Денсаулық сақтау министрі вакцина жөніндегі комитеттің мүшелерін жұмыстан шығарды

Вакцинацияға қарсы көзқарасымен танымал АҚШ Денсаулық сақтау министрі вакцина жөніндегі комитеттің барлық мүшелерін қызметтен босатты.
АҚШ-тың Денсаулық сақтау министрі Роберт Ф. Кеннеди кіші вакцинация мәселелерімен айналысатын комитеттің 17 мүшесін жұмыстан босатты. Бұл комитет қандай вакциналарды кімге және қашан салу керектігін айқындайтын орган болатын. Аталмыш ақпаратты The Wall Street Journal таратты.
Кеннеди бұл шешімін түсіндіріп: «Бұл комитет енді вакцина бағдарламаларын пайда көзіне айналдырған индустрияға қызмет етпейді. Бұл шара – ғылымға деген қоғам сенімін қалпына келтіру үшін қажет», - деді.
Құрамына әр саланың дәрігерлері мен ғалымдары кіретін комитет CDC-ге әртүрлі ауруларға қарсы вакцинациялар, оның ішінде мерзімі мен қамтуы туралы кеңес береді, осы мәселе бойынша ұсыныстар дайындайды және т.б. ACIP-ке жаңа мүшелердің қашан тағайындалатыны белгісіз.
Кеннеди мырза комитеттің бұл құрамы кез келген вакцинаны тексерусіз мақұлдауға дайын екенін айтты. Ол «қоғамның сенімін қалпына келтіру кез келген вакцинацияға қарсы күн тәртібінен маңыздырақ» деп атап өтті. Денсаулық сақтау министрі сонымен қатар комитет мүшелерінің көпшілігін соңғы сәтте АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден тағайындағанын және қазіргі ACIP мүшелерінің көпшілігін жұмыстан шығармай, Дональд Трамп әкімшілігі 2028 жылға дейін жаңа мүшелерді тағайындай алмайтынын айтты.
Алайда көптеген медицина қызметкері бұл шешімге қарсы шығып, оны «жауапсыз қадам» деп атады.
Айта кетейік, Роберт Кеннеди бұған дейін де бірнеше рет вакцинацияға қарсы мәлімдемелер жасап, вакциналар мен аутизмнің арасында байланыс барын алға тартқан болатын. Бұл пікір медициналық қауымдастықта үлкен сынға ұшыраған.