Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:44, 14 Шілде 2022

Денедегі тату – күнәға бату

None
None

Ақыл анық байқаған қылығыңды...                                                               Абай

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-ші бабында былай жазылған: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».

Шоқтығы биік Ата заңымызда еліміздің ең қымбат қазынасы «адам және адамның өмірі» болып танылып, оған аса мән беріліп, аталуы өте маңызды екенін жіті түсініп, санамызға саламыз ба? Осы мәселенің бір қырына көңіл бөлейік.

Мысалы, қазіргі кезде әлемде аса кең етек алған, адам денесіне инемен тесіп жазу немесе сурет салу модасы – татуировка (қысқаша кең таралған нұсқасы-тату) пенденің абыройын өсіре ме, әлде өшіре ме, ал ең маңыздысы, оның өмірі мен денсаулығына қаншалықты қауіпті? Бұл қазақи болмыс-тірлікке, ғасырлар бойы қалыптасқан әдептілікке, мәдениеттілікке сай құбылыс па? Бұл тақырып неліктен өзекті? Өйткені көктемде жылы күндер ұзарып, жаз шыға жастар жеңіл киім киіп, бірқатарларының денесінде әрқилы тату белгілері – жазу-суреттерін байқап жүрміз. Соның дұрыс-бұрыстығына көңіл бөлейік. Тақырыптың маңыздылығы күмән тудырмайтыны анық.

Алдымен, білгілі ойшыл-жазушылар өмір хақында не деген екен? Н. Островский: «Адамның ең қымбаты – өмірі. Ол оған бір-ақ рет беріледі және ол оны мақсатсыз өткен ұсақ-түйекке жіберген жылдар үшін ұятқа қалмас үшін...» саналы түрде тағдыр таңдау керектігін жазып, осы ойларын жастарға өсиет-аманат еткен. Ал A.Чeхoв: «Өміp біp cәт. Oны aлдымeн жoбaдa өміp сүріп, coдaн кeйін-aқ көшіpмeгe қaйтa жaзyғa бoлмaйды». Алда осы ойлардың ақиқаттығына көзіміз жететіні сөзсіз.

Ежелден осы күнге дейін ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы экологиялық жағдайы тиімді, тынысына жайлы таза ауа, табиғи қолайлы кең байтақ – атамекенде өмір кешіп келген. Сондықтан ықылым заманнан бері қазақтың қаны таза, дені сау, тәні бүтін болған. Осыған орай, ағза, жүйке мен гендік жүйесі зақымданбаған.

Ал қазір, ат төбеліндей, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басына қандай қауіптер төніп тұр? Басқаларын былай қойғанда, бұлар әрине нашақорлық, маскүнемдік, темекі шегу және т.т. Бұлардың санатына татуировкамен үйір болуды қосуға әбден болады. Неліктен? Бұл құбылысқа немқұрайды, бейжай қарауға болмайды. Әуелі татуировка тарихына қысқаша көз жүгіртейік. Байырғы римдіктер өздерінің құлдары мен қылмыскерлерді татуировкалармен белгілеген. Ежелгі Греция мен Римде денесінде татуировкасы бар құлдар ешқашан азаматтық ала алмаған. Татуировка олардың қатардағы азамат санатына қосыла алмайтындығының өшпес таңбасы ретінде қаралған. Егер де, бірнеше ғасырлар бұрын, еуропалық саяхатшылар Азия, Африка мен Америка құрылықтарындағы жабайы күй кешкен халықтар мен тайпалар мүшелерінің денесіндегі оюлар мен суреттерге жеркенішті кейіппен қараған болса, қазіргі түсінік-талғам күрт өзгерген. Өйткені бұл келеңсіз әуестікке атақты әншілер, спортшылар мен тіпті белгілі саясаткерлер де бой алдырған. Өкінішке қарай, біздің жастардың біразы еліктеуге бейім болғандықтан, бірқатары осы үрдіске көздерін тарс жұмып қосылғаны анық. Олардың «не көрсе соған бірден құмар болғандығы» өкінішті.

Ал татуировканың бұлтартпас аса зияндылығын ғылыми-зерттерулер нәтижесі айқындап отыр. Мысалы, Канада ғалымдары көптеген бауыр ауруларының осы татуировканың салдарынан екендігін нақты дәлелдеген. Бұның себебі, тәнге сурет салу құралы болып саналатын иненің таза болмауынан және сурет салу студияларының жалпы санитарлық талаптарға сай еместігіне тікелей байланысты. Осының салдарынан адам ағзасына жұқпалы ауырулар дарып, кейін олар асқына келе қайғылы жағдайға душар етуі әбден мүмкін.

Сонымен қоса, адам ағзасына үлкен қауіп төндіретін заттар қатарына теріге сіңдіретін бояу қосылады. Бояулардың құрамына қорғасын, мышьяк және басқадай да улы заттар кіреді. Олар адамды өте қауіпті түрлі обыр ауруларына, әйел затының жүкті кезінде, құрсағындағы нәрестесінің денсаулығының зақымдануына душар ету ықтималдығы өте зор. Сонымен қоса, адамдар татуировканың салдарынан тері обыры мен экзема және аллергия ауруларына жиі шалдығады екен. Ал денедегі татуировкалардан арылу өте қиындық тудырады, денсаулыққа өте қауіпті. Оған ота жасалса да тыртық қалады. Есіме бір өмірлік мысал түсіп отыр. Кезінде мені «Пендеміз – ғой» телехабарына сарапшы ретінде қатысуға шақырып тұратын еді. Сондай хабарлардың бірі осы татуировка құбылысына арналған болатын. Кейіпкердің бірі – жүзі әппақ, қыздай нәзік, көркем жап-жас жігіт еді. Ең өкініштісі маңдайында тапаншаның суреті салынған, өзі шарап ішіп алғандай қиқалаң-қиқалаң, бұлталақ-бұлталақ етіп, орындығына «сыймай» отырды. Осы сес беріп тұрған, зілді татуировка мен оның түсініксіз қимыл-әрекеті осы баланың маңдайын қай жарға апарып соқтырар екен деген алаң ойда қалдық.

Егер татуировканың бір қарағанда ешқандай сырт көзге түспейтін зардабы байқалмаса да, оның адам ағзасына тигізер зиянды, кеселі бірте-бірте бой алатыны анық. Адам және оның ағзасы аса күрделі биологиялық табиғи жаратылым екені анық. Адам ағзасы көптеген органдардан тұратыны мәлім. Жүрек пен қан тамырлары ағзадағы қан қозғалысын қамтамасыз етеді және біртұтас қан жүйесін құрайды. Адам органдары бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондықтан оның терісіне ине арқылы дарыған татуировка бояулары үздіксіз қан қозғалысы арқылы адамның барлық органдарына «тасымалданып», оларды мейілінше улайды. Сонымен, оның қаупі өте терең екенін ұғыну керек. Мысалы, ол зиянды бояулар, тіпті адам гендік жүйесін бірте-бірте зақымдап, келешек ұрпақ әрқилы мүгедек болып туып, тіпті құбыжық болып таралуын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да адам ағзасындағы миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан процестеріне бөгде қол сұғып, өзгерту қауіпті.    

Уақыт өте татуировка суреттері келемеж сиқына өзгеретіндігі де өте мүмкін. Өйткені адам ағзасы биофизика заңдылығына бағынады: ол толассыз өзгерістер процестерімен ерекшеленеді. Ал орта мектеп физика пәнінен белгілі диффузия (бір заттың молекулаларының екінші бір заттың молекулаларының арасына өзара ену процесі) заңдылығына байланысты, тіпті әртүрлі жансыз заттардың өздерінің де бір-біріне өту құбылысы орын алатыны анық.

Ал енді, әлемде кең көлемде тарап бара жатқан татуировка құбылысына ислами сенім қандай бағыт-бағдар ұсынады екен, татуировка жасату күнә ма? Мұсылман дінін уағыздаушы діндарлар: «Иә, күнә» – деп анық жауап береді. Ибн Мәсуд хазреттері: «Татуировка жасаған және жасатқан, парик таққан және таққызғандарға лағнет болсын» мағынасындағы хадис таралған. «Қастарын жұқартқан және татуировка жасатқан адам лағнеттелген» (Әбу Дәуіт, хадис жинақтаушы).

Татуировканы денеге дарытып, сурет-белгілерді мақтаныш ретінде қолдану – ұлтымыздың болмыс-бітіміне, түсінік-ұстанымына, дүниетанымына қайшы келіп коймай, әркімнің денсаулығына да қауіпті екендігін жіті түсіну абзал. Ұлтжанды патриот, тәуелсіз еліміздің үміт күттірер жалындаған жастары қашанда жанашыр ата-ананың, жақын-жуық жекжаттың, адал достың немесе жай бөгде пенденің қамқор ақыл қосуын тіксіне қабылдамай, бұны олардың адами парызы деп түсініп, келешекте әрқилы пәлеге ұшырап, сан соғып қалмаса екен деп пайымдаған тілек-болжамдарын есте сақтап, әр қадамын санаға салып өмір кешсе – құба-құп болары анық.

Жастар салауатты өмір салтын саналы түрде ұстануы үшін олар зиянды әдеттерден бой тартып, аулақ болуы шарт. Адам мәдениетінің бір бөлігі саналатын салауатты өмір салты қоғами даму процесінде аса маңызды рөл атқарады, денсаулықпен тікелей байланысты болып келеді. Денсаулық адам бақытының негізі екендігі айқын ақиқат. Ал тәуелсіз мемлекетіміз бен қоғамымыздың  болашағы әрбір адам денсаулығына тікелей байланысты екені анық қағидат. Әр саналы азамат өз басы мен денсаулығын сақтауға аса жауапкершілікпен қарау абзал.   

Тегтер: