Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды балаларды қызылшадан қорғауға шақырды
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі қызылша ауруының өсуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады.
Өз үндеуінде министр қызылшаның «қарапайым балалар инфекциясы» еместігін және оның, әсіресе, ерте жастағы балалар үшін ауыр асқынуларға, соның ішінде пневмония мен жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Әлназарованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шара қабылдаған:
– 6–10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды;
– екпені өткізіп алған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды;
– профилактикалық жұмыс күшейтілді.
Министр сырқаттану қарқынының өсуі баяулай бастағанын айтқанымен, жағдай баршаға ортақ жауапкершілікті талап ететінін жеткізді.
Ведомство басшысы қызылшадан қорғанудың жалғыз сенімді жолы — вакцинация екенін ерекше атап өтті. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Министр ата-аналарды дәлелді медицинаға және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырып, екпелер тек бір баланы ғана емес, басқа балаларды да қорғайтынын еске салды.
Айта кетейік, Атырау облысында 779 адам профилактикалық вакцинациядан бас тартқан.