Экс-минстрдің қызы ғарышқа ұшатын алғашқы қазақстандық турист болмақ

АҚШ миллиардері Джефф Безостың жеке компаниясы Blue Origin келесі NS-36 миссиясының экипажын таныстырды. Оның құрамында депутат Қарағұсованың қызы Дана Карағұсова да бар. Ол еліміздің тарихында ғарышқа турист ретінде ұшатын алғашқы азамат болмақ.
Экипаж құрамында Қарағұсовадан бөлек Джефф Элгин, доктор Клинт Келли III, Аарон Ньюман, Виталий Островский және аты-жөні жарияланбаған алтыншы жолаушы бар. Бұған дейін Келли NS-22 миссиясына қатысқан.
Қарагұсова әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Бұл миссия – көпжылдық арманымның жалғасы әрі зерттеу жобамның бір бөлігі», – деп жазды.
Ғарышқа апаратын сапардың құны 500 мың доллар. Сондықтан қоғамда «қарапайым халыққа қолжетімсіз, бұл – тағы бір мәртебелі отбасының артықшылығы» деген пікірлер айтылып жатыр. Әлеуметтік желілерде оны «депутаттың қызы ғарышқа аттанбақ» деп сынап жатқандар бар.
Айта кетейік, Origin – 2000 жылы Джефф Безос негізін қалаған компания. Негізгі мақсаты – ғарышты коммерциялық мақсатта игеру.