Дэн Сиопин. Шетелдіктерге жерді жалға берудің еш сөкеттігі жоқ
Өндірушілердің (ұжымдар мен жекелер) кәсіпкерліктегі өз-өзін билеу құқығы батыс әлемінің ұғымында ол Құдай берген адамдардың туада болуға тиісті құқығы саналады.
Себебі, өндіруші өзінің кәсіпкерлік қимылына өзі жауап береді. Адамдардың пайда табуы немесе зиянға ұшырауы оның өз қимылына қалай жауапкершілікпен қарауына байланысты. Ал Қытайда түбегейлі төңкерістік реформа арқылы адамдардың осы бір Құдай сыйлаған құқығын қайтарып беру керек болды. Себебі, коммунистер бір кездері халықтың еркінен тыс оны мемлекеттің қолына, атап айтқанда, сол мемлекет өкілдік ететін билеушілердің қолына тартып әперген еді. Енді міне, халықтың өз билігін өзіне қайтару үшін осы бір алып мемлекетке құрылымдық ота жасау қажет болды. Бір қырынан бұл реформа билік пен мүдденің қайта бөліске түсуі еді. Сондықтан да, бұл мәселенің қиындығы мен күрделілігін ескере отырып, Дэн Сиопин оны аса сақтықпен, біртіндеп жүзеге асыру керек деп шешті. Оның бірінші сатысы ауыл-қыстақтардағы экономикалық саясатты біртіндеп кеңейту арқылы диқандардың өз-өзіне қожа болуы мен өз жауапкершілігін арттыру арқылы оны әрбір отбасыға дейін тиянақтандырып, өз-өзіне қожа болу құқығын әрбір диқан отбасының өзіне қайтарып берді. Екінші сатыда, жалпы халықтық меншіктегі өнеркәсіп кәсіпорындарының өз билігін өзіне беру арқылы біртіндеп жүзеге асырды. Әрине, бұл саладағы жұмыс айтарлықтай күрделі еді. Және миллиондаған адамның мүддесіне соқтығатындықтан, оны да үш сатыға бөліп жүргізуге мәжбүр болды:
Бірінші. 1979 жылы шілдеде орталық мемлекеттік кеңес қаулы қабылдап, кәсіпорындардың жоспарлау құқығын, қаржылық құқығын, сату-сатып алу құқығын, еңбек құқығын сәйкесінше кеңейтуді қолға алды;
Екінші. 1984 жылы мамырда тағы бір қаулы қабылдап, өндірісті басқару құқығын, сату-сатып алу құқығын, өндірілген өнімге баға белгілеу құқығын, капиталды өз қалауынша жұмсау құқығын, мүліктерді өз бетінше біржақты ету құқығын, басқару құрылымын өз бетінше реттеу құқығын, кадрлық құқықтарын, еңбекақы мен сыйлық ақша мөлшерін белгілеу құқығын және басқа кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс жүргізу құқығы қатарлы ондаған билік тұтқасын кәсіпорындарға қайтарып беру арқылы кәсіпорындардың өзін-өзі билеу құқығын одан әрі кеңейтті;
Үшінші. 1988 жылы сәуірде «ҚХР бүкіл халықтық меншіктегі өнеркәсіп кәсіпорындары туралы» деп аталатын Заңын қабылдап, кәсіпорындардың өз-өзіне қожа болу құқығын социалистік түзім мүмкіндік беретін ең жоғарғы шекке дейін кеңейтіп, капиталистік елдердің деңгейіне жақындата түсті.
Егер заң шын мәнінде салтанат құрып, кәсіпорындардың аталған құқықтары жүзеге асатын болса, онда Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары әкімшілік құрылымдардан түбегейлі дербестік алып, өз бетінше экономикалық құрылымдарды басқарып, пайда мен зиянға өзі жауап беріп, өз-өзін тежеп-тектеп, өз бетінше дамып, өз биігіне қол созар еді.
Әрине, сол кезде қабылданған аталған заңның мемлекеттік кәсіпорындар үшін маңызы теңдессіз болатын. Өкінішке орай, бүгінгі Қытайдың ең жоғарғы билігі 40 жылдың алдындағы сол бір ескі сүрлеуге қайта түсуге беттеп бара жатқан сияқты.
Жоғарыда айтқанымыздай, біртұтас жүйелі реформа билік пен мүдденің қайта бөлісін тудырады. Дэн Сиопин шебер ұста сияқты билікті қайта бөліп, оңтайландыру кезінде бөлетінін бөліп, қысқартатынын қысқартып, қосатынын қосып, билік жүйесін барынша халыққа тиімді етуге күш салды. Мұндағы кедергі — баяғы Маркс шалдың жыры. Соның қияли теориясы. Оны жаттап алған санасы жаңалықты қабылдамайтын, кербақпа, догматизмге бой ұрған ескі басқарушы элита. Жерді диқандарға көтереге беруді Дэн Сиопин сонау 60-жылдары-ақ жолға қойғандығын бұрында айтқанбыз. Маоның дәуірінде ол осы «қылмысы» үшін биліктен қуылды. Енді ең жоғарғы билік Дэн Сиопиннің өз қолында. Солай бола тұрса да, Маркстік-Лениндік теорияны өз әріптестеріне қайталай түсіндірудің қажеттілігі бәрібір туындады. Коммунистер жеке меншікті жоямыз деп қанша ұрандағанымен, сол меншік нақты кімнің қолында болу керектігін өздері де түсінбейтін. Сол себепті Дэн Сиопин мемлекеттің, ұжымның және жеке адамның түпкілікті билігі қалай болу керектігінің ара-жігін айқындау арқылы бұл мәселені де оңтайлы шешті. Мұның кілті әркімнің жауапкершілігін заң жүзінде айқындап, оны келісім-шартпен шегелей бекіту. Мысалға, бұрын мемлекеттен келісім-шартпен жерді көтереге алған диқандар оны басқа біреуге көтереге беруге, жалға беруге немесе сатуға құқығы жоқ болатын. Шынжын экономикалық ерекше аймағы құрылғаннан кейін олар бірінші болып осы қатып-семген ережені бұза алды. 1982 жылдан бастап қала әкімшілігі жер пайдаланушылардан жерді жалға беру ақысын жинай бастады. Себебі, ол жерге салынып жатқан инвестицияның түгелге жуығы шет ел капиталы болатын. Әрине, шет ел капиталистеріне жерді жалға беру және олардан лайықты ақы талап етудің ешқандай сөкеттігі жоқ еді. Бұл шара 1987 жылдан бастап тұтас ел аумағында нақты заңдастырылып, ресми қолданысқа енді. Мемлекет, яғни, ҚХР 9 млн 600 мың шаршы шақырым аумағының иесі жерді пайдаланудың тиімді әдісін толықтай меңгерді. 1988 жылы Конституцияға өзгеріс енгізіліп, жердің иесі мемлекет болады да, ал мемлекет жалпы халықтық меншіктегі жерді ақылы түрде заңға сәйкес басқаларға ұзақ мерзімге жалға бере алады. Міне осылай, ауылшаруашылық жерлері жер игерушілерге ақылы түрде көтереге берілді. Ал қалалы жерлерде тұрғын үйге немесе завод-фабрика және басқа да кәсіпорындарға жалға беріліп, оның құны нарық заңдарымен табиғи реттеліп отырды. Адамдар жердің теңдессіз байлық екенін шындап сезіне бастады. Жерді жалға беруден мемлекеттің өзі ұшан-теңіз табысқа кенелді. 1992 жылға қарай кейбір қалалардың 35% астам салық түсімі жерді жалға беруден түсетін деңгейге жетті. Осыдан соң мемлекеттік кіріс мекемелері жоспарлы түрде әр жылы белгілі бір аумақты арнайы бөліп, әлеуметтік инфрақұрылымды жасақтау арқылы жалға беріп, мемлекет қазынасын толықтырып отыруды әдетке айналдырды. Бұл жерде мемлекет жердің тек түпкілікті иесі. Бірақ, пайдалану құқығын толықтай жеке меншікке ақылы түрде өткізіп беру арқылы экономиканы жандандырып, мемлекеттік кірісті де арттырып отырды. Былайша айтқанда, құда да тыныш, құдағи да тыныш, қазан да май, шөміш те май, мал да аман, қасқыр да тоқ жағдайға жетті.
Дэн Сиопин басқа коммунист көсемдері сияқты халық ортақ байыса, бай мен кедей тең болса деп армандады. Бірақ оның Мао Цзэдуң сияқты басқа коммунистік көсемдерден өзгешелігі, нақты айтқанда, артықшылығы ол Марксизмді қатып қалған догма емес, ол даму үстіндегі ғылым, ол ұрпақтан-ұрпаққа дамып, толықтырылып, кемелденіп отырады деп түсіндіретін. Оның түсінігінше, коммунизм — адамзаттың асыл арманы, бірақ оның босағасын аттау адамзат үшін тым қымбатқа түседі. Оған жету үшін ең алдымен ерекше дамыған өндіруші күш пен заттық негіз қалануға тиіс. Екіншіден, барлық адам бір бағытта шалқыған тұрмысқа жете алмайды, сөз жоқ, бірі ерте, біреу кеш жетеді. Себебі, адамдардың қарым-қабілеті, еңбекке көзқарасы, дау жоқ, парықты болады. Біреу — еңбекқор, біреу — жалқау, біреу – дарынды, біреу – делқұлы дегендей. Соған қарай еңбегінің өнбегі болады. Сол себепті де социализмнің алғашқы сатысында бір бөлім адамдардың елден ерек баюына жол ашу керек деп шешті.
Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, Дэн Сиопин қоғамның бай және кедей болып екіге жіктелмеуін барынша дәріптеді. Бірақ, ол Мао отыз жылға жуық дәріптеген теңгермешілік саясатынан біржола безінді. Дэн Сиопин теңгермешілікпен адамдарды түп-түгел байлыққа кенелту мүмкін емес деп ойлайтын. Себебі Маоның дәуіріндегі Мао социализмі сондай теңгермешілік негізінде құрылған тайқазаннан тамақтанатын қоғам болатын. Ол қоғам адамдардың белсенділігін күл-талқан етіп, қоғамдық дамуды тығырыққа тіреп, социализмді дімкәс, шалажансар, ал адамдарды түп-түгел кедей, қайыршылық күйге түсірді.
Ресейде қазан төңкерісі жеңіске жетіп, большевиктердің билігі орнағанда Шәкәрім Құдайбердіұлы бір белсендіден: «Сонда сол большевиктер нені армандап, қандай қоғам құрғысы келеді екен?» — деп сұрапты. Сонда әлгі белсенді: «Большевиктер бай мен кедейді теңестірмек екен» — деп жауап беріпті. Шәкәрім қажы қайталай: «Сонда олар кедейді байдың деңгейіне көтере ме, жоқ, байларды кедейдің деңгейіне түсіре ме?» — деп сұрапты. Сонда әлгі белсенді бұл арасын өзі де білмейтін болып шығады. Кейінгі өмір шындығы ұлы ойшылдың осы күмәнін айна-қатесіз дәлелдеп берді. Байлардың малын тәркілеп, қызыл көз белсенділерге билік берген Голощекиннің «кіші октябрі» қазақтардың аштықтан шыбынша қырылып, аман қалған бір бөлігінің шет елдерге босып кетуімен аяқталды. Шындап келгенде, байлардың көбі өндірістің шын мәніндегі ұымдастырушылары. Олар өз ақыл-парасаты мен еңбегінің арқасында өзі де байиды, басқаларға да жұмыс береді, салық төлеп, мемлекетті асырайды. Әрине, жемқорлықпен баю мүлде бөлек әңгіме. Ондайды қазақ «Қуғынмен келген — сүргінмен кетеді» дейді. Жәнібек Кәрменов ағамыздың өлеңіндегі «Құлықпен тапқан мал арам, түбінде қайыр болмайды» — дегені сияқты.
Дэн Сиопин Маоның теңгермешілік саясатының жеңілісінің ашты сабақтарын қорытындылай келе: «Адамдардың бәрі бейіштегідей өмірдің қақпасына бірден лап қойса, кептеліс орын алуы мүмкін. Онда ешкім де қақпадан кіре алмайды, бірін-бірі таптап өлтіруі де мүмкін. Сол үшін бір-бірлеп кіруге тиіс. Сол себепті кейбір аймақтардың, кейбір кәсіпорындардың, бір бөлім адамдардың алдымен баюын ынталандыруға тиіспіз» — деп шешті. Мұны ол: «Даму қарқынын тездетіп, ортақ баюдың ең тиімді жолы» — деп атады. Оның ойынша, бір бөлім аймақтар, бір бөлім адамдар алдымен байыса, олар басқаларға үлгі болады, оларға қанат бітіреді, сол арқылы тұтас халық шаруашылығы толқын тәрізді кезең-кезеңімен баюға бет алады» деп армандады. Қытайдың кейінгі даму тарихы Дэн идеясының өміршең екендігін дәлелдеді.
Дэн Сиопин екі үйекке бай мен кедей болып жіктелу, сөз жоқ, қоғамның дамушы күші деп есептейтін. Сол себепті қоғамның барлық мүшесі бай болуы үшін бір бөлім адамдар алдымен баюға тиіс. Бірақ екі үйекке жіктелудің де шегі бар. «Біз кедейлер барған сайын қайыршылана түсетін, байлар байығанның үстіне байи беретін қоғам құрайық деп жатқан жоқпыз. Егер солай болса қоғам апатты жағдайға беттейді. Ұлттық қайшылық асқынады, аймақтар арасындағы қайшылық шиеленіседі, таптық күрес туындайды, орталық пен жергілікті орындардың дамуында қайшылық пен сәйкессіздік орын алады. Түптің түбінде дүрбелең туып, қоғамның бүлінуіне әкеп соқтырады. Егер қоғамдық жіктеліс осы деңгейге жетсе, онда біздің бұл саясатымыз, дау жоқ, жеңіліс табады» дегенді айтудан жалықпайтын.
Бұл жерде екі үйекке жіктелуді қайткенде болдырмауға болады деген заңды сұрақ өз-өзінен туындайды. Бұл туралы Дэн Сиопин мынадай жоба ұсынды. Алдымен дамыған аймақтар мен кәсіпорындар салықты көбірек тапсырады және жаңа технологиялармен, инвестиция құю арқылы мешеу қалған аймақтарды сүйемелдейді. Ал өз бетінше байыған жеке тұлғалар да табысына қарай салық тапсырады және өз еркімен қайырымдылық шаралар арқылы басқа адамдарға көмек көрсетіп отырады. Дэн Сиопин мұндай шараларды мәжбүрлі түрде міндеттеуге түбірімен қарсы болды. Билік құрылымдарының көп жағдайда билігін асыра пайдаланып, осылай істеуі мүмкін екендігін де ескерусіз қалдырған жоқ. Ол бұған мына үш түрлі жақтан шектеу қойды:
Біріншіден, ендігәрі салық міндеттемелерді шамадан тыс арттыру арқылы саясаттың күшімен кедейлерді байлардың малына ортақтастыруға жол бермеу шарты аясында байыған адамдар өз еркімен мектеп ашсын, балабақша салсын, сол сияқты қоғамға игілікті жұмыстар атқарсын. Бірақ, ешқашан мәжбүрлеуге болмайды;
Екіншіден, уақыт жағынан асығыстық жасауға да болмайды. Мысалы, біреу байыды екен деп, салық міндеттемелерін үстемелеуге, олардың мойнына шамадан тыс міндет артуға тыйым салынуы керек. Бұл, айналып келіп, дамуды тежейді. Мысалға, байыған аймақтар артта қалған ауылдарға бастабында жаңа технология және озық басқару тәсілдері арқылы көмектесуіне болады. Ал салық түсімдерін көбейтуді халықтың көбі дөңгелек дәулетті деңгейге жеткенде ғана біртіндеп қолданса болады. Қара озып, алға шыққан адамдар мен аймақтар артта қалған адамдар мен аймақтарға көмек көрсетуі біртіндеп олардың одан әрі дамуы үшін өздеріне қажет болады;
Үшіншіден, қай мөлшерде, қай дәрежеде болуға тиіс? Дэн Сиопиннің санасындағы ортақ баю коммунистердің байды тәркілеп, кедейлерге көмектесу сияқты дәстүрлі санасынан өзгешелеу болатын. Ортақ баюда да адамдар түп-түгел бірдей болу керек деген аксиома жоқ. Байлық пен кедейліктің парқы тым алшақтап кетпес үшін алдымен байығандар кейінгілерді қолтығынан демеу керек деген сөз. Бірақ, тайқазан дәуіріне қайтып оралуға атымен болмайды. Дэн Сиопиннің мұндағы ойы ең бастысы өнімділікті арттырып, белсенділікті қолдау, әлеуметтік әділеттілікті сақтау. Сондай-ақ, алдымен байығандарды қорғау және ынталандыру болатын. Әрине, мұндай жағдайда биліктің қолдауына арқа сүйеген бай адамдар байығанның үстіне байи түсері сөзсіз. Бірақ, өмірдің мына бір шындығын да ұмытуға болмайды: жеке адамның байлығы өзінің тұтыну өресінен асып кеткен соң ол табиғи түрде қоғамдық байлыққа айналады. Егер қоғамдық байлықтың жалпы жиынтығы артса, кедейлер де өз үлесін алары сөзсіз. Мұндайды қазақ «Қазанда бар шөмішке ілінеді» дейді.
Дэн Сиопин қайтсем халқымның қарнын тоқ, көйлегін көк етем деп армандады. Бұрында айтқанымыздай оның Мао Цзэдуңмен ең үлкен алауыздығы Мао экономиканы Маркстік догматизммен басқарғысы келді және оны сол шеңберден шығармауға барынша күш салды. Ал Дэн Сиопин экономиканы экономикалық тәсілдермен, атап айтқанда, өзінің табиғи даму заңдылығымен басқаруды жөн деп білді. Халық аузында айтылуынша, бір күні Дэн Сиопин Маоға амандаса барғанда өзінің кішкентай немересін ертіп алыпты. Мао Дэн Сиопиннің немересін алдына ала отырып: «Мені ата деп айтшы», — дейді. Кішкентай неме қырсығып, ата деп айтпай қояды. Мао дереу өз тәсілін өзгертіп: «Сен мені ата деп айтсаң, мына тұрған кәмпит сенікі болады. Бәрін де үйіңе алып кетесің», — дейді. Сонда бала өзінің сүйкімді балдай үнімен: «Мао ата!» — дейді дауыстап. Осы жерде Дэн Сиопин дереу орайды пайдаланып Мао Цзэдуңға: «Төраға, көрдіңіз бе? Кішкентай баланың өзі заттық ынталандыруды біледі. Ал сіз мені үнемі өндірісті заттық ынталаумен көтергің келеді деп сынай бересіз», — депті. Мао жөпелдемеде сөз таппай қалыпты.
ҚКП 11-кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісінен кейін Дэн Сиопин экономиканы жандандырудың түрлі-түсті айла-тәсілдері мен тетіктерін қолдана отырып, экономиканы жандандыруға тырысты. Сондағы тәсілдерінің бірегейі де осы заттық ынталандыру болатын. Кәсіпорынды жандандыруда ең алдымен оның тапқан пайдасына мемлекеттің көзі қызармауы керек. Олар мемлекет алдында өз міндеттемелерін өтегеннен кейінгі барлық пайданы қалай пайдаланады, ол олардың өз еркінде болуға тиіс. Сонда ғана кәсіпорын барлық айла-шаралармен пайда қуады. Әрине, ол пайдадан басқарушылар да, қатардағы жұмысшылар да өз үлесін алады. Бұл туралы Дэн Сиопин: «Жұмысшылардың айлық дәрежесі олардың еңбек өнімділігіне, техниканы меңгеру шеберлігіне, қосқан үлесінің аз-көптігіне қарай белгіленуі керек. Бұл жерде олардың саяси көзқарасы, билікпен қарым-қатынасының ешқандай байланысы жоқ. Жақсы еңбек етсе, үлесі қомақты болса, оларға орден, медаль, мақтау қағазын беріп, рухани жақтан ынталандыру жеткіліксіз. Одан тыс оларға сыйлық ақша беру керек, айлық табысын өсіріп, заттық ынталандыру керек. Бұл нәрселерді пайда-зиянға байлау, заттық ынталандыру деп капиталистердің тәсілдеріне балап келдік. Меніңше, олардың еңбегін шынайы бағалау капитализм емес, нақты социалистік принцип. Социализм қабілетіне қарай істеп, еңбегіне қарай ақы алуды дәріптемей ме?! Бұлай істеу, дау жоқ, адамдардың өндіріс белсенділігін арттырады. Бұл белсенділік айналып келгенде жеке адамға да, ұжымға да, мемлекетке де пайдалы» — деп баяндады. Шынында, осындай қарапайым ұғымды өмірге енгізу сол кездегі қытайлар үшін оңайға соққан жоқ. Осы жолда Дэн Сиопинге біраз тер төгуге тура келді. Кеңес Одағында да көп айтылатын «Коммунистер бөлек материалдан жаралғандар» деген далбаса ұғым. Адамдар туада белгілі бір заттық қажеттілікке ынтызарлық қасиетке ие. Қожайынға жағу үшін өлгенше еңбек ету азат адамға емес, тек құлдарға ғана жарасады. Мұндайды қазақ «Құлды бәрекелді өлтіреді» дейді ащы мысқылмен. Бұл туралы Дэн Сиопин: «Еңбегіне қарай табысы болуын, адамдардың заттық мүддесін дәріптемеу аздаған жанкешті белсенділер үшін ғана айтылса болады. Қалың қарапайым халыққа ол жүрмейді. Мүмкін қысқа мерзімге адамдарды мақтап-мадақтап жұмсауға болар, бірақ, ұзақ мерзімге олай істей алмайсың» — деген болатын. Ол тағы бір сөзінде: «Мен адамдардың төңкерістік құрбан беру рухын ерекше қастерлеймін. Бірақ тек құрбан беру рухын ғана дәріптеп, олардың жеке мүддесімен санаспау далбаса нәрсе» — дейді тағы.
Коммунизм дегеніміз, қарапайым қазақи ұғымға салсақ, барды ортаға салып, ортақ пайдалану деген сөз. Оны Дэн Сиопин бейнелі түрде «Тайқазаннан тамақтану» деп атады. Бұл туралы Дэн Сиопин: «Теңгермешілік, тайқазаннан тамақтану халық тұрмысын мәңгі жақсартпайды. Белсенділікті тұншықтыратын ең әзәзіл нәрсе. Тайқазанның екі түрлі зияны бар. Оның біріншісі тайқазан жатып ішер жалқауды асырайды. Екіншісі, тайқазаннан тамақтанған сайын кедейлесе бересің» — деді. Ойлап қараса, Маоның заманында Қытай халқы 20 жылдан аса тайқазаннан тамақтаныпты. Бірақ қарны тойып тамақ, иіні жарып киім кимепті. Бұдан құтылудың бірден-бір жолы жекешелендіру және бәсекелік механизм қалыптастыру еді. Бұл туралы отыз жетінші АҚШ президенті Ричард Никсон: «Дэн Сиопин кедейшіліктің бодауына келген теңгермешілікті тәрк етіп, бәсекенің бодауындағы даму жолын таңдады» — деген болатын. Дэн Сиопиннің осы саясатының арқасында қытайлар әлемдегі егістік жер көлемінің 6% ұстайтын жерімен әлемнің 22% халқын тойындыруға мүмкіндік алды. Ал Кеңес Одағының Сталин құрған колхоз-совхоздары небәрі 250 млн болатын Кеңес Одағы халқын зорға асырайтын. Сонда да көптеген колхоз-совхоздар мемлекеттік дотациямен күн көретін.
Дэн Сиопиннің экономикалық реформа теориясы дәстүрлі саяси-экономика жөнінде екі үлкен аса маңызды төңкеріс жасады:
Оның біріншісі, бұрын социалистік таным-түсініктен сырт қалып келген өндіргіш күшті дамыту идеясын социализмнің ең басты құндылығы деп жариялауы.
Екінші, социализм пайда болғалы бері социализмнің ең басты құндылығы саналып келген жоспарлы шаруашылықтан тыс нарықтық экономиканы да социализмнің ең басты құндылығына жатқызу.
Егер нарықтық қатынастар болмаса, экономиканы жандандырам, өндіргіш күшті дамытам дегендердің бәрі бос сандырақ болып қалады. Дэн Сиопиннің экономикадағы теориялық төңкерістегі екінші төңкерісі бірінші төңкерісінің логикалық жалғасы болатын. Ол социализмнің бұрынғы қатып-семген дәстүрлі теориясының мәнін күл-талқан етті. Дәстүрлі-социалистік шаруашылық нарықтық қатынастардың рөлін түбірімен терістейтін. Тіпті жоспар мен нарық от пен судай отаспайтын капитализм мен социализмнің ара-жігін ажыратудағы өлшем саналатын. Мұндай догматизм Қытай экономикасына 20 жыл үстемдік етті. ХХ ғасырдың 50-жылдарында Дэн Сиопиннің пікірлес, мұраттас, табанды қолдаушыларының бірі, бір дәуірдегі Қытайдың ең мықты экономисі саналатын Чын Юн: «Жоспарлы шаруашылық негізі — нарықтық шаруашылық қосымша болсын» деген үндеу тастаған еді. Сол кезде Дэн Сиопин, Чын Юн қатарлы ашық ойлы экономистер қатып-семген жолдан шығатын әйтеуір бір соқпақты таптық-ау деп ойлады. Өкінішке орай, мұндай ұстаным тез арада теріске шығарылды. Реформаның алғашқы кездерінде 50 жылдардағы осы бір ұстанымды қайта түлетіп, ҚКП 12-кезекті құрылтайының негізгі баяндамасында «жоспарлы шаруашылық негіз етіп нарықтық қатынастар арқылы қосымша реттеу» ұстанымын алға қойды. Бұл ұстаным 50-жылдардағы ұғымнан біршама ілгерілеу еді. Бұл жерде Дэн Сиопин экономикадағы жоспардың рөлін біртіндеп төмендетті. Ондағы әдісі жоспарды екі түрге бөлу: біріншісі — міндетті жоспар, екіншісі – жетекшілік сипатындағы жоспар. Ал іс жүзінде міндетті, бұйрық сипатындағы жоспардың тұтас экономикадағы салыстырмасын азайтып, жетекшілік сипаттағы жоспарды біртіндеп арттырды. Кейінгі дамулар көрсеткендей, мұндай шектемелік реформаның түпкілікті дамуына жеткіліксіз болды. Енді Дэн Сиопин нарықтық қатынастарды қайтсем бірінші орынға шығарам деген мәселемен бас қатырды. Әрине, бұл жерде нарықтық қатынастар мен социалистік идеологияның бітіспес қайшылығын жөнге салу керек болатын. 1985 жылы қазанда Дэн Сиопин АҚШ-тың кәсіпкерлер делегациясын қабылдағанда: «Социализм мен нарықтық экономиканың арасында бітіспейтін түпкілікті қайшылық жоқ» — деп кесіп айтты. Ол: «Жоспарлы шаруашылық пен нарықтық шаруашылықты өзара біріктіру керек. Оны біріктіру тетігі және шығару түйіні – қандай әдіс-тәсілдермен болса да өндіргіш күшті өрге бастыру болуға тиіс» деген көзқарасын айтты. Бұл жерде Дэн Сиопиннің логикасына салсақ, Қытайдың түпкілікті мақсаты – өндіргіш күшті дамытып, өндірісті өрге бастыру болса, жоспар мен нарықтың қайсысы негіз, қайсысы қосымша деп ат қойып, айдар тағудың қажеті қанша?! Бірақ Дэн бұлай деп кесіп айтқан жоқ. Бірақ, мәселені көрнекілендіріп, қабырғасынан қоя білді. Алайда, Дэн Сиопиннің былай астарлап айтуын оның саяси қарсыластары да шебер пайдаланды. Олар: «Егер біз жоспар мен нарықты экономикада қатар қолданады екенбіз, оның да басы және қосымшасы айқын болуы керек қой?! (Мао Цзэдуңның «Қайшылық туралы» деп аталатын философиялық еңбегінде қайшылықтың басты және екінші жағы болады делінген болатын) Қалай да нарықтық қатынастар негіз демейтін шығармыз? (Бұл жерде олар нарықтық қатынастардың капитализмнен бөліп алуға болмайтын араластығы бар дегенді айтып отыр)» — деп мәселені төтесінен қойды. Олардың бұл ұстанымы нарықтық қатынастардың игі ықпалдарын экономикада қолдануда көптеген кедергілерді өмірге әкелді.
Дэн Сиопин ойлана келе өзінің мәселені пайымдауда жоспарлы шаруашылық пен нарықтық экономиканың өзара қатынасын социалистік-қоғамдық түзімдегі мәнін жеріне жеткізіп, көрсетіп бере алмадым-ау деп өкінді. Енді осы мәселенің басын ашу керек. 1987 жылы ақпанда Дэн Сиопин орталық комитет пен мемлекеттік кеңестің негізгі басшыларын қабылдағанда мәселенің басты түйінін ашып айтты: « Неге екенін білмеймін, осы нарықтық қатынастар сөз болса болды, оны капитализм дейтін болыппыз. Сонда жоспар ғана болса социализм бола ма? Жоспар да, нарық та экономиканы дамытудың әдіс-тәсілдері ғана емес пе?!». Демек, жоспар да, нарық та экономиканың әдіс-тәсілдері ғана екен. Сол себепті, оның капитализм немесе социализм деп табиғи жіктеу жарамайды. Оны кім пайдаланса, соған қызмет етеді. Сол заманда алып елді билеп отырған ҚКП-да сана-сезімнің қатып-семіп қалғандығы соншалық, бүгінгі күнде барлық адам білетін қарапайым қағиданың өзін орталық комитет деңгейінде ұзақ талқылауға тура келген. Тіпті сонымен біржола шешіліп кетсе жөн ғой, бұның жыры әлі алда екен. 1989 жылғы саяси дүрбелең Қытайда идеологиялық жақтан кері ағым тудырып, сол баяғы таз қалпына қайта келді. Тіпті сол кездегі солшылдық ағын Дэн Сиопиннің және оның жақтастарының ондаған жылғы еңбегін селге кетіріп, Қытайды су аяғы құрдымға жіберуге шақ қалды. Осы саяси дүрбелеңнен соң Дэн Сиопин іс жүзінде нақты саяси биліктен кетіп, толығымен зейнетке шыққан болатын. Бірақ, елді құрдымға сүйреп бара жатқан кербақпа күштердің әрекеті оны қайталай және ең соңғы рет тарих көшін қайта жөнге салуға итермеледі. Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры деген сияқты, даудың басы сол баяғы нарық пен жоспарға байланысты болатын. 1990 жылы желтоқсанда Дэн Сиопин орталық комитеттің ең жоғарғы басшыларымен кездескенде: «Біз капитализм мен социализмнің ара-жігін ажыратуда оның өлшемі нарық пен жоспар ғана емес екенін теориялық тұрғыдан айқындауға тиіспіз» — деп ескертті. Ол және 1991 жылғы қаңтарда Шанхайға барған сапарында: «Сіздер шатаспаңыздар, тек жоспар болса, социализм, нарықтық экономика болса капитализм деп, әңгіме бұлай емес қой» — деген еді. Ол ҚКП 13-кезекті құрылтайының баяндамасына байланысты мынадай екі ауыз пікір айтты: «Мемлекет нарыққа жетекшілік етеді, нарық кәсіпорынға бағдаршам болады». Ол бұл сөзден ешқандай да қателік көріп тұрмағандығын ашық мәлімдеді. Ол өмірден өтерден 5 жыл бұрын 1992 жылы оңтүстік аймақты көзден кешіргенде мәселені еш бүкпесіз түрде ашық жайып салды. Ол өз сөзінде: «Капитализм мен социализмнің ара-жігін айыру мәселесінің өлшемі – ол өндіргіш күштің дамуына пайлалы ма жоқ па, мемлекеттің әл-ауқатын арттыруға пайдалы ма жоқ па, халық тұрмысын жақсартуға оң ықпал ете ме, жоқ па, мәселе, міне, осыған байланысты. Жоспар мен нарық тек қана өндіргіш күштің дамуының айла-тәсілдері ғана, сол себепті, жоспар көп пе, нарық көп пе деген мәселе социализм мен капитализмнің парқын айқындаудағы мәнді айырмашылық болмауға тиіс» — деді. Қарт көсемнің тағы бір атары бар екен. Оның қаһарынан қаймыққан кербақпалардың үні ішіне түсіп кетті. ҚКП 14- құрылтайындағы бас баяндамада жоспар деген сөз тіпті атымен кездескен жоқ. Тек «социалистік-нарықтық экономика» деген термин қолданылды. Дәл осы бетбұрыс күні бүгінге дейін 30 жылдан астам уақыт Қытай экономикасын алға сүйреп келеді. Дэн Сиопиннің экономикалық стратегиясы жинақтап келгенде екі-ақ сөйлемнен тұрады, ол «ішке қарата — реформа жасау, сыртқа қарата – есік ашу». Дэн Сиопиннің сыртқа есік ашуы Қытайдың дамуындағы аса маңызды өзекті саясаттың бірі. Бұл Қытай экономикасын әлемдік қауымдастықпен ішек-қарны араласқан ашық экономикаға айналдырудың ең басты жолы болатын. Әлем экономикасының өзара ықпалдасуы шамамен өнеркәсіп төңкерісінен кейін-ақ басталды. Әлемдегі түрліше елдердің экономикасының дамуы біртіндеп бір-бірін толықтыратын, бір-бірінсіз күн көре алмайтын тұтас бір әлемге айналып, дамуға ұмтылған елдер ендігәрі етек-жеңін қымтап, есік-терезесін жауып отыра алмайтын болды. Қытайдың ұзақ уақыттар бойы тоқырап, артта қалуының себебі Дэн Сиопиннің пайымдауынша, ең басты себебі, томаға-тұйық өмір кешуінде жатыр. Тарихқа көз жіберсек, Шыңғыс хан әулеті Қытайды билеген жылдары Қытай қиырдағы Еуропамен, Араб әлемімен еркін қарым-қатынас жасайтын. Ал қытайлардың өздері құрған Миң патшалығынан бастап Апиын соғысына дейін Қытай 300 жылдан астам уақыт есік-терезесін тарс жауып өмір сүріпті. Апиын соғысының зеңбірегі Қытайдың тас қақпасын күл-талқан етті. «Аюға намаз үйреткен – таяқ» дегендей, аядай Англиядан күйрей жеңілген Қытайлар ұйқысынан оянып, шет елге еліктеу қозғалысын бастады. Олар балаларын шет елден оқытып, шет елдегілер сияқты теңіз күштерін жасақтап, өздерінше тыраштанып көрген. Бірақ бұл қозғалыс та 1894 жылғы Қытай-Жапон соғысында Қытайдың күйрей жеңілуімен аяқталды. Қытайлардың шет ел алпауыттарының бұлап-талауы, қорлап-басынуы қытайларды шет елден үйренуге мәжбүрлеп тынды.
1949 жылы ҚХР құрылуы бір қарағанда ұлттық тұтастық пен шынайы дербестікке қол жеткізгендей көрінген. Бірақ әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналуы үшін оларға тағы 30 жылдай тер төгу керек болды. Ең алдымен батыс әлемі социалистік Қытайды мойындаған жоқ. Сол себепті Мао Цзэдуң тек Кеңес Одағы бастаған социалистік елдерге бет бұрды. Бір қарағанда бұл да есік ашу еді. Бірақ, есік жартылай ғана ашылды. Көп өтпей, Кеңес Одағы мен Қытай қатынасының тығырыққа тірелуі жартылай ашылған жалғыз есікті де жауып тынды. ҚХР құрылған отыз неше жылғы осы бір дәуірді Дэн Сиопин «Есікті тарс жауып, өзімен-өзі болған 30 жыл» деп атады. Әрине, бұл жерде сыртқы факторлар да жоқ емес болатын. Оны Дэн Сиопин: «Алпауыт елдер және жаулық пиғылдағы мемлекеттер Қытайды стратегиялық қоршауға алды», — деп түсіндірді. Әрине, ол ішкі фактордың да болғанын мойындайтын. Оның басты себебі өз күшіне сүйеніп өмір сүру дейтін Маоның шатпағы еді. Мәдениет төңкеріс жылдары Дэн Сиопин қайта билікке келген кезде Маоның жандайшаптары төрт «кісілік топпен» шет елге байланысты көзқараста үнемі қырқысып қалатын. Бірде төзімі таусылған Дэн Сиопин оларға қаратып: «Адам деген артына қарап сөйлеу керек. Біз 10 мың тонналық кеме жасадық деп, айды аспанға шығарып жүрміз. Осы да мақтанатын тірлік па?! Мен 1920 жылдың өзінде Францияға оқуға аттанғанда 50 мың тонналық шет елдің алып кемесіне отырып барған болатынмын» — деп ашына айқайлап еді. Дэн Сиопин Қытайлық жиһангез Жыңхы (ұлты – дүнген) бастаған сауда кемелерінің құрлық аралық экспедициясынан кейін Қытайдың сан ғасырлық томаға-тұйық жағдайда өмір сүріп, әлемнен кенжелеп қалғандығын қорытындылағанда екі ауыз сөзбен: «Алып Қытай мешеулік пен кедейлікке, надандық пен көрсоқырлыққа шырмалып қалды» деп суреттеді. Ол: «Бұдан шығатын жалғыз ғана қорытынды бар. Қытай дамимын, алға басамын десе, кедейлік пен мешеуліктен құтыламын десе, міндетті түрде сыртқы әлемге есік ашуға тиіс», — деді.
Дэн Сиопин өз айналасындағы ой-санасы қатып-семген қарт коммунистерге ақыл айтып, оларды өз ұстанымын қабылдауға шақырудан жалықпайтын. Ол: «Сен есік ашпасаң, осылай етек-жеңімізді қымтап, томаға-тұйық отыра берсек, 50 жылда әлемнің дамыған елдеріне жақындаймыз деген бос қиял болып қалады. Ол атымен мүмкін болмайды» — деп таусыла түсіндіретін.
Шынында, ол кезде әлемдік нарық тұтасымен дамыған елдердің монополиясы болды. Осындай жағдайда артта қалған мешеу Қытай олармен барыс-келіс жасап қай бір ұшпаққа шығады деп ойлайтын көп адамдар. Бірақ Дэн Сиопиннің көздегені мүлде басқа дүние болатын. Ол сыртқа есік ашу арқылы үш асыл нәрсеге қол жеткіземіз деп ойлады. Олар:
Шет елдің капиталы;
Шет елдің дамыған технологиясы;
Шет елдің озық басқару тәжірибесі;
Мұндай мүмкіндік батыс әлемінде толып жатыр. Ал Қытайдың осы замандандыру құрылысында ең тапшы, ең зәру нәрселер еді. Қытай осы замандандыру құрылысын жүргізіп жатыр. Бірақ негізі әлсіз, қалтасы тесік. Шет ел капиталын тарту Дэн Сиопиннің ойынша «кем болса болмайтын толықтыру сипатындағы зәру қажеттілік» еді.
Шет ел ғылымы мен технологиясы жөнінде айтқанда Дэн Сиопин: «Егер сыртқа есік ашпасақ, біз машина жасауда сол баяғыдай балғамен төпештеп отырамыз» — деп қалжыңдайтын. Әрине, машина балғамен жасалмайтыны түсінікті, бірақ технологиялық жақтағы парықтың алшақтығы Дэн Сиопиннің межелеуінше 30 жылдан кем емес. Сыртқа есік ашу Қытай экономикасының әлемге бет түзеуінің дау жоқ ішкі қажеттілігі болатын. Дэн Сиопин айналасындағыларға мынадай есеп көрсетті: «Үш сатылы даму стратегиясының межесі бойынша жылдық халық шаруашылығының жалпы кірісі 1 триллион долларға жеткенде, біз өз өндірген өнімімізді қайтеміз? Түп-түгел ел ішіне, өзімізге ғана сатамыз ба? Сонда бар қажеттілікті өзімізге ғана өтейміз бе, жоқ бір бөлімін шет елден сатып алып, өз жасаған өнімімізді шет елге сатамыз ба? Меніңше, сыртқа есік ашу саясатын табанды жүргізбесек, халық шаруашылығын екі еселеуіміз қиын болады. Тіпті, екі еселеген күннің өзінде, одан әрі жылжи алмаймыз. Менің жобам бойынша Қытай кемінде 50 жыл бойы сыртқа есік ашу саясатынан қол үзе алмайды» — деді. Дэн Сиопиннің есік ашуы Маоның заманындағыдай бір жаққа ауып түсу емес болатын. Ол әлемнің барлық елдеріне есігіміз ашық болу керек деп есептеді. Ол негізінен мына үш бағытты қамтиды:
Бірінші. Батыстың дамыған елдеріне есік ашу. Бұл елдер Қытай үшін капиталдың, технологияның және дамыған басқару тәжірибесінің қайнар көзі;
Екіншіден, Кеңес Одағы мен шығыс Еуропа елдеріне есік ашуды көздеді. Бұл елдерден капитал келе қояды деп үміттенудің қажеті шамалы. Бірақ, олармен сауда істеуге болады, техникалық жақтан селбесуге болады, мүмкін, бірлесіп кәсіпорын ашар, әйтеуір, пайдасы болмаса, зияны жоқ;
Үшінші. Үшінші дүниеге жататын дамушы елдер. Әрине, бұл мемлекеттер Қытайдан қара үзіп кеткені шамалы. Бірақ, өзара кем-кетік толықтыратын байлық қайнарына ие. Олармен барыс-келіс жасауда Қытайдың ұтылары шамалы. Дэннің ойынша бұл жақтан алары да аз болмайды;
Үш бағыттағы есік ашуда Дэн Сиопиннің алдымен көз тіккені дамыған батыс мемлекеттері болды. Себебі оларда Қытай зәру болып отырған капитал мен технология бар. Әрине, жыланның аяғын көрген капиталистер капитал мен технологиясын саған тектен тек сыйлай салмайды. Сол себепті батыс капиталистеріне пайда таба алатындай мүмкіндік беру керек. Атап айтқанда, капитализм ойын ережесін қолданбай болмайды. Ол шет ел капиталистерін: «Бізге көмектесіңіздер, ал Қытайдың алып базарынан сіздер де құр қол қайтпайсыздар, пайда табасыздар», — деп сендірді. Әрине, капиталистер ақшасын салады, пайдасын алады, бірақ Қытайдың мақсаты олардың қолындағы капитал мен технологияға ие болу. Оны түптің-түбінде Қытай үшін қызмет жасайтындай жағдайға жеткізу.
Батыс елдері капитал мен технология жағында, дау жоқ, ерекше басымдыққа ие. Қытай олармен барыс-келіс жасауда зиян тартуы да мүмкін. Дэн Сиопин бұл жағын ашық мойындады. Ол жіңішкелеп есеп жасай келе: «Қайтеміз, уақытша аздап зиян тартсақ та мейлі. Капиталистердің қанауына төзе тұрайық. Тек сол арқылы Қытайдың ұзақ болашақ дамуына жол ашсақ және Қытай болашақта бүкіл әлеммен барыс-келісте зиян тартпауы үшін негіз қалауға болады. Дау жоқ, бұл құрбандық өзін ақтайды», — деп сендірді.
Экономикалық есептен бөлек саяси есеп соққандар да аз болған жоқ. «Шет ел капиталы басып кетсе, бізді баяғыдай табанына салып таптамай ма? Шет елдік капиталдың көбеюі социалистік мемлекеттің іргесін шайқалтып жібермей ме?» — деп алаңдайтындар да табылды. Дэн Сиопин оларға: «Олай болмайды. Бірнеше жүз миллион, тіпті бірнеше миллиард капитал шет елден келсе де, социализмді түп-тамырымен шайқалтып жібере алмайды. Өйткені, оның негізі тым үлкен. Есікті қалай ашсақ та, шет елден қанша капитал кірсе де, ол тұтас Қытай экономикасымен салыстырғанда мардымсыз дүние. Алып Қытайдың социалистік негізіне пәлендей әсері болмайды», — деп түсіндірді.
Дэн Сиопин: «Батыстың озық ғылым-техникасы мен басқару тәжірибесі қоғамданған алып өндірістің туындысы. Оның идеологиялық және таптық таңбасы жоқ. Ешқандай алаңдамастан, өз қажетімізге пайдалануға болады. Ал батыстың демократиялық-қоғамдық түзімімен құндылықтарына сақтықпен қараған абзал. Ол Қытай қоғамын төңкеріп тастауы да мүмкін. Демек, мемлекеттің орнықты дамуына пәлендей пайдасы жоқ» — деп пайымдады. Әрине, пайда мен зиянды іс жүзіндегі өмірде майдан қылшық суырғандай айырып-біле алмайсың. Сол себепті Дэн Сиопин: «Капитал мен технологиямен бірге батыстың идеологиялық қоқыстары адам табиғатына жат тұрмыс-әдеттері сияқты зиянды нәрселер де ілесе кіруі мүмкін. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, сондай бірдеңелер ілесе жүреді екен деп, есікті жауып алуымыз керек пе? Олай етуге мүлде болмайды» — деп шешті. Ол пайда-зиянды сараптай келе: «Зиянды нәрселердің ілесе кіруінің кері ықпалы шет ел капиталын пайдаланып, дамуды жылдамдатудай белсенді факторлармен салыстырғанда кірі арзымайтын нәрселер, одан алаңдаудың қажеті жоқ» — деп кесіп айтты. Тағы бір қырынан алғанда сондай зиянды заттардың алдын алу да сонша қиынға соқпайды, онымен айналыспаса, оған тосқауыл бола алмаса, мемлекеттің басқару аппараты не үшін керек? Ішкі саясатпен айналысатындардың тірлігі сол емес пе?! Олар сол үшін қазынадан жалақы алып отырған жоқ па?» — деп ойлады.
Жалғасы бар