Деп жатыр... Жеп жатыр...

«Біз халық болғанбыз ең батыр,
Пейіліміз, даламыз кең жатыр.
Алтын бар, уран бар, мұнай бар!
» –
Біреулер осылай деп жатыр.
Біреулер тұмсығын сұғып ап,
Жеп жатыр, жеп жатыр, жеп жатыр!
«Тұлғаны көп бізге берді асыл,
Тойлайық, ақша бөл, кел, мақұл,
Абай бар, Жамбыл бар, басқа бар!» –
Біреулер осылай деп жатыр.
Біреулер шетінен жырымдап,
Жеп жатыр, жеп жатыр, жеп жатыр!
«Дәрігерлер, ауруды жең батыл,
Дәрі де, құрал да кеп жатыр.
Денсаулық – ең басты байлық қой!»
Біреулер осылай деп жатыр.
Біреулер тасада кеміріп,
Жеп жатыр, жеп жатыр, жеп жатыр!
«Өмірге көп бала кеп жатыр,
Жұмыссыз қол жайсаң, сен масыл.
Еңбек ет, тұрмысың түзелер!» –
Біреулер осылай деп жатыр.
Біреулер біреудің ақысын,
Жеп жатыр, жеп жатыр, жеп жатыр!
«Терезең басқа елмен тең ғасыр,
Тіліңнің мерейін енді асыр.
Ұрпаққа тәрбие, білім бер!» –
Біреулер осылай деп жатыр.
Біреулер елең де қылмастан,
Жеп жатыр, жеп жатыр, жеп жатыр!
«Жазықсыз қорлама ер басын,
Ақиқат алдында сен бас ұр.
Сот қатал, тек әділ болсыншы!» –
Біреулер осылай деп жатыр.
Біреулер одан да жол тауып,
Жеп жатыр, жеп жатыр, жеп жатыр!
«Парақор, қараңды сен батыр,
Жемқорлық жойылсын!» деп жатыр.
Біреулер жей алмай қақалып,
Орнына біреулер кеп жатыр.
Келгендер олардан асырып,
Жеп жатыр, жеп жатыр, жеп жатыр!
Айнала тып-типыл, жер тақыр,
Болса да көнеді-ау ел пақыр.
Конвейер секілді ретімен
Кеп жатыр… деп жатыр… жеп жатыр...
Бітпейтін жемқорлық қазақты
Құртатын болды ғой енді ақыр!