Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 11 Қараша 2023

«Дені сау ұлт» жобасын ұшықтатып алмасақ...

Денсі сау ұлт
Фото: из открытых источников

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы «Дені сау ұлт» жобасын қолға алды. Аталмыш жоба денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді шешуі керек-тін.

 Жоба аясында әсіресе «елдегі дәрі-дәрмек нарығының бағы ашылады» деп күттік. Бұл жайлы денсаулық сақтау министрінің өзі айтқан.

Министр Ажар Ғиният жобадағы 4 бағыттың бірі дәрі-дәрмек өндірісін дамытуға арналғанын, осыған орай саладағы инвесторлармен байланыс орнатуға басымдық берілетінін түсіндірген. Қазақстанда препараттар мен медициналық жабдықтардың 17 пайызы ғана отандық өнім. Бұл жоба арқылы үш жылда елде дәрі-дәрмек жасайтын 30 өндіріс ошағы іске қосылмақ болған. Осы арқылы фармацевтика саласындағы отандық өнімдердің үлесін 50 пайызға жеткізу көзделген. Ал экспорт көлемі 3 есе артады деп күтілген. Жоба барысында дәрі-дәрмек нарығындағы қымбатшылыққа тосқауыл қоямыз, отандық фармацевтика саласының өнім өндіру қабілетін арттырамыз, елдегі медициналық қызметтердің сапасын көтереміз, жобаны іске асыру аралығында (2021-2025 ж) 3,6 трлн теңге жұмсаймыз деп жоспарланды. Алайда қолға алынғанына үш жылға жуықтаса да бұл жобаның қызығын көрген жан жоқ.

Қазір Қазақстандағы халықтың 92 пайызы ауырған кезде дәріханаға барып еш нұсқаулықсыз дәрі алып, өз бетінше ем жасаушылар екен. «Барометр» талдау және сараптау орталығының әлеуметтанушы маманы Меруерт Молдабаеваның сөзіне сүйенсек, медицина саласындағы бітпейтін олқылықтар халықты осындай деңгейге жеткізді. МӘМС-тің жыры, дәрігерлерге талон аламын деп таусылу, арнайы маманның алдына бару үшін кезек күту, қажетті диагностикалық аппараттардың қызметіне және жоспарлы ота жасату үшін де кезек күту елді әбден шаршатқан. Дәрі-дәрмектің бағасы өз алдына.

«Дені сау ұлт» жобасы нәтижелі жүзеге асқан болса жағдай бұлай болмас еді. Тек биылғы дерекке сүйенсек, бір жылдың ішінде дәрі-дәрмек бағасы 14 пайызға қымбаттаған. 2021 жылдан бері жоспардағыдай 30 дәрі өндіру ошағы іске қосылмаған. Дәрі өндіру ошағы түгілі медициналық мекемелері жоқ ауылдар мәселесі де толыққанды шешілмеген.

«Қазақстандағы 493 ауылда мүлдем медициналық мекеме жоқ. Мысалы, жаңадан құрылған Абай облысында 40 ауылда, Шығыс Қазақстанда 69 ауылда аурухана жоқ. Сонда бұл ауылдардың халқы өзін-өзі емдемей, бақсы, балгерге жүгінбей қайтеді?! Адамның жаны қымбат, дәрі де қымбат. Келер жылы кейбір дәрілердің құны тіптен қымбаттауы әбден мүмкін. Бұған себеп – жаңа жылдан бастап медициналық таза спирттің литріне 600 теңге, спирт тұнбасына 2 500 теңге акциз салығы салынады. Ал мұның артында тағы сол дәрі бағасының қымбаттауы жатыр», – дейді М.Молдабаева.

Салық оңай болмайын деп тұр

Иә, үкімет келер жылдан бастап спирттік өнімдерге акциз салығын өсіруді жоспарлап отыр. Оның ішінде дәрі-дәрмектің құрамына енетін этил спиртіне де салық құны өседі. Енді құрамына этил спирті қосылатын дәрілер қымбаттайды. Олардың қатарында қарапайым халық көп қолданатын йод, корвалол, меновазин, жасыл бриллиант және валериана сығындысы және басқа да дәрі-дәрмектер бар. «Атамекен» ҰКП медициналық қызмет департаментінің басқарушы директоры Назгүл Қабдырахманованың пікіріне сүйенсек, енді бұл препараттардың бағасы өседі. 25 мл құтысы 100-200 теңге аралығында сатылатын йод, корвалол тамшылары енді екі, үш есеге қымбаттап шыға келмек.

«Дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді өндіруде қолданылатын этил спиртіне акциз салынады. Акциз салу, құрамында алкоголь пайдаланылатын өнімдер бағаның қатты өсуіне әкеп соғады. Бүгінде елде осындай 130-ға жуық өнім бар. Мұндай өнімдер өндірісте өндірілетін алкоголь мөлшеріне байланысты 30-дан 100 пайызға дейін қымбаттауы әбден мүмкін. Сол тәрізді құрамына этил спирті қосылатын басқа да дәрі-дәрмектердің бағасы да қымбаттайды», – дейді Назгүл Қабдырахманова.

Ең қызығы, бұл бастама біздің нарықта Ресей және Беларусь дәрілерін өтімдірек ете түспек. Себебі бұл мемлекеттерде дәл осы препараттарға акциз салығы жоқ. Сондықтан одақтас елдердің дәрі-дәрмегі де арзан болады.

Этил спиртіне акциз салығын салу мәселесі отандық дәрі өндірушілерге салмақ болайын деп тұр. Тіпті олардың біразы жұмыс орындарын қысқартып, өндіріс көлемін азайтуы да мүмкін.

Цифрлық таңбалау және баға

Дәрі-дәрмек бағасына әсер ететін тағы бір факт бар. 2022 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанда дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы және қадағалануы енгізіле бастады. Былтыр үкімет басшысы Әлихан Смайылов дәрілік заттарды таңбалау тарифін 2,4 теңге мөлшерінде белгілеу туралы қаулыға қол қойды. Үкіметтің жобалауынша, дәрі-дәрмектің цифрлық таңбалануы азаматтарды контрафактілік дәрілерден қорғайды, кәсіпкерлерге бәсекелестік жағдайды теңестіруге, нарықты заңсыз өнімдерден қорғауға мүмкіндік береді. Енді кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс таңбалау бастамасы келер жылдан бастап тіптен күшіне енеді. Айта кететін жайт, бұл арада препараттардың әрбір қорабын маркалау тегін емес, ақылы. Тиісінше, көтерме жеткізушілер мен дәріханалар оның құнын қарапайым тұтынушылардан, сырқаттардан өндіреді.

Кәсіпкер Азат Қонысбек былай дейді:

«Цифрлы таңбалау көлеңкелі экономиканы жоя алмайды. Ресей шетелдік дәрілерді Қазақстан арқылы көлеңкелі жолдармен тасып жатқанда көлеңкелі экономика қайдан жойылсын?! Кезінде сүт өнімдерін маркалау сүттің құнын 30 пайызға қымбаттатып жіберді. Бұдан отандық өндірушілер әрдайым ұтылып отырады. Бұл ауыр талап. Қосымша қаражатты қажет етеді. Кәсіпкерлер таңбалау құнын еріксіз өнім бағасына қосады. Бұдан барып халық қымбатшылыққа ұрынады. Соңында жұрт азық-түліктен бастап, дәрі-дәрмек, қажетті тұтыну заттарын қымбат бағада сатып алады. Сондықтан үкімет құлақ асса, таңбалау атаулыны доғаруы керек».

Алайда бұған үкіметтің құлақ асуы екіталай. Атқарушы биліктің айтар уәжі: Қазақстанда қазір көлеңкелі фармацевтикалық нарықтың үлесі 11 пайызға жеткен. Қаржылай есептегенде бұл шамамен 57 млрд теңге. Дәрілердің заңсыз айналымы мемлекет пен бизнеске экономикалық залал келтірері даусыз. Ең бастысы – халықтың өмірі мен денсаулығына да бұл үлкен қауіп төндіреді.

Саясаттанушы және экономикалық бақылаушы Әсем Қасымханова өзі білім алып жатқан Эстония елінің тәжірибесінен мысал келтірді. Эстонияда дәрі өндіретін кәсіпкерлерді салықпен тұншықтырмайды. Бірақ талап мықты. Мысалы, ол елде қандайда бір дәрі-дәрмек немесе БАД атаулыны теледидар арқылы жарнамалауға тыйым салынған. Жарнамаға сеніп, өзін-өзі емдейтін халықтың санын азайту мақсатында дәрілердің жарнамасына вето жарияланған. Ауырса науқас бірден барып дәрігерге көрінеді. Кез келген дәрі тек нұсқаулықпен беріледі. Контрафактіге қатысты аталмыш елде кедендік бақылау өте қатты. Заң мықты.

«Эстонияда сапасыз жалған дәрі сатумен ұсталған компанияларға 2 млн доллар көлемінде айыппұл салуға дейін барады. Тіпті бас бостандығынан айыруы да мүмкін. Осыдан кейін олардың дәрі өндірісінде жүргендері таза, әділ жұмыс істейді. Меніңше, Қазақстанға да салық, цифрлық таңбалау деп бас қатырмай, осындай қатаң тәртіп, заң керек. Кедендегі заңсыздық пен былыққа тосқауыл қойылғаны жөн. Үкімет пен денсаулық сақтау министрлігі осыған мән беруі қажет», – дейді Ә. Қасымханова.

Дегенмен біздегі атқарушы биліктің бұл салаға қатысты қатаң тәртіп орната аларына күмән көп. Медицина саласындағы, фармацевтика нарығындағы, МӘМС-тің айналасындағы былықтар бұған дейін де айтылды. Еліміздегі фармацевтика компанияларының бірыңғай дистрибьюторы «СҚ-Фармацияның» айналасында қаншама олқылықтар болды. Бірақ дәрі-дәрмек тапшылығы сезілсе де, бағасы өссе де бірыңғай дистрибьютордың онымен шаруасы жоқ.

Айтпақшы, бұл компания басшысының алатын жалақысы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40 есе жоғары. Былтыр «СҚ-Фармация» басшысы Ерхат Есқалиев журналистерге 1 млн 400 мың теңге жалақы алатынын айтқан. Біздегі шенділер мен ұлттық компанияларды басқарып отырғандар түшкіре қалса шетелге барып емделіп келеді емес пе?! Ал «Дені сау ұлт» сияқты жобалар қарапайым халық үшін жасалады...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ