Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 26 Наурыз 2025

Депозит ашып қою – қаржылық сауаттылық емес

Қуанышбек Дүйсенов
Қуанышбек Дүйсенов. Фото: ашық дереккөз

Бүгінде қаржы нарығын реттеу, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі жиі көтеріледі. Жалпы, бұл нарықты жетілдіру үшін не істеу керек? Қоғам қаржылай сауатты болуы үшін нені ескергеніміз жөн?

 Қаржы сауаттылығы тек қана табыс табу болып есептеле ме?! Қазір қаржы сауаттылығын арттыру үшін түрлі семинар сабақтар, тренингтер өткізіліп жүр. Бұл қоғамға көмектесетін тәсіл ме?! «Жас Алаш» осы және өзге де сұрақтарды экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновке қойып көрді.

– Қуанышбек мырза, қазір халықтың қаржы сауаттылығын арттыру мәселесі жиі көтеріледі. Болашақта осы саланы жетілдіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Қаржы сауаттылығы – тек табыс табу ғана емес, ол тапқан табысты басқаруды да білу деп айтсақ болады. Қазір көп адам ақшаны қалай тиімді жолмен сақтау, көбейту, инвестициялау қажет екенін білмейді. Сондықтан ең бірінші қадам – қаржы негіздерін мектептен бастап оқыту қажет деп санаймын. Қарапайым бюджет жүргізуді, несие мен депозиттің айырмашылығын, инфляцияның қалай әсер ететінін әр адам мектеп жасынан түсінуі керек. Кемінде 9-сыныпта, бір жыл оқытылса да жақсы негіз болуы мүмкін. Екінші маңызды нәрсе – халыққа дұрыс ақпарат беру. Қазір әлеуметтік желілерде әркім өз білгенін айтып жатыр, бірақ оның бәрі пайдалы емес. Сенімді дереккөздер болуы керек: банктер, Ұлттық банк, кәсіби экономистер нақты әрі түсінікті кеңестерін көпшілікке жеткізсе, адамдар ақшасын дұрыс басқара алар еді.

– Білесіз, қазір түрлі коучтар, қаржы кеңесшілері семинарлар, тренингтер, жиындар өткізіп жатады. Мұндай шаралардың халыққа пайдасы бар ма?

– Бұл жерде сұрақ: коуч кім және ол не үйретіп жүр? Егер қаржы маманы болса, нақты деректер мен сандарға сүйеніп кеңес берсе – оның пайдасы бар. Бірақ көп жағдайда коучтар «10 күнде бай болу» немесе «ойыңды өзгертсең, ақша өзі келеді» дегендей сөздер айтып, халыққа «ертегілер» айтып, басын қатырып жатады. Әлбетте, қаржыны басқаруда жетістікке жеткен, ашық және шынайы табысын көрсете алатын, болмаса осы тақырып аясында білімі мен тәжірибесі мол мамандардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Алайда ондай коуч пен кеңесшілердің «жалпы танымал әрі әсері бар ма» деген күмән туындайды. Себебі адамдарға «10 күнде ойлан да байып кет» деген сөзге сену жеңілірек.

Жалпы пайдасына келсек, кейбір тренингтер сөзсіз мотивация береді, қаржы туралы ойлануға себеп болады. Бірақ коучқа сенгеннен гөрі, қаржыны өз бетіңше зерттеп, дұрыс ақпарат көздерінен үйренген тиімдірек деп санаймын.

– Қаржылық сауаттылық табысты үнемдеп, ақшаны орынды жұмсау ғана емес деп отырсыз. Қарапайым халық бұл ретте нақты нені білуі, үйренуі керек?!

– Иә, қаражатты үнемдеп жұмсау қаржылық сауаттылықтың бір бөлігі ғана. Қаржылық сауаттылық – тек үнемдеу емес, оны көбейту мен дұрыс басқару. Егер тек үнемдеуге сүйенсек, онда табыс ешқашан өспейді. Мысалы, ақшаны жинау – жақсы нәрсе, бірақ оны қалай сақтау керек? Инфляция жеп қоймас үшін депозитке салу керек пе, әлде инвестиция жасау керек пе? Қаржылық сауатты адам осы сұрақтарға жауап бере алу керек.

– Депозитке ақша жинау – қаржы сауаттылығының белгісі ме?

– Жай ғана депозит ашып қою – қаржылық сауаттылық емес. Иә, ақша жинау керек, бірақ оны қайда және қалай сақтау маңызды. Егер барлық ақша тек теңгелік депозитте тұрса, инфляция уақыт өте келе оны азайтып жібереді. Сондықтан әртараптандыру керек – бір бөлігін депозитке, бір бөлігін басқа қаржы құралдарына да салу керек. Себебі қаржылай сауатты адам ақшаны тек сақтамай, оны көбейту жолдарын да іздейді.

– Қазір доллар құбылып тұр. Депозитті мульти-қоржын ретінде сақтау дұрыс па?

– Иә, бұл – дұрыс тәсіл. Ақшаны тек теңгемен ұстау қауіпті, өйткені инфляция жоғары. Тек доллармен сақтау да дұрыс емес, себебі кейде теңге нығайып, доллар арзандап кетуі мүмкін. Сондықтан қаражатты әртүрлі валютада сақтау – дұрыс шешім. Мысалы, 50 пайызын теңгемен, 30 пайызын доллармен, 20 пайызын еуромен сақтау тәуекелді азайтады. Бірақ бұл әр адамның өз жағдайына байланысты: кімге тұрақтылық керек, кімге табыс керек, соған қарай шешім қабылдау қажет.

– Халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін үкімет не істеу керек?

– Бірінші кезекте – мектеп пен университеттерге қаржы негіздерін енгізу. Балалар мен жасөспірімдер ақшаны қалай басқаруды ерте үйренсе, болашақта қарызға батып, қаржы пирамидаларына алданып қалмайды. Екіншіден, халыққа арналған тегін қаржылық сауаттылық курстарын көбейту керек. Қазір банктер мен мемлекеттік ұйымдар осындай бағдарламалар жасай алады. Үшіншіден, қаржы пирамидалары мен жалған коучтармен күресу керек. Олар халықтың ақшасын пайдаланып, байып жатыр, ал қарапайым адамдар алданып қалады. Қысқаша айтқанда, қаржы сауаттылығы – әр адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін нәрсе. Егер халық ақшаны дұрыс басқаруды үйренсе, несиеге тәуелділік азаяды, табыс көбейеді, экономика тұрақты болады. Сондықтан бұл – маңызды мәселе.

Қ. САЙЛАУ