Денсаулық пен еңбек нарығы – қоғам тұрақтылығының қос тірегі

Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның өркениеттік деңгейі ең алдымен халықтың денсаулығы мен еңбекке қабілеттілік көрсеткіштері арқылы бағаланады. Денсаулық сақтау жүйесі мықты елде халықтың өмір сүру ұзақтығы артып, әлеуметтік белсенділігі күшейеді, медициналық қызметке қолжетімділік кеңейіп, қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен сенім артады.
Ал жұмыспен қамту саласының жүйелі дамуы азаматтардың табыс табуына, тұрмыстық жағдайын жақсартуға, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жол ашады. Бұл екі сала бір-бірімен тығыз байланысты. Дені сау адам ғана толыққанды еңбек етіп, экономикаға үлес қоса алады, ал тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтың денсаулығын күтуге мүмкіндігі мол болады. Денсаулық сақтау саласын дамыту – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі кепілдерінің бірі. Өйткені түрлі індеттер мен созылмалы аурулардың алдын алу тек қана медициналық тұрғыдан емес, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да аса маңызды. Заманауи технологиялар мен инновациялық медицинаны енгізу, ауылдық жерлердегі халықтың дәрігерлік көмекке қолжетімділігін арттыру, профилактикалық шараларды кеңейту – ұзақ мерзімді даму стратегиясының ажырамас бөлігі. Денсаулықты нығайту арқылы мемлекет әлеуметтік шығындарды азайтып қана қоймайды, сонымен бірге еңбек өнімділігін көтереді, адами капиталды сапалы дамытады. Осы орайда ел президенті жыл сайынғы жолдауында облыс пен аймақтардағы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларын дамытудың маңызы туралы баса атап өтеді. Биыл «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауында да денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салаларын қамтымай өтпеді.
Осы орайда ел аймақтары да берілген тапсырмалар мен міндеттерді орындауға жаппай кірісіп жатыр. Мәселен, күні кеше Жамбыл облысының әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдің әлеуметтік дамуына тікелей ықпал ететін екі негізгі сала – денсаулық сақтау мен жұмыспен қамту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен қордаланған түйткілдер жан-жақты қаралған еді. Бұл жиын тек статистикалық мәліметтерді баяндаумен шектелмей, облыстың әлеуметтік бейнесін, халықтың әл-ауқатын айқындайтын жүйелі мәселелердің басын ашып берді. Әсіресе денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайы мен оны жетілдіру жолдары, сондай-ақ еңбек нарығындағы өзгерістер мен жұмыс орындарын құру динамикасы талқылаудың өзегіне айналды. Жұмыспен қамту саясаты да қоғам тұрақтылығы үшін шешуші рөл атқарады. Жұмыссыздықтың көбеюі әлеуметтік шиеленістерге, кедейліктің артуына, әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуіне әкеледі. Сондықтан мемлекет тарапынан жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, жастарды кәсіби даярлау, еңбек нарығының талаптарына бейімделген кадрларды даярлау саясаты басты назарда болуы тиіс. Жұмыспен қамту арқылы қоғамда орта таптың үлесі өсіп, әлеуметтік әділеттілік пен тұрақтылық қалыптасады, халықтың мемлекетке деген сенімі нығаяды. Денсаулық сақтау мен жұмыспен қамтуды қатар дамыту арқылы мемлекет ұзақ мерзімді перспективада бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Екі саладағы реформалар өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтырары анық, яғни сапалы медициналық қызмет пен әлеуметтік қолдауға ие азамат денсаулығын сақтап қана қоймай, еңбек нарығында белсенді бола алады. Ал еңбекпен қамтылған, табысы тұрақты азамат медициналық қызметке жүгінуге, денсаулығын қорғауға, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік табады. Осылайша, бұл екі бағыт елдің әлеуметтік дамуының негізгі діңгектеріне айналады. Сондықтан денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салаларын жүйелі, кешенді дамыту – мемлекет саясатының ең басым бағыты болып қала береді.
Мәселен, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысының мәлімдеуінше, биылғы жылы өңірде тұрғындардың денсаулығына қатысты бірқатар көрсеткіштер жақсарған. Атап айтқанда, тыныс алу жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 0,2%-ға, туберкулезден қайтыс болу көрсеткіші 7,5%-ға төмендеген. Бұл медициналық қызмет сапасының артып келе жатқанын білдіргенімен, әлі де шешімін таппаған күрделі мәселелер бар. Ең әуелі дәрігер тапшылығы айқын сезіледі. Бүгінгі таңда облыста 109 дәрігер жетіспейді. Бұл тек сандық көрсеткіш емес, нақты адамдардың өміріне әсер ететін, шалғай ауылдардағы емханаларда дәрігердің жоқтығынан науқастардың уақытылы көмек ала алмауына әкеп соқтыратын түйткіл. Осыған орай жергілікті атқарушы орган 2019–2025 жылдар аралығында жалпы медицина мамандығы бойынша студенттерге грант бөліп, болашақ кадрлар даярлауда. Қазіргі таңда 58 студент өңірлік грант есебінен білім алып жатыр, олардың алғашқы легі 2026 жылы оқуын аяқтап, еңбекке кіріседі. Сонымен қатар резидентураға 179 грант қарастырылып, бүгінгі таңда 53 жас дәрігер өңірдің мемлекеттік медициналық ұйымдарында бес жыл міндетті еңбек ету шартын орындап, қызмет етіп жүр. Бұдан бөлек, 84 маман қазір резидентурада білімін жалғастыруда, ал 7 дәрігер әлеуметтік демалысқа шыққан.
Кадр тапшылығын жою тек мамандарды даярлаумен шектелмей, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен де байланысты. Осы мақсатта биыл 41 дәрігерге тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жалпы сомасы 367,3 млн теңгеге жететін бюджеттік несие берілді. Бұған қоса, 129 жас маманға 47,6 млн теңгені құрайтын көтерме жәрдемақы төленді. Бұл шаралар дәрігерлерді өңірге тартуға ықпал етсе де, мәселенің түпкілікті шешімі үшін ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат қажет екені айқын. Әкімдіктер тарапынан да қосымша қолдау шаралары ұсынылып отыр. Мұның барлығы өңірде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына бағытталған нақты қадамдар болып саналады. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру мәселесіне де көңіл бөлінуде. Жыл соңына дейін 2 468 медицина маманын оқыту жоспарланған болса, қазіргі таңда оның 1 891-і біліктілігін арттырып үлгерді. Бұл да халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына тікелей әсер ететін маңызды қадам.
Кеңесте жұмыспен қамту саласы да назардан тыс қалмады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Мұқановтың айтуынша, 2025 жылғы 24 қыркүйектегі жағдай бойынша өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 43 064 жұмыс орны ашылған. Жылдық жоспар 65 647 болғанын ескерсек, бұл көрсеткіштің әлі толық орындалмағанын көреміз, дегенмен белгілі бір қарқын бар екені байқалады. Президенттің «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жылдық жоспар 12 534 болса, соның ішінде 11 933 жұмыс орны құрылды. Бұл міндеттің жыл соңына дейін толық орындалатынына үміт бар.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 16 792 адам тартылып, олардың бір бөлігі жұмыс берушілердің бос орындарына орналасты. Атап айтқанда, 13 122 адам еңбекке кіріссе, бұл бағыттағы ең төмен көрсеткіш Тараз қаласы мен Меркі ауданында тіркелді. Сондай-ақ еңбек биржасына 158 жоба енгізіліп, нәтижесінде 1 217 азамат жұмысқа тұрды. Бірақ бұл бағытта да бірқатар аудан артта қалып отыр, атап айтқанда, Тараз қаласы, Жамбыл және Мойынқұм аудандарында нәтиже төмен деңгейде. Әлеуметтік қолдау бағытында да белгілі бір жетістіктер мен олқылықтар бар. Мәселен, отбасын қолдау орталықтары қазір Тараз қаласында және Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Талас аудандарында жұмыс істеп тұр. Ал Шу мен Қордайда мұндай орталықтар әлі ашылмаған. Бұл жағдай аталған аудандардағы әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың жағдайын күрделендіруі мүмкін. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істейтін мобильдік топтар да Шу мен Қордай аудандарында құрылмаған. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табуы тиіс. Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында да белгілі бір жоспарлар бар. 2025 жылы өңірде 262 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу көзделген. Бүгінгі күнге дейін 127 нысан толық бейімделіп, 121 нысан жартылай бейімделді. Дегенмен Жамбыл, Жуалы, Меркі және Сарысу аудандарындағы 14 нысан әлі бейімделмей отыр. Бұл жағдай мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуына кедергі болып отыр.
Жиын соңында облыс әкімі аталған барлық мәселелерді жіті бақылауда ұстап, олардың шешімін табу үшін нақты әрі жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Әсіресе денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою, медициналық қызмет сапасын арттыру, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осылайша өткен кеңес өңірдегі әлеуметтік саясаттың ең өзекті тұстарын айқындап, алдағы кезеңде шешімін табуға тиіс нақты міндеттерді белгіледі. Бұл бағыттағы жұмыстардың табысты болуы – Жамбыл облысының тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және еңбек нарығын тұрақтандыруға ықпал етпек.
С. Бақберген
Жамбыл облысы