Депутат Бапи Германияда емделіп жатқанын айтты
Екі апта бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында улану күдігі бар екенін мәлім еткен мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кешелі бері Германиядағы клиникалардың бірінде емін бастаған. Бұл туралы депутат Zhasalash.kz-ке мәлімдеді.
Диагноз апта соңына қарай белгілі болады.
«Германияға келдім. Кеше клиникаға кірдім. Бүгін алғашқы анализдер тапсырам. Шамасы, диагноз аптаның соңына тақау боп қалады», - деп жауап берді депутат хабарламамызға.
Белгісіз дертке шалдыққанына қатысты мәлімдемені үш апта бұрын депутат алғаш желідегі парақшасында мәлімдеп, ісіген қолының фотоларын жүктеген болатын.
Айтуынша, отандық дәрігерлер диагнозын анықтай алмаған дерттің мазалағанына жарты жылдай болған.
«Ауырып қалған жағдай бар... Диагноз белгісіз... Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді... Клеткалық-молекулярлық негізде диагностика қажет екен... Көрерміз... Аман болайық, ағайын!», – деп жазды ол.
Депутаттың аталған жазбасы ақпараттық сайттарда лезде тарап, кейбір басылымдар оның улануына қатысты өздерінің шағын зерттеулерін жүргізді.
Орда.кз сайты депутатты бұрынғы Кеңес Одағының барлау органдары қолданған жүйке уларының бірі «новичокпен» улаған болуы мүмкін екенін жазған.