Депутат қамаудағы журналист Думан Мұхамедкәрімнің жағдайы туралы сұрады

13 қазан, дүйсенбі күні Ішкі істер министрлігінде өткен көшпелі үкімет сағаты барысында Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов министр Ержан Сәденовке қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығына қатысты сұрақ қойды.
Бұл туралы Азаттық Telegram арнасы жазды
«Менің сізге бір жағы өтінішім, бір жағы сұрағым. Мұхамедкәрім Думан Алмасұлының денсаулығын жабдықталған ауруханада тексертіп алу үшін не істеуіміз керек?», - деді мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, қазір түзету мекемелеріндегі медициналық қызмет ІІМ-ге емес, басқа ведомствоға қарайды.
«Мен сіздің сұрағыңызды түсіндім. Қазір қандай екенін қарап көрейік, сізге жауап береміз», - деді министр.
Айта кетейік, Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің “тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу” (405-бап, 2-бөлім) және “экстремизмді қаржыландыру” (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша айыпталған. Бұл айыптауларға оның қуғындағы экс-банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен жүргізген сұхбаты себеп болған. Сұхбат кезінде ол Мұхтар Әблязовқа өзі құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысты бірқатар сұрақ қойған.
Бұл жалған айып. Думан бар болғаны кәсіби жұмысын атқарды. Сұхбат кезінде ҚДТ қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылғанын да атап өткен. Осыған қарамастан "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деу негізсіз, - дейді Ғалым Нұрпейісов.
Оның айтуынша, Мұхаммедкәрімге "экстремизмді қаржыландыру" деген бап бойынша айыпты Әблязовтан алған сұхбатында "ҚДТ ұйымына қатысты есепшотты көрсетіп қойғаны үшін" таққан. Сондай-ақ, ол билікті қатаң сынап, Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтар туралы материалдар дайындап көпшілікке белгілі болды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар журналисті «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.
Жақында журналист түрмеде аштық жариялады. Адвокат Ғалым Нұрпейісов қорғауындағы Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайын «өте ауыр» деп бағалап, оны көрген кезде шошығанын баяндады. Аштық басталар алдында оның салмағы 69 келі болса, қазір 57 келіге дейін төмендеген.
Думан Мұхаммедкәрім Алматыға ауыстыру туралы айтып, хатында алда-жалда асылып өлді деген дерек шықса, сенбеуді сұраған.