Дәуреннің дәурені өтті ме?..
«Ескі Қазақстанның» шенеуніктері Қазақстаннан кетіп жатыр. Өткен аптада Сыртқы істер министрлігі Дәурен Абаевтың ТМД Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалғанын мәлім етті.
Ол осы қызметте болған Бекетжан Жұмахановтың орнына барды. Сонымен, Дәурен Абаев жаңа қызметіне 7 наурызда кірісетін болды.
Әрине, кез келген шенеунік қызмет ауыстырады. Оған мән бермей-ақ қоюға болар еді. Бірақ Дәурен Абаевтың жөні бөлек. Жыл басында ол Мәдениет және спорт министрі лауазымынан босатылды. Бірақ отыз жыл бойы Назарбаевтың билік құрған уақытында Дәурен шын мәнінде дәуренді сүрді. Қызметте жолы болды. Ол 2001 жылдың тамызы мен 2003 жылдың тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді. 2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы және Нидерланд Корольдігіндегі елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарды. 2007 жылдың мамыры мен 2007 жылдың желтоқсаны аралығында — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бөлімінің бастығы. Ал одан кейінгі жылдарын қарасақ, 2007 жылдың аяғынан бастап, үнемі және тұрақты түрде он жылдан астам Президент әкімшілігінде қызмет істегенін байқаймыз. Үш жылдай Ақпарат және қоғамдық даму министрі болды. Ең соңғы лауазымы Мәдениет және спорт министрі. Қысқасы, ол Назарбаев дәуірінің барлық игілігін көрді. Бірақ мәселе мынада: Абаев соңғы 20 жылда мемлекеттік қызметте жүрген кезінде халық үшін қаншалықты жағымды образ қалыптастыра алды? Дәурен Абаев еліміздің бас идеологы, яғни Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінде болған тұста қаңтар оқиғасы орын алды. Әрине, қаңтар оқиғасына оның қатысы болған жоқ. Бірақ қаңтар оқиғасы орын алған 6 күннен кейін ол Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, Мәдениет және спорт министрлігіне барды.
Ал біз Абаевқа қатысты бір нәрсені ұмыта қойған жоқпыз. 2021 жылдың тамызында ол қазақтілділердің намысына тиген мәлімдеме жасады. Ол дүкенде, басқа да қоғамдық орындарда қазақша сөйлеуді талап етіп жүрген белсенділердің әрекетін «жабайы ұлтшылдық», «үңгірдегі ұлтшылдық» деп атады. Бұл шын мәнінде, «Қазақстанда орыстарға жеккөрініштік бары» туралы Мәскеудің мәлімдемесінен кейін айтылды. Дәл осы мәлімдеме қазақтілділердің наразылығын тудырды. Ашығын айту керек, Абаевтың бұл мәлімдемесі оның қызметтік тарихындағы қара дақ болып қала беретіні анық. Қазақтілділер өз елінде тілдік дискриминацияға ұшырап, қысым көріп жатса, Абаевқа ашуланбағанда қайтсін?! Жалпы, бұл сол кездегі Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары айтатын сөз бе еді?! Қоғам белсендісі Арман Шораев Дәурен Абаевтың бұл пікірін «ресейлік үгіт-насихаттың ығына жығылу» деп атады. Анығына келсек, белсенді Қуат Ахметов бастаған «Тіл майданы» қозғалысының мүшелері дүкендерді аралап, мемлекеттік тіл туралы заңның орындалуын қадағалаған. Бұл әрекетті ресми Мәскеу «дұшпандық» деп қабылдап, Қуат Ахметовке 50 жыл бойы Ресейге кіруге тыйым салды. Әрине, бұл оқиғаның бәрі бір-бірімен байланысып жатыр. Дәурен Абаевтың та белсенділердің көше аралап, мемлекеттік тілдің орындалуын талап етуін «жабайы ұлтшылдық», «үңгірдегі үлтшылдық» деп атауын қазақтілдер ұнатқан жоқ. Әлеуметтік желіде азаматтар елімізде тарихи орны бар үңгірлердің маңында түскен суреттерін жариялады. Бұл Абаевқа қарсы жасалған наразылық болғаны да даусыз. Осыдан соң, бес-алты айдан кейін қаңтар оқиғасы орын алды, Абаев қызметінен төмендетілді. Министр болды. Ең бір сәйкестігі, осы аптада қызмет бабына байланысты ол Мәскеуге кетеді. Енді Абаев ТМД бас хатшысының орынбасары ретінде Қазақстанның мүддесін қорғай ала ма? Бұрын да оның ұлтжандыларға көзқарасы белгілі еді, енді ол тым ресейшіл болып кетпей ме? Жалпы, қай шенеунік қай қызметте жүрсе де, абайлауы керек. Абайламай, ауыздан шыққан сөз – атылған оқ. Ал ұлтқа қатысты «айтылған мұндай оқ», ең алдымен, қазақ баласының жүрегін жаралайды.
Таразыға салсақ, Дәурен Абаевтың ТМД бас хатшысының орынбасары қызметіне келуі қаншалықты салмақты лауазым? Бұл қызметтік тұрғыдан жоғарылау ма? Кейбір сарапшылар «бұл қызметтік өсу емес, бүгінгі билік ескі Қазақстанның кадрларынан осылай құтылып жатыр», дегенді айтуда. Мәселеге осы тұрғыдан қарар болсақ, ТМД-ның өзі тек қана басқосу үшін жиналатын орын. ТМД басшыларының жиыны диалог үшін құрылған алаң емес. Ал мұндай одаққа Дәурен Абаевтың келуі оның саяси амбициясының жоғары екенін көрсетпейді. Ақиқаты, бүгінгі билік Назарбаевтың тұсында қызметте дегені болған Абаевтан құтылғысы келген болар. Бұдан шығатын қорытынды, Абаев Президент әкімшілігіне қайта оралмайды.
Иә, «ескі Қазақстанның» шенеуніктері Қазақстаннан осылай кетіп жатыр. Дәурен Абаев ТМД Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалды. Зейнеткерліктен қайта оралған Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) бас хатшы болды. Одан сәл бұрын Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі (министрі) болып тағайындалды.
Енді «ескі шенеуніктерден» тағы кім кетеді? Бұл Мәжіліс сайлауы — 19 наурыздан соң, анықталуы мүмкін...