Дефицит. Шөміштен қысу 4 трлн теңгенің орнын толтыра ма?
Елімізде келесі жылы бюджет тапшылығы төрт триллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Президенттің өзі биылғы жолдауында салық түсімінің азайғанын, республикалық бюджетке кірістер лайықты деңгейде орындалмай жатқанын айтып, көрпеге қарай көсілуге шақырды.
Jas Alash тілшісі бюджет дефицитінің орын алуының себебін анықтап көрді. Бюджет дефициті – бұл мемлекет шығындарының оның кірістерінен асып кетуін білдіретін экономикалық ұғым. Басқаша айтқанда, мемлекет белгілі бір уақыт ішінде (әдетте бір жылда) жұмсаған қаражаттары оның жинаған кірістерінен (мысалы, салықтардан, баж салығынан және басқа да түсімдерден) артық болған жағдайда, бюджетте дефицит пайда болады. Биыл, қазына қаржысының азаюына көктемдегі су тасқыны да әсер етті деп отыр мамандар.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылы АМАNАТ фракциясының кеңейтілген отырысында 2023 жылға арналған түсімдер осы жылдың жоспарына қарағанда 2 трлн теңгеге ұлғайды деп есеп берген. Ал сарапшылар трансферттердің әсерін есептей отырып, бюджет тапшылығының жасанды сипатта болуы мүмкін екенін айтады. Көптеген елдерде мұнайдан түскен барлық салық тікелей бюджетке түседі, ал Қазақстанда бұл қаражат Ұлттық қорға аударылады. Naryk.kz сайтының бас редакторы, қаржы журналисі Бауыржан Мұқанов елде бюджет тапшылығының орын алуы қалыпты нәрсе, мәселе оның орнын Ұлттық қор қаржысы арқылы толтыру дейді.
«Үкімет халыққа ақша таратқанды доғару керек. Ақша тарату – әлеуметтік бағдарламаның атын жамылған бизнеске жасалған қолдау. Субсидияланатын тұрғын үй бағдарламалары. Баспана экономикадағы кез келген тауар сияқты – тауар, біреудің сатып алатын тауарын бюджет арқылы басқа біреулердің пайдалануы ХІХ ғасырда өте күлкілі нәрсе. Сіз салық төлейсіз, сіздің салығыңызды алып мен пәтер алуға пайдаланамын. 9 млн адам жұмыс істейді, оның салығын 1 млн адам «7-20-25» бағдарламалары арқылы пайдаланады. Бұл өте қисынсыз нәрсе. Екінші жағы, бұл әлеуметтік бағдарламалар халық үшін емес, бизнес үшін жасалып жатыр. Себебі олардың тұсында үйдің бағалары бірден шарықтап кетеді. Бұл ақшалардың бәрі ірі құрылыс компанияларының есебін толтыруға ғана арналған ақша. Әлеуметке берілген ақша бәрібір бизнеске қосымша табыс болып кіреді. «Адамдар үйлі болып жатыр» дейтін боларсыз, бірақ бір адам баспаналы болғанымен, зардабын 10 адам тартады. Қазақстанда 140-130 мыңы сатылса, соның 10 мыңы ғана әлеуметтік бағдарламалары арқылы беріледі. Мұның бәрі әлеуметтік бағдарлама атын жамылып, бизнеске жасалған қолдау немесе үкіметтің ақымақтығы. Бұл бір шығын.
Екіншіден, капиталистік өмір үшін жабайы көрінетін – орта және шағын бизнесті субсидиялау. Субсидия алып, үлкен компанияға айналған бірде-бір компания жоқ. «Даму» қорынан несие алып, кәсіп аштық деген 2-3 млн теңгені артық тапқан көрпе құрап жүрген келіншек. Бұл да өзін-өзі ақтамайтын қаржыландыру. 10-15 жылдан бері шағын және орта бизнесті қолдайтын 10-15 бағдарлама ашылды. Оның ешқайсысынан ішкі өнімдегі бизнестің көрсеткіші дамып кеткен жоқ, сол қалпында тұр. Бюджет ақшасымен ешқашан кәсіп жүрмейді. Бұл «вертолетный» ақшалар. 10 «кәсіпкердің» бесеуі үй алса, бесеуі той жасайды.
Бюджет тапшылығы 5-10% болса қалыпты нәрсе. Республикалық бюджет деген сондай, табысынан гөрі, шығыны көп болады. Төрт трлн теңге ауқымды сома, бірақ бізде бюджет шығынын жабатын әмбебап жол – Ұлттық қордан ақша тарту әдеті бар. Мәселе, бюджет шығынында емес, оны немен жабуда болып тұр. Республикалық маңызы бар жолдарды, инфрақұрылымды дамытуға жұмсауға қарсы емеспін. Бірақ Ұлттық қордан әлеуметтік бағдарламаға ақша жұмсау дұрыс емес. 2024 жылы 15 трлн салық жиналды, негізі 18 трлн жиналуы керек. Осылар жиналса, бізде бюджет тапшылығы болмас еді. Салықтан жалтаратындар көбіне көшедегі көкөніс сататын кәсіпкерлер емес, үлкен бизнестегілер.
Ал салық түсімін қалай көбейтеміз?Елдегі салық кірістерінің көлемін көбейту үшін салық органдары коррупциямен айналыспау керек. Соның өзінде жиырма пайызға көп жиналады. Бұл – бір. Көлеңкедегі салықты шығару керек, оның өзі жетпесе, табыс көп болған сайын, салықтың көлемін көбейту қажет. Бұл дамыған елдер тәжірибесінде бар нәрсе. Сіздің жалақыңыз 100 мың тг болса, бір пайыз төлеу керек, қазір он пайыз ғой. Табысыңыз 1,5 млн теңге болса, онда отыз пайыз төлеңіз. Осыны енгізу керек. Бізде сән-салтанат салығы қымбат көлік, табак, жылжымайтын мүлікке ғана қолданылады. Менің ойымша, кірістен бастау керек. Бізде салықты бар мүлікке салады. Бұл дұрыс емес, ертең сатып жібереді де, шотында ақшасын ұстайды. Оған қалай салық сала аласыз? Ал дұрыс жерде салықты жинау үшін алдымен кірістен бастау керек».
Әлемдік экономика бойынша сарапшы Амалбек Өміртайдың пайымдауынша, мұндағы мәселе – бірінші кезекте республикалық бюджеттің кіріс көздерінің салықтық түсімдері және салықтық емес түсімдері. Солардың едәуір бөлігін құрайтын біздің БАЖ салығынан түсетін түсімдер.
«Олар мұнайдың бағасына байланысты, экспортталатын энергетикалық ресурстардың, басқа да табиғи ресурстардың нарықтағы бағасына байланысты жүзеге асады. Одан бөлек, жалпы біздің салықтық жүйеміз арқылы түсетін түсімдер. Мұндағы тағы бір үлкен мәселе – біздің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы түсімдер бес мемлекет арасында өзара үлестік бөліске салынады. Ондағы Қазақстанның үлесі 6-7% болуы керек. Бізге сол үлесті көбейту қажет. Бұл мәселенің айтылып жүргеніне 4-5 жыл болды. Себебі Қазақстан геосаяси тұрғыдан, ЕЭО-дан өзге үшінші мемлекеттер арасындағы байланыстар тұрғысынан өзінің географиялық мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр. Сол бес мемлекетке бөлінетін түсімдердің үлесін арттыру өте өзекті мәселе. Кірістен бөлек, республикалық бюджеттің ең ауқымды бөлігі – әлеуметтік саланың бюджеті. Мемлекетіміздің соңғы он жылдықтағы саясаты әлеуметтік төлемдерді өте үлкен көлемде көбейтті десек те өтірік емес. Әлеуметтік шығындарымыз үлкен болып тұр. Аталған әлеуметтік шығындардың бюджетке салмағы артқанымен, халықтың өмір сүру сапасынан көрініс таппай жатыр. Бұл жерде әсіресе мемлекет салықтық түсімдерді ынталандыру бағытында жұмыс істеу керек. Ол үшін біздің кеден, ең бастысы Салық кодексін кәсіпке ыңғайлы етуі шарт. Салықтық түсімдерді көбейтуді де ынталандыру керек және мемлекеттегі шағын орта бизнес болсын, ірі кәсіпорындар болсын, олардың жұмысын жандандыруға да себеп болатын алтын ортасын табу керек. Екі жаққа да ыңғайлы болуы қажет. Одан бөлек, халықаралық саудада Қазақстанның экспортталатын тауарларын тиімді бағада сатуларын қамтамасыз ету керек. Оның орнын басқа мүмкіндіктер болмаған жағдайда Ұлттық қордағы қаржымен толтырады. Бірақ бюджетінің дұрыс жоспарланып, дұрыс жұмсалуын мемлекет қадағалауы тиіс».
Депутаттар не дейді?
«Бюджет қаржысын қалай үнемдеуге болады» деген сұрақты халық қалаулыларына қойып көрдік. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың пікірі Тоқаевтың былтырғы сөзімен үндес шықты.
«Алдымен мерекелер мен ешкімге пайдасы жоқ форумдарды қысқартқан абзал. Облыс орталықтарында халықты алдаусырату мақсатында шетелден, үлкен қалалардан әртіс алдыру сәнге айналғалы қашан. Облыстың мәдениеті қайда, неге ол облыстың мәдениет өкілдері өз өңірлерінде сахнаға шықпайды. Жергілікті ұжымдармен жұмыс істесе, баға он есе арзанға түсетін еді ғой. Бәрі жеңілге жүгіреді. Жұмыс дұрыс атқарылмаған соң, бюджет ақшасы тиімсіз жұмсалады».
Ал Ермұрат Бапи бюджет қаржысын үнемдеуді билік ең алдымен өзінен бастауы тиіс дейді.
«Үнемді мемлекет пен билік өзінен бастау керек. Оның алғышарты – шектен шығып кеткен аппараттық, мемлекеттік атқарушы органдардың штат санын қысқарту. 20 миллион ғана халқы бар Қазақстанда 20-дан астам министрлік, оның комитеттері, департаменттері, жергілікті жердегі органдары мен филиалдарын есептегенде 200 мыңның үстінде мемлекеттік қызметші бар. Ал енді үнем мәселесінен бұрын, әлдеқайда масштабты мәселелер бар. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы субсидиялау мәселесі. Ол субсидияның қайтарымын көріп жатқан жоқпыз. Оны белгілі бір қожалықтар немесе ұйымдар алып жатқан шығар, бірақ оның қайтарымы мемлекетте. Мал басының өсуі немесе басқа да өндірістік агросектордағы дамудың көрсеткіштері жоқ. Бұл елдегі есеп-қисапсыз шығындар үлкен талдауды талап етеді», – деді Ермұрат Бапи.
Республикалық бюджет кірістерінің азаюына не себеп?
Қаржы министрінің пайымдауынша, Қазақстан экономикасына әсер еткен факторлар: геосаяси тұрақсыздық, логистикалық проблемалар, металдың әлемдік бағасының қымбаттауы.
Министрліктің ресми сауалымызға берген жауабына сүйенсек, 2024 жылғы 8 айда 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда республикалық бюджетке салық түсімдері бойынша ең көп төмендеуі мына салаларда байқалады:
• 47,1% – кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласында
• 37,6% – ақпарат пен байланыс бойынша және т.б.
• 34,6% – өңдеу өнеркәсібі бойынша
• 7,9% – тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында
«Биылғы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 88,2%-ға орындалды, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер 1,4%-ға немесе 166,9 млрд теңгеге өсті. Оның ішінде республикалық бюджет 75,5%-ға орындалды, жоспардың орындалмауы 2 378,3 млрд теңгені құрайды, өткен жылмен салыстырғанда түсімдер 9,7%-ға немесе 785,9 млрд теңгеге төмендеді», – делінген ведомство жауабында.
Айта кетейік, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында жаңа салық кодексі 2025 жылға дейін шегерілді. Қазіргі таңда заң жобасы мәжіліс қарауында жатыр.
Айжан ҚАЛИЕВА
Астана қаласы