Денис Никиша: Күмістің қуанышын кеш сезіндім
Қазақстандық шорт-трекші Денис Никиша тарихи жеңіске жетті. Нидерландының Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында Денис 500 метрлік спринтерлік жарыстың күміс жүлдесіне қол жеткізді.
Бұған дейін осы спорт түрінен отандастарымыздың ешқайсысы әлем чемпионатының күміс тұғырынан қол бұлғап көрмеген еді.
Денис Никиша әлем кубогы кезеңдерінде (Минск-2017, Алматы-2022) қысқа қашықтықта екі рет топ жарды. Бірақ жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында болмаса, ересектер арасында жүлдегерлер қатарына еніп көрмеген-ді. Сондықтан оның бұл табысы қазақ спортының жаңа жеңіс парағы екені күмәнсіз. Сондай-ақ ол әр жылдары универсиада жүлдегері де атанған еді.
Денис елге келмей жатып, телефон арқылы байланысқа шығып, шағын сұхбат алуға үлгеріп қалдық.
– Бұған дейін әлем чемпионаттарына бірнеше рет қатыстың, бірақ жасөспірімдер деңгейінде ғана жүлделерің болды. Бұл жолғы әлемдік додада негізгі мақсатың қандай еді?
– Иә, бұрын ересектер арасындағы әлем чемпионаттарында жүлдеге ілініп көрмеген едім. Жасөспірімдер қатарында екі рет үздік үштікті түйіндедім. Өткен жылы жүлденің төбесін көріп тұрып, төртінші орында қалып қойдым. Ал биыл 500 метрлік сында алтын алуды межеледім. Дегенмен күміске де қуаныштымын. Бұл медальдің қандай еңбекпен келгенін білемін. Бірақ қандай жарысқа барсам да көздейтінім – тек алтын жүлде.
– Финалдық жарыс бірнеше бөлікке бөлінгендей болып көрінді. Әуелі қатысушылардың барлығы жақсы позиция иеленіп алуға тырысты. Одан кейін сен ішкі траекториямен жақсы шабуылдап, екінші орынға шықтың. Соңғы айналымдағы тартыста басқа қарсыластарың шыдас бермей, құлап түсті. Қытай спортшысы Лин Сяоюн көш бастап келе жатқандықтан, кейінгілердің құлағанын тіпті байқамаған сияқты. Сен соның ізін ала мәре сызығын қидың. Жоспарлаған амалыңның бәрі іске асты деуге бола ма?
– Қарсыластарымды жақсы білемін, олармен әр жарыс сайын бәсекеге түсемін деуге де болады. Олардың қандай сәтте қай әрекетке баратынын, қандай тактика қолданатынын анық болмаса да, шамалай аламын деп санаймын. Біз әрқашан жарысқа қатысқанша да, жарыстан кейін де талдау жасаймыз. Әр спортшының жұмбағын шешіп, оның қалай жүгіретінін болжауға тырысамыз. Бірақ шорт-тректің ерекшелігі сол – бапкерлермен бірге қандай тактика ойластырсаң да, ешбірі іске аспауы мүмкін. Иә, кей тұстарда жақсы қорғандым, бірақ жақсы шабуылдай алмағаным да рас. Ал ішкі траекторияға кенет ауыса отырып шабуылдау – шорт-трекшінің үлкен көзірі. Оған өте үлкен тәуекел керек. Мен екінші орынға шығып алған соң да шабуылымды тоқтатқаным жоқ. Мәре сызығынан өткенше Сяоюнді қуып жетуге тырыстым.
– Жақсы білсең де, қарсыластардың қайсысы өте қауіпті болды? Кімнен – толассыз шабуыл, кімнен қитұрқы әрекет күттің?
– Қазір барлық елдің спортшылары күшейді. 500 метрге қатысты алсақ, көп елде мықты спринтерлер бар. Олардың кез келгені топ жаруы мүмкін. Өте қауіпті болды деп ешбірін бөліп-жармас едім. Өйткені финалға шын мықтылар ғана шығады. Іріктеу кезеңінде Мерсаид Жақсыбаев екеуміз де сәтті өнер көрсетіп, жақсы нәтижемен келесі кезеңге өттік. Бірақ 1/8 финалда Мерсаид 42 секундтан төмен көрсеткіш тіркеді де, жартылай финалға қосымша іріктеу арқылы ғана өтті. Бірақ әрі қарай жолы болмады. Мен жартылай финалда да Сяоюнмен қатты бәсекелестім. Ол – 39, мен 40 секунд айналасында жүгіріп өтіп, А финалына қатар жолдама алдық. Сяоюн – корей шорт-трекшісі. 2021 жылға дейін өз елінің атынан Лим Хио Юн деген есіммен өнер көрсетіп, Пхенчхан олимпиадасында 1500 м қашықтықта жеңімпаз атанды. Бірақ үш жыл бұрын Қытай азаматтығын қабылдады да, керемет табысты өнерін жалғастырды. Роттердамда ол спринтте топ жарғанға дейін 3 бағдарлама бойынша эстафета жеңімпазы атанып үлгерді. Демек, финалда да Сяоюн өте жақсы бабында болды. Ал былтыр Сеулде өткен әлем чемпионатында италиялық Пьетро Сигел топ жарған еді. Бұл жолы ол да, былтырғы күміс жүлдегер Стивен Дюбуа (Канада) да финалға шыққанмен, шешуші сәтте екеуі де құлап қалды.
– Мәре сызығын кесіп өткен соң өз табысыңа сенбей жүргендей көріндің. Бас шайқай бердің. Қасыңдағы жеңімпазға мүлде назар аудармадың. Қазақстан үшін тарихи маңызы зор жүлде жеңіп алғаныңды қашан сезіндің?
– Иә, қуанар-қуанбасымды білмей біраз дағдарып қалғаным рас. Мұндай жағдай басымда болып тұрады. Өйткені алтынға барынша ширыға дайындаламын, жеңіске жетуді ойлап қана жаттығамын. Жарысты осылай аяқтап, күміс немесе қола жүлде алғанда, «бұған қуану керек пе, әлде керек емес пе?» деп ділгіріп қаламын. Дегенмен спортта ұзақ жүргендіктен, әрбір кішкентай жеңіске қатты қуануым керек екенін де түсінемін. Әуелде «бұл күміс қой» дегеніммен, еліміздің көк туын жамылып, ел алдында айналғанымда, кеудемді ғажайып шаттық кернеді. Қаншама жыл бойғы еңбегім өтелгенін сезіндім.
– Сонда бұл жеңісіңнің құпиясы неде? Кім ерекше әсер етті, кімдердің еңбегі сіңді?
– Ешқандай құпиясы жоқ. Бәрі қарапайым: еңбек пен тәртіп спортта ғана емес, өмірде де жеңіске жетелейді. Соңғы жылдардағы нәтижелерім менің тұрақты, белгілі бір биіктен төмендемейтін спортшы болып қалыптасқанымды көрсетеді. Бір жалт етіп жоқ болғаннан, үнемі мықтылармен иық тірестіріп, өз несібеңді қағып алуға даяр екеніңді дәлелдеп жүрген мың есе артық.
– Енді қандай меже бар?
– Қазір маусым бітті. Мақсат пен меже қашанда жеткілікті. Біз бапкерлер құрамымен бірге маусымды қорытындылаймыз, жаңа маусымға меже қоямыз. Ал басты арманым – 2026 жылы Миланда өтетін қысқы олимпиадада топ жару.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы