Депутат болу есеп пе, әлде еңбек пе?
Қарағанды облысында 665 кандидат, 761,5 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Аймақта барлығы – 863 сайлау учаскесі құрылып, жұмыс істеді.
Сайлау барысында мәжіліске екі мандатты округ бойынша – 21, ал барлық деңгейлі мәслихаттарға 644 адам бәсекеге түсті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтің мәлімдеуінше, бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік 3,4 кандидатты құрады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында сегізінші, бүгінгі «Жаңа Қазақстан» жылнамасында тұңғыш рет өтіп отырған саяси науқаннан халық риясыз үміт күтеді. Бірақ жаңадан сайланған депутаттар халық сенімін қаншалықты ақтар екен? Оған уақыт төреші. Дегенмен сайлау күнгі елдің көкейінде мынадай сауал болды:
«Кімді және нені қалаймын?»
– Менің жаңадан сайланатын депутаттарға күмәнім көп. Әсіресе «Аманат» партиясы ешкім танымайтын, заң жүйесінде жұмыс істемейтін, экономист немесе әлеуметтанушы емес, мұғалім, әнші, айтыскерлерді ұсынып жатыр. Оларды билік қолпаштап отыр. Ал тәуелсіз үміткерлерге орасан бөгеттер жасалды. Биыл осылайша «әкімшілік ресурс» тым шектен шығып кетті. Атқарушы органның пәрменімен өтетін парламентте заң шығарушы органның не екенін білмейтін «ләппайлап» отыратын кандидаттар өтсе, алдағы төрт жылдың зая кеткені. Президент айтып жатқан: «Мықты президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» деген формуланың тағы орындалмай қалу қаупі жоғары. Сайлау алдында бірмандатты мажоритарлық жүйе бойынша ұсынылып жатқан 29 үміткерге өте үлкен бөгет жасалды. Егер 98 депутаттың 60-70 бір партиядан болса, онда Жаңа Қазақстан құру туралы жақсылық болады деп ойламаймын. Билік тәуелсіз үміткерлерден неге күдіктенетінін түсінбеймін. Егер білімді тәуелсіз депутаттар көптеп барса, нағыз ықпалды парламент сонда болмай ма? Негізі халық шешуші күш болу керек. Дегенмен бұдан да маңыздысы – бюллетеньдер қалай саналады, хаттама қалай толтырылады, оған да көп байланысты, –дейді Ниқан Омарханов.
— Дамыған елдердің парламентінде бәсекелес екі көшбасшы партия бар. Өркениетті мемлекеттер осы заңдылықтан таймай келеді. Бізде ше? 30 жылдың ішінде 90 пайыз дауысты бір партия жинады. Ақыры, оның зардабын халық тартты. Жекенің мүддесіне, биліктің ырқына қарай қабылданған кейбір заңнан қарапайым халық әлі опық жеп келеді. Бас партияның атын біресе «Нұр Отан», біресе «Аманат» деп өзгертті, Астананың атауы да солай шатқаяқтады. Егер мәжілісте бірінің мінін бірі көрсететін қос партия болып, олардың арасындағы әділетті тартыс БАҚ арқылы халыққа бүкпесіз көрсетіліп жатса, міне, демократиялы парламент деген осы емес пе? Мен де Ата заңға сәйкес бүгін өз таңдауымды жасадым. «Аманатқа» қарсы емес, ең бастысы – демократия үшін дауыс бердім, – дейді Мақсат есімді сайлаушы.
Облыстық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметке сәйкес, 19 наурыз күнгі сағат 22:00-дегі жағдай бойынша облыс аумағында 54,19 пайыз бюллетеньдер алынып, тұрғындардың 59,48 пайыз дауыс берген. Бүгін таңғы сағат 9.30-да аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлаушылар дауысы саналып жатыр деген ақпарат берді.