Декан Қанат Әуесбай сын астында қалды
Ол сертификаттарға «Әуесбайдың Қанаты» деген мөрін басқан.
Журналист Жұлдыз Әбділдә Facebook парақшасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) қабырғасында өткен Жас тілшілер форумына қатысты даулы жазба жариялады. Оның айтуынша, сертификаттарда университеттің немесе факультеттің ресми мөрі емес, деканның жеке мөрі басылған. Бұл жайт журналисті таңғалдырған.
«Өткен жұма, сенбі күндері «Ұлан» газеті дәстүрлі жас тілшілер форумын өткізді. Кенеттен мынау мөрге көзім түсіп, айран-асыр болып отырмын. ҚазҰУ сияқты білдей бір университетте, атам заманнан келе жатқан журналистика факультетінде мөр жоқ па сонда? Әлде журфакты Әуесбайдың Қанаты біржола жекешелендіріп алып па еді? ИП-ның құжаты құсатып не мынау? «Әуесбайдың Қанаты өз-өзінің фанаты» екенін былай да білеміз ғой, бірақ мынаусы тым артық екен», - деп жазды Жұлдыз Әбділдә.
Жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік деканның әрекетін сынға алып, ресми құжаттарға тек факультеттің немесе оқу орнының мөрі басылуы тиіс екенін алға тартты.
Дегенмен, жекелеген қолданушылар бұл жағдайды асығыстықпен байланыстырып, мәжбүрлі шешім болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Алайда автордың айтуынша, Жас тілшілер форумы алдын ала жоспарланған іс-шара болған.
Айта кетейік, Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы қызметіне 2024 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Ол әр жылдары республикалық телеарналарда тілші, жүргізуші, редактор, сондай-ақ түрлі медиа құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған.