Депутат Қазақстандағы мұнай қоры алдағы 15 жылда таусылуы мүмкін екенін айтты
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанда геологиялық барлау және мұнай өндіру жұмыстарының қарқыны баяу екенін айтты.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекетте 548 көмірсутек кен орны бар. Мұнай қорының жалпы көлемі 4,3 млрд тоннаны құрайды. Бұл ретте көмірсутегі қорының 72 пайызы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарында орналасқан.
"10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай мен газ өндіру көлемі азаятыны анық. Сонымен қатар, кен игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай мен газ өндіру азайып, кейбіреулері жұмысын тоқтатады. Геологиялық барлау жұмыстарының қазіргі баяу қарқыны мен мұнай өндірудің қазіргі қарқыны жалғаса берсе, алдағы 15 жылда көмірсутегі ресурстары таусылады",- деді Еділ Жаңбыршин.
Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев "2026 жылдан бастап ірі жобаларды жүзеге асырудың арқасында жылдық мұнай өндіру 100 млн тоннадан асады" деп жоспарланып жатқанын айтқан еді.