Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:52, 29 Қараша 2022

Дәурен Сапарәліұлы: Дивиденд кепілді төлем емес екенін ескерген жөн

None
None

Жақында «ҚазМұнайГаз» өзінің акцияларын сатылымға шығаратындығын хабарлаған болатын.

Бұл әр қазақстандықтың IPO-ға қатысып, акция иесі атануына үлкен мүмкіндік болып отыр. Ал компанияның ұсынған 1 акциясы 8406 теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ акцияны сатып алушылар брокерлік компаниялар, Tabys мобильді қосымшасы немесе «Қазпошта» бөлімшелері арқылы инвестиция сала алады. Бұдан өзге ақпараттармен толығырақ таныс болу үшін  «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Сапарәліұлымен сұхбаттасып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— «ҚазМұнайГаздың» 5 пайыздық акциясын ІРО-ға шығарып жатыр екен. Жалпы осы акция туралы кеңірек түсіндіріп берсеңіз.

— Ұсыныс бойынша «ҚазМұнайГаздың» «Самұрық Қазынаға» тиесілі акцияларының 5%-на дейін сату жоспарлануда. Бұл дегеніміз – AIX және KASE биржаларында 30 505 974 жай акция ұсынылады (барлық акция саны – 610 119 493 дана). Бір жай акцияның бағасы – 8 406 теңгеге бағаланады. Ал инвесторлардың өтінімдерін қабылдау 2022 жылы 9 қарашасында басталып, институционалды инвесторлар үшін 2022 жылдың 30 қарашасында, ал жеке инвесторлар үшін 2022 жылы 2 желтоқсанда аяқталады.

— Акцияны сатып алудың тиімді әрі сенімді жолдарын айтсаңыз. Сонымен қатар өтінім беріп, брокерлік шотты ашудың жолдары қандай? Ертеңгі күні брокерлік шотты ашқан соң, оған да салық енгізіле ме?

— Жеке тұлғалар, яғни жеке инвесторлар құнды қағаздарды үш тәсіл арқылы сатып ала алады. Біріншісі, брокерлер арқылы. Бұл әдіс бағалы қағаздарды тұрақты негізде сатып алу-сатуды жоспарлаған болатын. Сондай-ақ брокерлерден нарық бойынша аналитикалық материалдар алғысы келетін инвесторларға жарамды. Ал брокер дегеніміз – құнды қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы саналады. Олардың брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болады және клиенттің атынан және оның мүддесі үшін қаржылық келісімдер жасайды. Соған байланысты брокерлік компаниялардың тізімдері мен олардың байланыс деректері KASE және AIX қор биржаларының сайттарында жарияланған. Яғни, осы аталған сайттардан нақты ақпараттарды алып, танысуға мүмкіндік мол. Брокерді таңдағанда оның қайда орналасқанын (яғни сіздің қалаңызда филиалы бар ма), брокер алатын комиссия мөлшерін, веб-платформа немесе қосымша арқылы онлайн режимде қызмет көрсету мүмкіндігін ескерген жөн. Лицензияның бар-жоғын тексеру керек, оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан көруге болады.

Екінші жолы – Tabys қосымшасы арқылы. Бұл әдіс акцияларды мобильді қосымшада тікелей сатып алуға мүмкіндік береді. Брокерлік шот ашпай, онлайн сатып алу үшін банк картасымен төлеу керек. Болашақта тікелей жазылым арқылы сатып алынған акцияларды сату үшін инвесторға брокерлік шот қажет болатынын ескерген де жөн.

Сонымен қатар брокерлік компаниялар ұсынылмаған шалғай аймақтардағы инвесторларға немесе тұрақты интернет байланысы жоқ адамдар «Қазпошта» қызметін қолдана алады. «Қазпошта» брокер қызметін, шарт жасасу және брокерлік компаниямен одан әрі жұмыс үшін трансфер-агент қызметін ұсынады. Ол инвестор мен брокерлік компания арасындағы ресми делдал рөлін атқарады. Сондай-ақ «Қазпоштаның» кейбір бөлімшелерінде немесе веб-сайтында брокерлік шот ашуға да жағдайлар жасалынды. Одан бөлек, «Қазпошта» бөлімшелерінде брокерлік шотсыз акцияларды тікелей сатып алу мүмкіндігі де қарастырылды. Оның шарты Tabys қосымшасымен бірдей, яғни биржада сауда жасау үшін брокерлік шот керек болады.

— Белгілі бір жеке тұлға 8406 теңгенің акциясын сатып алды делік. Ол акцияны алған соң, арғы процесс қалай болмақ? Яғни, акцияның қандай пайдасы бар? Акцияны сатып алып, қайта сатуға болады ма?

— Акцияларға инвестиция салу нарықтағы акциялардың бағамдық құнының өсуінен немесе төленетін дивидендтер арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. IPO-да сатып алынған акцияларды қайталама бағалы қағаздар нарығында сауда-саттық басталғаннан кейін бірден қайта сатуға болады. Акцияның нарықтағы бағасын сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасы анықтайды. Сондай-ақ қолайсыз факторлардың әсерінен акциялардың бағасы төмендеуі мүмкін екенін ескеру керек.

Ал дивиденд деген не деген сұраққа тоқталатын болсақ, ол тиесілі акция бойынша төленетін табыс деп саналады. Акцияларға төленетін дивиденд көлемі компанияның жылдық көрсеткіштері, акционерлердің дивиденд төлеу туралы шешімдері тәрізді бірқатар факторларға байланысты болады.

Одан бөлек, компанияның дивиденд бойынша арнайы саясаты бар. Яғни, компания есебі бойынша айтар болсақ, егер мұнайдың орташа бағасы барреліне 70 доллардан төмендемей тұрақты болып тұрса, онда «ҚазМұнайГаз» келесі үш жылда жылына кем дегенде 200-250 млрд теңге дивиденд төлейді. Әр акцияға есептегенде шамамен 327-409 теңгеден болады.

Жалпы, акцияларды сатып алмас бұрын, дивиденд кепілді төлем емес екенін ескерген жөн, ол компанияның қаржылық нәтижелері мен мүмкіндіктеріне байланысты төленеді.

— Сондай-ақ қазір халық арасында «мұнай өндіру жағынан төмендеп кетті, ертеңгі күні акцияны алып, ұтылып қалмаймыз ба?» немесе қазақстандық компаниялардан гөрі шетелдік компаниялардың акциясы тиімдірек деген пікір айтылып жүр. Бұған қатысты не айта аласыз?

— Акциялар иесі табысты дивиденд түрінде, болмаса оларды қымбатырақ сату арқылы таба алатынын жоғарыда айтып өттік. Ал инвесторлар дивиденд төлемінің болуы мен оның мөлшері, сондай-ақ ҚМГ акцияларына бағалардың өсіп-төмендеп отыруы компания қызметінің нәтижелеріне байланысты екенін ескеруі қажет. Оған келесідей негізгі тәуекелдер мен жағдайлар әсер етуі мүмкін: компанияның табысы, бос ақша ағымы және басқа қаржылық көрсеткіштері шикі мұнай бағасына байланысты өзгеріп отырады, өндірістегі және тасымалдау жүйелеріндегі кез келген үзілістер компанияның өндіру деңгейіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ мұнай-газ секторындағы нормативтік актілердің өзгеруі, оның ішінде баға белгілеуге және ішкі жеткізілімдерге қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер компанияның қызметіне әсер етуі мүмкін. Одан бөлек, топтың қызметінде экологиялық тәуекелдер бар және компания жиі өзгеріске ұшырайтын экологиялық заңдар мен ережелерді сақтауға міндетті.

Осы секілді тәуекелдердің толық тізімімен «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына» қорының сайтында, KASE, AIX биржаларында жарияланған Проспект құжатта (қаржы саласында болашақ инвесторға керек ақпарат жарияланған ресми құжат) танысуға болады.

Сонымен қатар акцияларға инвестиция ұзақмерзімді перспективада табысты жоспарлай келе, осы тәуекелдерді ескере отырып жасалуы керек. Әрбір инвестор инвестиция көлеміне қатысты шешімді мүмкіндігі мен тәуекелдерге қарай өзі қабылдайды. ҚМГ акцияларына салатын қаржы мөлшерін акция бағасымен қатар, брокерлердің, банктердің және басқа да тараптардың комиссиялары түріндегі шығындарды ескере отырып бағалауға тиіс. Осы орайда, айта кететіні, Теңіз және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру көлемінің артуы болашақта «ҚазМұнайГаз» өндіру көрсеткіштерінің де ұлғайып, компания табысының өсуіне әкелуін ескерген жөн.

— «ҚазМұнайГаз» акциясы сатылымға шықты дегеннен, компанияның атынан хабарласып, әрі компанияның атынан жарнама жасап, халықты алдап жүргендер пайда болды. Осы орайда, халық алаяқтарға алданбасы үшін қандай кеңес бересіз?

— Қазіргі кезде алаяқтар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының атын жамылып, арнайы сайт, қосымшалар құрып, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жарнама арқылы қазақстандықтарды ақша салуға шақырып жүр. Олар халықты мұнай мен газ сатып, бастапқы салынған «инвестициядан» мол пайдаға кенелуге шақырады. Сол себептен, мұндай жалған жарнамалық хабарландыруларға сенбеуге, барынша сақ болуға және тек ресми дереккөздерге сену қажет. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, компанияның қызметі туралы сенімді ақпарат тек www.kmg.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі YouTube, Facebook, Instagram, Telegram-дағы ресми аккаунттарда жарияланады. Лицензиясы бар брокерлер тізімін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан көруге болады. Қандай да бір ұсыныс жайлы сұрақтар туындаса, IPO мәселелері бойынша жедел желіге 8 (800) 004 03 15 хабарласа алады. Сондықтан инвестиция салып, нақты табысқа кепілдік беретін жарнамаларға бірден күмәнмен қараған жөн.

— Пайдалы ақпаратыңызға рақмет!

Тегтер: