Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:34, 02 Қыркүйек 2021

Декларация: Кедейдің тауығы – табыс, байдың малы – есепсіз

None
None

  Күні кеше ғана Украина елінде коррупцияның алдын алу ұлттық агенттігі  ірі қызметте отырған 394 шенеуніктің декларациясын тексерді.

 Олардың атын атап, түсін түстеді. Нәтижесінде, 255 миллион гривнадан астам сомадағы заңбұзушылықтар анықталды. 64 декларация иесіне қатысты қылмыстық және әкімшілік іс қозғалатын болды. Себебі олар 1,1 млн гривнадан асатын сомадағы мүлікті жасырып қалған.

        Осы жайттан кейін іле-шала қазақстандық ірі шенеуніктердің табысы мен байлығын тізіп шыққымыз келген-ді. Бірақ біздің қоғамда ашықтан-ашық табысын жариялаған ірі шенділер некен-саяқ. Бірді-екілі әкімдер, басқарма бастықтары тәрізді мемлекеттік қызметкерлер декларация есебін жариялаған болыпты. Десек те, анау айтқандай ірі-ірі шортандардың шылқыған байлығының нақты, ашық есебін көре алмадық.

       Негізінде, табыс декларациясын жариялау елімізде 2010 жылдан бастап қозғалып келеді. Бірақ 11 жыл өтсе де, бұл жобаның «бір қайнауы» жетіспей, үнемі кейінге шегеріліп келді. Ал былтырдан бері Қазақстан президенті шенеуніктер мен депутаттарға (мәслихат депутаттарынан өзге) шетелдік банктерден есепшот ашуға тыйым салатын «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына қол қойды. Міне, осы тұста біраз мемлекеттік ірі шенеуніктердің шетелде жиған сән-салтанаты белгілі болар, олардың қайсыбірі «шетте жиған байлығын елімізге әкеліп салар» деп үміттенгенбіз. Өкініштісі, ол үмітіміз де ақтала қоймады.

       Жалпы, біздің бай-манаптардың өз қаражаттарын Сингапурда, Ресейде, Лихтенштейн князьдігінде, АҚШ-та және Германияда ұстайтыны белгілі. Еліміздің мемлекеттік кірістер комитеті бұған қатысты жалпылама деректер беруге үйір. Мысалы, аталмыш  құзырлы органның дерегінше, біздің  шенеуніктер Қазақстаннан тыс, шетелде 2 млрд 697,6 млн теңгедей  қаражатты банктерде сақтап отыр. Осы орайда, мемлекеттік кірістер комитеті былтырдан бері 465 мың мемлекеттік қызметшінің және олардың жұбайлары мен балаларының декларациясын тексерген.

         Кірістер комитетінің есебінше, табыс декларациясын тапсырған 465 мың жеке тұлғаның 117-сінің әлемдегі 29 елде банктік шоты бар болып шыққан. Олар Сингапурда 1 миллиард, ал Ресейде жарты миллиард теңгеге жуық қаражат жинақтаған. Тағы 179 жеке тұлғаның шетелде орналасқан 221 нысаны – пәтері, вилласы, коттеджі, қонақүйі, дәмханасы және басқа да жылжымайтын мүлкі бар екені белгілі болды. Олардың 181-і Ресейде болса, қалғаны Түркияда (7), Болгарияда (5) орын тепкен. Қазақстандық шенеуніктер Мәскеуден бизнес нысандарды, кеңселер мен дүкендерді сатып алса, Алания, Анталия, Бодрумнан жылжымайтын мүліктер сатып алған. Бұған қоса, дүние-мүлкін жария еткен 465 мың шенеуніктің 333-інің шетелде 392 көлігі бар көрінеді. Міне, құзырлы орган таратып отырған жалпы дерек осы. Бұл есеп-қисаптарға қарап-ақ мемлекеттік шенеуніктердің жағдайы өте жайлы екенін аңғаруға болады.

  Негізінде, қазір бірқатар елдерде мемлекеттік қызметкерлерге шетелде актив ұстауға, қаражатын шетелдік банктерге салуға заң жүзінде тыйым салынған. Мысалы, біз үнемі үлгі алатын Ресей бүгінде бұл заңды қатаң ұстанып отыр. Ресейде бұл талапты орындамаған адамдар мемлекеттік думаға үміткер бола алмайды. Сол тәрізді Украина, Беларусь елдері де  мемлекеттік қызметкерлерінің шектен тыс шалқып-тасып жүруіне, тапқан табысының шетел асуына жол бермейді. Бізде, керісінше, депутат болып отырып ірі бизнесін жүргізе береді, үкіметті басқарып отырып шетелден жылжымайтын мүлік, бизнес нысандар  сатып ала береді, министр болып жүріп Мальдив аралдарында қыдырып, өмірдің рахатын сезінуге барынша тырысады.

    Бұған қатысты  экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, бізде құзырлы органдар байдың малын емес, кедейдің тауығын санамалап шаршап жүр.

­­     – Елімізде кедей-кепшікке берілетін атаулы әлеуметтік көмек деген бар. Осы жәрдемақыны алып отырған отбасыны тиісті органдар қатты тексереді. Әрбір кірісін есептейді. Ол кірістің ішінде қанша сиыры, қанша тауығы бар –  соның барлығын есепке алады. АӘК алатындардың кірісі асып кететін болса, баспанасы бар болса, ол төлем төленбейді. Бұл өзі аса қомақты сома емес. Берілетіні – 24 мың теңге.  Осы төлемді мемлекеттен алу үшін азаматтарға қаншама құжат жинау керек. Арнайы комиссияның тексеруінен өтуі керек. Тіпті «АӘК-ті ала алмай қалам ба деп, үйіме әдемі теледидар, дүние де  алмаймын.  Оларды алсам, жағдайым жақсарып кетті деп ойлап қалар» деп, ашынған адамдардың да пікірлерін естідік. Сонда бұл не масқара? – дейді сарапшы.

        Маманның пайымдауынша,  бұл – халықты мазақ ету. Расымен де, үкіметтен тиесілі төлемді алу үшін қарапайым халықтың қырық түрлі құжат жинап, табанынан таусылатыны шындық. Кедейдің тауығын табыс қылып, байдың малын есепке алмайтын біздің шенеуніктер, шындап келгенде, осындай мардымсыз әлеуметтік төлемдермен өздері күндерін көре алмайтыны анық. Олардың бір түстік асының өзі бәленбай доллар тұратыны белгілі. Алайда үкіметтің есебінше, кедей-кепшікке осы 24 мың теңге төлеу де жеткілікті. Тіпті былтыр төтенше жағдай кезінде қиын жағдайда қалып, табысынан айырылғандарға үкімет 42 500 теңге төлеп, тіптен күлкіге қалған болатын. Ақиқатында, бұл сома да жыртыққа жамау болмайтын қаражат еді. Бұл реттеэкономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, атқарушы билік халыққа келгенде ұтымды шешімдер қабылдауға асықпайды.

     – Аңғарғанға табыс декларациясы – ұтымды жоба. Осы арқылы көптеген елдер жемқор шенеуніктерін ұстап, олардың жегенін қазынаға қайтарып жатыр. Бізге де жалпақшешейлікті қойып, табысын жасырғандардың барлығының атын атап, түсін түстеп, ашық айту керек. Олар шетелден вилланы, зәулім үйді қай қаражатына сатып алыпты? Осының барлығы толық тексеріліп, шенеуніктер ұрлағандарын елге қайтарсын, – дейді.

        Мамандар осылай дегенмен, ғайыптан тайып ар-ұяттары оянып, «мынау – менікі емес, елдікі» дейтін шенеуніктер табылса, қанекей! Өкініштісі сол –   біз ондай шыншыл әрі өз ісіне сыншыл үкімет мүшелеріне зәруміз ғой.

 Жалпы, қадым заманнан  ар-ұят тұл болған жерде кедейдің аз-маз тапқаны пұл болып саналған емес пе?! Байлар кедейден бір жылтырақ көрсе қызғанып, өзіне алмаққа ниеттенген ғой. Осыған қарап  қазақ  «Байлар жүр жиған малын қоралатып, халқына пайдасы жоқ, құдай атып» деген екен. Біздің үкіметте отырған шенділердің қазіргі әрекеті де тура осыған саяды.

Тегтер: