«Дені сау ұлт» жобасы ұтымды ма?
«Бірінші байлық денсаулық» деген қазақ халқы қашанда деннің саулығын адам өмірі үшін байлықтың бастауы деп есептеген.
Елімізде соңғы жылдары үкімет тарапынан халықтың денсаулығын жақсартуға арналған ілкімді жобалар жүзеге асырылып келеді. Міндет біреу – ол халық арасында сырқаттанушылар деңгейін азайтып, жұрттың салауатты өмір салтын ұстануға деген бағытын қолдау. Қай кезеңде болмасын дені сау ұлт қана дегеніне жететіні анық. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2021 жылы 12 қазанда «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын арнайы қаулымен бекіткен болатын. Денсаулық сақтау саласының ұлттық жобасы аясында елімізде жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. «Дені сау ұлт» жобасының іске асырылу уақыты 2025 жылға дейін деп бекітілген еді. Яғни осы жылдар аралығында халық денсаулығын көтеру мақсатында әр аймақта медициналық сала мамандары әр түрлі іс-шаралар өткізіп, оның тиімділігін, нәтижесін бақылап отырды. «Дені сау ұлт» әрбір қазақстандық үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді қарастыратын ұлттық жоба. Бұл орайда басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген тұрғынның бірінші кезекте медициналық қызметті сапалы әрі уақытында алуы маңызды болып тұр. Өйткені уақыт өткізіп алмай дұрыс емдеудің талай тағдыр иесін ажалдан арашалап қалып жатады. Бұл жобаның аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар өз жемісін беріп келеді дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Ұлттық жоба негізінен жұртты денсаулық сақтау қызметтерімен толық қамтамасыз етуді, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтап, балалар денсаулығын нығайтуды, кадрлық әлеуетті нығайту мен фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру мен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту тәрізді бірқатар міндет-мақсаттарды көздейді.
«Дені сау ұлт» жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елімізде өлім-жітім деңгейі төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарынша 2022 жылы елімізде өлім-жітім 15,5 пайызға азайған. Мемлекет үшін басты байлық адам болған соң, азаматтардың өмір сүру жасының өсе беруі оң нәтиже болары анық. 2022 жылдың 7 айында «Дені сау ұлт» жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың арқасында ел тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,4 қатерлі ісіктерден 8,7, тыныс алу ағзаларының сырқаттарынан 23 пайыз және туберкулез сырқатынан болатын өлім 12 пайызға азайған көрінеді. Мамандардың пайымдауынша халықтың жалпы алғандағы өлім-жітімнің көрсеткіші 15,5 пайызға төмендеген екен. Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылы да қараша халықтың денсаулығын көтеруге бағытталған ұлттық жобаның жұмыстары мен іс- шараларын еліміздің барлық аймағында кезең-кезеңімен жүргізіп жатқанын мәлімдеуде. Қай аймақта болса да бірінші кезекте халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру маңызды. Сонымен қатар дәрігерлік көмек халыққа сапалы жасалуы тиіс. Өйткені денсаулығы сыр беріп жаны қиналып, дәрігердің алдына барған науқас әуре-сарсаңға салынбай сапалы медициналық қызметті алуы маңызды. Қазіргі уақытта елімізде денсаулық сақтау саласы кез келген азаматтың дәрігер көмегін дер кезінде кедергісіз алуына ықпалын тигізу мақсатында ұлттық жобаны іске асырып келеді. Жоба барысында халықтың өмір сүру жасын ұлғайту басты назарға қойылған басты мақсаттардың бірі екенін айта кеткен жөн. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында халықты салауатты өмір салтын ұстануға көп бағыт беру үшін іс-шаралар жүргізіліп келеді. Ағымы қатты заманда биікке ұмтылып арман-мақсаттарды бағындыру үшін де бірінші кезекте кез келген жанның дені сау болуы маңызды. Сол себепті де қазақ денсаулықты басты байлыққа теңеген.