұмсалған қаражат көлемін ашып көрсетті. Қазақстанның дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар нарығының 84 пайызы шетелдік өнімнен тұратыны анықталды. Президент Қ.Тоқаев 2020 жылы отандық фармацевтиканы дамытып, 2025 жылы ішкі нарықтың 50 пайызын отандық өніммен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Алайда бұл мақсат орындалмай қалған. Өткен жылы фармацевтика нарығындағы отандық өнім үлесі небәрі 15 пайыз ғана болған, оның өзінде 89 отандық өндірушінің тек 2 пайызы ғана дәрі шығарады екен, қалғандары бетперде, шприц сияқты жеңіл бұйымдар шығарумен шектелген.

Ғылыми-медицина бағытында да нәтиже төмен. Соңғы 10 жылда елімізде бар-жоғы екі отандық түпнұсқа дәрі тіркелген, оның біреуі де ұлттық формулярға енбеген (яғни, денсаулық сақтау жүйесінде қолданылмайды). Ал сол екі препараттың өзін жасауға 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған, бірақ нәтиже мардымсыз. 2022-2024 жылдары медицина ғылымына 58 млрд теңге бөлінсе де, биомедициналық зерттеулердің нақты қайтарымы шамалы болғаны анықталды.

Ең үлкен дау дәрі-дәрмек бағасы мен оны сатып алу жүйесіне қатысты туды. Тексеру барысында елімізде дәрі бағасын реттеу жүйесі «формально» болғанымен, іс жүзінде бақылау жоқ екені айтылды. Дәріні өндіруші зауыттан сатып алып, халыққа жеткізетін делдал жеткізушілер үстеме баға қосады. Мұндай үстеме қай елде де болады, бірақ Қазақстанда ол шектен шыққан – кейбір дәрілерге қойылған үстеме өндіруші бағасының 172 пайызына дейін жеткен. Мысалы, Ресей нарығында сол дәрілер біздің бағадан 180 пайызға дейін арзан сатылатыны анықталған. Елімізде дәріханаларда бір препараттың бағасы әр жерде 3-5 есеге дейін айырмашылық көрсететіні де тіркелді. Мысалы, парацетамолдың зауыттан шыққандағы құны 59 теңге болса, Қырғызстанда ол 90 теңгеден сатылады, ал Қазақстан дәріханаларында 144 теңге тұрады. Бағаны тежеу мақсатында енгізілген кейбір шекті бағалар кері әсер беріп, соңғы үш жылда 45 мыңнан астам пациентке қажетті 98 түрлі дәрі мүлдем сатып алынбай қалған. Яғни, шекті баға тым төмен болып белгіленсе, компаниялар дәріні жеткізуге қызығушылық танытпай, науқастар дәріден қағылған.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай дистрибьюторы – «СК-Фармация» компаниясының жұмысындағы кемшіліктер де қатаң сыналды. «СК-Фармацияның» логистикалық инфрақұрылымы жоқ, тасымалдың 90 пайызын жекеменшік үш компанияға беріп қойған, осы монополия салдарынан логистика шығындары 1,5 есеге өскен. Бұл да түптеп келгенде дәрі бағасын қымбаттатуға қосымша фактор болып отыр. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерге 10 жылдық кепілмен дәрі сатып алу келісімдері жасалса да, жергілікті компаниялар шығаратын дәрі түрлері 968-ден 507-ге дейін қысқарып кеткен.

Фармацевтикадағы тағы бір сорақы мысал – «отандық өнім» деп тым қымбатқа сатып алынған кейбір тауарлар шын мәнінде импорт болып шыққан. Мысалы, 2024 жылы бір жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Кейін белгілі болғандай, әлгі қолғаптар компанияның дәл сол кезеңде Тайландтан сатып алған тауары екені анықталды. Яғни, шетелдік өнімді отандық ретінде рәсімдеп, мемлекетке нарықтағы бағасынан екі есе қымбатқа сатқан.

Министрлік өкілдері мұндай сын-ескертпелерге мардымды жауап қата алмады. Мәжілістегі талқылауда денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев депутаттардың барлық дерлік сұрағына «атқарып жатырмыз», «қарастырып жатырмыз» деумен шектелген.

1
Фото: Orda.kz

Дәрігерлердің наразылығы: «Балық басынан шіриді»

Жыл соңына қарай Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты саланың қызметкерлері де шыдамның шегіне жеткенін ашық білдіре бастады. Қараша айында Қарағанды облысының Теміртау қаласында жедел жәрдем станциясының дәрігерлері, фельдшерлері мен жүргізушілері ұжымдық бейнеүндеу жасап, ауыр еңбек жағдайы мен мардымсыз еңбекақы мәселесін көтерді. Олардың сөзінше, айлық еңбекақысы 133 мың теңгеден басталып, 180 мың теңгеге дейін ғана жетеді, ондай табыспен отбасы түгіл, жеке басыңды асырау қиын. Орташа есеппен 200 мың теңге төңірегіндегі айлық жұмыс көлеміне сай емес деп санайды, олар «балық басынан шіриді» деп басшылықтың әрекетсіздігін ашық сынады.

Министр Ақмарал Әлназарова Теміртау оқиғасына орай түсінік беруге мәжбүр болды. Ол жедел жәрдем қызметкерлерінің мәселесін шешу үшін есеп-қисап жүргізіп, өңірлермен ақылдасып жатқанын жеткізді. Министрдің айтуынша, алдағы үш жылдық бюджетте жедел медициналық көмек қызметін дамытуға қосымша 5 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті билік Теміртау қаласына жыл соңына дейін 113 жаңа жедел жәрдем көлігі берілетінін хабарлады. Бұл жедел жәрдемнің көмекке мұқтаж адамдарға уақытылы баруын жеңілдетпек екен.

Жұбан Тілеубергенов
Жұбан Тілеубергенов. Фото: Жеке архив

 Жұбан ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, медицина ғылымының кандидаты: ...Мұның бәрі – өтірік

– Күнделікті баспасөз беттерінде жарияланып жататын мәліметтерге сенер болсақ, Денсаулық сақтау саласында біршама ілгерілеуді байқауға болатын сияқты. Атап айтсақ, адамдардың өмір сүруі, денсаулық көрсеткіштері біршама жақсарған. Соның ішінде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы былтырғы жылмен салыстырғанда ұзарып, 75,4 жасқа жеткен. Ал тұрғындар арасындағы мезгілсіз өлім фактілері 25%-ға төмендеп, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы (ДДҰ) белгілеген көрсеткішке жетіп, біздің еліміз Орталық Азияда бірінші және ДДҰ-ның Еуропа өңіріндегі көрсеткіштерге қол жеткізіп, 10 елдің қатарынан көрінуі тәуір нәтиже. Еліміздегі жалпы өлім-жітімнің төмендеуімен бірге, нәресте және ана өлімі де айтарлықтай қысқарған екен.

Өткен жылы МӘМС жүйесі арқылы диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі біршама артқанымен (КТ, МРТ), оған деген халықтың пікірі әркелкі, көп жағдайда көңілдері толмайды. Кейбір азаматтар, денсаулық сақтау реформаларының іс жүзінде барлығына бірдей әсер етпейтінін айтып, әсіресе, шалғай аймақтарда қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі әлі де төмен болуына наразы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 2-3 жылда бірнеше рет өте маңызды, бірақ толық ашылмаған мәселені көтерді. Мәселен, Еуразиялық елдермен салыстырғанда біздің еліміздегі 50-65 жас аралығындағы азаматтар арасындағы ауру мен өлім-жітім жоғары. Оның нақты себебі әлі жүйелі түрде анықталмаған. «Бұл – денсаулық сақтау ғана емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе», – деп ой тастады президент.

Мұның себебі, меніңше, экологияға, адам денсаулығына аса зиянды өндіріс орындарында еңбек ететіндердің көлеңкеде қалып қоюының салдары деп ойлаймын. Осының алдын алу жұмыстары әбден ақсаған. Кәсіп негізінде болған аурулар мен өндіріс орындарындағы жазатайым жағдайлар ушығып тұр.

Мысалы, 2025 жыл президенттің шешімімен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Өкінішке қарай, мүмкіндіктер толық пайдаланылмады. Еңбек адамдарының денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі, ауқымды шаралар көрінбеді. Осылайша, кәсіби тәуекел, өндірістік жарақат, кәсіби ауру тақырыбы екінші қатарда қалды. 2024 жылы ашылуға тиісті Қарағанды қаласындағы Кәсіби аурулардың Ұлттық орталығы 2025 жылы да толыққанды жұмысқа кірісе алмай отыр.

Бұл – жүйелік мәселе. Әйтсе де, Ұлттық орталықта ғылыми база жоқ десек те болады. Өндіріс пен еңбек медицинасының арасындағы байланыстар өте әлсіз. Бір сөзбен айтқанда, «Жұмысшы мамандықтар жылы» көбіне идеологиялық және мерекелік форматта өтіп кетті.

Ең бастысы, медицина қызметкерлерінің алатын жалақысы, көпшіліктің күлкісін келтіреді. Бұл БАҚ беттерінде көп жазылды, «медицина мамандарының жалақысы пәлен пайызға көтерілді» дейді. Көп жағдайда, мұның бәрі – өтірік.

Бір сөзбен айтқанда, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінуі керек. Сонда ғана алға жылжу болады.

Әлназарова
Фото: Жас Алаш коллаж

Valentino киіп, Lexus мінген...

Жоғарыда аталған жүйелік проблемалар өршіп тұрған тұста, Денсаулық сақтау министрінің жеке басына қатысты жанама даулы жайттар да қоғам талқысына түсті. Ақмарал Әлназарова қызметтік сапарларында көрсеткен жүріс-тұрысы, қымбат киім киісі арқылы көпшіліктің сынына ұшырады. Қазан айында министрдің сәнді бренд киімі туралы оқиға ақпарат кеңістігін дүрліктірді. Ұлытау облысына жұмыс сапары кезінде денсаулық сақтау министрі құны шамамен 1 000 еуро тұратын Valentino Garavani туфлиін киіп барғанын әлеуметтік желі қолданушылары байқап қалған. Брифингте журналистер министр ханымнан киімінің бренді мен бағасы туралы сұраған кезде, модератор оның орнына араша түсіп, «тақырыпқа сай сұрақ қоюды» өтінген.

Кейіннен Әлназароваға қатысты тағы дау шықты. Әлеуметтік желіде оның қымбат маркалы сумка ұстап тұрғаны көрінеді. Фото биыл қыркүйек айында Нью-Йоркте түсірілген екен. Онда министр қолына 6 мың долларлық Fendi сөмкесін ұстаған. Ал аяқкиімі Ferragamo брендіне ұқсайды. Министр бұларға қатысты нақты жауап бермеген.

Түйін: Әлназарова қымбат бренд киімдер киіп жүргенде елімізде Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге ақша төлей алмай отырғаны мәлім болды. Вице-министр Ардақ Амангелдиевтің айтуынша, қарыз көлемі 700 млрд теңгеден асып кеткен. Ал биыл тамыз айында жалақыларын ала алмай отырған Шу қаласының дәрігерлері наразылық білдірді. 2025 жылдың 12 тамызында әлеуметтік желіде тараған видеода медицина қызметкерлері Шудағы аурухананың біраз былығын ашты. Аурухана қызметкерлері жалақы алмайды, жылда берілетін 13-айлық жоқ, тіпті мереке сайын берілетін сыйақыны да көрмегендеріне 10 жыл болған. Өңірде аурухана басшысының орынбасары үлкен көлемде сыйақы алатыны туралы сыбыс та тараған. Бұл аймақта медицина қызметкерлері үш ауысыммен жұмыс істейді. Бірақ жалақысы күннен-күнге азайып бара жатқанын алға тартады.

Денсаулық сақтау министрлігінде қаржы жоқ деп жүргенде, 23 желтоқсанда Қостанай облысында медициналық ұйымдардың сұраныссыз жабдықты қымбат бағамен сатып алуы арқылы мемлекетке 2 млрд теңгеден асатын зиян келтірген коррупциялық схема әшкереленіп, прокуратура қылмыстық істер тіркелгенін ресми мәлімдеді.

Қысқаша айтқанда, биыл Денсаулық сақтау министрлігі үшін – халықты жарылқайды деген МӘМС «банк шоты» атанып, есеп-қисабы тұман жыл болды.

Тұрсынбек БАШАР