Демографиялық саясатымыз нықталып келеді
Қазақ хандығының іргетасы қаланғанда, Керей мен Жәнібек хандардың айналасына 200 мың адам жиналған екен.
Ал Қасым хан тұсында қазақ халқы 1 млн адамға жеткен. Одан кейін 300 жылдай уақыт өткенде, халық саны бар болғаны 1,5 есеге ғана өсіпті. Халықтың баяу өсуінің негізгі себебін атаған тарихшылар, соғыс пен жұт адам шығындарын еселеген дейді. Одан бөлек, жоңғарлармен шайқаста миллиондаған адам шейіт болса, кеңес өкіметінің 1917-1945 жылдары жүргізген солақай саясатының кесірі демографиялық дағдарыстарға әкелгенінен хабардар етеді. Осы шығынды қалыпқа келтіру үшін, яғни халықтың табиғи өсіп-жетілуі 75 жылды алып отыр. Ал бүгінгі тәуелсіз елімізде 19 млн-нан астам адам бар.
Демографиялық дағдарыс 1939-1959 жылдар аралығында да орын алған. Сол жылдарда кеңес өкіметінің сыналап жүргізген көші-қон саясатының нәтижесінде, қазақтардың өз жеріндегі үлесі мүшкіл жағдайға жеткен. Ал 1960-1962 жылдары еліміздегі «демографиялық жарылыстан», халық бірден 25%-ға өскен.
Осы орайда, еліміздің демограф-ғалымдарының зерттеуіне назар салсақ, алты жыл бұрын, яғни, 2016 жылы 400 мың бала өмірге келген. Бұл Тәуелсіздіктің осы кезеңге дейінгі тарихындағы ең көп көрсеткіш. Десек те, бала туу жөнінен рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болған. Бұл жылы Қазақстанда 417 мың бала дүниеге келген екен.
Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысы халқының өсімі де ұлғайып, 820 мың адамға жетті. Статистика департаментінің әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Күләйхан Снасапованың айтуынша, 2015 жылдан бастап, бала туу көрсеткіші көбейген.
– Өткен жылы дүниеге келген сәбилер саны 21,8 мың балаға жетіп отыр. Жыл сайын адам өлімі азайып, бала туу саны өсуде. Орташа өмір сүру жасы да ұлғайып келеді, – дейді К.Снасапова.
Әйтсе де, 2020 жылы қайтыс болғандар саны бірден 6 мың адамға жетті. Бұл ретте, көрсеткіштің күрт артып отырғаны – әлемді әбігерге салған індеттің әсері екені анық.
Айта кетейік, 2021 жылдың басындағы деректерге қарағанда, аймақ тұрғындарының орташа жасы 29-ды құрап отыр. Бұл да біз үшін қуанышты жағдай, яғни, жас тұрғындар саны артып келеді. Байқап қарасақ, Тәуелсіздік жылдарында аймақ тұрғындарының саны тура 222,2 мың адамға көбейген екен. Жыл сайын, орта есеппен, 21 мың бала өмірге келетін болса, облыс халқының саны 2030 жылға қарай 1 млн-нан асып түсетініне үміт бар.
Жетімдер үйі жоқ аймағымызда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейінгі 835 бала бар. Оның — 750-і толыққанды отбасында тәрбие алса, 85 бала білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында тәрбиеленуде. Сондай-ақ жетім балалар ауылының түлектерін әлеуметтік қолдау мақсатында әлеуметтік бейімдеу орталығы қызмет көрсетеді. Онда 16-23 жас аралығындағы 29 жасөспірім тәрбиеленуде. Оның 12-і жоғары оқу орындарында, 17-сі кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарында оқиды.
«Өткен жылы асыраушысынан айырылған 95 баланың 80-і қорғаншылыққа, 3-еуі сәбилер үйіне орналастырылды. Ал облыстық мамандандырылған сәбилер үйінде төрт бала тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін 8 білім бөлімдері бар. Олар өз кезегінде, балаларды асырап алу және тәрбиелену бойынша заң аясында жұмыс істейді. Отбасы үлгісіндегі балалар ауыл жанындағы қабылдаушы ата-аналар мектебі әр аптаның сенбі күндері екі тілде қашықтықтан курс ұйымдастыруда. Аталған курстан 256 үміткер сертификат алды. Бүгінгі күні 45 үміткер қашықтықтан білім алуда», — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында «Мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі – ана мен баланы қолдау», деген еді. Бүгінде елімізде еңбек саласындағы ең бір өзекті мәселелердің бірі – гендерлік алшақтық. Ерлерге қарағанда, әйелдердің еңбек нарығына шығып, жұмыс табуы өте қиын. Осыған орай, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Жапақов мысал келтірді.
− Әйелдердің еңбек құқықтарының сақталуы бойынша жоспардан тыс тексеру, бақылау және қадағалау тұрақты жүргізіліп келеді. ҚР Еңбек кодексінің 26-бабында еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар мен қойылатын шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, осы баптың 2-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, әйелдерге ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға орналасуға жол берілмейді. Жақында «Аралтұз» АҚ-да жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргіздік. Зауыт цехтарында дайын өнімді қаптау жұмыстарын атқаратын 84 әйел салмағы 30 келі тұзды көтерген. Жалпы ережеде әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі, олардың ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормалары бекітілген. Онда жүктің шекті салмағы — 10 келі, жұмыс ауысымы үшін 7 келі. Мемлекеттік еңбек инспекторы жұмыс берушіге нұсқама беріп, зауыт цехтарына қап ұстағыш қондырғылары орнатылды, — деді Н.Жапақов.
Статистика мәліметіне сәйкес, елімізде әйелдердің 87,6 мыңы санитарлық-гигиеналық талаптарға мүлдем сай емес жағдайда жұмыс істейді екен. Олардың 21%-і (18,4 мың адам) шаң-тозаң мен газ иісі шығатын ортада еңбек етіп келеді. Жұмыс беруші жүкті әйелді орташа жалақысынан төмен емес ақы төлей отырып, зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсері тимейтін басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті. Басқа жұмыс берілгенге дейін оның орташа жалақысы сақтала отырып, жұмысты орындаудан босатылуы керек.
− Әйелдер қауымдастықтары, бірлестіктері, комиссиялары және тағы басқа ұйымдар республикадағы еңбекке ақы төлеудің ең төменгі мөлшерін арттыру туралы тиісті орындарға ұсынымдар беру қажет. Жалақыны жыл сайын міндетті индекстеуді заңнамалық қамтамасыз етуді ұсынған жөн. Жұмыс орындарында жалақы төлемдері бойынша берешекті жоюды талап ету керек. Әлеуметтік қорғау саласында еңбек етуші әйелдерге, келісімдерде, ұжымдық шарттарда отбасылық міндеттері бар адамдарға қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуге одан әрі қол жеткізу қажет. Алдымызда отбасылық міндеттері бар адамдарды жұмысқа қабылдауда жұмыс берушілердің экономикалық мүдделілігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау туралы тиісті орындарға ұсынымдар жасау міндеті тұр. Гендерлік аспектіні ескере отырып, еңбек заңнамасының орындалуын бақылауды күшейткен дұрыс, — дейді облыстық кәсіподақтардың жұмыскер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрағасы Майра Боранбаева.
Статистиканы сөйлетсек, Қазақстанда жұмыссыз әйелдер 5,4 пайызды (ерлерде 4,4) құрайды. Еңбекақыдағы алшақтық 32,2 пайызды құрайды. Бұл — әйелдердің еңбек құқығын қорғап, қоғамда белсенді қызмет етуіне қолдау қажет деген сөз.