Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:39, 16 Қараша 2023

Демографиялық саясатты бақылайтын бірде-бір орган жоқ

20 млн
Фото: из открытых источников

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезі ұлт басына түскен зор нәубет, қанды кесапатымен есте қалды. Тарих көші анық көрсеткендей, өткен ғасырда ел басына түскен аштық пен соғыс, небір қанды жылдар халықты демографиялық тоқырауға ұшыратып, өсімді кешеуілдетті. 

Десек те, биылғы жылдың басты жаңалығы ретінде халқымыздың жиырма миллионға толғанын қуана жар салуға болады. Бұл туралы ресми ақпаратты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев желідегі парақшасында жариялады. «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», - деп жазды ел басшысы.

Осы орайда демографиялық өсімнің алдыңғы жылдарға қарағанда қанша пайызға өскенін анықтау үшін демограф Аяулым Сағынбаевамен сұхбат құрдық.

Аяулым ханым, әңгімемізді Қазақстандағы бүгінгі демографиялық ахуал қалай қалыптасып отырғанынан бастасақ… Соңғы жылдардағы демографиялық өсімнің жағдайы қалай?

– Демографиялық жылдық өсімге байланысты жүргізілген санақтың орташа нәтижесі бойынша, соңғы бес жылдықта, атап айтқанда, 2018-2021жылдары өсім қарқындылығы 1,3%-ды, 2022 жылы алдыңғы жылмен салыстырған бұл көрсеткіш 3,3%-ды құрады. 2018-2022 жылдары табиғи өсім шамамен 1 млн 300 мыңнан астам адам болғанын көрсетеді. Осы тұста 2009-2021 жылдардағы санақ аралық кезеңнің нәтижесі бойынша халық саны 20%-ға өсті. 1 қазандағы санақтың нәтижесі бойынша, қазіргі кездегі ел халқының саны 19 млн 967 мың 964 адамға жеткен. Оның ішінде, ер адамдардың үлесі 48,8%-ды, ал әйел адамдар 51,2%-ды құрайды.

– Халықтың демографиялық өсіміне әсер ететін негізгі факторлар қандай? Демографиялық санақта көш бастап тұрған және халық санының төмендеуі байқалатын өңірлерді атасаңыз.

– Жалпы мемлекеттегі демографиялық өсімнің не кемудің нәтижесі әдетте екі түрлі себептен болады. Біріншісі – табиғи өсу және кему процестері. Екіншісі – көші-қон мәселесі. Халықтың өсімінің негізгі себебіне, ең бірінші, табиғи процестерді жатқыза аламыз, яғни елімізде туу және қайтыс болу көрсеткіштері оң нәтиже беріп тұр. Қазақстан халықтың жастық және жыныстық құрамы бойынша жас елдер қатарына жатады. Сондықтан туу деңгейінің жоғары болуы заңдылық. Десек те, Қазақстанда жалпы туу деңгейі жоғары болғанымен, әр өңірдегі көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, кей өңірлерде халық санының өсімі байқалмайды. Атап айтсақ, Қостанай облысында санақ аралық кезеңде халық саны 6%-ға төмендеген, ал Солтүстік Қазақстан облысында – 9,3%-ға және Шығыс Қазақстан облысында 4,0%-ға жетті. Еліміздегі соңғы жылдардағы демографиялық жоғары өсім Астана қаласына тиесілі екені (екі есе өсім) байқалады. Соңғы жылда қала тұрғындарының саны 613 мыңнан 1,2 млн адамға дейін көбейген. Бұдан бөлек, Шымкент, Алматы, Атырау қалаларынан тұрақты өсім байқалып келеді. Осы тұста еліміздегі ішкі көші-қон мәселесінде төрт өңір көш бастап отыр: Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысы. Бұл халықтың үлкен қалалар мен мегаполисте өмір сүруге деген ынтасынан туындайтын тенденциялар жаңа қалыптаса қойған жоқ, ертеден қалыптасқан үрдіс екенін атап өткеніміз жөн.

Бұл өңірлердегі туу деңгейінің төмендеуінің себебі неде?

– Республикалық маңызы бар үш қалаға халықтың жаппай қоныс аударуы мен Маңғыстау мен Атыраудағы өндірістік кәсіпорындарға жұмыс күшінің келуі ішкі – көші-қонның өсуіне негізгі себеп. Сонымен қатар әр өңірдегі экономикалық-әлеуметтік және инфақұрылымдық жағдайларға байланысты ішкі көші-қонның үлесі үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Соңғы санақ қазан айының алғашқы күнінде өткен еді. Бұл санақ арқылы жыл басына қарағанда елімізде жалпы адам санының әдеттегіден 1%-ға өскенін, бірақ өңіраралық санақта Абай облысы мен Шығыс Қазақстандағы халықтың 0.3%-ға, Солтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық өсім 0.5%-ға кемігенін байқадық. Бұл көрсеткіш санға шаққанда 2773 адамға тең. Ал жыл басына қарағанда Ақтөбе (0.9%), Алматы (2.3%), Астана (1.8%) қалаларынан тұрақты өсім байқалады.

Халықтың өсімі мен кемуіне ықпал ететін тағы бір фактор – иммигранттар мен эмиграцияның өсуі екені анық. Қазіргі таңда эмигранттар саны бойынша Қазақстан ТМД елдерінің алдына шығып кеткен. Елімізде дабыл қағатын жағдайдың бірі де осы – ел жастарының шет мемлекеттерге қоныс аударуы болып тұр.

– Иә, көші-қон мәселесінің демографияға айтарлықтай ықпалы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл процесті, әдетте, демографтар ішкі және сыртқы көші-қон деп екіге бөліп қарастырамыз. Десек те, демографиямызға өз әсерін тигізетін сыртқы көші-қон сальдосы қазіргі таңда теріс мәнге ие. 2018-2021 жылдары сыртқы көші-қон процесінде сальдо шамамен 25 мыңнан астам адамды қамтитын болса, сальдоның ең үлкен үлесі 2019 жылы 33 мың адам болып тіркелген. Бұл теріс көрсеткіш жыл өткен сайын азайып келе жатқаны көңілді қуантады. Мысалы, былтырғы 2022 жылы сыртқы көші-қонның теріс сальдосы тек 6922 адамды құрайды. Бұл көрсеткіштерді иммигранттар мен эмигранттардың санына байланысты анықтай аламыз. Соңғы уақытта елімізге тұрақты өмір сүруге келетін иммигранттардың саны азайып келеді. Мысалы, 2022 жылғы иммигранттардың саны 17 425 адамға тең екені анықталды. Елімізде 2016 жылдан бастап эмиграцияның интенсивтілігі жоғарылайтын болса, 2020 жылы жалпы әлемдегі карантиндік жағдайларға байланысты елден кетушілердің саны күрт төмендейді. Десек те, 2021 жылы эмигранттар саны 32 мың адамды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 24 мың адамға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіштерді пайыздық үлеске шаққанда, 2022 жылы елден көшіп кеткен адамдар саны 2021 жылға қарағанда 25%-ға кеміген. Ал бұл жылдары иммиграция 57,8%-ға өскен. Қорыта келе, еліміздің демографиясында оң өзгерістің байқалуы көші-қон процестеріне қарағанда, ең бірінші, табиғи өсудің нәтижесіне тікелей байланысты екенін білуге болады. Ел тұрғындарының басым көпшілігі жастардың шетелге жаппай қоныс аударуының басты себептеріне: оқу миграциясы мен еліміздегі өмір сүру деңгейінің жат елдерге қарағанда төмен болуы деп ойлаймын.

Десек те, жиырма миллионға жеттік деп қуансақ та, жаңа дүниеге келген нәрестеге мемлекет жайлы да, қауіпсіз өмір сыйлай ала ма деген сұрақ толғантпай қоймайтыны анық. Әлемдік аренаға көз тіксек, әлеуметтік жағдайы төмен елдің халқының басым көпшілігін көпбалалы отбасылар иеленеді. Алайда басты мәселе көп тууда емес, сапалы өмір сүруде. Дүниеге келген әр бала бақытқа лайық, яғни кез келген сәбидің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы, білім беру, денсаулық сақтау жүйесі қолжетімді, ашып айтсақ, көйлегі көк, тамағы тоқ болуы басты шарт. ЮНИСЕФ-тің мәлімдеуінше, әлемдегі кедейліктің 90%-ға жуығы көпбалалы отбасыларды мекендейді. Біздің мемлекет демографиялық өсімді қолдағанымен, нәрестеге бақытты балалық шақ пен жақсы өмір салты кепіл бола ала ма?

– Баланың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруі, бірінші кезекте ата-анасына тікелей байланысты. Десек те, заңнамалардың дұрыс іске асуы мен қауіпсіздік туралы атағанда жеке азаматтармен қатар мемлекет саясаты мен қоғамдық жағдайлардың да рөлін жоққа шығара алмаймыз. Біздің ғасырдың өзекті проблемаларына айналған тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилизм, криминалдық жағдайлардың өршуі кішкентай бала түгілі, ересек адамның да өміріне қауіп төндіреді. Бізге де халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуды меже ретінде қою керек. Қазақстандағы бала туу көрсеткіші экономикалық жағдайға тікелей байланысты деп айта алмаймын. Қисынға салсақ, отбасының жағдайы төмен болған сайын тууды азайту керек. Осы орайда адамдар кедей болғандықтан көпбалалы бола ма, әлде көпбалалы болғандықтан кедейшілікке ұшырай ма деген заңды сауал туындайды. Әлемнің демографтары бұл сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап тапқан жоқ. Мысалы, Африка құрлығындағы Бурунди, Конго, Эфиопия мемлекеттерінде туу көрсеткіш жоғары. Алайда аталған елдерде қарапайым орта білім алып, мектепке бармағандардың қарасы өте көп. Әйел адамдардың басым бөлігі жастайынан тұрмыс құрып, үй шаруашылығымен айналысады, еңбек нарығына араласпайды. Ал дамыған елдердің артықшылыға да осы – демографиялық саясат басты рөлде тұрады. Өйткені демографиялық ахуал, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Қазақстанда да ресми қабылданған демографиялық саясат жоқ. Бұл саясат өзінің соңғы концепциясын 2011 жылы тәмамдаған еді. Бізде балаға жәрдемақы төлеумен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысады, өлім-жітім мен денсаулық мәселесіне денсаулық сақтау министрлігі жауапты, миграцияны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, тіркеуді ішкі істер министрлігі шешеді, ал неке және отбасы саясатын ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізеді. Яғни демографиялық саясатты бақылайтын, жүйелейтін бірде-бір орган болмай отыр.

P.S. Демограф атап өткендей, еліміз ескі жылды артқа тастап, жаңа санмен жаңа жылға қадам басқалы тұр. Демографиялық өсім көрсеткішінің жоғарылап, халық саны көбейгені бір жағынан қуаныш сыйласа, екінші тұстан үлкен жауапкершілікті жүктейді. Саны көп, сапасы аз халықтың бірі болмай, елдің тұрмыс жағдайын көтеру және дүниеге келген әр сәбиге бақытты балалық шақ сыйлау – қай ғасырда да, қай елде де алға қойылған басты міндеттердің бірі екені анық.

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: