Демография жолы: 30 миллион халық қуаныш па, қауіп пе?

Осыдан бірер жыл бұрын халық саны жиырма миллионға жеткені туралы ақжолтай жаңалықты естіп, дүйім жұрт қуанысып қалған-ды.
Ұлттық статистика бюросы демографиялық деректерді ескеріп, яғни елімізде тұрақты мекен ететіндерді, көшіп кеткендер мен өмірге келген сәбилерді, қайтыс болғандарды есепке алып, халық санын шығарған болатын. Мұндай қуанышқа себеп те көп. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы демографиялық дағдарыстан шығып, мемлекет ретінде тұрақты даму жолына түсудің бір дәлелі осы жаңалық іспетті болды. Алайда халықтың көбею қарқынына қуана отырып, елдің ішкі құрылымына, әлеуметтік-экономикалық алғышарттарына және болашақтағы демографиялық траекториясына үңілмей болмас. Ұлттық статистика бюросы халық санын ай сайын жаңартып отырады. Ол санақта жан саны айына шамамен 20–25 мың адамға артатынын байқауға болады. Биыл 1 наурыздағы ақпарат бойынша қазір елімізде 20 316 155 халық бар деп есептеген. Мұның 13 миллионға жуығын қала тұрғындары құраса, қалған 7 миллион халық ауылда тұрады екен.
Хош. XX–ХХІ ғасырларда жалпы әлемдегі адамзат саны тым жоғары қарқынмен өсіп келе жатыр. Мұндай жедел өсіммен халық санының артуын ғылымда «демографиялық жарылыс» деп те атайды. Адам баласы жаралып, тарих басталғалы бері халықтың өсімі өте баяу жүрген болатын. Соғыс пен індет, ашаршылық пен жұт секілді апаттар адам санын азайтып, өсімін тежеп келген. Бірақ соған қарамастан, 1820 жылы жер бетіндегі адам саны миллиардқа жетіп, демографиялық өсім жаңа белеске көтерілген еді. Арада 107 жыл өткенде, яғни 1927 жылы екі еселеніп, ал 32 жылдан кейін 3 миллиардқа, 1974 жылы 15 жылдан соң 4 миллиардқа жетті. 5 миллиардтың табалдырығын аттау үшін де небәрі 13 жыл қажет болса, одан кейін бар-жоғы 12 жылдан соң, 1999 жылы 6 миллиардқа жетті. Бүгінде 7 миллиардты еңсеріп үлгеріппіз. Яғни халық санының соңғы жедел өсімі бойынша адамзат санының еселенуі үшін кететін уақыт барған сайын қысқара түсуде. Тіпті ешқандай статистикаға сүйенбей-ақ, қарабайыр логикаға салғанның өзінде жер бетіндегі 7 миллиард адам жыл сайын ондаған миллионға көбейіп отыратынын межелеуге болады. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде халық саны 16,4 миллион болатын. 32 жылдың ішіндегі өсім 22,3%-ға жетті. Тәуелсіздігімізді жариялаған жылы бала туу көрсеткіші 353,2 мың болса, 2022 жылы 403,9 мыңға артты десе-ді. Қазақстанның тарихында бала туудың рекордтық нәтижесі 2021 жылы тіркелді. Сол жылы елімізде 446 мың бала дүниеге келген. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуі бойынша Қазақстан халқының саны 2050 жылы, яғни 27 жылдан кейін 25 миллионға жетуі мүмкін екенін алға тартады. Ал 30 миллионға 2100 жылы жетеміз деген деректер де бар. Бұл болжамды да Біріккен Ұлттар Ұйымы зерттеу жасау арқылы мәлімдеген. Қазақстан халқының саны 1 миллионға өсу көрсеткішіне екі жылда жетті. Бұл демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты. 2020, 2021, 2022 жылы «бэйби бум» құбылысы болған. Соның нәтижесінде 19 миллион халық саны 20 миллионға бір-ақ жетті.
Дегенмен асығыс асыр сап қуануға да болмас. Себебі егер 2024 жылдың алғашқы жартысында халық санының табиғи өсімі 118 мыңнан асса, 2025 жылдың сол кезеңінде бұл көрсеткіш 96 мыңға дейін төмендеп кеткен. Бұл – халық өсімінің бар екенін, бірақ қарқыны бәсеңдей бастағанын аңғартатын жайт. Бұл тек біздің елге тән жағдай десек дұрыс болмас, бүгінде күллі әлем демографияның әлдеқайда баяулап жатқанын алға тартып, дабыл қағып отыр.
Қытайдағы халық саны 1982 жылы 1 миллиардтан асты. Одан бергі 40 жыл ішінде 400 миллионнан астам адам қосылып, 2022 жылы 1 411 800 000-ға жетті. Бірақ соңғы көрсеткішті жетті дегеннен гөрі, түсті деген дұрысырақ, себебі 2022 жылы Қытай халқының саны 2021 жылға қарағанда 850 мың адамға азайған. 1965 жылы Қытайда бір әйелге 6 баладан келсе, бір баладан асырмау туралы шектеу енгізілген 1979 жылдан кейін бұл көрсеткіш 2,32-ге құлайды. Осы инерциямен 1990 жылдарға дейін келеді де, 1995 жылы 1,65-ке бір-ақ құлдырайды. Ал былтырғы көрсеткіші 1,07. Халық санының өсу қарқыны тежелгенін байқаған соң, 2016 жылы Қытай бала санын шектеуден бас тартқанмен, өсім қарқыны төмендеген үстіне төмендеп келеді. Адам санының өсімі күрт құлдырап кеткен тағы бір ел – Оңтүстік Корея. 1950–1990 жылдар арасында 20 миллионнан 40 миллионға жетіп, 40 жыл ішінде екі есе өсіп кеткен Корей халқының бэби-бумы ғасырлар тоғысында тоқырай бастады. Бұрын бір әйел орташа есеппен 6 бала туса, қазір бір әйелге 0,84 баладан ғана келеді екен. Кәрістерде де 90-жылдары бэби-бумнан қорқу синдромы болған. Нәтижесінде, елде аборт жасату көбейген, жұрттың көбі ұл бала тудырып алса, ары қарай бала тууға құлықсыздық таныта бастаған. Мұны тоқтату үшін ел үкіметі дәрігерлердің шарана жынысын айтуына тыйым да салған. Кәрістер осы бетімен кете берсе, 2040 жылдары бір жас адамға үш кәрі адамнан келеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде бұл елде қаптаған зейнеткерлердің мәселесін қалай шешеміз деген түйткіл күн тәртібінде тұр. Ең алдымен зейнет жасын ұлғайту туралы шешім қабылданды. 2034 жылға дейін зейнет жасы 61-ден 65-ке дейін ұзартылмақ. Бірақ бұл жастардың мансап жолында өсуіне кедергі келтірді. Кореямен шектес орналасқан Жапонияда да бала тууды құндылық санамайтын жаңа буын өсіп шықты. Батыс құндылықтарын бізден гөрі ерте қабылдаған, даму жолына тым ерте түскен Жапонияда халық саны 2050 жылға қарай 120 миллиондық межеден төмендеп, 80 миллионға дейін құлдырайды деген болжам бар. Осы орайда алдағы он жылдықта елдегі халық саны қаншаға жетпек деген сұрақтың туатыны рас. Оның үстіне 30 миллион халыққа қанша жылда жетеміз деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Демограф Батжан Ақмолдинаның айтуынша, Қазақстан халқы орта есеппен соңғы жылдары жыл сайын 1,3% өсім көрсетіп отырғанын айтады.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ 2036–2037 ЖЫЛДАРЫ 30 МИЛЛИОНҒА ЖЕТЕДІ
«Бүгінде Қазақстан халқының демографиялық даму қарқыны елдің әлеуметтік-экономикалық келешегі тұрғысынан аса маңызды факторлардың бірі болып отыр. Соңғы жылдардағы ресми деректерге сүйенсек, халық саны жыл сайын шамамен 1,3 пайызға артып келеді. Бұл – табиғи өсімнің әлі де бар екенінің көрсеткіші. Әсіресе карантин кезеңінде байқалған «бэйби-бум» құбылысы халық санының күрт артуына себеп болды. Нәтижесінде еліміз бірер жылдың ішінде 20 миллиондық меже шегінен өтіп, жаңа бір демографиялық белесті бағындырды. Осы қарқын, табиғи өсімнің тұрақты сақталуы және миграциялық процестердің әсерімен Қазақстан халқы шамамен 2036–2037 жылдары 30 миллионға жетуі мүмкін деген болжам айтылып жүр. Менің ойымша, әрине. Дегенмен бұл нақты әрі түпкілікті тұжырым емес. Өйткені жаһандық, саяси немесе экономикалық сипаттағы түрлі факторлар бұл үрдісті баяулатуы немесе өзгертулері ықтимал. Бүгінгі демографиялық ахуалды әлемдік көрсеткіштермен салыстыра қарасақ, Қазақстан халқы жас құрылымында да өзіндік ерекшелікке ие. Біздің елде халықтың орташа жасы 32,3 жасқа жеткен. Бұл – дүниежүзіндегі 230 мемлекеттің ішінде 114-орынға тұрақтадық деген сөз. Демек, Қазақстан халқы жас та емес, қарт та емес, салыстырмалы түрде алғанда орта деңгейде орналасқан. Алайда бұл дерек біздің де әлемдік үрдістен тысқары қалмайтынымызды көрсетеді. Яғни қоғам жасының ұлғаюы, халықтың қартаю үрдісі Қазақстанды да айналып өтпеді. Әлем елдеріндегі қартаю мәселесі соңғы онжылдықтарда ғалымдар мен саясаткерлердің басты тақырыбына айналып отыр. Бір жағынан, бұл құбылыстың жағымды қыры да бар. Халықтың өмір сүру ұзақтығы артып келеді, медицинаның дамуы, тұрмыс сапасының жақсаруы, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі адамдарға бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының жетістігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Алайда басқа қырынан қарасақ, қартайған халықтың үлесінің артуы белгілі бір әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды да туғызбай қоймайды. Ең әуелі, еңбекке жарамды халықтың мойнындағы әлеуметтік жүктеме көбейеді. Яғни жұмыс істеп, салық төлеп отырған азаматтардың санына қарағанда, зейнет жасындағы қарттардың үлесі артқан сайын, әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін бюджет шығындары да арта түседі. Бұл өз кезегінде экономикалық жүйеге салмақ салады, зейнетақы қорларының тұрақтылығына әсер етеді, денсаулық сақтау саласындағы шығындар көбейеді.
Осы орайда демографиялық саясаттың маңызы арта түседі. Қазақстан үшін халықтың табиғи өсімін ынталандыру, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, ана мен бала денсаулығын қорғау, білім мен жұмыс орындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету стратегиялық басымдық болып қала береді. Халықтың өсуі тек сандық көрсеткіш қана емес, ол елдің экономикалық қуатын арттыратын, еңбек нарығын кеңейтетін, болашақтағы тұрақты дамудың негізін құрайтын басты факторлардың бірі. Сондықтан мемлекет үшін демография саласындағы саясатты кешенді жүргізу – уақыт талабы. Миграциялық процестер де халық санының динамикасына елеулі ықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Соңғы жылдары Қазақстаннан шетелге қоныс аударушылар да, елімізге келіп тұрақтап жатқандар да бар. Бұл құбылыстар халық құрылымына, еңбек нарығына, тіпті мәдени ландшафтқа әсер етпей қоймайды. Егер миграция саясаты дұрыс басқарылса, ол елдің дамуына жаңа серпін береді, ал бақылаусыз жағдайда белгілі бір әлеуметтік шиеленістерге себеп болуы мүмкін», – дейді Б.Ақмолдина.

ЖЕРГЕ ҚАНША АДАМ КЕРЕК?
Соңғы екі ғасырда адам саны туу көрсеткіші есебінен емес, өлім көрсеткішінің төмендеуінен өсіп отырған. Мәселен, ортағасырларда өлім көрсеткіші мен туу көрсеткіші қарайлас болса, соған сәйкес, адамның орташа жасы 50-ге жетпейтін, ол кезде адам үйленіп, асса немере сүйіп үлгеретін. Болмаса, ол да жоқ. Кейін эпидемиялар мен соғыстар адам санына әсер еткенмен, баяғыдай апаттық жағдайға жеткізбейтін болды. Эпидемияға қарсы екпелер салынды, санитарлық қауіпсіздіктер күшейтілді, тамақтану мәдениеті қалыптасты, салауатты өмір салтын ұстану дамыды. Соның есебінен ХХ–ХХІ ғасырда адам саны тоқтаусыз өсумен болды. Халық санының өсуіне байланысты да екіұдай пікірлер жеткілікті. Ежелгі дүниенің атақты ойшылы Платон «халықтың санының өсуі ешқашан қолайлы болмаған, халықтың санының өсуі адамдарды басқа елдерге көшуіне мәжбүр етеді», – десе, біздің дәуіріміздің ғалымы Пол Эрлих: «Халық санының өсуі ең үлкен қауіп, егер де бұл тенденция өзгермесе, әлем халқы өзін-өзі іштей жарады», – деген пікір айтады. Бұған қарсы Дж.Саймонның ойынша, неғұрлым адам көп болса, соғұрлым талантты адамдардың қарасы көбейіп, тиісінше адам мәселесін шешетін мүмкіндіктер туады деп қараған. Егер сарапқа салсақ, екі пікірдің де өз шындығы бар. Адам санының өсуі көптеген мәселелерді тудыратыны айдан анық. Халықтың тым көбейіп кетуі әлеуметтік-экономикалық жағдайды шиеленістіріп, арты дағдарыс пен аштыққа ұрындыруы ғажап емес. Десе де, бұл екінші қатардағы мәселелер. Ең әуелі сонша халыққа мемлекеттер қалай дайын болмақ деген сұраққа мемлекеттің берер жауабы қызық. Шыны керек, біз үнемі демографиялық саясат туралы дабыра жасап, жиі айта береміз. Әр кезеңде халық санының өсуі, ұрпақ өрбіту, отбасы институтын нығайту мәселелері саясаткерлердің де, ғалымдардың да, жалпы қоғамның да назарынан түскен емес. Халық санын көбейту, демографияны жақсарту туралы ұран сөздер тәуелсіздік алғалы бері тоқтаусыз айтылып келе жатқаны да рас. Біз әр онжылдықта халық санын арттыру туралы жоспар құрып, «миллиондарға жеттік» деп қуансақ та, соған қарамастан халық өсіміне дайындықтың жоқ екенін, ең қарапайымы мектеп, балабақша, тұрғын үй сияқты қажеттіліктердің жетіспейтінін амалсыз мойындауға тура келеді. Мәселен, халық санының артуы табиғи заңдылық болса да, оған лайық әлеуметтік база жасалмаса, бұл өсім елдің әл-ауқатына қауіп төндіруі мүмкін. Қазақстанның ірі қалаларында жаңа туылған балаларға арналған балабақша орындарының тапшылығы, жас отбасыларға қолжетімді баспана жетіспеуі, ауылдық жерлерде сапалы мектеп салудың баяулығы – осының айқын көрінісі. Сонымен қатар халық санының өсуіне байланысты жұмыс орындарын ашу, еңбек нарығын дамыту да өзекті мәселе. Тек қана туу көрсеткіші артып, халық саны көбейгенімен, олардың бәріне лайықты жұмыс табылмаса, қоғамда әлеуметтік теңсіздік тереңдеп, миграциялық үдерістер күшейе түседі. Бүгінде көптеген жастардың шетелге кетіп, басқа елдерде өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ұмтылуы осыған бір дәлел. Сондықтан демографиялық саясатты тек бала санын көбейту ретінде қарау жеткіліксіз, ол сонымен бірге халықтың әлеуетін ел ішінде жүзеге асыратын, азаматтарға сапалы өмір сүруге жағдай жасайтын әлеуметтік саясатпен ұштасуы тиіс емес пе еді деген ойға қаласың.
Бұл туралы саясаттанушы Есхат Мәденнен сұрап көрдік.

ЭКОНОМИКА ТҮЗЕЛМЕЙ, ДЕМОГРАФИЯ ЖАҚСАРМАЙДЫ
«Еуропа елдерінде халықтың қартаю үдерісі өзге аймақтарға қарағанда ертерек басталды. Соған қарамастан, оларда жұмыссыздық мәселесі аса қатты алаңдатпайды. Дегенмен бала тәрбиелеу мен оны толыққанды оқыту мәселесінде біраз қиындықтар кездеседі. Еуропалықтардың басым бөлігі жеке адамның еркіндігі мен дербестігін жоғары қояды. Сол себептен де олар үшін бала көбіне ауыр міндет пен қосымша жауапкершілік ретінде қабылданады. Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай көзқарас XIV ғасырдағы Қара шешек індетінен кейін қалыптаса бастағаны айқындалады. Қауіпті дерттің салдарынан Еуропа халқының шамамен 60 пайызы қырылып, оның ішінде ең көп шығын балалар мен қарттардың үлесіне тиген. Бұл қасіретті кезең тек қана демографиялық жағдайға емес, сонымен бірге діни сенімдер мен қоғамдық дәстүрлердің де өзгеруіне ықпал етті. Өз көзімен балалар мен қарттардың қырылғанын көрген сол дәуірдің жастары мен орта буын өкілдері психологиялық тұрғыдан бала сүюден қауіптеніп, үрейге берілген. Осындай қорқыныш пен сенімсіздік талай ғасыр бойы халықтың балаға деген көзқарасын өзгертіп, кейбір мемлекеттерде халық саны тек бірнеше жүзжылдықтан кейін ғана қалпына келген. Ал Азияның бірқатар елдерінде балаға деген түсінік басқаша бағытта өрбіді. Өрлеу мен қарқынды дамуға бет алған мемлекеттердің жастары алдымен білім алуды бірінші орынға қойды. Экономиканың жедел дамуы мен нарықтағы өзгерістер мамандарға сұранысты күшейтіп қана қоймай, олардың арасындағы бәсекелестікті де шектен тыс арттырды. Шетелде білім іздеп кеткендердің көбі өзге елдерде қалып қойды, ал өз елінде оқып жүргендер күндіз-түні кітапханалар мен зертханалардан шықпай, бәсекеге төтеп беруге тырысты. Алайда білім алғаннан кейін жұмысқа орналасу оңайға түскен жоқ. Жұмысқа қабылданған соң да бар күш-жігерін жұмсап, орнын сақтап қалуға тырысатындар көбейді. Мәселен, Жапонияда қызметкерлер кешкі сағат 8–9-да жұмыстан үйіне кетіп бара жатып, әріптестерінен кешірім сұрауға дейін барған. Мұндай көрініс Сингапур, Гонконг, Тайвань, Оңтүстік Корея сияқты елдерде де айна-қатесіз қайталанды. Бұл құбылыс, ақыры, жастардың үйленбей, тек жұмыс пен үй арасындағы шектеулі өмірге түсуіне әкелді. Көпшілігі жар іздеуге, кездесу ұйымдастыруға уақыт таппады. Жапон қоғамында кеңінен талқыланған бір оқиғада – аптасына небәрі он сағат қана ұйықтауға шамасы келетін жас қыз өзіне қол жұмсағаннан кейін, қоғам бұл мәселеге шындап назар аударуға мәжбүр болды. Осыдан соң мемлекет қызметкерлерді жұмыс орнынан ерте қайтару үшін түрлі шаралар қабылдады: түнгі 10-нан кейін кеңселердің жарығын өшіру, айдың соңғы жұмасында жұмыс уақытын 15:00-де аяқтау сияқты бастамалар қолға алынды. Кореяда да дәл осындай тәжірибе енгізіліп, кешкі 19:30-да кеңсе жарықтары сөндірілетін болды. Дегенмен мұндай қадамдар көп жылдар бойы қалыптасып үлгерген дүниетаным мен өмір салтын өзгертуге қауқарсыз еді. Жұмысты бәрінен жоғары қойған, өз уақытын тек мансапқа арнаған жастардың ой-санасын бұру оңай болмады. Бұған қоса, баспана мәселесі де жастардың тұрмыс-тіршілігінде басты кедергіге айналды. Жаңа заманның өкілдері үйі болмайынша бала сүюді де, тіпті үйленуді де кейінге қалдырды. Жақсы әрі жайлы баспанасы жоқ адамға бала әкелу үлкен жауапкершілік саналды. Осылайша, бұрынғыдай «әр баланың өз несібесі бар» деген ұстаным заман көлеңкесінде қалып, оның орнын «бала туар болсаң, лайықты тәрбие беріп, толық жағдайын жаса» деген прагматикалық түсінік басты.
XX ғасырдың 1960–1970 жылдарында АҚШ-та керісінше жағдай орын алды – бала туу мен ерте үйлену көрсеткіші күрт өсті. Бұл құбылыс кейін «бэби-бум» атауына ие болды. Оның басты себебі – тұрғын үй саясатына тікелей қатысты болды. Мемлекет орта тап өкілдеріне арналған арнайы бағдарламаларды енгізіп, көпбалалы болуға ынталандыратын жеңілдіктер ұсынды. Мысалы, бала саны артқан сайын арзан ипотекаға қол жеткізу, әлеуметтік жеңілдіктер алу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл шаралар көптеген отбасыларды көпбалалы болуға итермеледі. Егер бір отбасының екі баласы болса, тағы екі бала туылған жағдайда қосымша жеңілдіктерге ие болды. Ал еңбек табысына ғана сүйенген жағдайда, үйді 5–10 жылда жинап алу мүмкін болмаған. Демек, бала туу тұрғын үй мәселесін шешудің ең оңай жолына айналды. Ал Корея, Жапония, Сингапур сияқты халық көп, бірақ жер аумағы шағын елдерде жағдай мүлде бөлек өрбіді. Бұл елдерде арзан әрі қолжетімді баспана табу оңай емес еді. Сол себепті, мектепті жаңа бітірген жастардың басым бөлігі ауылда қалып қоймай, қалаға ұмтылды. Бірақ орталық қалалардан қолжетімді тұрғын үй табу қиынның қиыны болды.
Демек, алдағы онжылдықтарда баспана мәселесі халқы көп, жері тар елдердегі демографиялық ахуалды әлі де біраз тығырыққа тірей тұрады деген сөз. Бұл мәселенің Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Экономиканың нашар болуы халықты жұмысбастылыққа әкеліп соғады. Сол себепті де қазір Қазақстанда да бала тәрбиесіне араласа алмайтындар немесе бала тууға мүмкіндіктері жоқтар біртіндеп артып келеді. Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуде отбасына жеткілікті көңіл бөле алмайтындардың 25 пайызы жұмысбастылықты негізгі себеп ретінде атаған. Және респонденттердің 55 пайызы балаларымен уақыт өткізуге байланысты қиындықтар осы жұмысбастылыққа байланысты туындайтынын, олардың 45 пайызы баланы қалдырып кететін адам жоқ екенін айтқан. Демек, қазіргі қазақстандықтар да жұмыс пен отбасы арасындағы балансты сақтаудың қиындығын сезінеді деген сөз», – дейді саясаттанушы.
Дайындаған
А.Ерболова