Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:05, 01 Маусым 2021

Дэн Сиопин. Мемлекеттің қарызы шектен шықпауы керек

None
None

Сыртқа есік ашудың терезесі және алғашқы ізденістер

Дэн Сиопиннің аса табысты реформаларының бірі — ерекше экономикалық аймақ құру идеясы еді.

Бұл ой қалай пайда болды? Тарихшылардың айтуынша 1979 жылы сәуірдегі ҚКПоК қызмет мәжілісінде Гуандуң өлкесінің сол кездегі басшылары Си Жуңшун (қазіргі ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің әкесі) мен Яң Шаңкунді қабылдағанда олар Гуаңдуң өлкесінің ерекше мүмкіндігін пайдалануды ұсынды. Сол кезде Дэн Сиопин дереу ерекше экономикалық аймақ құру идеясын ортаға салып: «Біз бір аумақты бөліп алып, оны «ерекше аймақ» деп атасақ. Бұрын компартия басқарған Шанши-Ганьсу-Ниңшия шекаралық аймағы ерекше аймақ деп аталды ғой. Орталық қазынада ақша жоқ екенін білесіңдер. Тыңнан түрен салуды өздерің шешіңдер» — деп ұсыныс жасады. Іле-шала Дэн Сиопиннің тапсырмасымен сол кездегі мемлекеттік кеңестің орынбасар премьері Гу Му бастаған орталықтың жұмыс тобы Гуаңдуң мен Фу Жиян өлкелерін аралап көріп, Шынжын, Жухай, Шаньту және Шиямын қалаларын ерекше аймақ етіп бекітті. Сол жылы шілдеде бұл ерекше аймақтардың арнайы мәртебесі бекітілді. Содан бастап Қытай ұлы құрлығында бір түстегі, бірінен-бірі туғандай, социалистік сүреңсіз түс алған аймақтардың ішінде ерекше көзді жауын алатын шыт жаңа төрт аймақ қалыптасты.

Ерекше экономикалық аймақтың ашылуы ең алдымен сыртқы әлемге ашылған алғашқы терезе болды. Бұл аймақтар сырттағы капитализм әлемімен еркін барыс-келіс жасап, капитализмнің ерекше белгілерінің Қытай территориясында өмір сүруіне мүмкіндік берді. Ол Қытайдың ұлы құрлығындағы социалистік әлемнен өзгешелеу, әлемдегі бірде-бір социалистік ел сынақтан өткізіп көрмеген жаңалық еді. Дэн Сиопин оларға ерекше аймақ мәртебесін беру арқылы ерекше экономикалық аймақтағы саясаттың басқа аймақтан шын мәнінде ерекше болу керектігін қатаң қадағалады. Дэн:  «Олай жасамасақ, оның несі ерекше аймақ?!» — деп түсіндіретін. Сондай-ақ ол: «Жапонға қарсы соғыс және ішкі соғыс жылдарында Мао Цзэдуң бастаған коммунистер орталық кеңестік аймақ үлгісі мен Шанши-Ганьсу-Ниңшия шекаралық аймағы, солтүстік Қытай азат аймағы қатарлы ерекше аймақтар арқылы біртіндеп бүкіл Қытайды тартып алған жоқ па? Бүгінгі күнде осы замандандыру ісінде мұндай тәжірибені не себепті қайта қолдануға болмайды?» — деп ойлады.

Шынында, орталық қазынадан бөле қоятын қаржы да жоқ болатын. Бірақ орталық билік оларға ерекше саясат беруге мүмкіндігі бар. Бұл ерекше саясаттың өзегі ерекше аймақтардың өзіне кеңірек билік беру – ерекше аймақ өздеріне қажетті ерекше саясатты өздері жасап алсын. Басты мақсат – шет ел капиталы мен технологиясын молынан тартса жетіп жатыр. Кейбір сарапшылар сол кездегі ерекше аймақтар жасаған ерекше саясаттың инвесторлар үшін тиімді болғаны соншалық, ол неше ондаған жылдар бойы қалыптасқан және кемелденген Тайвань мен Гонконгтың саясатынан да қолайлы болды деп бағалады.

Орталық үкімет ерекше аймақтарға ақша бере алған жоқ, бірақ ерекше аймақтар өзіне берілген қолайлы саясатты ақшаға айналдыра білді. Әрине, өз атамекендерін неше ондаған жылдардан бері бір көруге зар болып жүрген Тайвань, Гонконг, Макаодағы Қытай капиталистер алдымен лап қойды. Мысалға, Шынжынның іргесіндегі айғайласаң дауыс жетер жерде тұрған Гонконг, Жухайдың іргесінде тұрған Макаодағы Қытай капиталистері алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалап, екі қаланы бірден жайнатып жіберді. Ал, Шаньту ерекше аймағы шығыс-оңтүстік Азияда мекендейтін Чаужоулықтардың атамекені, Шиямын, Миннандықтардың ата қонысы болатын. Осы аймақтардан шыққан шет елдердегі қалталы қытайлар да аянып қалған жоқ. Олар салған капиталмен бұл қалалар да түрленіп шыға келді.

   Дэн Сиопин өз байламының қапысыздығына қалтқысыз сенді. Шынында, тиімді саясат болса, адамдар ол жерден табыс таба алатындығына көздері жетсе, жергілікті билік оларды алдамаса, шет елдегі Қытай диаспорасы өз атамекендерін гүлдендіруден аянып қалмайтындығы даусыз. Оларды көрген шет елдің басқа капиталистері де келе бастайды. Міне солай ерекше аймақтар су жиналатын қоймадай шет елдердің капитал ағыны үздіксіз құйылып отырады. Дэн Сиопиннің бұл стратегиясы  ерекше табысты болғаны соншалық, Гуаңдуң, Фужиян өлкелеріне осы ерекше аймақтар арқылы құйылған инвестиция алғашқы 5 жылда 1 млрд 700 млн АҚШ долларына жетті. Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, бұл сонша көп те ақша емес. Бірақ, бұл инвестиция сол кездің ұқсас мезгілімен салыстырғанда бүкіл Қытайға құйылған инвестицияның 43,5% құрады.

Шет елдің капитал ағынына жол ашу, валюталық түсімдерді молайту, экономиканы гүлдендіру арқылы жұмыс орындарын көбейту Дэн Сиопиннің ерекше аймақ құрудағы мақсаттарының бір парасы ғана. Оның арманы одан да асқақ болатын. Ол ерекше аймақтарды ақшаның көзі ғана емес, сыртқа айқара ашылған есік деп білді. Оның өз сөзімен айтқанда: «Ерекше аймақтар – техниканың қайнар көзі, озық басқару тәсілінің қайнар көзі, білімнің қайнар көзі, сыртқа бағытталған саясаттың қайнар көзі. Біз ерекше аймақтарымыз  арқылы жаңа технологиялар тартамыз, жаңа білімдерді үйренеміз және жаңаша басқаруды үйрене аламыз» — деп қорытты. Міне бұл Қытай экономикасының ұшқан құстай дамуындағы стратегиялық мәні бар сұңғыла саясаты еді. Дэн Сиопин ерекше аймақтарды Қытайды сыртқы әлеммен тоғыстыратын дәліз деп білді. Қытайлар осы дәліз арқылы әлемнің озық технологиясы мен ғылымын меңгереді, озық басқару тәсілін меңгереді, солай осы дәлізбен алға жүре берсе, әлем экономикасының мінбесіне де жетіп қалады деп қиялдайтын.

Дэн Сиопин ерекше аймақтарды тек экономикалық құрал ретінде ғана бағалаған жоқ. Ол Қытайдың сыртқы саясатында аталған аймақтардың рөлі экономикалық саясаттан кем түспейтіндігіне де ерекше мән берді. Ол: «Ерекше аймақтар сыртқа есік ашудың базасы болғандықтан, экономикалық жақтан, өз мамандарымыздың өсіп-жетілуі жағынан ерекше пайдалы екендігі дау жоқ. Оның тағы бір ерекше пайдасы еліміздің сыртқы әлемге болған ықпалын еселей түседі» — деді. Төрт ерекше аймақ Гонконг, Макао және Тайваньға қарасты Жиңмиң аралымен тұспа-тұс тұруы да Дэн Сиопиннің шебер ойластырып жасаған стратегиялық туындысы болатын. Бұрын Гонконгтықтар және сол жерге келетін шет ел саяхатшылары биік мұнараның үстіне шығып, дүрбімен Қытай ұлы құрлығындағы адамдардың азапты өмірін тамашалайды екен. Дэн Сиопиннің: «Бергі жағадан біз де бір Гонконг салайық!» — деп ұрандатуы ҚХР аумағынан тысқары жерлердегілердің де осы бір ерекше аймақтың терезесі арқылы ұлы құрлықтағылардың да ешкімнен кем-қор жаралмағандығын, олардың да қолынан бірдеңе келетіндігін, коммунистік партияның да гүлденген әлем құра алатындығын, Қытайлық ерекшеліктегі социализмнің абзалдықтары капитализм әлемінен қалыса қоймайтындығын дәлелдегісі келгендегісі еді. 1984 жылы Дэн Сиопин Шынжынды көзден кешіргенде бір кездері басын қатерге тігіп, шекара бөгеттерін бұзып, Гонконгқа қашқандар біртіндеп орала бастағандығының куәсі болды. Ол осы ерекше аймақ арқылы Гонконг пен Макаодағы халықтардың көңілі орнығатындығын, таяу болашақта Гонконг пен Макаодың иелік құқығын қайтарып алған кезде  ол арадағы халықтың өз мекендерін тастап, басқа әлемге босып кетпеуіне кепіл болады деп ойлады. 1997 жылы Қытай мен Англияның өзара келісіміне сәйкес Гонконг Қытайдың иелігіне қайтты. Сол күннен бастап Гонконг пен Шынжын арасындағы мемлекеттік шекара жойылды. Бірақ екі елдің ортасындағы капиталистік түзім мен социалистік түзімнің парқы сақталып қалды. Егер Шынжын сияқты ерекше экономикалық аймақ құрылмаған болса, Гонконг, дау жоқ, апатты жағдайға душар болар еді.

Ерекше экономикалық аймақтың рөлі бір ғана бағытта емес болатын. Біз бұдан бұрын да ерекше экономикалық аймақтың сыртқы әлемге бағытталған экономикалық және саяси рөлін жеткілікті айттық. Ал оның Қытайдың ішкі аймақтарына үлгілік рөлін әсте төмен бағалауға болмайды. Қытай 1979 жылдың өзінде-ақ ішінара қалаларда экономикалық реформаларды  сынақ ретінде бастап кетті. Бір таңғаларлығы, 1984 жылдың орта шеніне дейін осы бір сынақ алаңдарының жұмысы өрге баспады. Сол елдің бақытына жарай, Дэн Сиопин сыртқа есік ашу арқылы реформаны жылдамдатуға мүмкіндік алды. Ол өзінің көптеген реформа шараларын аталған экономикалық аймақтарда жүзеге асыра білді. Ерекше аймақтарда жасалған тәжірибе басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда табысты болды. Мұның себебі, ол – ерекше аймақ.  Ондағы аттың басын қоя беріп, еркін көсілуге болады. Және ерекше аймақтар тұтас алып Қытаймен салыстырғанда аядай ғана жер. Сәтсіз болса да, бүлініп кетер ештеңе жоқ. Алғашқы сынақтар басталғанда күмәнмен қараған, қарсы болған адамдар аз болған жоқ, және олардың көбі қарапайым қараша халық емес, қолында билігі бар саяси биліктің белгілі тетіктерін қолына ұстап отырған адамдартұғын. Сол себепті Дэн Сиопин оларға: «Ерекше аймақ қой, тәжірибе жасап көрейік. Қате болса, түзетерміз!» — деп сабырлықпен жауап беретін. Ерекше аймақтардағы табысты реформа және таңғаларлық даму қатып-семген ескі экономикалық жүйенің мүлде тиімсіз екендігін қаны сорғалаған шындық арқылы дәлелдеп, экономикалық құрылым реформасының жаңа үлгісін көрсетті. ХХ ғасырдың 80-жылдарында Шынжын, Жухай қатарлы ерекше аймақтың жаңа тынысымен танысып, тәпсірін оқып, тәжірибесін үйренем деушілер қажылыққа ағылатын мұсылмандардан бір кем болған жоқ. Дэн Сиопин осы бір орайды шебер пайдаланып ерекше экономикалық аймақтарды реформа жетістіктерін таныстыратын мінбеге айналдырды. Оның өмірінде екі мәрте ерекше аймақтарды аралаған тарихи сапары болды. Ол осы екі сапарында да Қытай реформасын көш ілгері сүйреп, жаңа белестерге көтеріп кетті:

Біріншісі, 1984 жылы Шынжын сапарында Қытайдың қалалалық жерлер реформасының шымылдығын ашты;

Екіншіде, 1992 жылы оңтүстік аймақтарға жасаған сапарында ҚКП 14 кезекті құрылтайының бағыт-бағдарын айқындап, күллі Қытайды нарықтық экономиканы біржолата орнаттыруға жол ашып кетті;

Шет елдің әйгілі сарапшылары Қытайдың экономикалық ерекше аймақтарындағы нақты тәжірибе Дэн Сиопиннің «сыртқа қарата есік ашу, ішке қарата экономиканы жандандыру» сынды екі үлкен мақсатын орындауға жол ашты деп бағалады.

Тынық мұхиты ғасырын қарсы алуға дайындық

Қытайдың дамуы әлемдік қауымдастықтан оқшау дами алмайды. Осы бір идеяның жетегінде Дэн Сиопин жоспарлы түрде ішке бағытталған дәстүрлі экономиканы ақырындап сыртқы бағытқа қарай бұра бастады. Бұрын әлемнен оқшауланып, айналамен түгелге жуық жауласқан заманда теңіз жағалауы аймақтары алдыңғы шеп, қауіп астындағы аймақтарға жататын. Сол себепті, Қытай стратегиялық құрылыстарды үшінші шеп деп атайтын ішкі құрлықтағы аймақтардағы артқы шепке шоғырландырған. Дэн Сиопин назарын теңіз жағалауы аймақтарына бұруы аталған аймақтардың сыртқы әлеммен теңіз-мұхит арқылы тұтасып жатқан ерекше әлеуетін пайдалану арқылы экономикалық дамуды теңіз жағасынан бастап, ішке қарай біртіндеп ашу стратегиясының басталуы еді.

1984 жылдың басында  Дэн Сиопин теңіз жағасындағы төрт ерекше аймақты аралап, Бейжіңге оралысымен орталық комитеттің  негізгі басшыларын шақырып, оларға реформа мен есік ашуды ең негізгі жетекші идея ретінде ұсынып: «Біздің бағытымыз тежеу емес, еркіне жіберу болуға тиіс» — деп қадап тұрып тапсырды. Ол осы жолғы сапарында Шиямын ерекше аймағына бөлінген аумақтың тым аздығын байқапты. Оның ойынша, тіпті бүкіл Шиямын аралын экономикалық аймақ ретінде бөлсе де, артық болмайды екен. Қазірше Шиямынді еркін сауда порты деп атамасақ та, ол арада еркін сауда портына тиесілі көптеген саясаттарды қолдануға болады деген қорытындыға келіпті. Осы жылы Дэн Сиопин жасаған ең батыл қадам теңіз жағасындағы 14 порт қалаға түгелдей ерекше аймақ мәртебесін беру болды. Бұл аймақтар бірден олай аталған жоқ, бірақ соған ұқсас жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік алды. Ең бастысы инвестиция салғысы келетін шет елдіктерге сол ерекше аймақтарға берілетін барлық жеңілдіктер берілетін болды. Аталған қалалардың сыртқа есік ашудағы өз-өзіне қожа болу құқығын кеңейту арқылы олардың сыртқы әлеммен еркін барыс-келіс жасауына даңғыл жол ашып берді. Сол кездегі экономистер осы бір реформаны «мемлекет саған билік береді, ал сен мемлекетке ақша бересің» деп өте қарапайым тілмен түсінікті етіп суреттеген болатын.

Төрт экономикалық ерекше аймақпен қоса 14 қаланы ашу Қытайдың бүкіл теңіз жағалауын бір-біріне тұтастырып жіберді десе де болады. Осы ойдың жетегімен Дэн Сиопин теңіз жағалауларын жағалата экономикалық парктер ашу ойын ортаға салды. 1985 жылы оның алғашқы жобасы жасалып, екі сатыға бөліп орындау жоспарланды:

Бірінші сатысы алдымен Чаңжиян (Янцзы) өзенінің теңізге құяр сағасы, Жужияң өзенінің теңізге құяр сағасы және Фужиян өлкесінің оңтүстік теңіз жағалауы қатарлы аймақтарды ашу жоспарланды;

Екінші сатыда бір-бірімен тұспа-тұс жатқан Ляудуң түбегі және Жияудың түбегі ашылды;

Осылайша солтүстіктен оңтүстікке дейін Қытайдың күллі теңіз жағалауы аймағын қамтып, бүкіл әлемге бет алған экономикалық ашу аймағы қалыптасты.

 Теңіз жағалауы экономикалық аймақтары әлемге бет алған күллі Қытай экономикасының локомотиві болды. Аталған экономикалық аймақтар толықтай сыртқы әлемге бағыт алып, капитал мен технологиядан басқасы толықтай халықаралық айналымға түсті. Осы аймақта салынған жаңа типтегі завод-фабрикалар өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығарып, Қытайдың валюталық кірісін байытып қана қоймай, ішкі өлкелермен де тығыз қарым-қатынас жасап, байлық қайнарларын ашып, өзара бірлескен өндіріс орындарын ашу, технология мен дарынды мамандарды алмасу қатарлы игі шаралардың бірінен кейін бірін жасап жатты. Дэн Сиопиннің бұл арманы алғашында бірден сәтті бола қойған жоқ. Оның себебі Шынжын қатарлы ерекше экономикалық аймақтар өз абзалдықтарын пайдаланып,өндірген өнімнің басым көпшілігін Қытайдың ішкі аймақтарына саудалаумен болды. Мәселенің мәнісіне үңіліп қараған адамға шет ел капиталистері ерекше аймақтың мүмкіндіктерін пайдаланып, сусап тұрған Қытай нарығына өздері өндірген өнімді саудалау арқылы Қытай нарығына кірудің оңай жолына құнығып алыпты. Ал Дэн Сиопиннің арманы, керісінше, Қытай тауарларын әлемдік нарыққа шығару болатын. 1984 жылы Дэн Сиопин Шынжын ерекше экономикалық аймағын көзден кешірген кезде, бұл мәселеге анық көз жеткізіп, ерекше аймақтар өндірген өнім ішкі нарыққа емес, сыртқы нарыққа бағытталу керектігін қадап айтты. Оның ойынша, Шынжын қатарлы ерекше экономикалық аймақтар бұл талаптарды орындай алмаса — олардан күткен талаптың орындалмағанын және оның дұрыс арнамен дамып жатпағанын көрсетеді.  Осыдан соң Дэн Сиопин ерекше экономикалық аймақтардың жұмысына бетбұрыс жасауды қолға алып, құйылған инвестициялар мен технологияларды пайдаланып, сауда-өнеркәсіп-ауыл шаруашылығы өндірістері бірлескен өндіріс құрылымын құру арқылы бір жағынан сыртқы сауданың қажеттілігі бойынша мәнерлеу өнеркәсібін құрса, тағы бір жағынан мәнерлеу өнеркәсібінің қажетіне қарай ауыл шаруашылық және басқа да өндірістерді дамытуды қолға алды. 1987 жылға келгенде экономикалық ерекше аймақтардың өнімінің 50 % астамы әлемдік нарыққа шығарылатын жағдайға жетті.

Ерекше экономикалық аймақтарға байланысты күдік-күмән толығымен сейілген соң, Дэн Сиопин Хайнань аралын ашуды ойластыра бастады. Ол Хайнань аралын Қытайдың  ең үлкен ерекше экономикалық аймағы етіп құруды армандады. Сыртқа бағытталған экономиканың көзімен қарасақ, Хайнань аралы қай жағынан айтсаң да жер жәннаты. Хайнань аралы мен Тайваньның аумағы қарайлас. Бейнелеп айтсақ, аталған екі арал Қытайдың теңіз айлағындағы екі көзі іспеттес. Неге екенін кім білсін, коммунист Қытайлар 30 жылдан аса Тайваньды «азат етеміз» деп ұрандап келіп те де, өз қарастылығындағы Хайнань аралын ұмыт қалдырыпты. Теңіз ортасындағы осы бір аймақ сол баяғы құлазыған күйде сүреңсіз тірлік кешуде екен. Құрылыс дейтін құрылыс, экономика дейтін игілік мүлде ескерусіз қалыпты. Теңіздегі сол екі көздің біреуі жайнап-жарқырап тұр, ал екіншісі сығырайып, шел басқан күйде қалыпты. Тайваньның Азия барыстарының қатарына еніп, экономикасының көш ілгері кеткен табыстарымен таныстырғанда коммунистер жағы сембей, күндіз-түні мадақтайтын социалистік Хайнань аралы тым жұпыны, бейшара күйде екен. Мәселе тек Хайнань аралына ғана байланысты емес екен. Қытайдың тұтас оңтүстік теңіз айлақтары да, ондағы 320 ірілі-ұсақты аралдары да қараусыз қалыпты. Оны ашып пайдалану, көркейтіп-гүлдендіру былай тұрсын, мемлекет қауіпсіздігіне саятын  теңіз қорғанысының жағдайы да сын көтермейді екен. Мамандардың межелеуінше, оңтүстік теңіздегі Қытай иелігіндегі айлақтардағы мұнай-газ қоры 45 млрд тоннаға жетеді деседі. Көрші елдер оңтүстік теңіз айлағынан 500 аса мұнай ұңғымасын салып, әр жылы 100 миллиондаған тонна мұнай және газ өндіреді. Ал Қытай 90-жылдары ғана мұнай кенішіне бірінші бұрғысын сала бастады. Айтпақшы, Қытай сырттай иемденіп жүрген 320 аралдың аздаған бөлігі Тайваньның қарастылығында болудан тыс, басым көпшілігі шет елдіктердің иелік құқығында екен. Осындай ырықсыз жағдайдың басты себебі Қытай экономикасының мешеулігінде және ішкі құрлыққа бағытталуында жатыр. Қытай билігі барлық назарды ішкі құрлықтарға салып, теңіз жағалауы мен теңіз айлақтарын қараусыз қалдырыпты. Өз диқандарына ұлтарақтай жерді беруге қимайтын Қытай билігі шетсіз де шексіз теңіз айлақтарын жат қолдарға бере салыпты. Дэн Сиопин осы бір жан ауыртар жағдайларды терең сараптай келе, Хайнань аралын ашу, дау жоқ, Қытайдың теңіз айлақтарына бағытталған ең үлкен жеңісі болатынына сенімді болды. Ол тұтас оңтүстік теңіз айлақтарына бағытталған қорғаныс шебінің басты қаруына айналады. Бірақ армандауға, қиялдауға болады. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей, Қытай орталық үкіметінің қазынасы қайыршылық халде болатын. Енді не істемек керек? Сол баяғы тәжірибеден өткен тәсіл -біреудің тауығын сұрап, жұмыртқасына ие болу. Шет ел капиталистеріне жағдай жасап, оларға мүмкіндік беру. Сыртқа қарата — есік ашу, ішке қарата — экономиканы жандандыру тәсілін қолдану керек. Басқа жол жоқ. Оңтүстік теңізді жағалай орналасқан Қытайдың өзге көршілері бұл жұмысқа әлдеқашан кірісіп кетіпті. Мысалы, Вьетнам 1970 жылдарда Кеңес Одағымен бірлесіп теңіз айлағынан мұнай-газ қорын игере бастапты. Жоғарыда айтқанымыздай, капиталистерге жағдай жасап, олардың пайда табуына мүмкіндік беру, дау жоқ, ақылды шешім. Себебі, бос жатқан айлақ жау шақырады. Сен игермесең, біреулер оны басы бүтін иемденіп алуы да мүмкін. Сол себепті капиталистер өз пайдасын алсын, сен де құр алақан қалмайсың. Ең бастысы, теңіз айлақтарына деген Қытайдың иелік құқығы сақталып қалады. Хайнань аралы бұрын Гуаңдуң өлкесінің бір аймағы саналатын. 1988 жылы ресми өлке мәртебесін алды. Бүгінгі Хайнань аралы шаруашылығы шалқыған, экономикасы гүлденген, әлем инвесторлары мен туристері үшін ең тартымды құт мекенге айналды.

1992 жылы Дэн Сиопин оңтүстік аймақтарды көзден кешіргеннен кейін, «есікті жаппай, айқара ашу» ұранын көтерді. Бұрын теңіз жағалауы аймақтарына басымдық берілсе, енді күллі шекара аймағы және өзен жағалаулары толығымен ашыла бастады. Содан соң, Қытайдың 20 мың шақырымдық теңіз жағалауынан тыс, барлық көрші мемлекеттермен арнайы кеден бекеттері ашылып, шекара саудасы таңғажайып қарқынмен гүлдене бастады. Осы бір өрлеу кезінде  ең алдымен көзге түсіп, сауда мен өндірістің көрігін қыздырған Шанхайды өзек еткен Чаңжиаң (Янцзы) өзені алабында бой көтерген 12 кеден бекеті және өзен жағалаған 23 алып қаладағы жүздеген экономикалық аймақтардың құрылуы болды. Дэн Сиопин бұл жердегі Шанхайдың рөліне ерекше мән берді. Ол  бірінші ретте ашылған 4 ірі ерекше экономикалық аймақ құрған кезде Шанхайды осы аймақтардың қатарына кіргізбегеніне өкініш білдірді. Бұл туралы ол оңтүстік аймақты көзден кешіргенде: «Бұл менің кешірілмес қателігім» — деп бармақ тістеген болатын. Ол Хуаңфужияң өзенінің шығыс қапталындағы құлазып жатқан теңізге құяр ауыздағы әр сүйемі алтынға бергісіз аймақты Шынжын сияқты ерекше экономикалық аймақ етіп бұрынырақ құрғанда Қытай экономикасының табыстары мүлде басқа күйде болар еді деп армандады, көкірегі қарс айырылып. 1984 жылы Дэн Сиопин Шанхайды сыртқа бағытталған ашық қалалардың тізіміне қосқан, бірақ қатардағы көп қаланың бірі ғана болатын. Экономикалық әлеуеті жағынан Шанхай Қытайда теңдессіз қала. Ол шет елдіктер негізін қалаған ерекше кемелді инфрақұрылымы бар, ең таңдаулы дарын иелері топтасқан, мүмкіндігі шексіз қала болатын. Енді Дэн Сиопин қолындағы осы көзірді пайдалану керек деп шешті. Ол Шанхайды негізгі база ете отырып, Хуаңфужияң өзенінің шығыс қапталын ашу және тұтас Чаңжиаң өзені алабының экономикалық абзалдығын сарқа пайдалануды көздеді. Дэн Сиопиннің ойынша теңіз жағалауы аймақтарының экономикалық табысын ішкі өлкелерге қарай бағыттаудың ең төте жолы осы. Мысалға, Қытайдың теңіз жағалауы 18 мың км асатын атырапты иілген садақ десек, Чаңжиаң өзені батыстан шығысқа қарай Қытайдың 8 өлкесін көктей өтетін сол садақтың адырнасына қондырылған жебе сияқты еді. Жебені адырнаға қойып, Тынық мұхитты бағыттап, зулатып отыру керек.

1991 жылы қазанда Англияның «Экономист» журналында жарияланған мақалада Дэн Сиопиннің экономиканы  теңіз жағалауынан бастап, ішкі өлкелерге қарай дамыту стратегиясын ерекше бағалап: «Қазір Қытайдың оңтүстік теңіз жағалауы аймақтарының экономикасы тез қарқынмен дамуға бет алумен бірге, шығыс Азиядан шығыс оңтүстік Азияға қарай созылған тордың өзегіне айналды. Қытайлықтар құрған осы тор шет елдегі Қытай диаспорасын Жапондықтардың өкшесін басқан аса қуатты сауда армиясына айналдырды. Қаржы, завод-фабрика, басқарушы менеджерлер және сыртқы сауда осы бір тілдік және гендік жақындықтар арқылы алып арнаға айналып, Қытайға тоқтаусыз құйылып жатыр» — деп суреттеді. Қарап отырсақ, теңіз жағалауындағы ерекше экономикалық аймақтар, сыртқы әлемге бағытталып ашылған қалалар, экономикалық зоналар Қытай мен батыс әлемін жалғап жатқан алып шынжырға айналды десек, ол сонымен бірге Қытайдың ішкі аймақтары мен теңіз жағасында бір-бірімен тұтастырып, матап, шырмап, экономикалық мүдделерін мықтап байланыстырды.

«Зиян тартудан қорықпау керек!»

Әлемде зиян тартудан қорықпайтын адамның жоқ екені белгілі, бірақ зиян тарту мен тартпаудың қатынасын білген адам ғана зиян тартудан қорықпаймын деп айта алады. Дэн Сиопин алғаш сыртқа есік ашып, шет ел капиталын тарта бастап, бірлескен кәсіпорын, тіпті шет елдіктердің дербес кәсіпорындарын құра бастағанда көптеген адамдар оның бұл тірлігін түсіне алмай: «Зиян тартып қалсақ, қайтеміз?» — деп алаңдайтын. Олардың мұндағы ойы өздерінің де табысқа кенелетінін біле тұра, шет елдіктер бізден көбірек табыс тауып кетеді ме деген іштарлығы мен  қызғанышы еді. Жеке кәсіпкерлік пен жеке адамдардың кәсіпорыны бой көтеріп, бір бөлім адамдар алдымен байи бастағанда оған қызғанышпен қарайтындар да аз болған жоқ. Бірақ, қалай деген күннің өзінде олар өзіміздің Қытайлықтар ғой деп ойлайтын. Ал шет елдіктер келіп, ақшаны күреп тауып жатса, әрине, адамның іші күйеді. Оның үстіне отыз жыл бойы айтылған «шет елдіктер бізді езіп-қанады, басып-жаншыды, бұлап-талады» деген сияқты үгіт-насихаттар адамдардың санасына әбден сіңісті болып кеткен. Қазақ мұндайды «Тіл – тас жарады, тас жармаса — бас жарады» деп атайтын. Ойлап қарасаң, бүгінде әлеуметтік желіде шұрқан боп шауып жүрген өсек-аяңдардан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті соған қарапайым халықтың көбі ойланбастан сенеді.

Сол 30 жыл бойы жағы талмай жамандаған баяғы шет елдік капиталистер Қытайға келіп, емін-еркін сайран салып, ақша тауып жатса, оған не себепті қызғанбасқа? Бұл туралы Дэн Сиопин: «Елдер ақша салғаннан кейін, табыс табуы заңдылық қой. Олай болмаса, кім келе қояды? Нарықтың заңдылығы екі жақтың ризалығы негізіндегі бір-бірінің қажетін толықтау емес пе? Шет елдіктер ақша тапса не болыпты? Мәселе бізге оның пайдасы бар ма, жоқ па, аз ба, көп пе дегенге саяды. Шет ел капиталы көптеп кірсе, дау жоқ, олар өз пайдасы үшін келеді. Ал соңында біздің де пайда табарымыз хақ. Пайданың үлкені мемлекетке, халыққа келеді. Бәрін түп-түгел капиталистер алып кетпейді ғой» — деп түсіндіретін.

Дэн Сиопин үнемі шет елмен қарым-қатынаста мұқият есеп соғумен болатын. «Біз шет ел капиталын тартып, түрлі меншіктегі  кәсіпорын құрсақ, мемлекеттік құрылыс та шұғыл зәру болған қаржы тапшылығы мәселесін шешеміз. Мұндай шешу әдісі қарыз алғаннан әлдеқайда тиімді. Қарыз алсаң, оны қайтарасың ғой. Жай қайтармайсың, өсіммен, еселеп қайтарасың. Ал бірлесіп кәсіп ашсаң, ақша салмайсың, қарыз алмайсың, тіпті пайда табасың. Бұған қызғанудан гөрі, қуану керек» -  деп таусыла түсіндіретін. Шынында, мұндайды қазақ «Қарыздың түбі – борыш, сауданың түбі – кеніш» деп атайды.

Бұл туралы біздің халық пен билік те мықтап ойлану керек-ау деп ойлаймын. Қаржы  салған шет елдіктердің ақша табатыны сөзсіз, ал біздің ел де жүген ұстап қалмайды ғой. Адамдар жұмыспен қамтылады, мемлекет салық алып, қазынаны толықтырады, мемлекеттік үлестен дивиденд алады, ол да мемлекеттік қазынаның қайнар көзіне айналады. Халқымыз олардан айлық алып, отбасын асыраудан тыс озық ғылым мен техниканы, басқару әдістерін үйренеді, түптің түбінде, өздері дербес кәсіпорын ашып кетуі де мүмкін. Бұл білген адамға ақы төлемей-ақ оқитын үлкен мектеп, шеберлігіңді ұштайтын үлкен жаттығу алаңы, мұның несі зиян?! Халықтың шет ел инвестициясына көзқарасын дұрыс арнаға бұруда көп нәрсе билікке байланысты. Дамыған өнеркәсіпті елдердің қолында қаржы мен технологиялық абзалдықтың бар екені даусыз. Сол себепті оларды біздің экономикамызды өркендету үшін тартудың әбестігі жоқ. Алғашында олар біздің жұмыскерлерге жарытып жалақы төлемеуі де мүмкін. Бұл жағынан зиян тартарымыз сөзсіз. Бірақ, инвесторлар арасында бәсеке көбейіп, жұмыссыздық азайса, олар өз қажеттері үшін еңбеккерлердің айлығын көтере бастайды. Демек, жұмыс күшіне деген жоғары сұраныс пайда болады. Сол себепті ұзақ болашақтан қарағанда инвесторлардың ел экономикасын көтерудегі маңызын төмен бағалауға болмайды. Мәселе сол шет елдік әріптестермен болан келісім-шарттардың қалай жасалуында. Егер біздің биліктегілер халқымыздың мүддесін сыртымыздан сатпай, келісім-шарттардың ашықтығын қамтамасыз етсе, ірі келісім-шарттар парламентте ашық талқыланса, депутаттарға қысым болмаса, онда инвесторлардың келуінен ешқандай қорқыныш жоқ. Менің қорқатыным, бізде әділ сайлаудың жоқтығы, депутаттардың атқарушы билікке тәуелділігі, барлық келісім-шарттарға бас шұлғып, қол көтеріп, мақұлдай беруінде жатыр. Егер бізде ашық, әділ сайлау болып, парламент депутаттарының депутат болу-болмауының тағдыры халқымыздың қолында болса, онда біздің парламент нағыз алуан пікірдің алаңына айналар еді. Біздікі реті келгенде айтқан тәтті арман ғана ғой.

Қорыта айтқанда, инвесторлардан келетін пайда-зиянға байланысты Дэн Сиопиннің есебі түгел болды. Бүгінгі Қытай инвесторларға зәру мемлекеттен бүкіл әлемге инвестиция құятын екінші алып экономикаға ие құдіретті елге айналды.

Қарыз бен борыш  туралы

ҚХР құрылғаннан кейінгі 30 жылда Мао Цзэдуңнан бастап қытайлар не ішкі, не сыртқы қарызымыз жоқ деп мақтанатын. Әрине, өзі кедей, халқына қарақшылық жасайтын елдің билігіне кім сеніп ақша береді? Берген күнде де, қытайлар оны дұрыс мақсатқа жұмсап жарытпаушы еді. Дэн Сиопин билікке келген соң, бұл мәселеге мүлде басқа қырынан қарады. Ол: «Кейбір елдер сырттан көптеп қарыз алды. Әрине, бәрі де борышқа батып қалған жоқ. Оны тиімді пайдаланған елдер де болды. Биліктегілер жемқорлықпен сол алған қарызды пышақ үстінен бөлісіп алғандар да болды. Тиімді пайдаланған елдер қарыз алып та орта деңгейдегі дамыған елдердің қатарына қосылғандар да бар» — деген болатын.

Қытай сол дәуірдегі мешеу қалған ел ғой. Егер беретін болса, қарыз ала тұрсақ, қайтеді деп ойлайтындар пайда болды. Дэн Сиопин оларға мынадай үш түрлі шарт қойды:

Бірінші. Жылдам дамудың қажеттілігі үшін қорықпай-ақ қарыз алуға болады. 1986 жылы Тиянжин қаласы шет елдерден 10 млрд АҚШ доллары қарыз алатын болып келіседі. Дэн Сиопин білгеннен кейін, оларды сынап-мінемей, қайта қолдау көрсетті. Ол: «Елдер  бізге қарыз беруден қорықпаса, біз несіне қорқамыз?!» — деп ерекше қолдау көрсетті. Ол және: «Горбачев батыстағы жеті мемлекеттен көмек сұрағанда, олар соқыр тиын да берген жоқ қой» — деп ақшалы елдер кім көрінгенге оңайшылыққа қарыз бермейтіндігін де еске салды.

Екінші. Қарыз шектен шықпауы керек. Береді екен деп, ала беруге әсте болмайды. Бұл  — нақты талап. Қарыз алған соң, қайтаруды да ойлану керек. Қарызың шамадан тыс артып кетсе, белгілі бір мерзімге барғанда күтпеген жерден экономикалық дағдарыс болса, тапқан-таянғаның қарызыңды жабуға кетеді. Тіпті борыш арқалап қаласың. Ол, керісінше, экономиканың дамуын тежейді. Уақытында қайтара алмасаң, абырой-бедел мен сенімнен жұрдай болып, жұрт алдында ұятқа қаласың.

Үшінші. Егер қарыз  алсаң, ол тек өндірісті дамытуға жұмсалуға тиіс. Демек, ақшаны ақша жасайтындай жағдайда болуға тиіс. Қарызбен мемлекеттік қазынаның жыртығын жамаймын деу далбасалық. Тіпті, қылмыс. Қарыз алу қорқынышты емес, сол қарыз экономикаға қызмет етпесе, қорқыныштың көкесі сол. Мемлекеттің экономикалық әлеуетін дамытуға белгілі мөлшерде қарыз алуға болады. Ондағы мақсат  болашақта мүлде қарыз алмау үшін болу керек. Егер жат елдерден алған қарыз қарын тойдыру үшін немесе тұтынудың қажеті үшін болса, ондай қарыздың барынан жоғы жақсы. Ол мемлекеттік билікті шет елдіктер алдында ырықсыз жағдайға түсіріп, болашақ ұрпақты берешек қарызға белшесінен батырып кетеді.

 Осындайда ойлайсың, жас мемлекет Қазақстанның қарызы да аз емес қой. Әрине, ол қарыздың есебін өз басым білмеймін. Білетіндер 2020 жылғы шілде айындағы есеп бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 159,8 млрд болыпты, бірақ, оның ішінде, мемлекеттің қарызы 45,8 млрд, онша қомақты емес деседі. Былай қарағанда, аз ақша емес. 20 жылдан аса ішпей-жемей жинаған ұлттық қорымызда қалған ақша 57,7 млрд доллар ғана екен. Одан сыртқы қарызды алып тастасақ, 11,9 млрд қана ақшамыз қалады. Бұл жерде Дэн Сиопин айтқан үш түрлі талаппен осы қарыздарды қайталай бір есептеп көрген артық болмайды.  Ең кемінде, алдағы күндерде орынды-орынсыз қарыз алып, ұрпақтарымызды  борыштың құйғанына батырып кетпеу үшін болса да. Ал көршіміз Өзбекстанның еш қарызы жоқ деп көсілетіндерге де өз басым келісе алмаймын.

Әр адамның өз жауапкершілігі болуға тиіс...

Экономика, ең алдымен, жеке адамдардың пайда-зиян қатынасына байланысты болады. Дэн Сиопин экономика саласында осы идеяның жетегімен түпкілікті реформа жасап, табысқа жетті. Мұнда бір мәселе билеуші топтың жауапкершілігін қалай анықтаймыз? Олар қазынадан  мемлекет белгілеп берген айлықты алады, аз істе де, көп істесе де солай. Олардың жауапкершілігін немен анықтауға болады? Ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, өнер адамдарының жауапкершілігін, олардың пайда-зиянын немен анықтаймыз? Бұл жерде ғалымдар ғылымға қосқан үлесімен өз нәпақасын алады. Мысалға ғылым академиялары мемлекет және өндіріс орындарымен түрлі келісім-шарттар жасап, мемлекеттік тапсырысты орындайды немесе өндірістік технологиядағы қиын түйіндерін шешеді, одан тыс, жаңа тапқырлықтарды өмірге әкеліп, оны патенттеп сату арқылы өзінің нақты жасампаздық еңбектері арқылы мол табыс тауып отырады. Жазушылар кітаптарының таралымына байланысты оның қай деңгейдегі жазушы екендігін оқырман қауым өзі анықтайды. Нашар жазушы болса, нарықтан кетеді. Талантты жазушы болса, табысқа кенеледі. Біздегідей кітабын шығаруға демеуші іздеп, табаннан тозбайды. Өнер адамдары да нарықтан өз орынын табады. Шын талантқа тамыр таныстың да керегі шамалы. Мысалы, біздің Димаш Қытайдағы өнер байқауында тамыр-таныстары арқылы көзге түскен жоқ  қой.

Мұндағы Дэн Сиопиннің басын қатырған ең қиын түйткіл мемлекеттік қызметкерлердің және басқарушы элитаның жауапкершілігін айқындау мәселесі болды. Әрине, Дэн Сиопин көзі тірісінде бұл мәселені түпкілікті шешіп кете алған жоқ. Бірақ, соған жол ашып кетті. Мысалға ол қай деңгейдегі басшы болсын, ең басты өлшем сол басқарған аумақтың даму деңгейі сол басшының өсуі мен өшуінің өлшемі болды. Әрине, өзі басқарған аймақтың тез қарқынмен дамуы үшін сол басшылар да білікті кадрларға мұқтаж болды. Біздің сөзбен айтқанда, жақсы команда жасақтағанда ғана, жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Осындай жауапкершіліктің арқасында Қытайдың басқару элитасы сапалы қалыптасты. Бүгінгі ҚКПоК мүшелері және жергілікті атқамінерлердің басқан іздері сайрап жатыр. Мынау қандай еңбегімен көзге түсті деп ешкімді көзіне шұқып көрсете алмайсың.

Енді осы жерде Қазақстандағы кадр саясатына да көз салып көрелік. Кеше ғана небәрі 35 жастағы ұлттық экономика министрі А.А.Иргалиев  қазақ тілін жетік білмегені үшін депутаттардың сынына ұшырады. Сонда ес біліп, етек жапқалы тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен жас министр ұлттық экономиканы қайдам, қазақ деген ұлттың тілінен түржағым болып шықты. Ал ол қандай еңбегімен бүкіл мемлекеттің экономикасын басқарып отыр? Әрине, мұндай шала сауат, сары ауыз балапандар билік тармақтарында жыртылып артылады. Кеше ғана бес жас вице-министрдің сотқа тартылғалы жатқанын естідік. Меніңше, кадр саясатының ең осал тұсы олардың жергілікті жерде тәжірибе жинап, шынығып-шыңдалмағандығында. Біздің саяси басшылардың көбінде жеткілікті билік пен  жауапкершілік жоқ. Мәслихаттар мен парламент те адал жолмен сайланбаған соң, биліктегілер ұсынған кандидаттарды мақұлдап, мадақ айтудан ары аса алмайды. Мен, өз басым, күні-бүгінге дейін мәслихат немесе парламент келісім бермей кері қайтарған бірде бір тұлғаның атын білмеймін. Тағы бір мәселе бізде билік шамадан тыс орталыққа шоғырланған. Сол себепті жергілікті басшылар халыққа есеп беруден гөрі, өз тағдырын шешетін жоғары шенді басшыларға бас ұрып, жағынып, есеп берумен әлек болып жүреді. Олардың тірлігі қарастылығындағы халықпен ешқандай қатынасы болмаған соң, олардың өлген-тірілгені, өмірлік қажеттіліктері олар үшін құны көк тиын. Бізде мемлекет басқарып отырғандар мүмкін билікті қолдан шығарғысы келмейді немесе осы халықтың да ақыл-есі дұрыс, өз тағдырлары үшін дұрыс таңдау жасайды дегенге сенбейді. Сол себепті, барлық жерде бастыққа табыну өмірдің заңдылығына айналып кеткен. Егер қоғамтанушылар әділетті сауалнама жүргізсе, біздің елдің жастары не өз болашағына, не биліктің әділдігі мен болашағына сеніммен қарамайтындығын аңғарудың еш қиындығы болмас еді. Ал, болашағы бар жастардың өкілі саналатын жаңадан сайланған  25 жастағы ең жас мәжіліс депутаты Мәди Ахметовтың жастарға үлгі болады деген істерін көрсең, жүрегің айниды. Міне, біздің кадр саясатымыздың сиқы. Осыдан кейін кімге сеніп, кімнен үлгі алады жастарымыз?!

Дэн Сиопиннің экономикалық стратегиясы ең алдымен экономиканы дұрыс жолға қоя алатын сенімді кадрлар, саңлақ саясаткерлермен байланысты екендігі даусыз. 1992 жылы Тиан Ан Мын қырғынынан кейінгі үш жылғы тоқыраудан соң, Дэн Сиопин ҚКП 14 құрылтайының қарсаңында орталық комитет жаңа құрамының кандидатурасы жөнінде: «Осы реткі орталық комитетке кіретіндер түп-түгел реформаторлар болсын. Реформа жасағысы келмеген кербақпалардың бірде-бірін жолатуға болмайды» — деп кесімді сөзін ашық айтты. Егер Дэн Сиопиннің сол кездегі данышпан кадр саясаты болмағанда Қытай экономикасы 40 жыл бойы үздіксіз дамуға қол жеткізбеген болар еді.

(Жалғасы бар)

                                                          

Тегтер: