Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге ақша төлей алмай отыр

Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев ведомствоның елдегі медицина ұйымдарына қарызы туралы мәлімдеді.
Қазір қарыз көлемі 700 млрд теңгеден асып отыр. Бұл республикалық бюджеттен жоспарланған қаражат пен нақты түскен қаржы арасындағы айырмашылықтан туындады. Дегенмен, бұл жағдай ұйымдардың жұмысын тоқтатпай отыр: қордағы жинақталған активтер арқылы өтімділікті сақтап, төлемдер жүргізілуде. Сондай-ақ Қаржы министрлігімен бірлесіп, міндеттемелерді жабу үшін қажетті қаражатты жинақтап жатырмыз, - деді ол Үкімет отырысында.
Вице-министрдің айтуынша, «қиын фискалдық жағдайға» және республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмауына қарамастан, денсаулық сақтау жүйесіне қосымша қаржы бөлінген.
Айта кетейік, бұған дейін Шу ауруханасындағы дәрігерлер жалақысын ала алмай жүргенін айтып, наразылыққа шыққан еді.