Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:47, 14 Сәуір 2023

Депутат бүйректен сирақ шығарып отыр

None
None

Әлі қатты таныла қоймаған Гүлдара Нұрымова деген мәжіліс депутаты қазақ қоғамы үшін пісіп-жетілмеген мәселе көтеріпті.

Мәжілісмен үкіметке бүйрек сатуды заңдастыру туралы сауал жолдаған. Мұны сауал дегеннен гөрі, зауал деген дұрыс шығар. Былай қарасаңыз, бәрі дұрыс.

Кейбір шет мемлекеттерде бүйрек те, жүрек те сатылады. Оның үстіне, қоғамда қажеттілік болса, заңдастырған абзал. Дәрігерлер де бүйрекке мұқтаж жандардың көп екенін, одан құтқаратын жалғыз жол бүйрек сатуды заңдастыру дегенді айтқалы біраз жыл. Бірақ бүйрек деген рyurek емес қара базарда сата беретін.

Денсаулық министрлігіне есеп керек, жылына бүйрекке мұқтаж бірнеше мың адамға донор тауып бердік деуге жақсы. Алайда мұның қазақ қоғамы үшін әлі де пісіп-жетілмеген екінші беті бар. Біріншіден, бүйрек сатуды заңдастырсақ, кедейлік кеңірдектен алып күнін көре алмай отырған мыңдаған қазақ сау бүйрегін сатып, мүгедекке айналады. Ал мүгедекті үкімет бағу керек. Бір жағынан донорға қажеттілікті өтегенімізбен, мемлекетке артық жүктеме тауып беруіміз мүмкін. Нұрымова осы жағын ойлады ма екен? Екіншіден, қылмыс артады. Онсыз да Қазақстанда қаңғыбастар мен қараусыз қаншама азаматтар жүр. Есептегісі, есепте жоғы бар дегендей. Бүйрек пұл болса, нақтырақ айтқанда, шетелдегідей 50 мың доллардан сатылса, қаңғыбастардың ғана емес, кез келген кісінің бүйрегін заңсыз сататын қылмыстық топтар пайда болады. Өйткені, мұнда қомақты ақша тұр. Ақша жүрген жерде бүйрегіңді бүйіріңнен жұлып алатын жылмақайлар көбейеді. Үшіншіден, Қазақстанда бүйректен де өзекті, күйіп тұрған мәселе жеткілікті. Мысалы, денсаулық бағдарламалары әлі де қолжетімсіз. Дәрі-дәрмек қымбат, отандық медицинаның хәлі мүшкіл, дәрігер жетіспейді, ауылдық емханалар тозған, маман тапшы. Тізе берсек, Қазақстан медицинасында көтеретін тақырып көп. Ал мәжілісменге хайп керек сияқты. Әлде тез танылғысы, жұртты дүрліктіргісі келе ме екен? Қазақстан онсыз да сатуға келгенде алдыға қара салмайтын мемлекет. Мұнай сатқалы отыз жыл болды, бірақ бензинді Ресейден қымбатқа сатып аламыз.

Бүйрек те күні ертең мұнайдың кебін кимесіне кім кепіл? Өзіміздің азаматтардың мүшесін шетелге тиынға сатып, шетелден мемлекеттің ақшасына қымбат бүйрек сатып алатын жағдайға жетпейміз бе? Ортадан ақша жасайтын делдалдар да пайда болады мұндайда. Гүлдана Нұрымова атын шығарғысы келсе, алғашқы депутаттық сауалын бүйректен бастамауы, бүйректен сирақ шығармауы керек еді. Амал қанша, біздің міндет айту ғана. 

Тегтер: