Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:45

Декларация дауы, көлеңкелі 15 млрд және ештеңе білмейтін Елемесов

Мәжілісі
Фото: Мәжіліс

Мәжілістен репоржат

 

Сейсенбіде тұрақты жалпы отырысын өткізген парламенттің төменгі палатасы осы жолы цифрлық активтер нарығындағы заңсыздықтар жайын ерекше сөз етті. Депутаттардың өздері осы саладан қаншалықты хабардар екенін Құдай білсін. Дегенмен қолы жеткен жерге дейін сермеген қалпымен бар білгенін алдарына келген Қаржылық мониторинг агенттігінің өкіліне айтып бақты. Оның да оңып тұрғаны шамалы екен, кей сұраққа отырыстан кейін асықпай жауап беруге рұқсат сұрап әбігерге түсті. Өйткені қолында дайын тұрған нақты дерегі жоқ. Осы өтінішін әлденеше рет қайталаған соң жиынды басқарып отырған Ерлан Қошанов сарказммен болса да ескерту жасауына тура келді.

Нартайдың ұсынысына Ринат қарсы шықты

Мәжілістің кезекті бір отырысында бірнеше заң жобасы қаралды. Соның ішінде біреуі ерекше назарымызды аударды. Ол кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еді. Назарымызды аударатын себебі де бар. Соңғы бірер жыл бедерінде жиі сөз болып, бірақ істің ақ-қарасын түсіну қиынға соғып тұрған цифрлық активтер нарығы әлі күнге күңгірт тартқан күйінде келеді.

Үнемі халықтың әлеуметтік мұқтаждықтарын жоқтаумен жүретін Нартай Сәрсенғалиев (жалпақ жұртқа Аралбайұлы деп танылған) мәдени құндылықтар тұрғысынан мәселе көтеріп бастады. Оның сөзінше, Қазақстанға әкелінетін және елден әкетілетін мәдени құндылықтардың құны алғашында 5 млн теңгеден асатындар болып бекітілген еді. Тек сол жағдайда ғана ол бұйым Қаржылық мониторинг агенттігінің тексеру субъектісіне айналатын. Кейін ол 1 млн теңгеге дейін төмендетілген.

Сол секілді цифрлық активтермен жасалатын операциялар құны 5 млн теңгеден асса ғана агенттіктің тексеру нысанына айналатын. Сосын оның құнын 1 млн теңгеге дейін төмендету туралы ұсыныс бергенімен, Нартайдың бұл сөзі үкіметтің қорытындысымен қолдау таппай қалған. Сөзінің түйіні «осының шегін неге 1 млн теңгеге дейін төмендетпейсіздер» деген сұрақпен бітті.

Ал агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің жауабына қарағанда, елімізден бір азамат шетелге шығатын болса, 10 мың долларға дейін декларация толтырмайды. Тек сол көлемнен асқан жағдайда ғана декларация тапсырып, ол мәлімет агенттікке мәлім болады. Сол ұстаным цифрлық активтерге де қатысты қолданылып отырғанын айтады, яғни цифрлық актив транзакциясы 5 млн теңгеден асса, онда агенттік «бұл неғылған сауда» деп бақылай алады.

Жалпы талдау жасап көргенде 5 млн теңгеге дейін қарапайым азаматтар ғана транзакция жасайтын болып шыққан. Біз ғана емес, шетелде де солай дейді. Мысалы, АҚШ та 10 мың доллар шекарасын қолданады екен. Канада біздің теңгемен есептегенде 4 млн теңгенің шамасын қолданады. Жапония, Сингапур мен Оңтүстік Корея да осындай 5 млн теңге шегі қолданылады.

Неге екені белгісіз, жиында сөз алған Ринат Зайытов Нартайдың сөзіне кереғар ұсыныс айтты. Депутат әріптесінің айтып отырғаны құлағынан шығып кетті ме, әлде әдейі айтты ма, онысын түсінбедік. Ринат Рифхатұлының сөзінше, миллион теңге дегеніңіз қазірдің өзінде 2 мың доллардың айналасы. Бұл шетелде бір адамды емдетуге де жетпейтін ақша. Тіпті жағдайы бар адамның шетелдегі туысының оқуына аударып жатқан ақшасы да болуы мүмкін. Ертең ол тағы 200 доллар болып қалмасына кім кепіл?!

Бір қызығы Ринат мырза мәдени құндылықтар бағасы туралы айтып отыр ма, әлде цифрлық активтер туралы сөйлеп отыр ма – онысын нақтыламады. Бірақ әйтеуір бақылауға алынатын мүлік көлемінің шегін 1 млн теңгеге дейін түсіру деген ұсынысқа қарсы шыққаны анық. Сөйтіп, сөзінің соңын «соны неге АЕК тәжірибесімен есептемейсіздер» деген басқа мағынаға ауыстырып жіберді. Ал әлгі миллион теңгеге қатысты бұлыңғыр ойының мағынасы ақыры сол жұмбақ күйінде қалды.

«Жас Алаш» жазған 15 млрд мәжілісте айтылды

Оның орнына Ерлан Сайыровтың 15 млрд доллар туралы сөзі әлдеқайда өтімді болды. Цифрлық активтер нарығында айналып жатқан осынша қаражат көлемі туралы «Жас Алашта» бұған дейін бірнеше рет жазғанбыз. Мұнша заңсыздық көлемін көрсетіп беріп отырған шетелдік Chanalysis ұйымы еді. Көптен бері сөз болып жүрген бұл мәселе депутаттың аузынан осы жолы ғана шықты.

Сөйтсек, ҚМА өкілі бұл пайыммен келіспейді екен. Өйткені оның сөзінше, сол 15 млрд доллар туралы мәлімдеме таратқан ұйымның әдістемесі мен есептерін сұратып, оның күмәнді тұстары көп екеніне көз жеткізіпті. Сондықтан мұндай қаражат көлемі туралы айтуға әзір ерте деп санайды. Сөйте тұра, елдің цифрлық активтер нарығындағы көлеңкелі айналымда жүрген қаражат көлеміне қатысты өздерінде ешқандай болжамды болса да ақпарат жоқ. Тіпті президент президент айтқан криптоинвесторлардың 95%-ы «сұр» нарықта жүр дегені де осы шетелдік ұйымның мәлімдемесі еді. Демек, ҚМА Тоқаевтың сөзін мойындамайды деген сөз.

Бір қызығы, депутаттар сұрағына жауап беріп тұрған агенттік өкілі ел аумағында цифрлық активтер айналымына тыйым салынғанын айтты. Негізі «Цифрлық активтер туралы» заң бойынша тек қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер айналымына ғана тыйым салынған. Ал қамтамасыз етілген активтер Қазақстанда әзірге іс жүзінде жүзеге асып жатпаса да заң бойынша оларға мұндай тыйым қолданылмайды. Төраға орынбасары мәжіліс төрінде тұрып, өзі де қателесіп, елді де шатастырып тұрғанын білмеген сияқты.

Бірақ Сайыров мұнымен де тоқтамады. Елемесовке қарата айтқан тағы бір дерегі – елден заңсыз шығарылған қаражат көлеміне қатысты. Әртүрлі дереккөздерге қарағанда, Қазақстан аумағынан шетелге 150-ден 200 млрд долларға дейінгі көлемде қаражат заңсыз кеткен. Ол да шетелдік сараптама ұйымдарының мәліметтерінен алынған. Оның үстіне, Қазақстанның қазіргі көлеңкелі экономикасы 42 млрд долларға бағаланып отыр. Бұған не дер екен деп Елемесовтің сөзін күткенбіз.

Сөйтсек, бұл жөнінде де ештеңе білмейтін болып шықты. Әйтеуір, әрбір дерек бойынша мәліметтері жеке-жеке қаралатынын, онымен айналысатын арнайы өкілдері бар екенін айтып, ақталып көрді. Алайда осы 30 жыл ішінде қанша қаражат заңсыз шығарылғаны жөнінде еш мәліметі жоқ. Осы бағытта ешқандай аудит те жүргізілмеген. Сондықтан 150-200 млрд доллар шамасындағы мәселе әзірге жабулы қазан күйінде қала береді деген сөз. Оның орнына 2024 жылдың басынан бері шетелден ел қазынасына 420 млрд теңгеден астам қаражаттың қайтарылғанын ғана айта алды.

Елемесов қандай құжат әкелгенін өз білмейді

ҚМА өкілін мәжіліс мінберінде қызартқан Сайыров қана емес. Алдына келген заң жобасымен жіті танысып алған Бақытжан Базарбек те құжаттың кемшін тұсын айтып, Елемесовті тағы састырды. Депутаттың айтуынша, бірнеше нысан қаржылық бақылау нысандарының қатарына кірмей қалған. Оның ішінде, мысалы, «Заңсыз активтерді қайтару туралы» ЖШС бар. Біздің пайымымызша, депутат бұл жерде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ын айтып отырған сияқты. Сондай-ақ Астана HUB, «Қазақстан халқына» ҚҚ, автоломбардтар, тіпті «Жасыл даму» АҚ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Бірыңғай есеп беру орталықтары мен эндаумент-қорлар да агенттіктің бақылауынан шығып қалған.

Агенттік өкілі депутаттың сөзін жоққа шығарып, барлығы бірдей емес, ішінде Астана HUB, автоломбард секілді кейбірі бақылау аймағында екенін айтып көрген. Сөйтіп, басқа айтылып отырған нысандар бойынша «ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз» деп былдырлай бастап еді, оған Базарбек алдана қоймады. Заң жобасының 3-бабындағы 20 субъектінің қатарына Астана HUB-тың да, автоломбардтардың да кірмей қалғанын айтып, өтірігін бетіне басты. Оның үстіне, заңсыз табылған активтердің көбі майнинг орталықтары арқылы өтіп жатқанын, ал сол майнинг орталықтарының біразы Астана HUB-тың ішіне кіретінін тағы мысал етіп келтірді. Мәжіліске өзі әкеліп тұрған құжатын өзі білмегенімен қоймай, тағы жұртты алдағысы келген шенеуніктің бұл әрекеті енді шектен шыққандық.

Әрқайсынан сөз естіп болған ҚМА төрағасының орынбасарының іштей не күйге түскенін елестету де қиын шығар. Әйтеуір, әкелген құжатын депутаттар ары-бері талқылап, бірінші оқылымнан мақұлдап шығарды. Бірақ жиыннан кейін жауап беретінін айтып уәде еткен нақты мәліметтің бәрін екінші оқылымға дейін қайта қарастыру қажет.

Ербол Тұрымбет

Астана