Демографиялық ахуал әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты
Жақында ғана Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті деген хабар тарады. Күллі отандастарымыз қуанып, осынау тарихи сәтті ерекше жылы лебізбен қарсы алды. Бір мезетте 20 миллионыншы тұрғын ретінде есептелген бес бірдей сәби еліміздің әртүрлі аймағынан. Ал елдегі жалпы ахуалға тоқатал болсақ, өсу қарқыны артып келеді.
Соның ішінде Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары алда келеді. Бұл орайда қаладағы халық санының шамадан тыс артып кетуі туралы да айта өткен жөн. Қазір еліміз бойынша Астана қаласы 87,7 пайызбен, Шымкент қаласы 68,8 пайызбен жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Одан соң Маңғыстау облысы 44,8 пайыз және Алматы қаласы 40,7 пайызбен алда келеді.
Жалпы, халық санының өзгеруі табиғи факторларға, яғни, өсу мен кемуге және көші-қонға байланысты. Қазақстанда бұл жағынан мәселе жоқ деуге де болады. Өйткені еліміздегі туу мен өлім-жітім көрсеткіші жақсы деңгей көрсетуде. Әрі біз жастық-жыныстық құрам жағынан да жас елдердің қатарындамыз. Негізі халықтың көбеюі демографиялық ахуалды жақсартатыны сөзсіз, алайда тым жоғары өсу қарқыны халық тығыз қоныстанған аумақтар мен мегаполистерде байқалуда. Осының нәтижесінде қысқа мерзімде шешілуі қажет көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер туындауда. Оны күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Бірақ, бұл күні кеше пайда болған тенденция емес. Бұрыннан бері солай, ел-жұрт алып шаһарларға, үлкен қалаларға ұмтылады. Себебі онда жұмыс табу, қсу мен дамуға мүмкіндік көбірек. Әрі жайлы өмірге керек барлық жағдай бар. Әлбетте, бұл өз алдына бөлек тақырып. Ал сырт елдерге кетіп жатқан отандастарымыз бен, келіп жатқан қандастарымыз туралы айтатын болсақ, жоғарыда атап өткендей көші-қон мәселесі елдегі демографиялық ахуалға тікелей ықпал ететін фактор. Қазіргі таңда бұл салада да мәселе көп. Осының бәрін реттеп шешу үшін жаңа демографиялық тұжырымдама қажет. Мұндай пікірді сала мамандары мен қоғам өкілдері бұрыннан айтып келеді.
Демографиялық саясатты құжат жүзінде реттестіріп, жүйелейтін соңғы құжатнама 2011 жылы қабылданған демографиялық саясат тұжырымдамасы болатын. Ондағы бағыттар мен принциптер қазірге дейін қолданылып келеді. Бірақ ол өз функциясын атқарып болды, заңды күшін жойған,уақыты біткен. Ал жаңасы қабылданбай келеді. Сарапшылар қазіргі таңда Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық акті жоқтығын айтумен әуре. Сәйкесінше, мұндай үлкен саланың реттелмеуі бірқатар әлеуметтік-экономикалық проблемаларға әкеліп соқтыруда. Соның ішінде экономикалық даму бағыты әлеуметтік-мәдени мұқтаждықтарды есепке алмайтыны бар. Ал оның нәтижесінде, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық қауіпсіздік салаларында түрлі келеңсіздік туындап, сәйкессіздіктер орын алып жатады. Әлбетте, бұл тұрғыдан жүйелі жұмыс пен нақтылы шешімдер қажет болатыны сөзсіз. Әрі кезек күттірмейтін мәселе жаңа құжаттар мен бағдарламалардың қабылдануы болып қала бермек.
Құжаттың өзі жеке дара дайындалып, қабылданбаса да, демографиялық ахуалға оң әсер ету мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – аналарға берілетін әлеуметтік көмек артып келе жатыр.
Өйткені дүниеге келетін баланың саны, осының әсерінен табиғи өсімнің болуы аналарға жасалған жағдайға, қарастырылған мүмкіндіктерге де байланысты екені жасырын емес. Оның ішінде аналарға тиісті медициналық көмек, балаға да денсаулық жағдайларының жасалуы сапалы болуы қажет және ең маңыздысы әлеуметтік жәрдемақының көлемі де артып отырса, қанағаттандырарлық болса игі.
Бүгінде әрбір қазақстандық әйелге 3 баладан келеді. Өткен жаңа жылдан бастап бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақыны бүлдіршін бір жарым жасқа толғанға дейін төлейтін болды. Демек, мерзім ұзарды. Негізі осы уақытқа дейін жәрдемақы бір жасқа дейінгі балаларға тағайындалған болатын. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл жәрдемақының мөлшері де артып отыр: бірінші балаға – 5,76 айлық есептік көрсеткіш, екінші балаға – 6,81 айлық есептік көрсеткіш, үшінші балаға – 7,85 айлық есептік көрсеткіш, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек беріледі. Одан бөлек, көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік аз қамтылған жанұялар мен мүгедектігі бар балалардың үйіне және асыраушысынан айырылған немесе бала асырап алған отбасыларға да осы сынды әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Мұндай қолдау көлемі жалдын жылға өсуде. Статистикаға сүйенсек, мемлекет тарапынан осындай қолдаудың артуының әсерінен Қазақстанда соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға дейін артқан екен.
Көпбалалы аналарға және отбасыларға көрсетілетін көмек пен жеңілдіктер өз алдына. Біздің елімізде бірге тұратын төрт немесе одан да көп 18 жасқа толмаған баласы бар отбасы көпбалалы жанұя болып есептеледі. Бұл есепке жоғарғы оқу орнының күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар да қосылады. Ал алты және одан көп құрсақ көретіп, баланы дүниеге әкелгендер көпбалалы ана болып саналады. Бүгінде алты баласы барлар «Күміс алқа», жеті немесе одан көп баласы бар аналар «Алтын алқа» алқамен марапатталады. Қазір көпбалалы аналарға айына 22 080 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек төленуде. Әрі мұндай аналар зейнет демалысына да ерте шығады. Нақтылайтын болсақ, 5 немесе одан көп баланы дүниеге әкелегн әрі оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар 53 жасында зейнеткерлікке шығады. Бұл заң бойынша негізделген. Одан бөлек, жоғарыда аталған «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бірқатар жеңілдіктер ала алады. Үй кезегінде, салыққа қатысты артықшылықтар да көпбалалы аналар мен отбасыларға беріліп жатады.
Қазір елімізде тек әлеуметтік жәрдемақы мен басқа да төлемдерден бөлек те көмектер қарастырылуда. Әсіресе, оқыту, маман жасау, кәсіпкерлікке баулу мен оған қайтарымсыз немесе аз пайыздық мөлшерлемемен гранттар, несиелер беру, өзін жқмыспен қамтуға жағдай жасау ісі қарқынды дамып келеді. Осының өзі демографиялық ахуалға әсер етпей қоймайды.