Дайрабаев жілік сындырам деп, қолын сындырып алды

Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.
Партия бұл шешімнің нақты себебін ашып айтпады. Бірақ оның Солтүстік Қазақстандағы елді мекен атауларын қазақшаландыру мәселесін көтеруі негізгі себеп болуы мүмкін. Дәл қазір қазақстандық БАҚ-тар депутат қатты айтамын деп, билікке жақпай қалды деген болжам жасап жатыр.
Елімізде үкіметті сынаған депутаттардың мандатынан айырылуы бірінші рет емес. Жыл басында да депутат Гауһар Танашева демографиялық мәселені көтерімін деп «жазаланған» болатын.
Дайрабаев қай сөзімен билікке жақпай қалды?
Мәжіліс отырысында Дайрабаев кейбір ауылдарда өз елінде жүргендей сезінбегенін, сол себепті ономастика мәселесін шешуді талап ететінін мәлімдеген еді. Оның пікірінше, Қазақстанда жер-су атаулары тарихи және ұлттық ерекшеліктерге сай болуы керек. Дайрабаевтың осы сөзі мәжілістің Youtube арнасында жоқ. Дәл үшінші сұрағы «белгісіз себептермен» қиылып қалған. Саяси сарапшылар бұл оқиғаны ономастика мәселесіне биліктің реакциясы деп бағалап отыр.
Арада екі күн өткенде, яғни 28 ақпанда «Ауыл» партиясының саяси кеңесінің президиумы Жигули Дайрабаевты төрағаның орынбасары қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Партияның баспасөз қызметі тек президиум мүшелерінің барлығы бұл шешімді бірауыздан қолдағанын хабарлады. «Бұл оқиға Дайрабаевтың жақында мәжілісте жасаған мәлімдемесімен байланысты болуы мүмкін бе» деген сұрақ туатыны анық. Бірақ ресми мәлімдемеде бұл шешімнің нақты себептері көрсетілмеген. Партия өкілдері «Жас Алашқа» бұл тек саяси президиум мүшелерінің шешімі екенін ғана айтты. Ал басқа себептеріне байланысты нақты жауап бере алмай, депутаттың көмекшісіне сілтеді. Ал Дайрабаевтың көмекшісіне хабарласқанымызда ол телефон тұтқасын көтермеді, жазып жіберген хатымызға да жауап бермеді. Кейіннен Дайрабаевтың өзіне хабарласып та ешқандай жауап ала алмадық.
Үшінші сұрағында депутат қандай мәселе көтерді?
Әлеуметтік желілерде тарап жүрген видеода Дайрабаев: «Солтүстік аймақтардағы елді мекендердің аты қашан қазақшаға аударылады» деп сұрақ қояды. Қатты-қатты сөйлеген депутат: «Айналайындар-ау, масқара жағдай ғой. 34 жылдан бері қазақ мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік өңірге барып қайттым. Кірсең басқа мемлекетте жүргендей сезінесің. Бірақ біздің мемлекетті қазақ ұлты құрап отыр. Кім кедергі?! Сіздер қайда қарап отырсыздар?!» – дейді. Депутаттың бұл сөзі БАҚ пен әлеуметтік желіні кезіп жүр. Алайда мәжілістің Youtube арнасында жоқ. Бұған қатысты идеология саласында төрт адам деп депутат атап сөйлеген жауапты мамандардың не айтқаны, мәдениет және білім саласындағы заңға өзгерістер енгізу туралы заңның бірінші оқылымын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов әр сұраққа жеке-жеке жауап бергенімен, Дайрабаевтың үшінші сұрағына қатысты не деп жауап бергені туралы да бір ауыз сөз жоқ.
Дайрабаевтың үшінші сұрағы мәжілістің жалпы отырысын жариялаған арнада не үшін жоқ екенін білу мақсатында Мәжіліс баспасөз хатшысы Эльмира Башееваға хабарластық. Ол депутаттың үшінші сұрағы техникалық қателіктерге байланысты түсіп қалғанын айтты. «Бұл мәселеге байланысты айтарым, ешқандай да қиып тастау болған емес. Біз қалай жазылады, соның бәрін арнамызға солай жүктейміз. Техникалық қателік кетті», – деп қысқа қайырды.
Билік ономастика мәселесіне келгенде кімге жалтақтайды?
Елдің солтүстік және шығыс аймақтарында әлі күнге дейін орыс тіліндегі атаулардың басымдығы байқалады. Көптеген қала, аудан және ауыл атаулары Кеңес дәуірінен қалған тарихи атаулармен аталып келеді. Кейінгі уақытта кейбір елді мекендер атаулары қазақшаланып жатыр, рас. Әсіресе 2023 жылы президент ономастикаға арнайы тоқталып, бұл мемлекеттің шаруасы әркімнің туысқандарының ісі емес дегеннен кейін, жер-суды қазақшалау бір ізге түсіп келе жатқандай көрінген еді. Бірақ кейінгі жылдары бұл іс тағы да тоқтап қалды. Кешегі депутаттың сауалы қоғам арасында өшіп бара жатқан қоламтаны қайта үрлеп тұтатып жібергендей әсер етті. Еліміздегі жер-су атауларын қазақшалау керек деген даулы тақырып қайтадан талқылана бастады.
Ономастика мәселесін зерттеп жүрген Дос Көшімнің пікірінше, Жигули Дайрабаевтың «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылуы оның Солтүстік Қазақстандағы елді мекендердің атауларын қазақшалау туралы ұсынысымен байланысты болуы мүмкін жағдай. Саясаттанушы Қазақстанда ономастика мәселесі әрдайым билік үшін «сезімтал тақырып» болып келген деп санайды. Оның сөзінше, Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы орысша атауларды өзгерту туралы ұсыныстар көбінесе саяси реакция тудырады. Дайрабаевтың бұл бастамасы партия ішіндегі кейбір тұлғаларға ұнамаған болуы мүмкін. Бұл оқиға елдегі ономастика реформасына билік қаншалықты дайын екенін білдіретін көрсеткіш болуы мүмкін.

«Жалпы депутаттар не айтатынын фракция басшыларымен келіседі. Дайрабаев мүмкін қояр сұрағын алдын ала ақылдаспаған шығар. Бір жағынан биліктің ономастика мәселесіне бас ауыртқысы келмейтінін өзім көріп жүрмін. Жыл сайын 40 шақты елді мекеннің тұрғындарымен осы аймақтың атауын өзгертуге байланысты кездесу өткіземін. Сондықтан жалғыз солтүстік аймақ емес, орыс тілді алты өңір деп жүрген жерлердің барлығында осы жағдай. Ал биліктің құлықсыздық танытуына келетін болсақ, билік осы мәселеге келгенде орыс тілді азаматтар қарсы шығады, наразылық болып кетеді деп жалтақтайды. Бұған Ресей жағының көз алартуын да қосыңыз. Мұны кездесу барысында да көріп жүрміз. Мысалы, Солтүстік аймаққа барып жер-су атауын қазақшалауға байланысты кездесу өткізейін десең билік тарапынан бірде-бір өкілді таппайсың. Олар бұған араласқысы келмейді», – дейді саясаттанушы.
Қуыршақ партиялар мен қуыс кеуде депутаттар
«Ауыл» партиясы билікке лоялды партия екені жасырын емес. Бәлкім, сондықтан партия басшылары оның жетекші құрамында мұндай ұлттық мәселелерді көтеретін адамдарға орын жоқ деп есептеген болар. Бұл шешім Қазақстандағы саяси партиялардың тәуелсіз емес екенін және олардың билікке бағынышты екенін көрсетсе керек. Саясаткер Дос Көшім де бұл сөзімізді қуаттай сөйледі.
«Мені де осы мәселе таңғалдырады. Шынында да бұл күйіп тұрған мәселе. Ұлттық бағытта жүрген азаматтарымыз да бар ғой депутаттар арасында. Енді солар бірден қоштап, дүрлігіп, осыны ары қарай алып кету керек еді. Халық қалаулылары еліміздегі ең басты мәселе – мемлекеттік тіл мен жер-су атаулары дегенде неге үндемей қалғаны түсініксіз. Иә, мүмкін фракция басшыларының қарсылығы бар шығар. Бірақ басқа да депутаттар бар ғой».
Қазақстандағы саяси партиялардың тәуелсіздігі мен олардың билікке деген шынайы ықпалы – қоғамда жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі. Елде ресми түрде саяси плюрализм орнағанымен, көптеген сарапшылар мен белсенділер партиялық жүйенің билікке тәуелділігі жоғары екенін айтып жүр. Содан шығар, елімізде ресми түрде саяси партиялар көп болғанымен, олардың басым бөлігі билікке ашық қарсылық білдірмейді. Парламентке өткен «Аманат», «Ақ жол», «Ауыл», Қазақстан халық партиясы (ҚХП), «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП) секілді саяси ұйымдар биліктің шешімдерімен келіспей, қызыл кеңірдек болып жатқанын көрмейсің. Бұл партиялардың билік ұсынған шеңберде ғана әрекет ететінін көрсетеді. Ресми тіркелген ЖСДП өзін оппозициялық партия санайды. Бірақ ешқашан бой көрсетіп, билікке қарсы тұрғанын көрген емеспіз.
Қазақстанда партия құру үшін кемінде 20 000 мүше жинау керек. Бұл талап билікке ыңғайсыз партиялардың тіркелуіне жол бермеу үшін қолдан жасалған кедергі саналады. Сонымен қатар партиялардың қаржыландыру көздері де маңызды рөл атқарады. Көптеген партиялар биліктің немесе олигархтардың қолдауына сүйенеді. Қазіргі жағдайды ескере отырып, Қазақстандағы партиялардың басым бөлігі билік жүйесінің бір бөлшегі ретінде қызмет етеді деп айтуға болады.
P.S. Жигули Дайрабаев 2022 жылы президент сайлауына кандидат болып тіркелгенде өзінің салауатты өмір салтын ұстанатынын, жас жігіттермен күш сынасуға қауқарлы екенін айтып қалғаны бар. Кейіннен оның желіде жұдырығымен сүйекті ұрып сындырған видеосы тарап, ол сүйектің одан бұрын сынып тұрғаны анықталып, қоғам арасында күлкіге қалды. Жалаң қолымен жілік шағып «трюк» көрсететін, кіммен болса да күш сынасуға дайын Дайрабаев жыл басындағы мәжіліс отырысында мәжіліс спикері Ерлан Қошановтан бір таяқ жеген. Қошановты жөнсіз мақтаймын деп, оған спикер зекіп тастап, тағы да күлкіге қалды.
Жалпы, «Ауыл» партиясының депутаты президентке кандидаттық кезінде де билікке жағымпазданатынын ашық көрсетіп жүрді. «Қарсыласы» Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін іліп қойып, әлеуметтік желіде оның ісін мақтауды еш әбестік көрмейтінін де айтып жүрді. Президенттік бағдарлама жасап, қуыршақ кандидат болып, сонша күлкіге қалғанда алған рақметі депутаттық еді, бұл жақта да отырса опақ, тұрса сопақ болып жүрген жайы бар.
Кешегі мәжіліс отырысында көзін аларта отырып қойған сұрағы төрт идеология басшысын сүйекше сындырып жібереді деп ойлап қалса керек. Бірақ кейде жілік шағамын деп қолыңды сындырып алуың да мүмкін екенін ескермей қалғандай секілді.
Тұрсынбек БАШАР