Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:33

Давоста Трамп пен Зеленский Украинадағы соғыс пен қауіпсіздік кепілдіктерін талқылады

1
Reuters

Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский бетпе-бет кездесті. Бейсенбі күні өткен келіссөздер шамамен бір сағатқа созылған.

Кездесуден кейін Дональд Трамп журналистерге сұхбат беріп, әңгіме «өте жақсы өткенін» айтты. Ол Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтату қажеттігі туралы нақты ұстаным жеткізілгенін мәлімдеді.

Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвин де келіссөздерді оң бағалады. Кейін Давос форумында сөз сөйлеген Владимир Зеленский Ақ үй басшысымен өткен кездесудің мазмұнына тоқталып, тараптар қауіпсіздік кепілдіктері, соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізу мүмкіндіктерін талқылағанын айтты. Оның сөзінше, келіссөз «өнімді» сипатта өтті.

Зеленский сондай-ақ келіссөз топтарының жұмысы да талқыланғанын хабарлады. Оның айтуынша, Киев пен Вашингтон арасындағы бірқатар құжаттар енді мұқият әрі нақты пысықталады.

«Кез келген келіссөз оңай емес, әсіресе мемлекеттің мүддесін қорғау қажет болғанда. Соңғы кезең әрқашан ең күрделі болады. Дегенмен бүгінгі әңгіме нәтижелі өтті, бұл – маңызды», – деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісінде.

Украина президентінің Швейцарияға сапары алдын ала жарияланбаған. Ал Дональд Трамп Зеленскиймен кездесетінін бір күн бұрын мәлімдеген еді. Екі ел басшыларының келіссөзі жабық форматта өтіп, журналистер қатыстырылмады.

Кездесудің алдында тараптар Украинадағы соғысқа қатысты соңғы жағдайды және АҚШ ұсынған бейбіт бастамаларды талқылайтыны хабарланған. Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф украин делегациясымен және бұған дейін Кремль өкілі Кирилл Дмитриевпен өткен кездесулерден кейін негізгі шешілмей тұрған мәселе – аумақтық сұрақ екенін айтқан. Уиткофф пен Трамптың тағы бір өкілі Джаред Кушнер бейсенбі күні Давостан Мәскеуге аттанып, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз өткізуді жоспарлаған.

Бұған дейін Ресейдің соққыларынан кейін Украина энергетика секторында туындаған қиындықтарға байланысты Зеленскийдің Давос форумына қатысуы күмән тудырған еді. Алайда Украина басшысы форумға қатысып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Тегтер: