Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:25

Депутат ең төменгі күнкөріс деңгейін 115 мың теңгеге жеткізуді ұсынды: қазір қанша?

Рақымжанов
Фото: zhasalash.kz

Мәжіліс депутаттары Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс шегін қайта есептеуді ұсынып отыр.

Мұндай бастаманы Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов көтерді.

«Ресми деректерге сүйенсек, 2015 жылы кедейлік деңгейі 2,7% болса, қазір бұл көрсеткіш 5,1%-ға жеткен. Бұл статистикаға бірнеше тауығы немесе қойы бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кірмейді. Тұтынушылық несие көлемі артып жатыр. Адамдар теледидарды емес, нан мен сүтті қарызға алады. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендету саясаты формалды түрде іске асуда. Супермаркеттердегі тауарлар бәріне қолжетімді, алайда шын мұқтаж жандар үшін тиімсіз. Салдарынан қаражат жұмсалғанымен, нақты қолдау мардымсыз болып отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендетуге бағытталған саясатты түбегейлі қайта қарап, өзгерту қажет.

Республика бойынша бағаға мониторинг жүргізген партия өкілдері статистика органдарының дұрыс мәлімет бермей отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, азық-түлік өнімдерінің ең аз жиынтығының 2175 ккал тәуліктік энергетикалық құндылығын қамтамасыз ететін 43 түрлі азық-түлік өнімдерінің себеті нормаға сай келмейді.

«Қазір негізгі 29 өнімнің бағасы арзандатылды. Тиісті жеңілдіктер ұсынылатын супермаркеттерге кез келген адам кіре алады. Десек те, нарықтық шарттарды енгізуге тырысып жатқанымызды ескеретін болсақ, іс жүзінде бағаны ұстап тұру мүмкін болмай отыр. Нәтижесінде шын мұқтаж адамдар қолдауды ала алмай келеді. Біз ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау мәселесін бірнеше рет көтерген болатынбыз. Ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы мен тұтыну себеті нақты қажеттіліктерге сай болуы тиіс. Біз еліміз бойынша бағаларға ай сайын мониторинг жүргіземіз. Біздің есептеуіміз бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі кем дегенде 115 мың теңге болуы қажет», - деді Асхат Рақымжанов.

Себебі биыл мамыр айының басында республика бойынша азық-түліктің орташа мөлшері олардың есептеуі бойынша 63 641 теңге болған.

Сонымен қатар депутаттар осы мәселені егжей-тегжейлі саралайтын арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

"Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекетті әлеуметтік қорғауға жаңа көзқарас қажет. Сондықтан біз партия мамандарының қатысуымен халықаралық стандарттар мен ұлттық мәдени қажеттіліктерге жауап бере алатын азық-түлік қоржынын әзірлеуге арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамыз", - делінген Асхат Рахымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағындықова, Наурыз Сайлаубай жолдаған депутаттық сауалда.

Қазіргі еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге.