Демографилық ахуал: кеше және бүгін
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес қазір Қазақстанның халық саны 19 741 283 адамға жеткен. Оның ішінде 12 188 601-і – қала, 7 552 682-сі ауыл халқы. Әйелдердің саны – 10 106 665, ерлердің саны – 9 634 618.
Ал елдегі халықтың өсу қарқынына келер болсақ, Павлодарда 1,3 пайыз, Қарағанды 2,7 пайыз, Ақтөбе 16,5 пайыз, Жамбыл 10,7 пайыз, Түркістан 9,1 пайыз, Батыс Қазақстан 9,8 пайыз және Алматы 14,1 пайызды құрап отыр. Тәуекелдің сары аймағына халықтың өсу қарқыны орташа республикалық деңгейден аспайтын Қызылорда және Атырау облыстарын жатады. Ал қызыл, яғни қауіп-қатер жоғары аймаққа кіретін халықтың өсу қарқыны жоғары өңірлер мен қалалар туралы айтар болсақ, Астана 87,7 пайыз, Шымкент 68,8 пайызбен көш бастап тұр. Одан соң Маңғыстау облысы 44,8 пайыз және Алматы қаласы 40,7 пайыз. Халықтың тым жоғары өсу қарқыны, халық тығыз қоныстанған аумақтар мен мегаполистерде қысқа мерзімде шешілуі қажет көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелерді туындатып отыр.
Жаңа демографиялық тұжырымдама қажет
Сарапшылардың айтуынша, демографиялық саясатты құжат жүзінде қарастыратын болсақ, осы күнге дейін 2011 жылы қабылданған демографиялық саясат тұжырымдамасы жұмыс істеп келді. Ал бүгінде бұл құжат заңды күшін жойған, мерзімі аяқталған. Мамандар қазіргі таңда Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық акті жоқтың қасы дейді. Осының салдарынан көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер туындап отыр. Соның ішінде экономикалық даму векторы халықтың этнодемографиялық үрдісін, әлеуметтік-мәдени мұқтаждықтарын ескермей жатады екен. Нәтижесінде, осының салдарынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық қауіпсіздік салаларында түрлі келеңсіздік туындап, сәйкессіздіктер орын алып жатады. Әлбетте, бұл тұрғыдан жүйелі жұмыс пен нақтылы шешімдер қажет болатыны сөзсіз.
Тарихи отанына оралған қандастар
Ұлттық статистикалық басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, 1991 жылы тәуелсіздік алған соң, Қазақстан Республикасы Кеңес Одағының ыдырауының әсерінен демографиялық дағдарысқа тап келді. Аз ғана уақыттың ішінде халық саны 16 миллион 793 мыңнан 14 миллион 867 мыңға дейін бірақ түсті.
Ол кездері халықтың жалпы санының тек 40 пайызы қазақтар болған деседі. Одақ ыдыраған соң орыс, неміс, украин және тағы басқа да ұлт өкілдері өздерінің тарихи отанына үдере көшуді бастады. Ал үлкен демографиялық дағдарысқа тап болған Қазақстан 40-тан астам елден 5 миллионға жуық қазақты, соның ішінде 1920-1930 жылдары Кеңес Одағы кезіндегі саяси қысыммен ашаршылықтан қашқан азаматтарды елге қайтаруға бағытталған демографиялық саясатын әзірледі. Өз кезегінде ол нәтижесін берді де. Мәселен, тәуелсіздік алған жылы елде қазақтардың саны 7 миллионның үстінде ғана болса, 2012 жылы 10 миллион 979 мың адамға бірақ жеткен. 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 миллион 107 мың этностық қазақ тарихи отанына оралды. Ал өткен жылы 19 178 адам қандас мәртебесін иеленді.
Жалпы қандастарымызға ыңғайлы болуы үшін, оларды Отанға оралту үшін бөлінетін квота мөлшері уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған деректерге зер салсақ, биыл елге қоныс аударушылар мен қандастарға 8600-ден аса арнайы квота бөлінген. Бұл квота саны өткен жылмен салыстырғанда 566 бірлікке артық. Өңірлерге тоқталсақ, квота қандастар үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 138 адам, Қостанай облысы бойынша – 150, Абай облысы бойынша – 196, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 239, Ақмола облысы бойынша – 270, Павлодар облысы бойынша – 932 адамға беріледі. Оған қоса, қоныс аударушылар үшін: Қарағанды облысы бойынша – 33 адам, Ұлытау облысы бойынша – 120, Абай облысы бойынша – 238, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 305, Қостанай облысы бойынша – 530, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 2 660, Павлодар облысы бойынша 2 841 адам. Әрі қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау үшін қосымша субсидия да бар. Нақтыласақ, көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) көлемінде біржолғы төлем, бір отбасына 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) қарастырылған.
Аналарға берілетін әлеуметтік көмек артып келеді
Табиғи өсім болуы үшін аналарға қажетті медициналық көмек және әлеуметтік жәрдемақы көлемі артуы қажет екенін білеміз. Бүгінгі таңда Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық актінің жаңа нұсқасы жасалып, қабылданбаса да елдегі табиғи өсім соңғы 5-6 жылда артып жатыр. Мысалы қазіргі күні әрбір қазақстандық әйелге 3 баладан келеді. Мемлекет те жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны бала 1,5 жасқа толғанға дейін төлейтін болды. Ал осы уақытқа дейін жәрдемақы тек 1 жасқа дейінгі балаларға берілетін. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл жәрдемақының мөлшері де артып отыр: бірінші балаға – 5,76 АЕК (19 872 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (23 495 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (27 083 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (30 705 теңге). Статистикаға сүйенсек, мемлекет тарапынан осындай қолдаудың артуының әсерінен елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға дейін артқан. Тағы бір факт, елімізде күн сайын 1000-нан астам сәби өмірге келеді екен. Егер осы қарқынмен жүре берсек, 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады деген болжам бар.
Өңірлік дамуды жоспарлауда жергілікті демографиялық ахуал мен динамика ескерілу керек
Сала мамандары өңірлік жоспарлау әдістемесінің «Ағымдағы ахуалды талдау» бөліміне, аумақтық даму бағдарламалары мен жоспарларына облыс халқының жалпы саны, қалалық және ауылдық жерлерде орналасуы, халық тығыздығы секілді басқа да негізгі параметрлерді енгізу, жыныстық-жас құрылымының жай-күйі, табиғи өсім, ішкі және сыртқы көші-қон сальдосы туралы соңғы және ағымдағы деректерді қосып, басқа салалар мен жоспарларды құрғанда ескерілуі керек дейді. Оған қоса, өңірді дамытудың бағыттарын, мақсаттары мен міндеттерін қалыптасқан демографиялық жағдайды талдай отырып арнайы әлеуметтік сауалнамалармен байланыстыру қажеттілігі де жоқ емес. Әрі әртүрлі іс-шараларды жоспарлау кезінде олардың іске асырылуы жергілікті аумақтың негізгі демографиялық параметрлеріне қалай әсер ететінін бағалау да оңтайлы шешімдер қабылдауға оң әсер етеді.