Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 09 Желтоқсан 2021

«Дембел» Даниал. Жұмбақ әкім отставкаға кете ме?

None
None

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов – көпті көрген қазақстандық «Олимп» үшін де жұмбақ жан.

Ол қазір 66 жаста. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің лауазымын 2014 жылдан бері атқарып келеді. Оннан аса орден-медальдармен марапатталған Даниал Кенжетайұлының қызметіне қатысты ел пікірі екіұшты.

Бірі оның мақтауын асырса, екіншісі отставкаға кетуін талап етуде. Тәуелсіздік алғалы бері саяси элитаның бел ортасында жүрген айтулы тұлғаның артынан сөз ереді делік. Ол бір кездері үкімет тізгінін ұстап та көрген. Артынша қорғаныс министрі болып жүріп, саясаттан бірнеше жылға шеттетілгені ел есінде.

Қазақстанның саяси аренасының ішіндегі «жартылай жұмбақ адам» атанып кеткен Ахметовтің қызметтік карьерасы тоқтаусыз өсті. Оның бағын ашқан Екібастұздың көмірі еді. Даниал Кенжетайұлы ескі Одақта апалаң-топалаң басталып, мемлекеттің мүлкі талан-таражға түсіп жатқан шақ – 1992-93 жылдары Екібастұз басшылығына келеді. Қолында билігі бар жан үшін қор жинап, қомданып қалудың таптырмас сәті де сол шақ болғаны белгілі. Содан кейін «жұмбақ адамымыз» бір жылдың ішінде Павлодар облысының әкімі болды. «Дәл осы қызметте жүргенде Даниал Ахметов еврейлермен етене араласып, Александр Машкеевичтің «майлыкөйлек» досына айналды» дейді сарапшылар.

Олай деп топшылауға себеп те жоқ емес. Осы кезеңнен бастап, Даниал Кенжетайұлының саяси карьерасы ұдайы өсіп отырған сияқты. Солтүстік өңірдің екі облысын басқарды, үкіметтің екі тізгін, бір шылбырын да қолға алды. Мысалы, кімнің бата беруінің арқасында инвесторлар облысқа келіп, нәтижесінде, ұлы Талғаттың көпсалалы бизнесі дамып келеді емес пе? Соның нәтижесінде, Талғат Даниалұлы Forbes-тың үздік 30 тізіміне кірді.

Үлкен Ахметовтің журналистерді жақтырмайтыны тағы бар. Одан қалса, жыл басталғалы бері «зейнеткер әкімнің» жұмыстан кетуін және оның жұмыс істеуін тексеруді талап етушілер қатары артып келеді. Қарт Семейдің өзі жыл басынан бері түрлі дау-дамайдың астына қалып отыр. Жағдайдың ушыққаны соншалық – қараша халық пен кәсіпкерлер құрылыс саласындағы былықтан бөлек, инвестиция, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге қатысты мәселелерді тізбектеп, президентке облыс басшылығын тексеруге ұсыныс тастаған еді.

Айтпақшы, күні кеше Ахметовтің орынбасарына қатысты дау шықты. Жергілікті ауыл шаруашылығы саласының өкілдері әкім орынбасары Ержан Нұрбаевтың сыбайластыққа итермелейтін әрекеттері бар екенін айтып, шағымданған. Сондай-ақ Нұрбаев ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған кезеңде және кейіннен облыс әкімінің орынбасары болған уақытта да «онымен үлестес ауыл шаруашылығы кәсіпорындары субсидияларды толық көлемде алатындай, ал бөлінген қаражат көбінесе облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының толық қажеттілігін қамтамасыз етпейтіндей, бюджет қаражатын бөлу жөнінде үнемі нұсқаулар бергенін» айтты шаруалар. Егер ақпараттың рас екені анықталса, онда әкімнің де қызметінен кетуіне тура келетін шығар? Себебі қалыптасқан «дәстүр» бойынша қол астындағысы жемқор болса, өзі де жемқор дегенді білдіреді емес пе?

Бизнес өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік сатып алу кезінде тәртіп бұзушылық орын алатын көрінеді. Осы мәселеге қатысты «ДСУ №14» ЖШС бас директоры Александр Федосов БАҚ өкілдеріне сұхбат берген. Оның сөзіне қарағанда, былтырдан бері оның фирмасы Өскемен қаласының жолдарын жөндеуге қатысты бірнеше тендер конкурсына қатысқан. Бірақ конкурс өту керек күннен бір күн бұрын бюджеттік комиссияның шешімімен сатып алуға қатыса алмай қалады. Сондай-ақ Семейде құрылыс нарығы да жекеге өтіп кеткен көрінеді. Өйткені соңғы уақытта құрылыс жұмыстарының барлығын бір фирма атқарады. Сондай-ақ барлық тендерден де сол фирма жеңіске жетеді екен.

Осыдан шамамен он жыл бұрын, өзіне сеніп тапсырылған қорғаныс министрлігінде бірқатар сыбайлас жемқорлық жанжалдарынан кейін жұмыстан босатылған соң, ол саяси алаңнан біраз уақытқа жоғалып кетті. Бірақ 2010 жылы Ахметов Владимир Ни дейтін кәріс кәсіпкердің жерлігінде жүрген жерінен көзге ілікті. Онан соң іле-шала Ахметовтің экологиялық энергетика саласы бойынша компания басшылығына жайғасқанын БАҚ жазды. Ал 2011 жылы оны Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым саласы бойынша мүшелігіне тағайындағаны туралы ақпарат шықты. Тіпті бір жылдары «қызметтік карьерасындағы құлдырауды «көтере алмаған» Ахметов өз-өзіне қол жұмсамақ» деген де ақпарат ел ішінден қызу талқы болған. Десе де, біраз уақыттан кейін оның дін аман және дені сау екені, одан бөлек, «Тұңғыш Президент» орденімен марапатталғаны белгілі болды. Бірақ Ахметов әскери министрі болған кезде есеп комитеті онда 82 миллион доллар ақшаның жоғалғанын анықтайды. Ал Ахметовтің мансабында мұндай түсінбеушіліктер жеткілікті.

Бәлкім, сондықтан болар, бизнесмендермен соттасуға ниет білдіріп, арызын кері алғаны. Әңгіменің әлқиссасы Семей мен Өскемендегі кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің отставкасын талап етуінен басталды. Оқиға жаз айында болған. Аймақтың әр жерінен жиналған кәсіпкерлер өңір басшылығының іс-әрекеттерінен зардап шеккендерін айтып, баспасөз жиынын өткізіпті. Олар негізінен тендер ойнатудағы заңсыздықтар жайлы сөз етіп, тендер ойнату кезінде Ахметов әкімдігі өздеріне жақын адамдардың пайда-мүддесін қорғап шығатынын айтқан. «Біз ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің лауазымын босату туралы мәселені қарастыруды сұраймыз. Ол мемлекеттік биліктің абыройына айтарлықтай нұқсан келтіруде. Біз өз шындығымызға сенімдіміз және алдағы уақытта өзіміздің азаматтық ұстанымымызды сақтап қаламыз», – дейді «Металлист» ЖШС жетекшісі Серік Айдос.

Бұған қоса, наразы кәсіпкерлер пандемия кезінде әкімдік тек бір мердігерден қажетті заттар сатып алғанын алға тартады. Сөздерінше, бұл жерде де іс таза емес. Дегенмен әкімдік өкілдері мұның барлығын жоққа шығарып, айғақпен дәлелдеуді сұрады. Нәтижесінде облыс әкімі кәсіпкерлерді «жала жапты» деген айыппен сотқа тартып, артынша арызын қайтып алған сыңайлы.

Бірақ саяси элита Ахметовті «тұрақтандырғыш» ретінде әлі қажет көретін сыңайлы. Өйткені, дәл осы Ахметов 2002 жылы бұрынғы әкім Ғалымжан Жақияновтың тұтқындалуына және одан әрі қонуына алаңдаған өзінің туған Павлодар облысын қамшымен тыныштандыра алды. Ол кезде Даниал Кенжетайұлы Ертістің жағалауын бұзып, қайта тұрғызып, павлодарлықтардан «Жақиянов рухын» қуып шығарды. Бірақ «темір Даниал» енді ондай емес сияқты: «әмбебап сарбаз» шаршап, «дембелге шығуын» күтетін сыңайлы.

Біздің мақсатымыз Ахметовті айыптап, аттан аударып түсіру емес. Көпшілік сол кісі осы қызметтерде жүргенде елінің игілігі үшін не істеді дегенде, бәріміз күмілжіп, аузымызға құм құйғандай үнсіз қаламыз. Өйткені ойға оралатын, еске түсіретін ештеңе жоқ секілді. Тек «жас түркілерге» қарсы майданда «жарқылдап» көзге түскені ғана есте.

Тегтер: