Депутат Дмитрий Сомовқа қатысты тергеу басталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Сомовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады.
Биылғы ақпан айының ортасында депутат лауазымды тұлғаға пара берген.
«Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес басқа ақпарат жария етуге болмайды», - делінген ҰҚК берген жауапта.
Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Сомов құрылтайшылығындағы «Востоквзрывпром» серіктестігін сотқа беріп, жұмыстарды аяқтауды және айыппұл өндіруді талап етіп жатыр. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке қарағанда, депутат пен оның жұбайы Елена Сомова басқаратын компания облыстағы құрылыс пен коммуналдық салада ірі тендерлер ұтып келген. Мысалы, 2024 жылы «ҚазАвтоЖол» АҚ-пен республикалық жолдарды жөндеу бойынша 24,3 млрд теңгеден астам келісімшарт жасалған. Қай жоба бойынша дау туындағаны әзірге белгісіз.
Журналист Дмитрий Шишкин 2024 жылы Сомовтың 9 компанияның құрылтайшысы екенін, олардың ең ірі мекемесі ірі мемлекеттік тапсырыстар алып отырғанын жазған.